(17-бет)
БІРІНШІ ТАРАУ
ТІЛ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ
Тіл туралы ғылым
Тіл туралы ғылым тұтас алғанда екі бөлімнен тұрады:
Біріншісі: қандай да бір халықтың тіліндегі сөздерді есте сақтау және олардың әрқайсысының нені білдіретінін [мағынасын] білу.
Екіншісі: осы сөздердің заңдылықтарын білу
Ал заңдар қай өнерде болсын: әмбебап, яғни жан-жақты [қамтитын] пікірлер [болып табылады]. Әрбір заң сол өнерге қатысты көптеген нәрселерді түгелдей сол өнердің негіздері болып табылатын нәрселердің көпшілігін қамти отырып қарастырады.
[Бұл заңдар] сол өнерге қатыссыз нәрселер еніп кетпеуі үшін, оған, [яғни сол өнерге] не жататынын белгілеу немесе қателіктерге соқтыруы ықтимал нәрселерді тексеру үшін, немесе сол өнер қамтитын нәрселерді зерттеп, оларды есте сақтауды жеңілдету үшін дайындалған.
(18-бет)
Көптеген жеке пәндер өнер болып қалыптасуы үшін, адамның жанында белгілі тәртіп бойынша жүзеге асатын заңдар арқылы басқарылуы тиіс. Бұған мысал, жазу, дәрігерлік, егіншілік, ағаш шеберлігі және басқа да практикалық немесе теориялық өнер түрлері.
Әрбір қорытынды сөз қайсыбір өнерде заң бола отырып, ол жоғарыда айтылған [өнерлердің] біреуі немесе солардың барлығы үшін заң болып табылады.
Сондықтан қадым заман адамдары дененің саны не сапасы немесе тағы басқалары жөнінен сезімнің қателесуі мүмкін жағдайда, соны тексеру үшін жасалған қандай да болсын құралды заң ("қанун") деп атаған, мысалы, өлшеуіш (лот), циркуль, сызғыш, таразы.
Сондай-ақ арифметикалық кестелер мен жұлдыздар кестелері де заң ("қанун") деп аталады. "Қанун" деп ұзақ шығармалардың қысқаша тұжырымдарын да атаған, өйткені саны аз нәрселер көптеген нәрселерді қамтиды, осылайша, біздің зерттеп, жадымызда қалдыратынымыздың саны жағынан аз болғанмен, білетін нәрселеріміздің ауқымы көп болады:
Ал енді біз жоғарыда айтқандарымызға оралайық: әрбір халықтың тіліндегі сөздер екі түрге бөлінеді: жай және күрделі сөздер.
Жай сөздерге келсек, олар: "ақ" ("белизна"), "қара" ("чернота"), "адам", "хайуан".
"Күрделі сөздерге": "бұл адам - хайуан", "'Амр - ақ" сияқты сөйлемдеріміз мысал бола алады.
(19-бет)
Жай сөздердің қатарында жалқы есімдер бар: мысалы, "Зайд" және "'Амр ", сондай-ақ нәрселердің тегі мен түрін көрсететін жалпы есімдер бар: мысалы, "адам", "ат", "хайуан", "ақ", "қара".
Нәрсенің тегі мен түрін көрсететін жай сөз есімдерге, етістіктерге, демеулік шылауларға бөлінеді /10/.
Есімдер мен етістіктерге аталық тек пен аналық тек және жекеше түр, екілік түр /11/, көпше түр тән, сондай-ақ етістіктерге шақ формалары: өткен шақ, осы шақ, келер шақ тән.
Әрбір халықтың тіл туралы ғылымы үлкен жеті бөлімге бөлінген:
жай сөздер туралы ғылым, сөз оралымдары туралы ғылым, жай сөздердің заңдары туралы ғылым, сөз оралымдарының заңдары туралы ғылым, дұрыс жазу заңдары [орфография -А.Қ.], дұрыс оқу [орфоэпия -А.Қ.] заңдары және өлеңді дұрыстау, шығару ережелері.
Жай сөздер туралы ғылым нәрселердің түрі мен тегін көрсететін әрбір жеке сөздің мағынасын ашады, (20-бет) оларды есте сақтап, [сол жеке сөздердің] осы тілге тән сөздер, кірме сөздер, бұл тілге жат сөздер және жалпыға мәлім сөздер екендігі туралы баяндайды.
Сөз оралымдары туралы ғылым - бұл белгілі бір халықта кездесетін қанатты сөздер туралы ілім [сол халықтардың] атақты шешендерінің, ақындарының, мейлі ұзақ, мейлі қысқа ұйқасқа құрылған немесе қара сөзбен жазылған болса да, айтып кеткендерін ауыздан ауызға таратып, есте сақтау.
Достарыңызбен бөлісу: |