3.2 Шашқа тағатын бұйымдардың түрлері
Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Шолпыны қыздар мен жас келіншектер тағады. Шолпының түрлері: үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, тағы сол сияқты. Олардың салмағы 3 келіге дейін жеткен. Жас қыздар үшін кішкене күміс қоңыраушаларды үзбелеп те шолпы жасайды. Оның сыңғырлаған үні әдемі жарасып тұрады. Шолпы бойжеткеннің бойында ойлылық, зерделілік, биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады. Кеудесіне өңіржиек, шашына шолпы таққан қыздың мойны құрықтай болып өскен, бойын тік ұстаған, дене бітіміне көңіл бөлген. Анасы қашанда қызына: «Қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді» – деп тәрбиелеген. Шаштеңге – күміс, алтын тиындарды тізбелеп жасаған шолпының бір түрі. Шаштеңгені қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін тағып қояды. Өйткені кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан-жағындағыларға «хабарлап» тұрады. Бойжеткен қыз баланың жүрісін, қимылын жөндеу үшін қоңыраулы шолпыны қолданған. Қоңыраулы шолпыны таққан қыз баланың келе жатқанын естігенде, үйдегі үлкендер қалжыңын тоқтатса, бұл дыбыс жастарды елең еткізіп, жинақы отыруға тәрбиелеген, екінші жағынан қыз балаға деген құрметті білдіреді. Ал бойжеткен қыздар мен келіншектердің үй шаруасын жасағанда бұрымды шаң-тозаңнан, күн көзінен қорғау үшін киген шашқап деген бұйымы да болған. Ол мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты көк, қызыл, қара түсті маталардан тігіліп, желкеден белге жететін етіп бұрымның жуандығына қарай пішіліп тігіледі, кестеленеді. Жоғары және төменгі жағынан ою-өрнекпен безендіріліп, зер, оқа, моншақпен әшекейленеді. Оны жас келіндер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, мал сауу сияқты жұмыстарға араласқан кезде, тазалық сақтау мақсатында киген. Бір ғана шашқа арналған сәндік бұйымдардың өзі сан түрлі. Шашбауды қазіргі таңда көбіне тек арнайы концерттік бағдарламалар мен ұлттық мерекелерде ғана ара-тұра ұлттық киім киген қыз-келіншектердің шашынан көруге болады. Ал күнделікті тұрмыста тағып, қолданып жүргендер ұлттық тәрбиені бойына терең сіңіріп, мықтап сақтап қалған ілеуде бір отбасының саусақпен санарлық қана қыздары. Шашбаудан гөрі қазақы сырға мен алқаны, жүзік пен сақинаның сан алуанын бүгінгі қазақ қыздары көп қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |