ЛОГИКАҒЫЛЫМЫНЫҢ ПАЙДАСЫ Жалпы алғанда, бұл - логиканың мақсаты. Өз бойымыздағыны мақұлдағымыз келетін және басқалар жөнінде көзімізді жеткізгіміз келетін, сондай-ақ біз жөнінде басқалар көздерін жеткізгісі келетін жайлардың бәрінде бұл ғылымның бағасының зор екендігі оның осы мақсатынан анық көрінеді.
Егер біз осы заңдарды меңгерген соң, белгілі бір нәрсенің ақиқатына жеткіміз келсе, және өзіміз үшін оны растағымыз келсе, онда ақиқатына жеткіміз келген нәрсені ізденгенде, біз өзіміздің ақыл-парасатымызды әрекетсіз қалдыра алмаймыз, оның белгісіз бұлдыр да қалқып жүруіне жол бермейміз, және [осы ретте] өз дегенімізге қандай жолмен болса да жетуге тырыссақ, біздің қателесуіміз мүмкін және ақиқат еместі ақиқат деп қабылдағанымызды сезбей қалуымыз мүмкін. [Сондықтан] өзіміздің [ақырғы] мақсатымызға жетуіміз үшін біз қандай жолмен жүруіміз керек екенін, қайда бара жатқанымызды және жолымызды қайдан бастауымыз керек екенін және ақыл-парасатымыздың көзі неге жеткенін, ақылымыздың нәрселерді бірінен соң бірін қалай танитынын білуіміз керек; осы арқылы біз өзімізді адастырып кететін, біз үшін анық емес нәрселердің бәрін білеміз де, [іздену] жолымызда соның бәрінен сақтанамыз. (30-бет) Сонда біз не нәрсені зерттесек те, ақиқатты табатынымызға, қателеспейтінімізге кәміл сенеміз. Егер біз қандай да бір басқа нәрсені байқап қалып, оны зерттесек, және сол жөнінде өзіміз қате жібергендей болып көрінсек, онда біз соны дер кезінде тексереміз де, қатемізді сезсек, сол қате жіберген жерімізді оп-оңай дұрыстаймыз.
Басқаларға көзімізді жеткізгіміз келетін нәрселер жөнінде де [айтқанда] біздің ұстанатын жолымыз осы тәрізді; өз пікірімізді анықтағанда қолданған [амалдар мен заңдар] арқылы біз басқалардың да пікірін анықтаймыз. Ал егер олар біздің осы пікірімізді бекіту үшін келтірген дәлелдеріміз бен пікірлерімізді жоққа шығарса, ал біз олардан [дәлелдеріміз бен пікірлерімізді] мақұлдауды талап етсек, онда соның өзіне қарама-қарсы дәлелдер келтірмейінше, бұл пікірді қалай растап шығуға болады және сол пікірді растауға келгенде алғашқы [дәлел] басқасына қарағанда неліктен негіздірек болып отыр; біз оған осының бәрін түсіндіре аламыз.
Басқалардың да бізге өздерінің қайсыбір пікірін растатқысы келгенде жасайтын амалы да дәл осындай. Сол пікірді бізге растау үшін келтірген басқалардың тұжырымдары мен дәлелдері біздің басқаларға сол пікірді растағымыз келгенде қолданған пікірлер мен дәлелдеріміз арқылы тексеріледі. Егер ол [пікір] шынында да расталса, және қалайша расталғаны анықталса, онда біз білім мен парасатқа сүйеніп, соларға қосыламыз. Ал егер ол пікір қатеге ұшыратса, немесе қателесуге себеп болса және қалай қатеге ұшыратқаны немесе қателесуге себеп болғаны анықталса, онда біз білім мен парасатқа сүйеніп одан шеттейміз.
Ал егер біз логиканы білмесек, онда осы нәрселердің бәрі жөнінде біздің бағдарымыз теріс және қарама-қарсы болып шығады. Осы [жағдайлардың] бәріндегі ең лайықсыз, ең ұятты және ең сорақысы - біздің қарама - қарсы көзқарастарды қарастырғымыз келгенде немесе әркім өз көзқарасын растап, қарсыласының көзқарасын теріске шығарғанда қолданған пікірлері мен дәлелдері арасынан, екі ұдай талас пікірдің арасынан қорытынды шығарғымыз келгенде, істелуге тиісті нәрселерден қорқа соғып, қашқалақтауымыз. (31-бет) Егер біз логикадан надан болсақ, онда біз дұрыс айтқан [адамның] дұрыстығына сеніміміз неліктен кәміл болатынын, оның қалайша дұрыс екенін және қай жағынан дұрыс екенін және оның пікірінің дұрыстығын оның дәлелдері қалай растайтынын біле алмаймыз; [сондай-ақ] қателесушінің де қатесін, немесе қалайша қателескенін, қай жағынан қателескенін не қандай қате кеткенін және оның дәлелдері қалайша оның пікірінің дұрыстығын растай алмайтынын біле алмаймыз; біз төмендегі халге душар боламыз: әр қилы пікірлер айтылғанда, біз қобалжып қаламыз, себебі олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білмейміз немесе олардың барлығын өз қарама -қарсылығына қарамастан, ақиқат деп табамыз немесе осылардың бірінде де ақиқат жоқ деп есептейміз немесе кейбіреулерін растап, басқаларын терістеуге асығамыз, ал біз өзіміздің дұрыс деп тапқанымызды растағымыз келеді және теріске шығарғанымызды теріске шығарғымыз келеді, өйткені қандай себеппен оның солай екені бізге беймәлім, егер біздің мақұлдап не теріске шығарып отырғанымыз жөнінде талас тудырушы [бізбен] айтысар болса, біз соның себептерін түсіндіріп бере аламаймыз. Егер мақұлдап не теріске шығарып отырғанымыз шынында сондай, (яғни не дұрыс не бұрыс) болып шықса да, осы екі жағдайдың бірінің де шынында қандай екені жөнінде бізде анық білім болмайды, біз өзіміз айтқандай екенін [дәлелдеп бере алмаймыз], себебі өзіміздің дұрыс деп ойлап, сеніп отырғанымыз жалған болуы мүмкін және жалған деп ойлағанымыз дұрыс болуы мүмкін; [бұл жағдайда] біз өзіміздің осы екі бірдей ұйғарымымызға қарама-қарсы ұйғарымға оралуымыз мүмкін, бұл ұйғарым бізге жауап ретінде сырттан келер немесе өз парасатымыз арқылы келер, [осылайша] өзіміз қазір ақиқат не жалған деп есептеген ұйғарымнан қарама-қарсы ұйғарымға келеміз. Және осылайша біз мақалда айтылған "тас қараңғыда отын жарушыдай" боламыз.
Мұндай нәрселер бізде ғылымды [білу] жағынан жетілгенбіз дейтіндерді тексеруде көмектеседі: егер біз логикадан сауатсыз болсақ және әлгіндей адамдарды сынап көре алмасақ, онда біз солардың бәрі (32-бет) жайында жақсы пікірде боламыз немесе бәрін айыптаймыз немесе айыптағандарымыздың ішінен біреуін жоғары қоямыз. Бізде осының бәрі дәлелсіз. Біздің өз көзіміз жеткендіктен, жақсы деп ойлап жүрген адамымыздың оңбаған алдамшы болып шықпауына кепіл жоқ, өтірікшіге көмектесіп, білместіктен бізді мазақтап жүрген [адамды] қолдап жүруіміз мүмкін немесе біздің кінәлап және одан қашқалақтаған адамымыздың, керісінше, жақсы болып шығуын біз сезбеуіміз мүмкін.
Логиканы білмеудің зияны және оны білудің пайдасы осында. Кімде-кім өз сенімі мен пікірлерінде тек болжамдармен, яғни өз - өзіне сенбейтін адамдардың нанымдарымен шектелгісі келмесе, оған сол болжамдардан соның қарама-қарсы жақтарына ауысу қажет. Ал кімде-кім өз көзқарасында осындай болжамдармен шектеліп және солармен қанағаттанса, оларға бұлай істеу қажет емес.
Ал енді пайымдаулар мен диалектикалық айтыстарға ысылу немесе математика саласында, мысалы, геометрия мен арифметикада жаттығу логика заңдарын [үйренуден] босатады немесе оның орнын басып, соның қызметін атқарады дейтіндер немесе [ондай дағдылар] адамға әрбір сөзді, әрбір дәлелді, әрбір көзқарасты тексеруге мүмкіндік беріп, адамды барлық ғылымдар бойынша мүлдем қате жібергізбей, ақиқатқа, ақиқат танымға әкеледі дейтіндерге келсек, - олар өлеңдер мен сөздерді жаттап алуға дағдылану және жаттығу, сондай-ақ оларды үсті-үстіне қайталап айту тілді жетілдіру міндетінен құтқарады және адамға грамматика заңдарын білуді міндеттемейді, [ол жаттығу мен дағдылар] сол заңдардың орнын басып, [грамматиканың] қызметін атқарады және адамға әрбір сөздің дұрыс немесе бұрыс айтылғанын тексеретін мүмкіндік береді дейтіндер сияқты. (33-бет) Бұл арада адам грамматиканы ұстану қажет болса, жоғарыдағы жағдайда логиканы жетік меңгеруі тиіс.
Логика қажеті жоқ артық нәрсе, өйткені қайсыбір уақытта логика заңдарынан ешнәрсе білмей-ақ ақиқаттан ешқашан жаңылмайтын ақылға жетік адам болған дейтіндер де нақ осылар сияқты. Сондай - ақ логика [қажетсіз] артық нәрсе, себебі адамдар арасында грамматика заңдарынан еш нәрсе білмей-ақ ешқашан қателеспейтіндер де болған дейтіндер де соларға ұқсайды - шынында осы айтылғанның екеуіне де берілетін жауап -бір жауап.