Экологиялық тәрбие. Қазіргі кезеңдегі жастар тәрбиесінің өзекті мәселелерінің бірі – бұл экологиялық білім мен тәрбие. Басты міндеттердің бірі – табиғатты қорғау мәселелерімен оқушыларды ғылым негізінде теориялық және практикалық біліммен қаруландыру. Мектептегі экологиялық тәрбиенің негізгі көздері – химия, физика, биология, география, астрономия пәндері. Сондай-ақ экологиялық тәрбие қоғамға пайдалы жұмыс және өндірістік еңбек арқылы іске асырылады. Бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы оқушыларды мынадай іскерлік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған: өсімдіктердің даму кезеңіне бақылау жүргізу, мектеп және қоғамдық мүлікті ұқыптылықпен күту, тұрмыста электроэнергияны, газды, суды үнемді пайдалану.
Экологиялық тәрбиенің негізгі мақсаттары:
1. Экологиялық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқына тәрбиелеу.
2. Қоршаған ортаға жауапсыздықпен қараушыларға жол бермеу.
3. Жастардың бойында экологиялық мәдениетін қалыптастыру:
- тұлғаның мінез-құлқында;
- қоғамдық пайдалы еңбек пен еңбек тәрбиесі арқылы айналадағы табиғатты қорғауда, күтуде және жақсартуда;
- экологиялық білімді насихаттауда;
- ең алғашқы кәсіби еңбекте.
Экологиялық тәрбиенің негізгі міндеттері:
1. Өмірде және нақты еңбек іс-әрекетінде экологиялық білімді қолдана білу іскерлігіне төселту.
2. Табиғатты қорғау қызметін ұйымдастыру және табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыру.
3. Табиғатты қорғау және өзгертуге байланысты оқушыларды жаппай қоғамдық пайдалы еңбекке қосу.
4. Әр мектепте экологиялық білім мен тәрбие қоғамын ұйымдастыру. Мақсаты: қоғам мүшелерін өздері тұрған аймақтың табиғатын қорғауға, күтуге тәрбиелеу, зерттеу жұмыстарына тарту, зерттеу жүргізудің әдістері мен тәсілдерін үйрету, мектепті экологиялық жұмыс орталығына айналдыру.
Сонымен, егер жасөспірім өзінің ертеңгі күні, достары мен жақындарының бақыты, ауаның, судың тазалығына байланысты екендігін түсінсе, жасыл желек пен ағын суды таза ұстауға көмектессе, ол табиғатты қорғаушылар қатарында болғаны.
Достарыңызбен бөлісу: |