Ерте заманда Баба Омар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң, ұғыл тапты



бет3/4
Дата26.01.2022
өлшемі91,37 Kb.
#114870
1   2   3   4
Байланысты:
Едіге батыр

ЕР ЕДІГЕ

Біздің қазақта атақты, даңқты үш батыр болған. Бірі – ер Едіге, бірі – қара Қыпшақ Қобланды, бірі – тамадан шыққан Шора батыр. Осы үшеуі – өз бетімен көшіп-қонып жүрген жандар.

Ұры қартайса, сопы болады,

Қар қартайса, бибі болады.

Бүркіт қартайса, тышқаншы болады.

Шал қартайса, жасындағы

Көрген-білгенін былшылдап,

Ертекшіл болады – дағы, –

Демекші, ер Едігеден естігенімді сөйлейін. Ер Едігенің сөзі деп қариялар тақпақ қылып айтып отырушы еді:

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Ел шетіне жау келсе,

10. «Мен шығайын» дер екен.

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Өзінен бір жас үлкен болса,

“Әзізім, сіз білесіз” дер екен.

Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Едіге деген ер екен.

Елдің қамын жер екен.

Өзінен бір жас кіші болса,

20. “Ботам, сен тұра тұр,

Мен сөйлеймін” дер екен.

“Едіге деген ер дүрмін,

Үзілмес жібек кендірмін.

Өзі білмегенге,

Білгеннің тілін алмағанға,

Еменнен шоқпар шекесіне,

Шық еткізетұғын мен дүрмін”,

дейді екен.

Қазақ үш жүз деген атқа ілінбей, елдігі, жұрттығы көзге көрініп, білінбей жүрген күнде, қазақ ортасында Бабай Түкті Шашты Әзіз делінген диуана болыпты. Қаратау маңайында, Мыңжылқы деген таудың бауырында, бір бұлақта дәрет алып, намаз оқуы үшін меншікті мекен-жай қылып жүріпті. Бір күні, таң сәріден, алаңқарақта дәрет алайын деп келе жатса, үш жалаңаш қыз суға шомылып, біріне-бірі су шашып, ойнап жүріпті. Бұрын жалаңаш әйел көрмеген диуана қалпақтай түсіп, талып қалыпты. Манағы үш қыздың бірі де қалпақтай түсіпті.

Сөйтсе, олар пері патшаның қыздары екен. Аққу болып, сау екі қыз талған қызды көтеріп алып, ұшып кетіпті.

Еліне, жұртына апарған соң, бақсы-балгерлерін жидырып, бал аштырған екен. Адамзаттан шыққан әулиенің назары түскен екен. Сол әулие өзі жазып босатпаса, басқаның қолынан келмейді деген соң, ұшқыр перілерді жұмсап алдыртыпты. “Тоқтылық тонауы жоқ” жалаң бұт, жалаң аяқ, өн-бойында көрген жан жиренбейтін жері жоқ, кісі көрерлік түрі жоқ, бір сұмпиған дейді. Құдай жұмысын түсірген соң амал бар ма?!

– Мына қызымды жазып, оңалтып беріңіз, – депті.

– Менің сенің қызыңда не ақым бар, өзіңде не ақым бар? Бұлар дәрет алатұғын суыма шомылып, суымды арамдап кетті. Және мен талып қалып, сол таң намазым қаза болды. Өмірімде бір намаз қаза қылған жоқ едім, соның орнын толтыр, – депті.

– Олай болса, бір қара тоқты есебінде, осы қызымды өзің ал, – депті. Қызын диуанаға қосып, екеуін бұлақтың басына апарып тастапты. Мынау қатынды болып оңған жері жоқ, анау байлы болып, не қызық дәурен сүрсін. Ұйқы-тұйқы, қиқы-жиқы, миқы-тиқы бір өмір дағы. Диуана: “Баяғыдай жалаңаштанып, денеңді көрсет”, – деп қиғылықты салыпты. Пері қызы өзге тілін алса да, бұл тілін алмапты. “Еркек ашуланса жаман болар,” – деген ғой. Диуана тұра сала сабапты, тұщы етіне ащы таяқ өткен соң:

– Менің жалаңаш денемді көрген соң, өзің сілейіп талып қалатын едің. Оны білмедің, мен сенен бала тапсам, мендегі нұр-жарық сол балаға кететұғын еді. Сонан соң көруің керек еді, оған шыдамадың, асықтың. Енді мен саған жоқпын, сен маған жоқсың. Мен сенен екіқабат болған едім, еркек ұл туамын. Туысымен бесікке бөлеп, осы судың басына алып келіп тастаймын. Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі болмақ, белгісі сол болар, – деді де, аққу болып ұшып кете барды дейді. Диуана мұны елең қылып, күзетіп жүре ме?! Қыз баланы уәде бойынша бесігімен алып келіп, тастап кетті дейді. Үстінен кез болып, тауып алған біреу Түркістанда ноғайлының ханы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамысқа асыранды бала болып, соның қолында өсіпті. Мұны ертегі қылып сөйлеушілер әр түрлі сөйлейді. Ақымақтың тізгіні – құлағы, ғақылдың тізгіні – көңілі, ақымақ не нәрсені естісе, естігеніне қанағат қылады, қатықтай, сүттей ұйып тұра алмайды. Ғақылды не нәрсені естісе, естіуіне қанағат қылмайды, ғақылына салып, көңілінің дауалауына тоқтайды. Бұрынғылардан қалған үлгілі сөз бар: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген ақсарағат, ілуде бір-ақ қатын табады”, – деген. Осы Едігені Тоқтамыс ханның төресін бұзып, төре беретұғын би де қылып қояды. Бетіне жан пар келмейтін ер де, батыр да қылып қояды. “Екі қылыш бір қынға сыймайды, екі тілеу бір көңілге сыймайды.” Мен өзім Едігені ер деп, батыр деп әбден білемін, билік айтты дегенге нанбаймын.

Кім болсын, ол болсын, Тоқтамыс ханның: “Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас”, – деп, көзін жойылтуға қастық ойлағанын біліп, сезіп қалып, Едігенің қашқаны рас. Сонда артынан «шақырып кел» деп, Кеңестің ұлы Кенжанбайды жібергенде, ер Едігенің Жанбайға айтқан сөзі:

– Кеңестің ұлы Кенжанбай, ақылың жоқ,

Жанбай хан емес, ол шаян ғой,

30. Кім екені маған аян ғой.

Өзің аман қайт-сана,

Барып оған айт-сана!

Бұ барғаннан барармын,

Сәтемір ханға барармын.

Қанша жолдас болса да,

Керегінше алармын.

Қайтып келіп еліңе,

Тебінгіден тер келіп,

Қабырғадан қан келіп,

Бүліншілік салармын.

40. Күнікейдей көріктіңді,

Тінікедей тектіңді

Неке қимай, мал бермей,

Қатындыққа алармын.

Суарып қанмен жеріңді,

Бүлдіріп, шауып еліңді,

Қылышымды суырып,

Жосадай қанға малармын, –

деп жүре берген екен.

Едігенің осы келе жатқан бетінде қалмақтан шыққан Қаратобын алып Сәтемір ханның қызын алып барады екен. Соған кез болып, Қаратобын алыпты өлтіріп, қызды айырып алып, Сәтемір ханға барған соң, Сәтемір хан Едігеге қызын беріпті. Едіге жер қайысқан қол алып келіп, Түркістанды шапты, талады. Тоқтамыс хан басын алып қашып кетті, сегіз ұлы бар екен, олар да қашып кетті. Сонда ер Едіге қатынды болған соң, бала туып, баланың атын Нұралы қойып, сол Нұралы Түркістанды шапқанда, өзімен бірге екен. Жалғыз баласы Нұралыны “Тоқтамыстың басын кеспей, көзін теспей қайтушы болма”, – деп, соңына салып қоя беріпті. Сонда Нұралы әкесіне қатты тапсырып айтып кетіпті:

– Тоқтамыстың екі қызының бірін өзің аласың, бірін маған қой, – деп.

– Жарайды, балам, Тоқтамыстың қарашығын жер үстінде қалдырмасаң болады, – депті. Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін екі қызын бірдей Едігенің қойынына салып, бауыр бастырып, өзі некесін қидырып, меншіктетіп қойыпты. Сонда Нұралынның өшігіп іздегені сондай, Тоқтамыс қайда қорғалап барса, жанын қоярға жер таптырмапты.

Ол заманда Әмір-Темір көреген бар екен, ол да Тоқтамысты қорғалата алмапты. Тоқтамыс сол қашқаннан қашып, Ертіс өтіп кетіпті. Бір қопаға барып қорғалапты. Жалаң аяқ екен, аяғын қамыс тіліп, қанап, сол қанның аққан ізімен бұлжытпай тауып өлтіріп, қопаның жағасына сүйретіп алып шығып көміпті. Бұл күнде сол қопаны “Баян қопасы” дейді. Басында бір оба бар, Тоқтамыстың үзеңгісін тауып алғандар болып, үзеңгісінің кеңдігі бұл заманның атының басы сйып кететұғын деген екен.

Керекуге жүз елу шақырым жерде Шут деген қала бар, соған ұрымтал, маңайлас дейді.

Нұралы аман-есен қайтып, әкесінің Тоқтамыстың екі қызын бірдей алып қойғанын естіп, әкесін көрместей араз болып кетіпті. Тоқтамыстың ханымы ойлағанын орнына келтіріп, әкелі-балалы екеуін өмірінде бірін-бірі көрместей қылады.

Жә, бұл Түркістанды шауып, талап жатқанда Тоқтамыстың бір күңі жас босанып, бір ұл тауып жатыр екен. Ер Едіге соны көрген соң:

– Байғұс, мүсәпір балаңды өлтіріп алма, – деп, құлындаған қулық құла биені беріп кеткен екен. Сол биеден туған құлын ат болып, күңнен туған ұл азамат болып және сол баланың аты Кейқуат болып, Едігенің қарт басқан кезі болып, жалғыз баласы Нұралы қайтып қарасын көрместей болып кеткенін әбден біліпті.

Тоқтамыстың кегін Едігеден алу үшін Кейқуат атқа мінді дейді. Сонда Едіге мен Кейқуат кездесіп қалғанда Едіге сөйлеген екен:

– Әй, бәрекелді-ай!

50. Қап, әттеген-ай!

Қулықтан туған құлаша

Ат боларын білмедім.

Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білмедім.

Қулық туған құланша

Ат боларын білгенде,

Күңнен туған Кейқуат

Жат боларын білгенде,

Ноқтадан басын кеспес пе ем,

60. Жөргекте көзін теспес пе едім,

– деген екен. Сонда Кейқуат: – Мен шаранада жатқанда шешеме: “балаңды өлтіріп алма” деп құла бие берген екенсің. Қартайған екен ғой деп қорлап, саған қару жұмсамаймын. Қатын болсаң, күле-күле жүрерсің, ер болсаң, шабыңнан жарылып өлерсің, – деп жүре берген екен дейді.

Енді Едіге қанша жүреді дейсің, шабынан жарылып өледі ғой. Едігенің өлгеніне кім күйінеді, Тоқтамыстың екі қызы – жас тоқалдар, шешесімен үшеуінің ойлағаны қабыл болды. Пендеде жалғыз-ақ Нұралынның келіншегі, Едігенің келіні, күйінді болды дейді. Би ойына пәлен-түген деуге бата алмайды. Сонда бұл келін пақырдың бесікте баласы бар екен. Өшін баладан алатұғын болды, баланы бөлегенде, жөргегіне шеңгел төсеп бөлейтұғын болыпты. Бала түні бойы ұйықтай ала ма, зыр-зыр етіп шырылдап, қақсап, зарлап жатады, – дейді. Нұралы келіншегіне:

– Бала мұнша неге жылауық болып кетті? – дейді. Сонда келіншегі:

– Кім біледі, жөргегіне шеңгел араласып кетті ме, сондықтан жыламаса, дені сау, ауруы жоқ, – дейді.

– Шіркін, баланы күтпейсің, шеңгелін арылтып, тазалап, аршып бөлесең болмады ма, – депті.

– Бала қанша жақсы болғанмен Нұралыдай-ақ болар, әке Едігедей-ақ болар. Нұралы Едігеге не көрсетті, бұл да саған не көрсетер дейсің, – дейді.

– Апырмай-ай, менікі адасқандық екен ғой, қойнымда құшақтап жатқан қатыныма ерсі көрінгені, тамам жұртқа да сондай ерсі көрінген қылық екен ғой, – депті. Тұра аттанып, Кейқуаттан әкесінің кегін алыпты дейді. Баяғы Тоқтамыстың сегізі Еділден өтіп кеткен екен. Олардың қолынан не келеді.

– Осы сендер айғырдың қиындай үйіліп-төгіліп не ғып жүрсіңдер? – деушілерге:

– “Еділ тоңса кім өтпес, Едіге өлсе кім қайтпас”, – дейсің деген сөздері мәтел болып, Еділ бойындағы жұрттың аузында қалыпты.

Ер Едіге өзі тұрақ қылған жері Ұлытау, Кіші тау екен. Өзі өлерінде Ұлытаудың басында отырып, Кейқуаттың сөзіне құса болып, жарылып өлген екен. Сонда өлерінде айтқан екен:

– Мені бұл жерге жер қазып көмбеңдер, қорған тас қалап қойыңдар, Нұралы жер үстінде бар болса, “Ат айналып қазығын, диірмен айналып шүмегін табар” дегендей бір табар. Сонда мені Қаратаудың бауырында, Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында Бабай Шашты Түкті Әзіз атам бар, соның қасына қойсын, – деген өсиетімен, денесін сонда апарып қойған екен. Ұлытауға аманат қойған екен. Ұлытауға аманат қойған жайын “Ақ мешіт әулие” деп атап кетіпті.

Бұл сөзді кеше керейттен шыққан Сары сопының баласы Жалаңаяқ әздер сөйлепті, осы әулие де өзін сол жерге қойдырыпты.

Күні кеше Қуандықтан шыққан арық Қоңырбай, Айқожа ишаннан халфе болып шығып, Ақпан Бәйіштің Ақпанымен екеуі:

– Бұл Жалаңаяқ – біздің қазақтан шыққан әулие. Соның сүйегін бұл жерге қоймаймыз. Сарыарқаға апарып, қазақ ортасына қоямыз деп сарт жұртымен дауласып, сол замандағы қазы, мүфтилерден хат-мөр алып, сүйегін Арқаға алып кетеміз деп көрін ақтарған екен. Жалаңаяқ әздердің денесі шірімей, сасымай, сап-сары болып, көмілген қалпында жатыр екен, деседі. Қол созып ала бергенде, ашық тұрған аспан әлей-түлей боран болып кеткен соң, қойылған жерден қозғағанын Құдай да болса, әруақтың өзі болса да ұнатпады-ау деп, қайта жауып, үстіне белгі тұрғызыпты. Сонда арық Қоңырбай Ақпанға айтқан екен:

– Мен сенен бұрын өлемін, мені осы жерге алып келіп қойыңдар деп. Өзінің өсиет қылуымен Ақпан арық Қоңырбайды сол араға апарып қойыпты.

Сол жерде Бабай Түкті Шашты Әзіздің барлығын Едіге айтыпты. Ол екеуінің сол жерде екенін Жалаңаяқ әздер айтыпты. Жалаңаяқ әздердің барлығын арық Қоңырбай айтыпты. Арық Қоңырбай дәл сол жерде екенін, міне, біз айтып отырмыз. Осында біреуден біреуге мирас болып келе жатқан сөз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет