(54-бет) ОПТИКА ҒЫЛЫМЫ /44/ Оптика ғылымы, геометрияның зерттегеніндей, [денелердің] формалары мен шамаларын, тәртібі мен қалыптарын, теңдігі мен тең еместігін және тағы басқаларын қарастырады, бірақ [геометрия] сызықтар мен жазықтықтарды және геометриялық денелерді абсолюттік мағынада зерттейді.
Геометрияның саласы анағұрлым жалпылама. Сондықтан геометрия зерттейтіндердің бәрі [оптикаға] енетін болса да, оптиканы бөліп алу қажет болды, себебі геометрияда болуы лазым көптеген нәрселер - форма немесе қалпы немесе тәртібі немесе басқа бірдеңесінің белгілі бір қалпы, оларды бақылаған кезде қарама-қарсы қалыпқа түскендей болып көрінеді: [мысалы], шындығында төртбұрыш болып табылатын нәрсе, оған белгілі бір қашықтықта қарағанда, дөңгелек болып көрінеді; бір жазықтықта жатқандардың көбісінен келсек, олардың қайсыбірі төмен, ал қайсыбірі жоғары жатқан болып көрінеді және алдыңғы жақтағылардың көбісі артқы жақта орналасқандай болып көрінеді және осыған ұқсас мысалдар көп.
(55-бет) Осы ғылым арқылы нәрсенің көзге көрінген қалпы мен шындығында қандай болып табылатын қалпы, яғни сондай болып көрінген нәрсе мен ақиқатында тап сондай нәрсе арасында айырмашылық ажыратылады; осының бәрінің себебі беріледі, [сондай-ақ] ақиқат дәлелдер арқылы мұның неге осылай екені түсіндіріледі; көздің қателесуі мүмкін әрбір нәрседе қате жібермей, керісінше, нәрсенің мөлшерін, формасын, қалпын, тәртібін және көздің қателесуі мүмкін басқа жағдайларды қарастырғанда ақиқатқа жету үшін қажетті түрлі айла-амалдар түсіндіріледі.
Осы өнердің арқасында адам өте алыс жатқан және осыған байланысты (алыс жатуы себебінен - А.Қ.) оларға көз жеткізу қиын болып табылатын денелердің көлемі туралы олардың бізден қаншалық алыс жатқандығы және олардың кейбіреулерінің басқаларынан ара қашықтығы қандай екені туралы біле алады: бұл биік ағаштар мен дуалдардың биіктігі, аңғарлар мен өзендердің ені, тіпті таулардың биіктігі мен аңғарлардың тереңдігін олардың ұшы қиырына көз жіберген соң аңғару сияқты. Содан соң біз өзіміздің тұрған жерімізден, сондай-ақ жердің кез келген нүктесінен бұлттарға және басқа нәрселерге дейінгі арақашықтықты біле алады. Содан кейін аспан денелеріне дейінгі қашықтықты және олардың оптикалық аспаптардың көмегімен бақылауға болатын көлемдерін біле алады. Және, жалпы алғанда, көлемін анықтау қажеттігі туған кез келген шаманы немесе оған көз жанары түскен кезде кез келген нәрседен қаншалықты алыс қашықтықта орналасқанын біле алады. Және олардың кейбіреулерін қателеспеу үшін көз жанарын нысанаға бағыттайтын құралдардың көмегімен, ал біреулерін құралдарсыз да біле алады.
Көз жанары ауған және көретін нәрселердің бәрі ауадан немесе көз жанарымыз бен көзіміз түскен нәрсенің арасында орналасқан мөлдір нәрседен өтетін сәулелердің арқасында көреді.
Мөлдір денелерден етіп, көзбен көрілетін нәрсеге түсетін сәулелер түзу, немесе ауытқып кететін, немесе шағылысқан, немесе сынық сәулелер болып табылады.
(56-бет) Түзу [сәулелер] - бұлар көз жанарынан шыққан соң, көзден түзу бағытта тарайтын, тарап өтіп барып жоғалатын сәуле.
Ауытқып кететін [сәулелер] - бұлар көз жанарынан шыға отырып, таралу барысында өзі жолында түзу тарауға кедергі жасайтын айнаға кездесіп, соның әсерінен айнаның бір шетіне қарай қисық бұрылатын сәуле; сонан соң ол айнаның бұрған жағынан бақылаушыға барып жеткенге дейін [аралықта] таралады.
Шағылысқан [сәулелер] - бұлар ең алғаш шыққан бағытының бойымен айнадан қайта оралып, көз жанарынан осы сәулелер шыққан бақылаушының денесіне қайта оралатын сәулелер, [осылайша] (бақылаушы) адам осы сәулені өзі тағы көреді.
Сынық сәулелер - бұлар айнаға жеткен соң, айнадан кері көз жанарынан осы [сәуле] шыққан бақылаушыға қарай қайта оралып, бақылаушының бір жағына қарай бұрылып, оның арт жағындағы немесе сол жағындағы немесе оның жоғарғы жағындағы басқа бір кез келген затқа түсетін сәулелер, мұндайда адам өзінің арт жағындағы немесе басқа бір жағындағы затты көреді.
Айна, жалпы алғанда, мөлдір денелер: ауа, немесе су, немесе аспан денесі немесе бізде шыныдан немесе сол сияқтылардан жасалған нәрсе.
(57-бет) Айналар - бұлар сәулелерді шағылыстырып, олардың өз бағытымен жүруіне кедергі жасайтын айналар немесе бізде темірден немесе басқа бір нәрселерден жасалғандары да бар, немесе дымқыл бу, немесе су, немесе осыларға ұқсас басқа бір дене.
Оптика ілімі сәулелердің осы төрт [түрі] арқылы әрбір айнадан көрінетін және бақыланатын нәрселердің бәрін, сондай-ақ бақыланатын [нәрселерге] қатыстының бәрін зерттейді.
Ол екі бөлімге бөлінеді:
Біріншісі - түзу сәулелер арқылы бақыланатын [нәрселерді] зерттеу;
Екіншісі - түзу емес сәулелер арқылы бақыланатын [нәрселерді] зерттеу және бұл ғылымның айналар туралы саласы.