Көп қабатты мүйізденбейтін эпителий Бұл эпителий механикалық әсерге ерекше қатты ұшырайтын ылғал беттерге тән. Ылғалға қажет сұйық, эпителийдің астында орналасқан борпылдақ дәнекер ұлпасында болатын бездерден келеді. Эпителийдің бұл түрі ауыз бен өңештің ішкі қуысын, қынапты, көздің мүйіз қабығының бетін, тік ішектің артқы бөлігін астарлайды. Эпителийдің осы түрінде клеткалардың үш қабаты болады: базальдық қабат, көп бұрышты немесе қанат тәрізді клеткалардың қабаты, жалпақ клеткалардан тұратын үстіңгі қабат. Базальдық қабат негізгі мембрананың үстінде орналасқан митоз жолымен жедел көбейетін цилиндр тәрізді клеткалардан тұрады. Базальдық қабаттың клеткалары базальды немесе негізгі мембранаға арнаулы құрылымдармен бекіген. Клеткалардың ортаңғы қабаты немесе көп бұрышты клеткалар қабаты десмосомалармен жабдықталған жіңішке өсінділермен байланысқан көп бұрышты клеткалардан тұрады. Клеткалардың арасында эпителиалдық клеткалардың қалың қабатының қоректенуін қамтамасыз ететін ұлпалық сұйық ағатын клеткааралық кеңістіктер болады.