Қолымды қоямын... (Власова). Тергеудің жауабын алған – Попов».
Бұл көрсетінді туралы не айтуға болады? Бір-ақ нәрсе анық. Бұдан ағайынды Мұрзиндердің ер жүрек азамат екендіктері анық байқалады. Ажырасқан күйеуінен осылай кек қайыру, ол жылдары, ұлттық намыстың «үлгісі» болатын. Мұндай басыну мен кек қайыруды кейін де талай дегдарлар «тағдырдың қарғыс таңбасы» ретінде басынан кешірді. Шет жағасын да көрдік. Мұрзиндердің тағдыры туралы Міржақып Дулатовтың қызы – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «Шындық шынары» атты әсерлі кітабында сондай бір бауырмалдық сезіммен еске алады.
Г.Дулатова: «Мұхтар ақ сары жүзді, қыр мұрынды, көзіне пенсіне салатын, ұзын бойлы, келбетті кісі болатын. Мұхтар жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді, адамгершілігі өзге жұрттан бөлек биік тұратын, мінезі тік, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзінен таймайтын, ұстанған пікірінен қайтпайтын. Қайсар. Біреуді күндеп, не зәбір көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кіршіксіз таза, жолдастарына айнымас дос, әділеттік туын жоғары ұстаған принципті кісі болатын. Ол өзіне биік талап қойып, міндетті түрде білімін толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екі тілді бірдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнері барын білеміз. Мұхтардың бір бойына дарыған осынша жақсы қасиеттерді бағалап, әкем қатты сыйлап өткенін айтып отыратын. Менің шешем Мұрзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейін Қызылордада, астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан бері Мұрзиндердің семьясы бізге ыстық, туыстан жақын болып кетті.
1930 жылы көптеген (32 адам) оқыған қазақ интеллигенттерін жаппай тұтқынға алғаны бәрімізге мәлім. Сол бір ауыр да қасіретті жылдар Мұхтарды да құр қалдырмады, Алматыда Намкомземде экономист болып жұмыс істеп жүргенінде тұтқынға алынды. Соттың үкімімен Воронежге айдалды. Өзімен бірге сотталып барғандар: Сейдазым Қадырбаев, әйелі – Жаңыл (Тәпіл дейтін), қызы – Гуля, Әбдіхамит Ақбаев әйелі –Зүфүнүн, Мұстафа Бұралқиев, Әбдірахман Мұңайтпасов, әйелі – Сара, балаларымен (сонда болды). 1934 жылы араларына Кәрім Тоқтабаев қосылды, орыс әйелі Мария Петровна, қызы Естаймен келеді. Мұхтар үй-ішін алдырған соң, жоғарыда айтылып отырған кісілермен араласып, бір-біріне жәрдем беріп тұрған. Берген бес жылын өтеп 1936 жылы Шымкентке келіп сельхозбанкте жоспарлау бөлімінде меңгеруші болып істеп жүргенінде – 1937 жылы қайтадан ұсталды. Мұхтар 1957 жылы ақталды.
Мұхтардың інісі – Ғазиз Бабақайұлы Мұрзин 1925 жылдары Қызылорда да, одан Алматыда жұмыс істеді. Ғазиздің бірінші әйелі Рахила Ғабдоллақызы (Гүләйімнің немере сіңілісі) еді, бұл семьяда екі ұл – Назар мен Дос дүниеге келді. Бірақ Рахиланың мінезі ұнамсыз, шатақ болғандықтан, бұл кісілер ұзақ отаса алмады, ерте ажырасты. 1928 жылы Ғазиз Москвада постпредствода жұмыс істеген, екінші рет Алматыда Ада Павловнаға (Алиса Власова осы әйел болуы әбден мүмкін – Т.Ж.) үйленгенін Сара Садыққызы Өтегенова – Мұңайтпасовадан естігенім бар. Ада Павловна өте мәдениетті, адамгершілігі жоғары, сыйласа білетін кісі еді дейтін. Москвада араласып тұрған екен. Ада Павловна мен Ғазиз көп жылдар өмір сүрген, кейін Москвадан соң ажырасып, Нина Морозоваға үйленген. Ғазиз Риддерде алтын кенін шығаратын приискіде жұмыс істеп жүргенінде 1936 жылы іш сүзегін жұқтырып алып, қайтыс болыпты».
Ада мен Алисаның аттарының өзгешелігі болмаса, Әзиз (Ғазиз) Мұрзиннің үстінен арыз жазған Власова осы әйел сияқты.
Иә, «мәдениетті әйел», бірақ, сыйласымы жоқ, «шыдайсың риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табылса да», - деп Абай айтқан «табашыл жар» болған сияқты. Мүмкін оның осы жымсымасын сезіп қалып Ғазиз Мұрзин ажырасқан шығар.
Бәрі де мүмкін. Бәрі мүмкін.
Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа берілген хатты тапсыра алмаған, Х.Досмұхамедовтің ісінде алғашқы жауабы тіркелген Уәлихан (Уәлитхан) Омаровтың көрсетіндісі:
«Берілген сұраққа жауабым мынау: Қазақ ұлтшылдарының ешқандай ұйымына, оның ішінде Орынбордағы бөлімшесіне де мүше болған емеспін. 20-жылдары қандай да бір ұйымға мүше болды деген сөз шындыққа жатпайды. Ешқандай да ұйымды білмеймін. Валидов пен Байтұрсыновтың арасындағы хат туралы да мағлұматым жоқ. Байтұрсыновты естуім бар, бірақ таныс емеспін. Әділев пен Сәдуақасовтың кеңес құрылысына қатысты блоктары жөнінде де хабарым жоқ. Сәдуақасовпен бірге қожановшыларға (колчаковшыларға да болуы мүмкін, нақты танылмады – Т.Ж.) қарсы күреске қатысқаным рас. Оның өзінде де азаматтық блок емес, кейбір мәселелер жөнінде келіспегеніміз шындық. Кеңес өкіметіне қарсы ешқандай іс-әрекетке қатысым жоқ. Бөкейханов Уәлиханмен (Ғабдолла – ?) Жер жөніндегі комиссариатта бірге істедім, білімді, іскер, коммунисшіл. Әрине, ешқандай ұйымның құрылғанынан бейхабармын. Ташкентте құрылған ұйымды естіген емеспін. Кулаков пен Ермековтің арасындағы байланыстан хабарсызбын. Олардың: әр нәрсені менімен ақылдасты,– дегені шындыққа жатпайды, тек шаруашылық мәселелері ғана тапсырылды.
22-24 жылдар арасында жазылған «Табалдырық» платформасын білмеймін және «Алқа» үйірмесіне менің қатысым жоқ. Мен ол кезде Ташкентте емес, Петропавловскіде болатынмын. Сәдуақасовпен, Бөкейхановпен, Мұрзинмен, Омаровпен және Байтұрсыновпен қосылып қандай да бір қағазға қол қойғаным есімде жоқ. Егерде қазақ әліппесі туралы болса, онда менің бұған тікелей қатысым шамалы, өйткені мен әріп түзумен айналыспаймын, оған икемім де жоқ. Бұл қол менің қолтаңбама ұқсамайды (қазақ әліпбиі туралы халыққа жолданған үндеу хат –Т.Ж.).
Сіз айтып отырған 21-22 жылдары Ташкентте өткен Тынышбаев, Досмұхамедов және басқалар қатысқан жиналыс туралы тіпті естісем бұйырмасын. Заки Валидовтің кім екенін де білмеймін, өмірімде ол туралы естіп көрмеппін. Әділевті естуім бар, бірақ өзін көрмеппін».
Бұдан кейін 1931 жылдың 15-қыркүйегі күні тергеуші оған түрлі тақырыптарды атап ұсынып, соған жауап беруді талап еткен. Сурет көрсетіп, олардың кім екенін сұрайды. «Жоқ, мен бұларды білмеймін. Мен Әділевті үйіне ауырып келгенде ғана көрдім», – дейді. Алайда келесі жолдағы хатқа түскен сөздер кілт өзгеріп сала береді. Айыпталушының алдыңғы тергеудегі кесімді сөздері жұмсарып, айыбын мойындауға көшкен. Бұған қарағанда арадағы үзіліс кезінде қысым көрсетіліп, қинау жасалған сияқты. Оны мына жауаптың мәнерінен де байқауға болады:
«Мен қазір бұрын жасырып келген жайлардың бәрін де сізге айтып беремін, жолдас милиционер. Шындығында да 22-жылы Ташкенттен Бөкейхановқа беруге арналған хатты алдым. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген және ол ауылда жоқ дегенді естідім. Хатты тапсырғым келмей жыртып тастадым. Онда Ташкенттегі ұйымның жай-жапсары айтылған сияқты. Хат жөнінде мен Әбікей Сәтбаевқа, Хасен Ақаевқа және ...(аты толық танылмады – Т.Ж.) айттым. Кейіннен білдім, Бөкейхановқа арналған хаттың мазмұны туралы жергілікті адамдардың барлығы естіп алыпты»,– деп жұмсарта баяндаған.
«Шабармандығы» болмаса, Х.Досмұхамедов айтқандай, «ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адам қатарында» қалыпты. Бұл да кісінің кісісінің ғана қолынан келетін қасиет.
Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты-жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған айыптау қорытындысын толық келтіреміз.
«№2370 іс. І том. 435-а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынып, № 2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҚІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:
Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһанша мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921 жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.
2) Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола милициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923-жылы атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.
3) Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконференция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астыртын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.
Достарыңызбен бөлісу: |