Жазу ережелері және дұрыс оқу жөніндегі ғылым Жазу ережелері туралы ғылым әуелде сөз әріптерінің жазуда таңбаланатын және таңбаланбайтын түрлерін /20/ анықтайды, сонан соң жазуда таңбаланатын әріптердің жазылу әдістерін көрсетеді.
(24-бет) Дұрыс оқу заңдары туралы ғылым [әріп] нүктелерінің орнын, жазуда таңбаланбайтын және таңбаланатын әріптердің белгілерін үйретеді; [сондай-ақ] ұқсас әріптерді ажырататын белгілерді, әріптер ықпалдасқан және қосарланған жағдайда қолданылатын белгілерді және сөйлемдерді ажырату үшін қойылатын белгілерді үйретеді. Кішігірім сөйлемдердің белгілері орта және үлкен сөйлемдердің белгілерінен ерекшеленеді. Бір-бірімен байланысты сөйлемдер мен сөз тіркестерінің, әсіресе, арасында айырмашылықтар болса, солардың таңбалары түсіндіріледі /21/.
Поэтика /22/ Тіл біліміне жақындығы тарапынан қарастырғанда поэтика үш [бөлімнен тұрады]:
[бірінші] - жай болсын, күрделі болсын олардың өлеңдерінде қолданылатын өлең өлшемдерінің тізбегі; сонан соң, арабтарда сабаб және уатад /23/, ал гректерде буын және стопа деп аталатын түрлер мен өлең өлшемдерінен туатын, әліппе әріптерінің [өлеңде] орналасу тәртібі аталады; (25 - бет) сонан кейін - өлеңдердің және жартылай өлеңдердің өлшемдерін зерттеу: олардың қанша дыбыстан және қанша буыннан тұратынын; әрбір өлшемде әрбір бейіттің саны қанша екенін анықтау. Сонан соң толық өлшемдердің толық емес өлшемдерден айырмасын және қандай өлшемдер құлаққа жақсы, көркем және жағымды болатынын ажырату.
Екінші бөлім - әрбір өлшемде өлең соңындағы [ұйқасты] қарастырады, бұлардың қайсысында бір ғана форма, ал қайсысында бірнеше форма бар; булардың қайсысы толық, ал қайсысы толымсыз; қандай өлең соңында [ұйқас] өлеңнің бастан аяғына дейін сақталатын бір ғана дыбыстан тұрады; ал дастанда қолданылатын сөз соңында ұйқастардың қайсысы бір дыбыстан көп болды; және өлең соңында дыбыс саны ең коп болғанда, қанша болу керек. Осыдан кейін көп дыбысты [ұйқастар] зерттеледі; [бұл дыбыстардың] бірін айтылу уақыты жағынан тепе-тең түсетін дыбыстармен ауыстыруға болатыны не болмайтыны түсіндіріледі және [егер ауыстыруға болатын болса] бұлардың қайсысын осындай дыбыстармен ауыстыруға болатыны қарастырылады.
Үшінші бөлім - өлеңдерде қолдануға болғанмен, қара сөзде қолдануға келмейтін сөздерді зерттейді. Тіл туралы ғылымның әрбір бөлімінің мазмұны, міне, осылар.