Фил. ғыл канд., доцент Қ 56. Қожекеева Б. Ш. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы: Зар заман әдебиеті



Pdf көрінісі
бет19/36
Дата20.02.2023
өлшемі1,17 Mb.
#169452
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36
Немесе: 
Заманның қалын көріп жазып едім 
Қиса жазған жоқ едім бұдан бұрын [41], 
– деп басталады. Ақынның өз шығармаларын қисса деп 
атауының басты себебі – батырлық жырлар мен қиссалардың 
сол тұста ел арасында көптеп таралуы. Ал, ол кездегі қиссалар 
жөнінде А.Қыраубаева: «ХІХ-ХХ ғасыр басында жазылған 
қиссалардың негізгі ерекшелігі – шығыста бұрыннан белгілі сю-
жетке құрылды», – дейді [74, Б.134]. Мұны М.Әуезовтің «нә-
зирашылдық» әдіс деп жүргенін ескеретін болсақ, аталған ке-
зеңде қиссалардың ел ішінде көптеп тарағанын білуге болады. 
Авторлық шығармалардан гөрі ауыз әдебиеті мұралары ауыз-
дан-ауызға көптеп тарайтын болған. Ол кезде халық арасында 
сюжетті қиссалардың көптеп тарағанын ескеретін болсақ, Асан 
ақын өз өлеңдерін қиса деп атауды жөн санаған тәрізді. Бірақ 
қиссаларға негізінен сюжетті оқиғалар арқау болатыны белгілі. 
Сондықтан ақынның қаламынан туған жыр жолдары түрі 
жағынан қисса деп атауға келмейтінін жадымызда ұстағанымыз 
жөн. Асан сөзіне қарағанда өзінің «қиссаларын» доңыз жылы
бастап (1911 жыл), қоян жылы, яғни 1915 жылы аяқтаған болып 
шығады. Оның соңғы шығармалары қоян жылы жазылғандығын 
І.Жансүгіров: “…Асанның өз айтуына қарап, бір бөлегін доңыз 


85 
жылы (1911 жыл), бір бөлегін қоян жылы (1915 жылы) жазған-
дығын анықтаймыз”, – деп нақтылаған еді [39, Б. 356]. Ақын 
кейбір шығармаларының жазылған уақытын да көрсетіп оты-
рады. Әдеби мұраларын іздестіру барысында ақынның кейбір
өлеңдерінің соңында «Тамам. Жұма. 1912 жыл 20 июльде жаз-
дым. Ұруым Алжан Молда Асан Парманбекұлы», – деп жазыл-
ғанына да куә болдық [41].
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 
Қолжазба қорында сақталған бір қолжазбада мынадай мағлұмат 
кездеседі: «1916 жылы қазақ-қырғыз көтерілерден бұрын, 1915-
ші жылы Жетісудың Жәркент уезіндегі Ұлы жүздің Албан руы-
нан Асан деген өлеңші кісі сол күндегі заман түрін, ел жайын 
өлең қылған» [67, Б. 77]. Осы қолжазбада әлі баспа бетін көр-
меген өлеңдері де кездеседі. Біздің қолымызға түскен деректер 
бойынша әуелгіде А.Барманбекұлы өлеңдерін «Жеті қисса» деп 
берген. Оның шәкірттерінің бірі Қ.Сауранбаев М.Ғұмароваға 
жазған хатында былай дейді: «Қазір қолымда 1916 жылдан 
бұрын сол заманның жырын жырлаған Асан молда дегеннің 
«Жеті қиса» деген жырының «бір қисасы» арабша жазылғаны 
бар» [67]. Осы деректі Т.Әлібеков зерттеулері де растайды: 
«А.Барманбекұлының «Жеті қисса» аталған қиссалар топтамасы 
XX ғасырдың бас кезінде қазақ, қырғыз арасында кеңінен та-
ралған. Олар «Бірінші сөз, екінші, … болып, «Жетінші сөзге» 
ретімен топтасқан жеке қиссалар» [43, Б. 146]. Жоғарыда жазыл-
ғандардан ақынның өзі де, оның мұрасын зерттеушілердің бір-
қатары да А.Барманбекұлы туындыларының жанрлық атауы 
ретінде «қисса» деген сөзді қолданғанын аңғарамыз. Дегенмен, 
қисса жанры жөніндегі арнайы зерттеулер қорытындысы бұл 
ұстанымды қуаттай бермейді. Осы
жанр жөнінде А.Квятковский: 
«Қисса-шым-шытырық оқиғаға құрылған ғашықтық, тарихи 
қаһармандық сипаттағы әңгіме, аңыз түрінде келетін жазба әде-
биеттің және фольклордың жанры» [75], – десе, қазақ фольк-
лорындағы қисса жанрын зерттеуші Б.Әзібаева «қисса» туралы 
мынадай тұжырым ұсынады: «Хикаят», «қисса» – слова араб-
ские по происхождению, прочно вошедшие во многие восточное 
языки. Буквальное их значение «рассказ», «повествование», 


86 
«сказка», «история», «факт», причем прозаическое по форме», – 
деген тұжырым жасайды [76, С.25]. Көріп отырғанымыздай 
қиссада шым-шытырық оқиғаға құрылған әңгіме, ертегі, тарихи 
оқиғалар жырланатын болса, ақын өлеңдерінде де өзі өмір 
сүрген заман шындығы арқау болған. Асан ақынның өз топ-
тамасын «Жеті қисса» деп атауының да өзіндік себептері бар. 
Себебі онда біріншіден, өмір шындығы көрінсе, екіншіден сол 
тұстағы тарихи оқиғалар нақты деректермен көрсетіледі. Ақын 
өлеңдерінде сол оқиғалардың қай жылы болғандығын нақты 
көрсетіп отырады. Осылардың бәрі жинақтала келіп, ақын шы-
ғармаларын қисса деп атауға мүмкіндік бергенмен оларда шым-
шытырық оқиға жүйесі жоқ. Сондықтан ақын шығармалары кең 
құлашты оқиғаларды арқау етпегендіктен оны қисса деп атау-
дың қисыны жоқ. Өмір шындығын бейнелеу жөніндегі: «Қазақ 
әдебиетінде қолданылып жүрген осы «толғау» деген сөздің өзі 
сол шығарманың лирикалығын, өмір шындығын алып, өзінің 
субъективтік сезімімен көрсеткенін білдіреді (Толғау, толғану, 
ойлану – бәрі де сезімді білдіретін синоним сөздер ғой)», [77, Б. 
83-84], – деген М.Базарбаевтың пікіріне сүйенетін болсақ, 
А.Барманбекұлы Жетісу өңіріндегі патша өкіметінің бұратана 
халық деп қазаққа тізе батыруын нақты да шынайы бейнелей 
білді. Оның өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра біл-
ген шығармаларында өмір туралы толғану, ойлану басым. Сон-
дықтан оларды толғау деп қабылдауға әбден болады. Осы ойы-
мызды ақынның мына өлең жолдары аша түсері даусыз: 
Қараңыздар, азамат, 
Бұл күнде заман бұзылған. 
Байтақ жатқан кең қоныс, 
Қазынаға сызылған. 
Малыңды ұстап ақша алды,
Жылқы жатқан сазыңнан. 
Тамам түгел айрылдық, 
Көгалды көл қазыңнан. 
Ұзын жатқан қос сызық, 
Ор болды саған қазылған. 
Күннен-күнге қарасаң, 


87 
Тарылып заман азылған. 
Азаматты көпсініп, 
Мазаң кетті азыңнан. 
Әркім құлап жығылды, 
Жылымға кетіп жазымнан. 
Бұл күн енді айрылдың, 
Ойын-күлкі назыңнан [67, 78 б.].
Көріп отырғанымыздай ақын өзі өмір сүрген тұстағы 
замана сазын шертеді. Бұл жолдардан жан-жағында болып жат-
қан өзгерістерге деген ақынның сезім күйлері мен мұндалайды. 
Ол төңірегінде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайды, 
бәрі де алаңдатады. Сондықтан да ақынның негізгі ұстанымы 
халықтың, көптің арман-тілектерімен тұтасып бірігіп кеткен. 
А.Барманбекұлы өлеңдері XIX ғасыр әдебиетінің, мәде-
ниетінің дамуынан мол мағлұматтар береді, ақын шығармалары 
және сол кездегі қоғам өмірін, сол тарихи кезеңнің ащы 
шындығын бүркемелемей көрсетіп бергендігімен құнды. Ақын 
өлеңдерінің халықты рухани тазалыққа, елін сүюге шақыратын 
ғибраты, өнегесі мол. Асан молда өлеңдерінің мазмұнында да 
түрінде де Шортанбай үлгісі байқалады. Шортанбай мен Албан 
Асан поэзиясының бір арнадан алып қарастыруға боларлық 
ортақ өрнектер жеткілікті. Шортанбай мен Асан арасындағы бұл 
құбылысты дәстүр жалғастығы деп түсіну аз, мұндай ортақ ой – 
екі таланттың рухани жақындықтарын аңғартатыны даусыз. 
А.Барманбекұлының еңбектерін жинақтап ең алғаш рет баспа 
бетінде жариялаған І.Жансүгіров «Зар заманның әдебиетінің 
басы да Асан болса аяғы да Асан болып біткендей. Сондықтан 
бұл албан Асанды біз арғы Асаннан бағыт алған, Шортанбайдан 
үлгі көрген, зар заман ақынының соңғысы екінші Асан Қайғы 
дейміз», – деп көрсетуі осының айғағы [42, Б. 355].
Ақынды да, ақындық өнерді де қоғамдық өмір қалыптас-
тыратынын ескерсек, оны өз кезеңінде болып отырған құбы-
лыстар мен сол ортаның мүдделерімен бірлікте сөз еткен орын-
ды. Осы тұрғыдан алып қарағанда Ш.Қанайұлы мен
А. Барманбекұлы шығармаларындағы ортақ үндестік: тарихтың 
қат-қабат оқиғаларын, қым-қиғаш теперіштерін еске түсіретін-


88 
дігінен, Ресей патшалығының отаршылдық ылаңы, елдің өз 
дәстүр-салтынан айырған патша тәртібінің орныға бастауына 
деген наразылықтан байқалады.
Әдебиеттегі тарихилық жөніндегі Ш.Елеукеновтің: «Тари-
хилық принцип – көркем әдіс құралы. Бұл құрал көмегімен 
өткен мен бүгінгі «шығарма жазылған кездегі уақыт», бүгінгі 
мен болашақ арасына көрінбейтін көпір төселеді. Бүгінгінің 
жүрегіне түскен сызатқа өткен күннен дәру ізделеді», – деген 
[78, Б. 82] пікірінен қазақ халқының тарихы әр дәуірде жа-
зылған көркем шығармаларда көрініс тауып отырғанын байқау-
ға болады. Себебі қазақ ақын-жазушылары ел басына төнген 
барлық қайғы-қасірет қазақ даласының орыс патшалығына ба-
ғынуынан болып отыр деп түсінді. Қазақ халқының найзаның 
ұшымен, білектің күшімен келген жерін тарылтып, намысын 
жасытып ашындырған жағдайлар, нулы-сулы жерге орыс шар-
уаларының жаппай қоныстануынан болып отырған індет екенін 
баса көрсетеді. Осындай жайттар жөнінде А.Барманбекұлы 
өлеңдерінде былай дейді: «Албан, бұғы қонысы. Пайдаланған 
жерді алды. Жазықтан тегіс айрылдың. Қысылмаған нең қалды», 
«Ойлап тұрсам біздің жұрт. Ата заңнан адасты. Ойлағаны арам-
дық. Бір тиынға таласты». Негізінен мал шаруашылығымен ай-
налысқан қазақ халқы үшін жайылымды жерлерден айырылу 
өмірдің бітуі, заманның ақыры тәрізді көрінді. Отты да шұрайлы 
жер мен жайылымдарынан айырылу мал өсімінің азаюына алып 
келді. Малдан басқа кәсібі жоқ халықтың осылайша әлеуметтік 
тұрмысы нашарлап, кедейлене бастады. Осындай тығырыққа 
тірелген елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен айырыла бастауы, 
ғасырлар бойы жазылмаса да ел ішіне сіңісіп кеткен ата заңның 
бұзылуы ақынды ғана емес, сол тұстағы исі қазақты алаңдатқан 
өзекті мәселелер еді. Ұлттық белгілерімізден айырылу ұлттығы-
мыздан айырылуға алып келері даусыз еді. Сондықтан да осы 
заманды А.Барманбекұлы «ақыр заман», «тар заман», «арамза 
заман» деп, Ш.Қанайұлы «зар заман» деп атаған еді. Өмірге 
көңілі толмаған ақын заман туралы былай деп зарлады:
Жер жүзіне шөп өнбей, 
Тақыр заман болды енді. 


89 
Қолда қылар қайрат жоқ,
Қатын заман болды енді.
Мұның бәрін ойласам, 
Ой түбіне бойласам, 
Ақыр заман болды енді [50, Б. 77]. 
Зар заманның бет-бейнесін көрсетіп беруде Нарманбет 
өлеңдерінің де мәні зор. Елі, мекені басқа болғанмен заман әкел-
ген ымырасыздық пен патша салған ауыртпашылық, жер мәсе-
лесі, би, болыстар тарапынан болған үстемшілдік айна қатесі 
жоқ А.Барманбекұлы дүниеге келген өңірді елестететін еді. 
Ресейдің арандай ашылған аузына түсіп бара жатқан ел тағды-
рын «Аждаһаның аузында» деген өлеңінде Н.Орманбетов бы-
лайша бере отырып: 
Айрылып қалдық қоныстан, 
Әділеттік азайды, 
Би, старшин, болыстан – [79, Б. 118] 
– деп ызалы өкініш білдіреді. Нарманбет бұл заманды 
«Керзаман» деп атайды. Осы аттас өлеңінде «приставтың» аңқау 
елге көрсеткен жауыздық істерін көрсету арқылы заман түрін 
береді. Сары-арқа атты өлеңінде туған жердің жат қолының 
қанауы мен талауына түскен аянышты халін Нарманбет ақын 
былайша жырлап еді:
Сары арқа сайран жерім-ай, 
Салқын да самал белім-ай! 
Сандықтай тауың тізілген, 
Өлкелі өзен, көлім-ай! 
Сансыз қара айдаған, 
Салқында бие байлаған. 
Сары қымызды сапырып, 
Шілдеде мас боп ақырып, 
Кемпір де шалдар ойнаған. 
Сары арқаны өрт алды, 
Мезгілінен ерте алды [80, Б. 278], 
Ақынның өлеңінен сол тұстағы Сарыарқаның мүшкіл 
халін көруге негіз бар. Осы өлең жолдарындағы «жерім-ай», 
«белім-ай», «көлім-ай» деген сөздерден ақынның көкірегін 


90 
кернеген ащы запыранды сеземіз. Көбінде мұндай аһ ұрған 
зарлау үлгісі жоқтау жанрында кездесетін болса, ақынның өз 
елін зарлай жоқтағанын байқаймыз. ХХ ғасыр басындағы әде-
биетті жете зерттеген Б.Кенжебаевтың: «Қай ақын-жазушының 
болсын ұлты, қай халықтың ақын жазушысы екені туған жеріне, 
ата-анасының ұлтына қарай анықталады: ол шығармалары қай 
халық тілінде жазса, қай халық тұрмысынан алып жазса, сол 
халықтың ақын жазушысы болады» [81, Б. 32], – деген пікіріне 
сүйенетін болсақ, қазақ ақындарының бәрі де өз тұрмысын 
жырға қосты. Қазақ халқының басына туған отарлау саясаты 
Сарыарқада осылай іске асып жатса, Жетісу өңірінде қалай іске 
асып жатқандығын Асан ақын былайша жырға қосып еді: 
Қыстау болса жайлау жоқ. 
Жүрген жері тарылды. 
Өрден, қырдан тұқырып 
Қанаттары қайрылды. 
Қысылған соң қайран ел, 
Барды жоқты қайырды, 
Нашардың күні мұң болып, 
Құдайға жылап зар қылды [56, Б. 79].
Көріп отырғанымыздай ақынның да айтып отырғаны – 
қайран қазақ елінің өз жерінен айрылуы. «Қанатынан қайрыл-
ған» елдің мүшкіл хәлін ақын қанатынан айрылған құстың дәр-
менсіз күнімен еске түсіреді. Тұрмысы нашар жандардың жағ-
дайының нашарлауының да түп төркіні жерден айырылуға алып 
келеді. Міне, осы мысалдардан қазақ ақындарының қазақ елі 
мен жеріне жүргізілген отаршылдық зардаптарын ашына оты-
рып зарлағандығы көрінеді. Көпке қаратыла айтылған мұндай 
өлең жолдары қазақ әдебиетіндегі зарлай арнаудың қатарын 
толықтыра түсті. Өз заманының зарын жырға қосқаны үшін де 
олар зар заман ақындары болып танылды. Ол жөнінде 
І.Жансүгіров: «Зар заман ақынының соңғысы, «екінші Асан 
Қайғы» дейміз», – десе [42, Б. 355], зар заман поэзиясын арнайы 
зерттеуші Б.Омарұлы: «Мұның соңғы сарындары Албан Асан 
мен Нарманбеттің өлең толғауларында анық байқалады», – 
деген болатын [82, Б. 66]. Көріп отырғанымыздай кеңестік дәуір 


91 
мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылған зерттеулер-
дің бәрі де бір арнаға келіп құяды. Сондықтан да А.Барманбекұлын
зар заман ақындарының соңғы өкілі деп айта аламыз.
Осыдан 
ұғатынымыз 
Шортанбайдың, 
Асанның, 
Нарманбеттің де жанын жегідей жеген өз қара басының қамы 
емес, қалың қазақ халқының ащы зары мен толассыз мұңы. 
Сонымен қатар ақындар ата салттың бұзылуынан болып жатқан 
бассыздықтарды да жеткізе жырға қосты. Асан ақын «тәрбиесіз 
бала, кердең келін, бағасы кеткен жігіттердің» пайда бола бас-
тауын былай деп көрсетті:
Доңызша қарар әкеге 
Ұлдың өзі туғандай. 
Бар малына өзі ие 
Басқаны үйден қуғандай. 
Баланың қылған ісіне 
Жүрегің мұздап суығандай. 
Бауырың тастай қатқан соң 
Не бет бар оған жуығандай


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет