Есмағамбет Ысмайыловтың «Қазақ әдебиетінің тарихын жасау туралы» мақаласы
Е.Ысмайылов табан аудармай, тыңғылықты зерттеген жанрдың бірі – қазақтың батырлық жырлары мен тарихы жырлары. Жоғарыда айтылған «Шора батыр туралы» мақаласынан кейін, 1939 жылы «Батырлар жыры туралы» деген іргелі зерттеуін жазды. Баспа мүмкіндігінің жетіспеушілігінен бұл еңбек те жарық көрмей, қолжазба күйінде қалды. Бұл еңбегінде ғалым қазақтың батырлар жырын мынадай топқа бөледі: 1. «XIV ғасырға дейінгі қаңлы-қыпшақ заманының батырлар жыры»: «Ер Төстік», «Құламерген», «Аралхан», «Көрұғлы», «Бозұғлан», «Алпамыс», т.б. 2. XIV-XVI ғасырлардағы ноғайлы заманының батырлар жыры: «Едіге», «Қобыланды», «Орақ – Мамай», «Шора», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Бөген батыр», «Ер Сайын», т.б. 3. XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-қалмақ арасының қарым-қатынасына байланысты туған батырлар жыры: «Есімхан», «Бөгенбай», «Қабанбай», «Олжабай», «Арқалық», «Алатай», «Қаратай», т.б. 4. XIX ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына байланысты батырлар жыры: «Сырым», «Кенесары – Наурызбай», «Исатай – Махамбет», «Бекет», «Жанқожа», «Ағыбай», «Сұраншы», «Сыпатай», т.б. Эпикалық жырларды зерттегенде Е.Ысмайылов, әсіресе, тарихи жырларға көп көңіл бөледі. Ол Жамбыл жырлаған «Сұраншы батыр» туралы мақаласын 1938 жылы жазып, жариялайды. Қазақ халқының эпостарын, тарихи жырларын зерттеуге арналған монографиясын аяқтау кезеңінде академик В.Жирмунскиймен ой бөлісіп отырғанын талай көрген едім.
Е.Ысмайылов XVIII-XIX ғасырлардағы жаугершілік заманда туған, қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы күресін бейнелейтін халық поэзиясын да ұзақ жылдар зерттеп, «Тарихи жырлар» атты монографиялық зерттеу жазды. Автор мұнда тарихи жырлардың жанрлық ерекшелігін анықтайды. Оның басқа батырлар жырынан айырмашылығы – тарихи оқиғаны немесе кейіпкерді нақты фактілер негізінде суреттейтіндігін атап көрсетеді. Алайда, мұндай жырлардың нақты деректерден, оқиғалардан алшақтап кететін тұстары да болады. Бұл ақынның шығармашылық қиялына, көздеген идеялық мақсатына байланысты дейді ғалым. Е.Ысмайылов тарихи жырларды төрт кезеңге бөліп зерттеуді қажет деп табады. Бірінші – орта ғасырлар, екінші – XVIII ғасыр, үшінші – XIX ғасыр, төртінші – XX ғасыр көлемінде туған шығармалар.
Ол өзінің 1939 жылы жазған «Батырлар жыры туралы» деген мақаласында эпикалық дастандарды әзірлеу мәселесіне тоқталып, осыған ұқсас пікір ұсынғанын жоғарыда айтқанбыз. Сөз болып отырған соңғы зерттеуінде әр дәуірдің тарихи жырларына тоқталып, оған ғылыми сипаттама береді. XVIII ғасырдан бергі жылдардың кейбіреулерінің авторлары да ұмытылмай, ел аузында сақталған. Олардың нұсқалары көп емес. XIX ғасырда туған тарихи жырлардың көпшілігі патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы халық көтерілісінің сырын шертеді. Кейбір жырларда қазақ әйелдерінің де әлеуметтік іске, ерлік оқиғаларға араласа бастағаны көрініс береді. Ғалым XIX ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың басындағы тарихи жырларға ерекше мән берген. Бұл қазақ даласында Ресей империясының отаршылдық, қанаушылдық саясатын күшейте түскен, аштық, жұт апаттары арқаға аяздай батқан, оның үстіне 1905 жылғы төңкерістің, орыс-жапон соғысының, бірінші империалистік соғыстың зардабы елді күйзелткен қауырт кезең еді. Бұған 1916 жылғы оқиға келіп ұласты.
Қазақстан Орталық комитеті 1947 жылы 21 қаңтарда «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулы қабылдап, онда Кенесары бастаған көтерілісті дәріптеген жырларға қарсы пікірлер айтылғаны белгілі. Осыған байланысты Есағаңның баспаға дайындаған «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған алғашқы томының қолжазбасына едәуір түзетулер енгізіледі. Авторлар ұжымы жазған бұл қолжазба келесі жылы кітап болып басылып шықты. «Тарихтағы Кенесары – Наурызбай туралы тарихи жыр-әңгімелер» жөніндегі тараудың авторы Е.Ысмайылов жоғарыда аталған қатал қаулыға қарамастан, көтерілісті және ол туралы тарихи жырларды әділетті бағалауға тырысты.
Сол еңбегінде Е.Ысмайылов: «XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күрестерінің ең бір іргелісі Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі еді. Он жылға созылған (1837-1847) бұл көтеріліс қазақтың әлеуметтік тарихынан қандай зор орын алатын болса, ауыз әдебиеті тарихынан да ерекше орын алады» деп жазады. Әрине, мұндай батыл тұжырым жасау идеологиялық жағдай ушығып тұрған ондай уақытта үлкен ғылыми ерлік еді. Ғалымның қазақ фольклоры мен әдебиеті тарихындағы осындай әділ де батыл пікірлері кейін оны «ұлтшыл» деп айыптап, қамауға алуға себеп болды.
Əдебиет тарихын ғылыми негізде дəуірлеу — оның белгілі бір ғасырларының тұтас көркемдік бағыт-бағдарын зерттеу мəселесімен сабақтас. Бұл орайда ХХ ғасырдың 40-жылдары жарық көрген оқулықтардың ғылыми сипатын еселеген өзекті мəселелер ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиеті тарихының нақты зерттеу нысанына алынуы. Осы жағынан келгенде Е.Ысмайыловтың 1941 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ əдебиеті» оқулығы үлкен мəнге ие. Ғалым еңбегі қазақ əдебиетінің даму жолын көркемдік əдіс, əдеби бағыт бойынша қарастыруда тың қадам жасады. Əсіресе арнайы зерттеуге алынбай келген XX ғасыр басындағы əдебиеттің көрнекті өкілдерін талдауы олардың шығармашылығын көркемдік ерекшелігіне сай «сыншыл реализм əдебиеті» жəне «демократияшыл əдебиет» деп екіге жіктеуі назар аудартады.
Атап айтқанда, көркемдік əдіс пен əдеби бағыт тұрғысынан ақын-жазушылардың шығармаларын жүйелеп, жіктеп талдауы əдебиет тарихын дəуірлеудегі озық əдіснамалық тəжірибелердің қазақ əдебиеттануындағы ұштастыра қолдану талабындағы ғылыми принциптердің өз табиғатынан таза ажырап кетпегендігін дəлелдей түседі. Е.Ысмайыловтың: «Қазақ əдебиетінде сыншыл реализм Асанқайғы, Бұқар жыраудан басталып, Шортанбайдың заманында толық қалыптасты» [5; 6], — деген көзқарасынан, біріншіден, жазба əдебиеттегі сыншыл реализм көрінісінің табиғатын көрсетуді діттеуін, екіншіден, қазақ əдебиеті тарихының бастауы Асанқайғыдан, яғни, XV ғасырда жатыр деген ойдың ұшқынын аңғарамыз. Ал «Қазақтың демократияшыл əдебиетінің негізі — фольклорда» дегенінен көркемдік дамудағы тарихи сабақтастықты байыптаған зерттеушілік танымы танылады.
Еңбектің «Сыншыл реализм əдебиеті» жəне «Демократияшыл əдебиет» атты екі бөлімі ХХ ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің даму үрдісін тануға мүмкіндік береді. «Сыншыл реализм əдебиеті» жігінде Н.Орманбетұлы, О.Қарашев, Н.Наушабаев, «Демократияшыл əдебиет» жігінде М.Ж.Көпеев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев шығармашылығы талданған.
«Сыншыл реализм» терминін зерттеуші көркемдік əдіс жəне де шығарма тақырыбының идеялық түп қазығы тұрғысынан қарастырады. Мысалы, «Сыншыл реализм əдебиеті өкілдері кең қонысты, тыныштық дүниені іздегенде, арман қылғанда, кейде əсіресе бастапқы кезде жазған шығармаларында көшпелі мешеу заманды да аңсап кетеді. Жақсылықты, кеңшілік дүние — өткен заманда, артта қалды-ау дегендей кейін қарап бір күңірінеді, сонау өрісі кең байқау жайлауға көз жіберіп, мұңаяды. Бірақ Омар, Нарманбет жəне Мəшһүр Жүсіп ескі көшпелі, мешеу ауылдың бейнелерін кейде аңсай жырлағанмен оны нысана етіп, тұрақтап қалмайды» [5; 13], — деп заманға сай ілгерлеу жолын нұсқағандарын айтады. Бұл жерде ғалым аталған ақындар шығармашылығында ұлттық дүниетанымнан жəне дəуір тынысынан туындаған қайшылықты байыптаса керек. Ал демократияшыл əдебиеттің негізгі сарыны «əлеуметтік ұран, халықты ояту мотивтері, бірақ бұдан жалаң үгіт түрінде деген қорытынды тумайды, өрістеген жаңа əдебиет, оның ішінде əсіресе поэзияда Абай бастап биік шыңға көтерген үлкен мəдениетті меңгеру жəне орыс əдебиетіне бұрынғыдан да жақын біте қайнаса араласу бет алысы үлкен орын алады. Шығармалардың сюжеті байып, əлеумет өмірін жырлаудағы мотивтер бүкіл халықтың аузындағы ұранға айналды, ұлт-азаттық қозғалысының ұраны жырланатын болды» [5, 40], — деп осы бағыттағы шығармалардың тақырыптық-идеялық арнасын көрсетеді.
Е.Ысмайылов еңбегін қарастырған зерттеушілер «сыншыл реализм əдебиеті» мен «демократияшыл əдебиет» деп жіктеулерінде айқындық жетіспейтінін, «сыншыл реализм» терминін көркемдік əдіс тұрғысынан емес, идеялық нысана тұрғысынан түсініп ғылыми қателікке ұрынған деп қарастырады.
Сонымен қатар зерттеуші еңбегінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің әдебиетте көрініс табуына ерекше мән берген. Ғалым ұлт-азаттық көтеріліске байланысты өлең-жырларды тақырыбына орай жіктеп, топтарға бөліп, олардың жанрын анықтап, алғаш рет ғылыми жүйеге түсіреді. Бұл 1916 жылғы әдебиетті зерттеудегі тұңғыш талпыныс болатын. Кейіннен ол ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің үлкен бір саласына айналды. Өршіл рухқа толы "Бекболат" поэмасын алғаш ел аузынан жазып алып зерттеген Е.Ысмайылов. Зерттеуші шығарманың авторы ретінде Иса Дәукебаев деген ақынды атайды. Жырды жарыққа шығаруды мақсат тұтқан Е.Ысмайылов ел аузында жүрген қарапайым жыр үлгісіндегі дастанның көркемдік сипатын, ондағы отансүйгіштік рухты, отаршылдыққа қарсы күрестегі мұқалмас қайрат-жігерді, ұлтқа тән қаһармандық қасиеттерді танып, түрлі нұсқаларын салыстыра отырып, бір арнаға түсірген. Кенесары сияқты хандарды, Наурызбай сынды батырларды ұлт-азаттық күрестің басшысы ретінде бағалаған, олардың көркем бейнесі жасалған шығармаларды мадақтаған ғалым "теріс пиғылды ұлтшыл" атанған еді. Әдебиет өкілдерін ұлықтаған еңбегі нәтижесінде 1947 жылы партиядан шығарылып, 1952 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жылымық заманның тууына орай ғалымның еңбегі 1954 жылы 12 маусымда ақталды.
М. Жолдасбеков, Қазақ әдебиетінің еңбек торысы
Т. Кәкішев, Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы
А. Жұмағұлов, Қазақ әдебиетін дәуірлеудің ғылыми тәжірибесі
Достарыңызбен бөлісу: |