Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет15/25
Дата23.10.2016
өлшемі5,7 Mb.
#29
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25

ҮІІІ
Академик Мұхтар Әуезов фольклор, СССР халықтары әдебиеті, жанрлар теориясы, қазіргі әдеби процесс жөнінде күрделі, терең пікірлер айтқан ғалымдығының үстіне, оқымысты – филологтардың бірнеше буынына сабақ беріп, тәрбиелеп өсірген ғұлама, ұстаз болатын. Абайтану атты жаңа ғылыми пәнді негіздеген профессор Мұхтар Әуезов өзінің барқыт қоңыр үнімен, кей шақта ақырын жөткірініп қойып, бейне бір данышпан Абайдың тірі өзіне ұқсап, аудиторияны ұйытып, сөзден кесте төгіп, жас жүректерді тылсымдай баурап:

- Менің тілімде Абай тілінің өрнек, бояуы бар. Менің романымды терең ұғамын десеңдер, Абайды, Абай поэзиясын оқыңдар, - деп лекция оқып тұрар еді.

Мұхтар Әуезов өлген жоқ: ұлы қаламгердің есімі кеме болып теңіздерде жүзіп, көше болып созылып, қала болып құлпырып тұр.

Мұхтар Әуезов әрқайсымыздың жүрегімізде.

Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс.
Екінші эссе


  • Елуге келіпті.

  • Кім?

  • Серік Қирабаев.

  • Қойсаңшы.

  • Сенбей тұрсың ба?

  • Ойбай-ау, біз қырқыңды алқымдадық. Оған қайдағы елу?

  • Рас, елу.

  • Ей, білгіш, осыдан жиырма бес жыл бұрын мектепте оқулығын оқыдық емес пе?

  • Иә, оқыдық. Қазіргілер де оқып жатыр.

  • Ол кезде өзі жиырманың ішіндегі қылшылдаған жас жігіт екен-ау, ә?


ІІ
Революциядан бұрын алғашқы үлгілері көріне бастап, кейінгі дәуірде қалыптасқан қазақ әдебиеттану ғылымы елуінші жылдар ортасында жаңа белеске көтерілген болатын. Партияның ХХ съезінен кейін ерекше қажырмен еңбек еткен қазақ әдебиетшілері аға буынның өкілдері – Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин негізгі, күрделі еңбектерін осы тұста жазса, сол кездегі жастар Айқын Нұрқатов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Мүсілім Базарбаев, Әнуар Дербісалин, Мырзабек Дүйсенов, Евгения Лизунова ғылымдағы алғашқы қадамдарын бастаған. Серік Қирабаев та осы кезде өнімді, жемісті, дарында буын қатарында зерттеушілік сапарға жол тартты.

Елуінші жылдардың ортасында жарияланған “Ғабиден Мұстафин” атты ғұмырнамалық очерк жас автордың ғылымдағы тырнақ алды еңбегі бола тұра, шалағай талапкердің шикілі-пісілі дүниесі емес, байсалды, білімді, ойлы әдебиетшінің дәл ашып, бажайлап талдаған еңбегі еді. Прозамыздың даңқты шебері Ғабиден Мұстафин туралы күні бүгінге дейін жазылған көлемді еңбек – осы ғана. Шынын айтқанда кемеліне келген ғалым қайта бір қарап, тереңдетіп, ұлғайтса, маңызды монография болайын деп тұрған дүние.

Қазақ мәдениетінің тарихында өшпес ізі бар, педагог жазушы Спандияр Көбеевтің әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, тартымды кітап жазу арқылы Серік Қирабаев архив материалдарын қарауға, сирек фактілерді табуға ерінбейтін, жаңа қорытындылар жасауға мол мүмкіндігі бар қабілеттерін көрсетті.

Сөйтіп, атақты қаламгерлер туралы екі монографиялық очерк кітаптарын шығарып, ысылып, қалыптасып, әдеби-ғылыми қауымға жақсы танылған зерттеушінің жаңа, күрделі тақырыпқа қауырт бет бұрып толысып, шығармашылық жағынан шеберлене түскенін дәлелдейді. Қазақша екі рет, орысша екі рет (бірі – Алматыда, екіншісі - Москвада) қайта басылған “Сәкен Сейфуллин” атты елеулі монографиясы тұңғыш жарияланғанда, Серік Қирабаев отыз бес жаста екен. Сәкеннің кітаптарын, газет, журнал беттеріндегі дүниелерін, Сәкен туралы жазылған материалдарды, проблемаға қатысты теориялық мәні бар ғылыми еңбектерді түгел оқып, сын көзімен ой елегінен өткізіп алып, он екі тарауға бөліп жазған монография көптеген әдеби құбылыстарға баға береді. Бірқыдыру мәдени, тарихи мәселелерді қайтадан, ғылыми объективті тұрғыдан түсіндіреді. Ғалым Сәкеннің шыққан ортасын, әлеуметтік қызметін, қаламгерлік сапарын тиянақты көрсете отырып, екінші орайда жалпы әдеби процесті, қоғамдық, көркемдік ойдың дамуын, қазақ әдебиетінде реализм принциптерінің орнығуын, жанрлық формалардың өзгеру жүйесін зерттейді.

СССР халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише Чаренц, Хамза Хаким-заде Ниязи тәріздес өршіл шығармаларымен қатар, өнегелі революциялық өмірі бар Сәкен Сейфуллин туралы Серік Қирабаевтың еңбегі қазір жарияланған, жақсы бағаланған Есмағамбет Ысмайыловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі кітаптарымен қатар әдебиет тануымыздың жаңа, әрі болашағы мол саласы, революция және әдебиет деген ұғымдармен өзектес – Сәкентанудың берік негізін қалады деуге толық хақымыз бар.

Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағында (“Өрлеу жолында”, 1960) сыншы Қирабаев стилінің, зерттеушілік бағытының негізгі ерекшеліктері көрінген. Сол тұста шыға бастаған басқа да қаламгерлердің осы тақылеттес еңбектерімен теориялық, әдістемелік деңгейлестігінің үстіне, автор екі проблемаға айрықша мән берді. Бірінші – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақалалар, екінші – суреткерлік портрет үлгісіндегі материалдар. Алғашқы топтағы “Совет әдебиеті дүние жүзіндегі ең озық, идеялы алдыңғы қатарлы әдебиет”, “Әдеби сынның партиялық принциптілігі үшін” деген еңбектер кейін бір жүйеге айналса, Ж.Саин, М.Иманжанов, Х.Ерғалиев, Ә.Нұршайықов туралы мақалалар екінші арнаны құрайды. Араға сегіз жыл салып шыққан “Октябрь және қазақ әдебиеті” атты екінші сын кітабында автор “Әдебиеттің есею жылдары”, “Соғыс және әдебиет”, “Қазақ поэзиясының елу жылдығы”, “Уақыт және қаламгер”, “Сыншы еңбегі” деген проблемалық зерттеулерімен қоса, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев туралы монографиялық этюдтерін енгізген.

Сыншының “Өнер өрісі” (1971) кітабында В.И.Ленин және әдебиет мәселелері, әдебиеттегі Ленин бейнесі, орыс-қазақ әдеби байланыстары зерттелді. Мектепте әдебиетті оқытудың методикалық проблемалары да жан-жақты қаралды.

Қазіргі уақытта қазақ сыншыларының аға, орта, жас буыны қажырлы еңбек етіп келеді. Академик-сыншы Мұхаметжан Қаратаевтың таңдамалы үш томдығының шығуы одақтық көлемде ауызға алынған құбылыстардың бірі болды. Әдебиетшілердің бүгінгі әдеби процеске, әдебиеттің теориялық мәселелеріне кең ауқымда бет бұруы – қазіргі тенденция. Сыншы С.Қирабаевтың соңғы еңбектері – осы алуандас бағыттың жақсы дәлелі.

Аты дәл табылып қойылған “Әдебиет және дәуір талабы” (1976) кітабына енген мақалалар, зерттеулер бұрын газет-журналдарда басылған, әдеби процеске азды-көпті ықпал еткен, өзекті мәні бар еңбектер. Әсіресе, бірінші бөлімдегі материалдар бүгінгі қазақ әдебиеттануының эстетикалық талғамын, философиялық салмағын, әділ принциптілігін толық дәлелдей алады. Қазір шығып жатқан туындыларды, әсіресе аты мәлім болып қалған қаламдастар шығармаларын биік талаптар тұрғысынан талдау үстінде, сыншы ілгерілеу кепілі – ізденіс екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді.

Серік Қирабаев өзінің сын кітаптарында классиктер М.Шолохов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, атақты жазушылар Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, белгілі қаламгерлер С.Бегалин, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, сирек сөз етілетін Б.Бұлқышев, М.Дәулетбаев, С.Дайырбеков, С.Шәріпов, Н.Ахметбековтердің қаламгерлік портретін жасаған.

Қазақ жазушыларының арғы-бергі уақыттардағы көптеген өкілі алған білімі, істеген қызметі жөнінен келгенде – педагог, Ыбырай Алтынсарин, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, С.Торайғыров өз алдына, С.Сейфуллин, М.Әуезов ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында қызмет етті. Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев бүкіл қажырлы өмірлерін ұстаздық жолға арнады.

Қазір де бірқыдыру жазушы педагогика жұмысында жүр. Соның бірі – Серік Қирабаев. Оның ұстаздық, педагогтық еңбегіндегі орта мектепке, жоғары оқу орнына оқулық жазу жұмыстарын бір мағыналы сала десек, институтта лекция оқу, ғылыми жұмыстарға басшылық етулері – екінші арна.

Ұзақ жылдардан бері тұрақты оқулыққа айналған, оныншы класқа арналған қазақ әдебиетінің авторларының бірі Серік Қирабаев мектеп үшін тағы жақсы іс тындырды. Марқұм академик Қ.Жұмалиев авторлығымен шығып жүрген, енді жаңа талаптар деңгейінде жаңғырту керектігі байқала бастаған тоғызыншы класқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығын, негізгі материалдарды орынды пайдаланып, толықтырып, белгілі ғалымның авторлығын сақтай отырып, қайта жазып шықты.

Шәкірт ұстаз еңбегін осылай жалғастырса керек.


ІІІ


  • Елуге келіпті.

  • Кім?

  • Серік Қирабаев.

  • Ол кім?

  • Филология ғылымының докторы, профессор, ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сыншы, СССР Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, СССР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ ССР-інің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері.

  • Тал түсте осынша жерге келсе, сапары ұзақ жігіт екен, әрдайым жолы болып, айы оңынан тусын!


Үшінші эссе
Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылыштан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың қайсысын алсаң да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен, тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар. Қаламнан өмірге келмеген, өмірден қаламға келген. Шығармаларындағы басты сипат, басты құнар - өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы. Онда да оқығаннан тапқан дүниелер емес, өздері көрген, өздері бастан кешірген жайттар.

Мысал керек пе?

Прозашыны алыңыз – Бердібек Соқпақбаев. “Өлгендер қайтып келмейді”. Драмашыны алыңыз – Қалтай Мұхаметжанов. “Көктөбедегі кездесу”. Ақынды алыңыз – Қабдыкәрім Ыдырысов. “Әке жолы”. Тағы да прозашы – Қалихан Ысқақов. “Қоңыр күз еді”.

Қабдыкәрім Ыдырысов - әкесі саяси жаладан мерт болған, жесір ана қолына қарап қалған қоң торғай ауылдың жетім баласы. Ауыл кеңес хатшысы; облыстық атқару комитетінің қызметкері; газет қызметкері; баспа қызметкері; Жазушылар одағының хатшысы; кітап палатасының директоры, баспа директоры болды.

Қабдыкәрім Ыдырысов, ең алдымен, ақын, Қазақстанның белгілі ақыны болатын. Лорка, Луконин, Гончарды қазақша сөйлеткен талантты аудармашы, публицист. Жиырмадан астам өлең кітаптарының авторы болған көрнекті қаламгер. Оның шығармасындағы негізгі сарындар, басты нысаналар, өзіндік ерекшеліктер ақынның дара қаламгерлік тұлғасын көрсетті.

Әр жастағы балаларға арналған ақын өлеңдерінен кішкентайлар психологиясын терең білетіндік байқалды: жаттауға лайық, айтуға жеңіл жырлармен қоса, Қ.Ыдырысов қаламынан қызықты, қысқа драмалық элементтері мол шығармалар туды: олардың көбі қазақ радиосының тұрақты репертуарына кірді; бала-бақшаларда өскен мыңдаған балалар жаттап айтты. Ауызекі сөйлеу тілінің екпініне жақындық, эпос кестелерін пайдалану, заман ырғағын дөп басу – осы сияқты белгілер ақынның балалар поэзиясындағы туындыларын ерекшелеп тұрады.

Азаматтық пафос, публицистикалық леп – Қ.Ыдырысов лирикасындағы басты сарын. Ақынның көптеген өлеңдерін түгел алып, тұтас шолып, жинақтап салмақтағанда, көзге түсетін ерекшелік автордың форма мәселесіндегі еркіндігі, түр ізденістеріне жиі баратындығы еді. Фольклордағы толғау үлгілері, әлем әдебиетіндегі еркін өлең кестелері ақынға ықпал жасағанын аңғарту қиынға түспейді. Ыдырысовтың лирикасындағы ақындық ой түйдек төгіліп, құйылып түсіп, толғау стиліндегі ой ағымымен айтылады: “Бақыт туралы әңгіме”, “Қартаймаңдар, қаһармандар” жылдары осы пікірдің айқын дәлелі.

Ақын заманымызда болып жатқан әлеуметтік оқиғалар, олардың жеке адам санасында жасаған өзгерістерін тез сезіп, сергек жырлап отырады.

Патриоттық рухта жазылған шығармалар қатарында туған жер, өскен орта, бүгінгі Қазақстан туралы “Кең далам”, “Менің Қазақстаным”, “Семей”, “Керекулік достарға”, “Алматы”, “Сырдария”, “Отырар оттары”, “Көлсайға барғанда” сияқты өлеңдер поэтикалық қуатымен, идеялық нысанасымен өркештеніп тұрады.

Бір қонып кеткен үйдің иесіне өліп-өшіп, айналып-толғанып шығарма арнайтын, бес күн барып келген жеті туралы бес ай жырлайтын өлеңшіліктен Қабдыкәрім Ыдырысовтың бойын аулақ салатын кірпияздығы бізге ұнайтын. Балтық бойында туған “Латвия жігіттері”, “Өлмейтін адам”, “Сильвия вальсі” өлеңдерінде әдемі сыр, келісті, дәл табылған форма бар. Қазақ көзімен қарағанда көрінген латыш келбеті бар.

Қазақ поэзиясы көкжиегінің кеңеюін көрсететін белгілердің бірі – тақырыптық өріс. Бұрын шетелдерге барған ақындарымыз бірді-екілі, өлең, цикл тудырып жүрсе, Қабдыкәрім Ыдырысов араб елдерін аралау сапарынан “Арабстан, армысың!” атты тұтас жүйелі кітап жазып қайтты. Бұл шығарманы оқығанда капитал елдер арасындағы айырманы көресің, ежелгі шығыстың ғажап жырларын бөлісесің, араб поэзиясындағы екпін-ырғақ, сарын әуездердің ауыс-күйісін байқайсың, халықаралық аренаға шығып сөйлеген қазақ ақынының дауысын естисің.

Суреткерлік эволюция қызық процесс қой, күні бұрын болжап айту қиын. Толғау, тебіреніс үлгісіндегі көлемді өлеңдер жазып жүрген Қ.Ыдырысов “Адамның кейбір кездері” атты кітабында жаңа қырынан, жаңа олжамен көрінді. Поэзияға бүгінгі өміріміздегі тұрмыстық детальдар енді: телефон соғатын қыздар, балкондағы күшік, сіріңке. Бір шоғыр философиялық – сатиралық шығармалар туды. Аттарына назар аударыңыз: “Жүрек”, “Бас”, “Көз”, “Қол”, “Аяқ”, “Тіл”, “Бет”. Сәтті өлеңнің ғұмыры ұзақ, ал сәтті ән тексінің ғұмыры одан да ұзақ деуіміз мақұл болмақ. Әуезбен қанаттанған әнші шырқаған, халық жүрегіне жол тапқан “Баянауыл вальсі”, “Қайдасыңдар достарым?”, “Құдалар жыры” – алысқа тартқан туындылар.

Балалар поэзиясында, лирикада татымды шығармалар берген Қабдыкәрім Ыдырысов қаламынан “Қайта оянған махаббат”, “Жез леген” сияқты балладалар, “Отты күндерде”, “Емен”, “Әке жолы” секілді поэма-дастандар туды. Маңызды тақырыптарға арналған бұл шығармаларда жанр шарттары айрықша ескерілді: ықшамдылыққа, детальға, көркемдікке ерекше көңіл бөлінді.

Ақын өнерін жарқыратып көрсеткен, таланттың кемелденгендігін танытқан күрделі шығарма “Әке жолы” поэмасы болатын. Бұл дастанда тарих айыптаған жеке адамға табынушылық кезіндегі кейбір келеңісз оқиғалар суреттелді. Адал азамат алғашқылардың бірі болып жаңа өмір орнатушы Ыбырай жала жабылып, ұсталып кетеді. Артында жап-жас әйел, қаршадай жалғыз ұлы қалады. Негізінен осы фабула төңірегінен поэма сюжеті өріліп шыққан.

Дойбы ойнауға кеткен әкесі үйге қайтпай қояды. Бір күн жоқ, екі күн жоқ. Жоқ... Әке мүлде оралмайды. Әкесін іздеп ширыққан ұлдың толғанысынан басталған поэма эпикалық арна мен лирикалық тебіреністің тығыз астасуына құрылған. Аз уақытта бәрі мәлім болады: енді Қимаштан қатар жүрген достары да қаша бастайды, кейбіреуі тіпті мазақ етеді. Бала жүрегін шымшылаған өсек-аяң қаулап барады. Автордың жақсы тапқан, шебер пайдаланған көркем деталі - әке мен бала бірге түскен суреттің ортасынан қақ бөлінуі. Бұл эпизодта бәрі сөйлеп тұр. Қара қылыш, қара жылан секілді сусылдаған қара қайшы сенің де жүрегіңді тіліп бара жатқандай. Әкесіне ара түсуді сұрап, пионер баланың Сталинге хат жазуы да ерсі емес, сенімді нәрсе. Осы оқиғадан соң ауыл белсендісі Жұман үлкен адамның мазасын неге аласың деп Қимаштың өзін қуыра бастайды. Жазған хаты Москва түгіл, облыс орталығына жетпегенін байғұс бала қайдан білсін. Сол содырлы Жұман басқа сұмдығы аз болғандай, ішіп келіп, түделетіп есік қағады: шешесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты.

Шығармадағы көркемдік табыс – идеяның айқындығында, ақын элегиялық, пессимистік сарынға түсіп кетпей, трагедиялық әуенді, оптимистік рухы мол, реалистік поэма тудырған. Дастан сюжеті елімізде болып жатқан күрделі оқиғалармен тығыз байланыста алынған. Әуелде Қимаш үшін әкеден айрылу дүниенің тозағы болып көрінген, енді міне, ел басына ауыр күн туды – соғыс болып жатыр. Ақын соғыс кезіндегі тыл өмірінің сұсты суретін көз алдына әкеледі. Қимаштың заводқа кіруі де сенімді. Қиын кезде қол ұшын берген Құрбан аға бейнесі тартымды. Қимаштың әкесін іздеуі – қастандық, туыстық сезімі ретінде ғана емес, ұрпақтар байланысы, толқындар жалғастығы ретінде суреттеледі. Ұрпақтар жалғастығын зорлықпен үзуді автор ашына айыптады. Көп құбылыстарға бала Қимаштың көзімен қарап, баға береміз. Сұрапыл соғыс бітіп, ер-азамат елге жеңіспен оралды. Біреу жарын, біреу әкесін, біреу ағасын тосып алып жатыр. Әлі де оралған әке жоқ, - Қимаш жылайды, әлі де оралған жар жоқ, - шеше жылайды.

Осындай буынды жерлерді дәл ұстаған ақын жеке адамға табынушылықтың, адамгершілік нормаларды бұзудың рухани өмірімізге келтірген зиянын әшкереледі, жағдай қанша ауыр болғанымен әділеттің жеңгенін көрсетті.

Қабдыкәрім Ыдырысов – талантты, қабырғалы қаламгерлердің бірі еді. Ең алдымен, ол – ақын еді. Сондықтан, қауым Қабдыкәрім ақынды қашанда жыр бәйгесінің алдыңғы легінен, қарауыл төбенің басынан көргісі келетін. Зор салмақ артуға толық қақысы бар еді. Аяқ астынан келген ажал қыршын өмірді қиып түсті.


Төртінші эссе
І
Жағадағы адамдар үрпиісіп, түгел шулап қоя берді.

  • Қайда кеттің?

  • Сөйтуге бола ма екен?

  • Ал енді не істейміз?

Мән-жайды түсінбей тұрғанымды біреуі сезсе керек:

- Ой, анау шалың жоқ. Суға түскенін көргенбіз. Батып кеткеннен сау ма өзі? Құтқарушыларға хабарлаймыз ба?

Осы кезде қуанған дауыс шықты.

- Ура, жүзіп келеді! Ақсақал жарады. Шаршаған адам емес қой мынау. Пәлі, ананы қара, әндетіп келеді. Қауіп ойлайтын түрі жоқ қой, бәтір-ау.



  • Аяғыңыз тартып кетсе өлдіңіз ғой.

  • Сіздің жасыңызда суға осынша көп түсуге болмайды. Қара теңіз ойыншық емес, жұтып жіберсе, қайтесіз?

Ол күліп тұр. Осы сәтте Әбділда Тәжібаев құдды жойқын толқындардың төсін жарып, мұхиттан өтіп келген тарлан теңізші секілді еді.
ІІ
Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп сапалы мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі - Әбділда Тәжібаев. Ол поэзия, драматургия, әдебиеттану жанрларында ұзақ жылдар өнімді, сапалы еңбек еткен терең тамырлы, құнарлы талант. Әдебиетке жастай келіп, өнерінің де ыстық-суығын көріп, қиындықтарға төзген, ауыртпалықтарды жеңген қайратты адам. Қазақ жаңа әдебиетінің туу, даму кезеңдеріндегі сан алуан құбылыстарды, жеңістерді, жеңілістерді, биіктеулерді, эволюцияны, түлеу-жаңғыруды Әбділданың шығармашылығынан айқын көруге болады. Өнердегі тұңғыш қадамы Тайыр, Қажым, Есмағамбет, Жұмағали сынды арқалы дарындармен бір мезгілде аттаған Әбділданы қазіргі ұрпақ ескінің көзі, жақсының сарқыты, мықтылардың жалғасы деп біледі.

Сыр бойында, Қызылорда шаһарында туған, әкеден ерте айрылған Әбділда тағдырындағы ерекше адам – анасы Айманкүл. Араб, парсы тілдерінен хабардар, көзі ашық, шығыстың ежелгі мәдениеті дәстүрінде тәрбиеленген ақын Айманкүлдің қабілетті, дарынды ұлы Әбділданы жастайынан поэзияға, сұлулық, әсемділікке, өнерге баулуы - әдебиет тарихында сирек кездесетін қызықты құбылыстардың бірі. Әдетте, ақыннан ақын, ғалымнан ғалым, қайраткерден қайраткер туа бермейді ғой.

Сөйтіп, Әбділда ана көкірегінен мейрім сүті мен поэзия сүтін қатар емген. Қызылордадағы интернат, Алматыдағы КазПИ, Москвадағы әдебиет институты – ақынды өсірген, білім берген шаңырақтар. Бұған Жазушылар одағының төрағасы, “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты деген әлеумет қызметтерін қосса, ақын тұлғасының азаматтық қырлары көрінеді.

Суреткер туындыларын жанрлық жағынан бірнеше сала, күрделі арналарға бөліп, жіктеп қарауға болар еді; олар: поэзия, драматургия, ғылыми-сын еңбектер, проза. Оның шығармаларын жүйелі тексеру, ғылыми тұрғыдан зерттеу отызыншы жылдардың аяғында басталған. Алғашқы еңбек – Мұхтар Әуезовтің “Әбділда Тәжібаев” атты мақаласы. Отыздағы жігіттің тырнақ алды шығармаларына көңіл бөліп, зейін салған көреген оқымысты жас дарынның суреткерлік ерекшеліктерін айқындап көрсетіп берді. Расында да, сол кездің өзінде сыршылдық, озық үлгілерден өнеге алу ақын туындыларының басты тенденциясы болатын.

Алғашқы өлеңдер заман туғызған, бұран сахара өмірінде болмаған жаңа тілектерге, сарындарға, мақсаттарға арналған. Колхоздастыру, әлеуметтік тартыс, күні өткендерді сынау, өзгерістерді мадақтау дәуірге тән тақырыптар еді. Әбділда өлеңдерінде формалық ізденістер, жаңа барлаулар байқалады. Тақырып жөнінен, түр кестесінен Сәкен Сейфуллиннен қабылдаған қалыптар да көзге түседі. “Сорлайды екенбіз” (1929) атты өлеңнен үгіт-насихат сарыны есіп тұр. Бейімбет үлгісіне жақындық бар.

Әбділда ақындығында үлкен арна – жаңалық болып ата-мекенді – Сырдарияны жырлау сарыны туды. Ол бұл өзенді үлкен символға айналдырады. Рейнді жырлаған Гейнені, Днепрді жырлаған Шевченконы өзіне пір тұтады.


Сырда туған

Сырдың ұлы

Жаңа Гейне мен болам, -
деген жолдарда ақын рухының мақтанышы бар.

Соғыстың қаһарлы, жаралы жылдарында азаматтық лириканың соны үлгілері туды. Ақын шығармашылығындағы биік кезең, қазақ лирикасы үшін оқиға болған “Аралдар” атты әйгілі жинақ еді. Мұнда Әбділда поэзиясындағы ырғақтар, бояулар, әуездер жарқырап жаңғырып көрінді. Ой мен сезім, лирика мен философия тоғысты. Дәл осы жинақтың көптеген қазақ ақындарына, әсіресе жастар поэзиясына ерекше ықпал-әсері болғандығын мойындау керек.

Дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық әуездік, терме кестелерін байыта отырып, Европа лирикасының жақсы үлгілерін нысана ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра жырлау, дәуірдің қырағы көзі, заманның лүпілді жүрегі бола білу – осы алуандас сапалар “Көне қоңырау”, “Құрдастар” секілді бүгінгі поэзиямыздың қымбат, асыл шығармаларының алтын өзегі.

Ақын поэма жанрында өндіріп көп шығарма жазды: оларда халық өмірінің түрлі кезеңдері, сан алуан адам тағдырлары, алыс ғасырлар, революциялар, жаңа заман ырғақтары жырланады. Бұл шығармалардың тақырыптық географиясы әр алуан. Автор үнемі үлкен өнер талаптарын ескеріп, өзекті, проблемалар көтерген. Форма сонылығына, жаңа түрлерге мән берген. Дәл ажыратып айтар болсақ, поэмалар ықшам, оларда тармақты оқиғалар сирек, негізінен бір арна, бір жүйе, бір фабула тиянақталады. Мұнан Европа әдебиетіндегі баллада үлгісінің ықпалын танисың. Лирикалық қаһарман толғаныстарына көп орын беріліп, олар ақын тебіреністерімен астасып жатады. Классикалық поэма мен ұлттық үлгі-толғаудың тоғысуынан туған жаңа эстетикалық игілік бар. Әсіресе халықтық аңызды сүйек етіп жазған поэмаларда фольклор айшықтары, оралымды өрнектер қайталанады, суреткерлік мақсатқа орай құбылып өзгереді.


Ердің аты өрмен тең,

Ездің аты жермен тең.

Еңіреп туған ер болса,

Ен жайлаулы елмен тең.
Бұл жерде фольклор поэтикасының үлгісі бар.

Халықтық поэзия дәстүріндегі поэмалар қатарында “Оркестр”, “Күй атасы”, “Абыл”, “Мерген”, “Толағай” аталуға тиіс. Тақырып таңдау, бояуды еркін қолдану, сөз арқылы күй ырғағын беру, бейне сомдаудан Ілияс Жансүгіров дәстүрінің жанды жалғасуын, баюын көреміз. Оқиғалы поэмалар “Құлғара”, “Батрақтарда” үгіттік идея айтылса, “Комсомол сөйлейді”, “Қазақстан – алтын сандық”, “Мен кешеден келдім бүгінге” – поэмалары публицистикалық сипаттарымен дараланады. Бұларда шығарма арқауы – лирикалық кейіпкердің ойы, сезімі, толғанысы. Осылардың ішіндегі ең күрделісі – философиялық үлгідегі “Портреттер” заманның көкейкесті сырлары, адамның қат-қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілік жайындағы шығарма. Ақын ұрпақтар тұтастығын, буындар аманатын толғайды. Поэмадағы әкенің балаға беретін сағаты символдық мәнге ие, жинақтаушылық күші бар көркем деталь.

Драматургияда қырық жыл еңбек еткен. Ә.Тәжібаевтың пьесасы – М.Әуезовпен бірігіп жазған, азамат соғысының аласапыран кезеңдерінен сыр шертетін, кезінде республикалық бәйге алған “Ақ қайың”. Драматург эпос материалына сүйеніп, тарихи тұлғаларға арнап, замандастар жайын толғап, көптеген сахналық туындылар жасады. Ұзақ қаламгерлік сапарда дүниеге келген пьесалардың ішінде “Жалғыз ағаш орман емес”, “Майра”, “Көңілдестер”, “Қыз бен солдат”, “Сағынамын күн сайын” пьесалары ұлттық репертуарда берік орнықты. Ақынның драматургияға әкелген олжасы, жаңалығы “Майрада” ерекше айқын көрінеді. Өнер адамдарын драмаға арқау ету - әдебиетіміздегі бай дәстүрлердің бірі.

Тарихы анық емес. Көп дүние қағаз бетіне түспеген елдің өткенін бейнелеу таза шығармашылық мақсаттарды былай қойғанда, толып жатқан қосалқы қиындықтар келтіреді. Үлкен адамдардың соңынан бөзбен бірге сөз де ерген. Абайды сабап, Біржанды байлап тастаған тентек топ әрекетін де түсіндіру керек. Осы арадан өмірлік материал мен көркемдік қиял диалектикасы, проблемасы туады. Драмадағы Майра әншілік, сұлулығымен бірге жаңа ой, жаңа идеяның адамы тұлғасында сомдалған.

Әдебиеттің бір жанрымен түбегейлі айналысып, көш-жөнекей басқа салаға соғып кетіп жүретін, ат үсті пікірлер айтатын қаламгерлер толып жатыр. Той мақала, рецензия, баяндама жазбаған ақын прозашы, драмашы жоқ та шығар, ал әбден танылған шақта, кемеліне келіп, кер торысына мінген кезде, әдебиеттанудың, сынның ыстық-суығына шыдап ауыртпалықты мойындап, білек сыбанып кірісетін жазушылар тіпті де аз.

Осы қатарда Әбділда Тәжібаевты бөліп, даралап айтқан жөн. Ол қазақ поэзиясының , драматургиясының көшелі суреткері болумен бірге, әдебиет тануда да төрден орын алады. Көптеген мақалалар, зерттеу еңбектер, естеліктерді былай қойғанда, “Өмір және поэзия”, “Өмір және драматургия” (алғашқы аты “Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы”) монографиялары оның ойшыл ғалым, нәзік сыншы, кең құлашты әдебиетші екендігін тапжылтпай дәлелдеген, ұлттық өнердің екі бірдей күрделі жанрлары туралы жүйелі, іргелі пікірлер айтқан, эстетикалық-философиялық қуаты мол көлемді еңбектер.


Каталог: repository -> history
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет