Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры. Бұл қор сақтық әдісімен жасалды.
Жасалу көздері:
1) кәсіпорындар мен ұйымдардың сақтық жарналары (немесе арнаулы салық);
2) мемлекеттік бюджеттің қаражаттары;
3) санаторийлерге, демалыс үйлеріне, курорттарға жолдамаларды сатудан түскен табыс;
4) басқадай көздер.
Қордың қаражаттары мыналарға жұмсалды:
1. Жәрдемақылар төлеуге (еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша; жүкті болғанда және босанғанда берілетін; балаға оның белгілі бір жасқа толғанға дейін қарауға берілетін; көмектің басқа түрлері).
2. Санаторлық-курорттық қызмет көрсетуді қаржыландыруға.
3. Кәсіподақтардың қызметін материалдық қамтамасыз етуге.
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттері:
а) зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеу үшін қаражаттар жинау, сонымен бірге зейнетақы ісін ұйымдастыру;
ә) аймақтық әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға қатысу.
Зейнетақы қорының қаражаттары мынадай көздерден жасалынады:
1) міндетті зейнетақы жарналары;
2) меншік нысанына қарамастан барлық шаруашылық органдары төлейтін сақтық жарналары немесе арнаулы салықтар;
3) жеке еңбек қызметімен айналысатын азаматтардың сақтық жарналары;
4) жоғарғы органдардың қаражаттары;
5) ерікті зейнетақы жарналары және т.б. Зейнетақы қорының жұмсалу бағыттары:
1) заңнамаға сәйкес зейнетақыларды төлеу;
2) балаға қарау жөніндегі жәрдемақыларды төлеу;
3) материалдық кемектің бір жолғы төлемақылары;
4) зейнетақыларды индекстеуге байланысты оларды көбейтуге байланысты болатын шығыстар;
5) қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қағаздарға, ғылыми-техникалық базаны дамытуға және т.б. резервтерді орналастыру.
Бюджеттен тыс қорлардың органдары:
басқару;
атқарушы органдар;
тексеріс комиссиясы;
қордың аймақтық бөлімшелері.
Қазақстанда бюджеттен тыс қорлардың жүйесі реформалауға жиі ұшырады: біраз уақыт олар өзін өзі биледі, мемлекеттік бюджеттің құрамында "Мақсатты қаржыландыру қоры" бөлімінде бөлек бөліп көрсетілді, 1999 жылдан бастап түгелдей мемлекеттіқ, бюджетке шоғырландырылды.
Қазақстанда Астана қаласын экономикалық және әлеуметтік дамыту үшін "Жаңа астана" қоры сақталынған. Бұл қор:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеңілдетілетін қаражаттар;
2) Астана қаласында тұрғын үй құрылысына бағытталатын және іс жүзінде мақсатты арналымға пайдаланылған қаражаттар;
3) мемлекеттік бюджет қаражаттары;
4) қалада құрылыс пен абаттандыруды жүзеге асыратын шетелдік инвестордың қаражаттары;
5) шет елдердің үкіметтерінің, фирмаларының және компанияларының мақсаты гранттары есебінен жасалынды.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры
Үкіметтің Ұлттық банктегі шотында шоғырландырылатын, мемлекеттің қаржы активі түріндегі, сондай-ақ материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүлік түріндегі активтері Қазақстанның Ұлттық қоры болып табылады. Ұлттық қор мемлекеттің қорланымдарын қалыптастыру, сонымен бірге дүниежүзілік бағалардың конъюнктурасына республикалық және жергілікті бюджеттердің тәуелділігін төмендету мақсатында жасалынады. Ол мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаржы активтерінің және материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктердің қорлануына, экономиканың шикізат секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын темендетуге арналған. Яғни Қазақстанның Ұлттық қорын қалыптастыру болашақ ұрпақ үшін қорланымды және елдің экономикасын келеңсіз сыртқы факторлардан қорғау үшін қаржы резервтерін шоғырландырады. Сөйтіп, Ұлттық қор екі функция орындайды: жинақтаушы және тұрақтандырушы функциялары.
Жинақтаушы функция қаржы активтерінің және материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктердің қорлануын қамтамасыз етеді. Жинақтаушы функциясымен қатар Қор қаражаттарынның қалыптасуы мен пайдаланылуының қолданылып жүрген тетігі ағымдағы экономиканың жағдайына тұрақтандыру ықпал көрсетеді. Тұрақтандырушы функция шикізат ресурстарына әлемдік бағаның конъюнктурасына республикалық бюджеттің тәуелділігін төмендетуге арналған. Қордың тұрақтандырушы функциясын іске асыру мемлекеттік бюджетті орта мерзімді жоспарлауға көшуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республиканың Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану дүниежүзілік және ішкі тауар мен қаржы рыноктарының конъюнктурасы, мемлекеттегі жене шетелдердегі экономикалық жағдай, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары ескеріле отырып, бұл ретте макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылық және Ұлттық қордың негізгі мақсаттары мен міндеттері сақтала отырып айқындалады.
Ұлттық қордың түсімі мен жұмсалуы ұлттық және шетелдік валюталармен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының операциялар жөніндегі есебі мен есептемесі ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқаруды Ұлттық банк пен Үкімет арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырады.
Қаражаттардың көздері мен қорды қалыптастырудың тәртібі мынамен анықталады. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының бесжылдық индикативтік жоспарының құрамында Қазақстан экспортының едеуір үлесін құрайтын шикі мұнайға, мысқа және басқа шикізат тауарларына есептік тұрақты дүниежүзілік бағалар белгіленеді, олардың негізінде республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеп, бекіткен кезде Қазақстан тауар өндірушілері шикізат тауарларын өткізудің орташа бағаларын және оларға сәйкес шикізат секторынан мемлекеттік бюджеттің кірістерін есептеп шығарады. Шикізат тауарларының есептік тұрақты бағалары дүниежүзілік бағалардың серпінін сақтанпаздық болжауды негіздей отырып белгіленеді.
Қор республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы процесінде оған шикізат секторы ұйымдарынан (заңи тұлғалардан Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша) бюджетке түсетін салық және өзге міндетті төлемдердің республикалық және жергілікті бюджеттердегі түсімдердің олардың мына түрлері бойынша: корпорациялық табыс салығының, қосылған құнға салынатын салықтың, үстеме пайдаға салынатын салықтың, бонустардың, роялтилердің бекітілген сомаларынан асып түсуін есепке жатқызу жолымен қалыптасады.
Ұлттық қор мына түсімдердің есебінен қалыптасады:
1) шикізат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетін нақты түсімдердің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы занда бекітілген олардың жылдық көлемінен асып түсуі ретінде айқындалатын республикалық бюджеттен берілетін ресми трансферттер;
2) республикалық меншіктегі және кен өндіру мен өңдеу салаларына жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін түсімдердің есебінен айқындалатын республикалық бюджеттен берілетін ресми трансферттер;
3) шикізат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетін республикалық бюджетте жоспарланған түсімдер сомасының он пайызы мөлшерінде есептелген республикалық бюджеттен берілетін ресми трансферттер;
4) ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түскен түсімдер есебінен айқындалатын жергілікті бюджеттің ресми трансферттері;
5) қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тиым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер.
Қаражаттарды Ұлттық қорға есептеудің тәртібін Үкімет анықтайды.
Негізгі қызметі табиғи ресурстарды ендіру мен өңдеу болып табылатын заңи тұлғалар шикізат секторының ұйымдары болып табылады. Шикізат секторы ұйымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Шикізат секторының ұйымдарынан түсетін түсімдер — шикізат секторы ұйымдарынан бюджетке салықтың мынадай түрлері бойынша түсетін түсімдердің жиынтығы:
корпорациялық табыс салығы;
қосылған құнға салынатын салық;
үстеме пайдаға салынатын салық;
бонустар;
роялти;
жасасқан келісім шарттар бойынша Қазақстан Республикасының өнімді бөлу жөніндегі үлесі.
Шикізат секторы ұйымдарынан түсетін түсімдер болжамы шикізат секторының тауарларына республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарында айқындалған дүниежүзілік тұрақты есеп айырысу бағалары ескеріле отырып жасалады.
Жоғарыдағы бірінші тармақшада көрсетілген ресми трансферттерді, сондай-ақ республикалық меншіктегі және кен өндіруші және өндеуші салаларға жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін жоспардан тыс түсімдер есебінен айқындалатын республикалық бюджеттен берілетін ресми трансферттерді республикалық бюджеттің атқарылуы барысында оны Қазақстан Республикасының Парламентінде нақтыламай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындап, республикалық бюджеттен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына аударады.
Үшінші тармақшада көрсетілген ресми трансферттер, сондай-ақ республикалық меншіктегі және кен өндіруші және өңдеуші салаларға жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін жоспарлы түсімдер есебінен айқындалатын республикалық бюджеттен берілетін ресми трансферттер тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түскен түсімдер есебінен айқындалатын, төртінші тармақшада көрсетілген ресми трансферттер мөслихаттың тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімімен бекітіледі, ал жоспардан тыс түсімдер есебінен айқындалатын ресми трансферттерді жергілікті бюджеттен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті бюджетті атқару барысында оны мәслихатта нақтыламай-ақ Ұлттық қорға аударады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетін инвестициялық кірістер Ұлттық қорды қаржы активтеріне және, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктерге орналастырудан құрылады.
Қордың қаражаттары мына бағыттар бойынша жұмсалады:
1) тұтас алғанда ағымдағы қаржы жылы бойынша шикізат секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің бекітілген және нақты көлемдері арасындағы айырма ретінде анықталатын республикалық бюджет шығынын өтеу үшін. Өтем мөлшері республикалық бюджеттің түсімдер бойынша толық атқарылмаған жалпы сомасынан аспауға тиіс. Түсімдердің нақты көлемі олардың бекітілген көлемінен асып түскен жағдайда өтем жүзеге асырылмайды;
2) Ұлттық қорда республикалық бюджетке Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін мақсаттарға арналып берілетін арнаулы трансферттер түрінде;
3) Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге байланысты шығыстарды жабуға.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сақтау;
2) Ұлттық қордың жеткілікті өтімділік деңгейін ұстап тұру;
3) тәуекел деңгейінің қалыптылығы жағдайында ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор табыстылығының жоғары деңгейін ұстап тұру;
4) инвестициялық кірістер алуды қамтамасыз ету мақсатында рұқсат етілген қаржы активтеріне және, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктерге орналастырылады.
Рұқсат етілген қаржы активтерін және, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктердің тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Ұлттық банкпен бірлесіп Үкімет айқындайды.
Ұлттық қорды жеке және заңи тұлғаларға кредит беруге және міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету ретінде пайдалануға болмайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының есебінен республикалық бюджеттің шығынын өтеу оның атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің келісімімен қаржы жылының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Парламентінде республикалық бюджетті нақтыламай-ақ жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттердің көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Активтерді Ұлттық қорға есептеу және Ұлттық қорды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Қазақстан Рсспубликасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры" туралы жарлығымен қорды басқару кезіндегі мемлекеттік биліктің өкілеттігі анықталған.
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің құрамын құрады;
2) қор мәселелері жөнінде Кеңеске, Үкіметке және Ұлттық банкке орындау үшін міндетті нұсқаулар береді;
3) қорды басқару жөніндегі қызметті бақылауды жүзеге асырады;
4) ұсыныстар беру үшін Кеңеске қорды басқарумен байланысты оған бекітуге берілген құжаттарды бағыттайды;
5) Ұлттық қордың қызметімен байланысты өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.