Филология факультеті



Дата12.06.2020
өлшемі29,46 Kb.
#73219
Байланысты:
xxғасыр Ә.Тәңірбергенов БӨЖ


Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университеті

Факультеті: Филология факультеті



Кафедра: Қазақ филологиясы кафедрасы

БӨЖ


Пәні: XX ғасыр қазақ әдебиеті

Қабылдаған Ергөбек С.

Орындаған: Ағыбай Асылжан

Тобы: ФҚФ- 811

Әріп Тәңірбергенов

Мұхамедғарып Тәңірбергенұлы Әріп (1856, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Үшбиік темір жол бекеті, Жыланды мекені — 21.6.1924, сонда) — ақын. Абайдың талантты шәкірттерінің бірі. 11-12 жасында ауыл медресесінде, бастауыш орыс мектебінде оқыған. 1877 жылы Семейдегі уездік училищеге оқуға түсіп, оны 1881 жылы үздік бітірген. Семейде оқыған кезінде Абаймен танысып, оны өзіне ұстаз тұтқан.

1882 — 84 жылдары Сергиополь уезінде тілмаш болып істеді. 1884 — 87 жылдары Шәуешек қаласында Ресейдің Қытайдағы елшілігінде тілмаш болып қызмет атқарды, одан кейін Қапалда, Бішкек және Алматы қалаларында почта саласында істеп, 1890 ж. өзі туып өскен Қандығатай, Еңірекей болыстарында тілмаш болды.

Әріп татар, орыс тілдерін жетік білумен бірге араб, парсы, түрік, қытай тілдерін жақсы меңгерген. Шығыс және орыс классикалық әдебиетін оқып, нәр алған. Бала күнінен ақындық жолға түсіп, ақындар айтысына қатысқан. Өлеңді қолма-қол суырып салып айтуға шебер, айтыс өнерінің өрен жүйрігі болды. Оның Сәдір, Қуанышбай, Қаумет, Боранбай ақындармен, Көкбай, Әсет сияқты Абайдың талантты шәкірттерімен айтыстары белгілі.

Әріп шығыстың ғажайып оқиғалы ертегілік сюжетіне құрылған бірнеше дастан жазған. Оның алғашқысы “Зияда-Шаїмұрат” дастаны 1884 жылы жазылып, 1890, 1892, 1893, 1896, 1909, 1912 жылдары немере туысы Жақып Байжігітұлының атынан Қазан қаласында баспадан шыққан. “Қисса-и Бәїрам” дастаны 1908, 1912 жылдары жарық көрді. Осы шығармалары және “Қожа Ғапон” “Нұрғызарун”, “Таїир” дастандары —махаббат тақырыбына арналған қисса үлгісіндегі туындылар. Әріп сонымен бірге, ислам дінін жақсы біліп, мұсылмандық әдет-ғұрыптарды зерттеген.

Әріптің қиссашылдығын айыптаған Абайдың әділ сынынан кейін ол өз кезінің әлеуметтік өмір шындығын жырлауға бет бұрып, қарапайым халық жоқшысы болды. Өлеңдерінің тақырып аясы кеңейіп, ғылым, білім, еңбек туралы шабыттана жырлап, сараң байлар мен жебір би-болыстарды, өтірікші-өсекшілерді, халық есебінен күн көруші пайдакүнем алаяқтарды сын тезіне алды. Көптеген өлеңдерінде қалың мал сияқты ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеп, әйел теңдігі мәселесін батыл көтерді, өнер-ғылымды насихаттап, жастарды білім алуға шақырды.

Әріп өз шығармашылығында Абайдың дәстүрін ілгері жалғастыра білді. Қапалда қызметте болған кезінде атақты ақын қыз Сарамен танысып, ғашықтық жырларын арнады.Біржан — Сара айтысын көркемдік жағынан қайта өңдеп, хатқа түсірді, баспаға ұсынып, мәңгілік мұра етіп қалдыруда көп еңбек сіңірді. Әріп 1913 жжылы айтыс түріндегі “Тәуке-Ұрқия” дастанын жазды.А.С. Пушкиннің “Евгений Онегин” романын еркін аударма үлгісінде өлеңмен қазақ тіліне аударды.

М.Әуезов 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында да Әріп есімін Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында ауызға алады. Зерттеуші Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінде сыналған ақындардың бірі осы Әріп екенін, оның бұған қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайтармақ болып, «Біржан – Сараның» айтысын шығарғандығын айтады. Бірақ арада он бес жыл уақыт өткеннен кейін М. Әуезов өзінің алғашында айтқан: «Біржан – Сара» айтысын шығарған Әріп. Біржан, Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана керек…» – деген пікірінен қайтып қалады. Абайдың ақындық айналасын жетік білген Әуезовтің Әріп туралы әр кезде әр түрлі пікір айтуына не себеп болды деген сұрақ туады. «Жазушы мұндай өзгеріске саналы түрде барған сияқты, алғашқысы қалтықсыз көңілден шыққан шын ойы болса, екіншісін уақыт талабына, заман ауқымына қарай амалсыз жасалған жүріс деп білеміз».

Әріптің Семей уездік училишесінде оқып жүрген жылдары (1877-1881) Абайды көріп-біліп ұстаз ретінде таныған уақыты. Әр жыл сайын Семейге ұзақ уақытқа келіп, кітапханада болып, Михаэлис сияқты достарымен, қалада оқып жүрген қазақ шәкірттерімен Абайдың бас қосып мәжіліс құрып тұратан әдеті болғаны мәлім. Ұлы ақынның мұндай мәжілістерінің мән-жайы бізге Көкбай ақынның өлеңдерінен белгілі.

Әріп те Абайдың мәжілістеріне қатысып жүріп, оның тарих, әдебиет, өнер-білім жайында айтқандарын есітіп, біліп, ұққандарын көңіліне түйіп, ұлы ұстаздың тағылымымен өнер жолына мықтап түседі, өлең жазумен қатар оқиғалы шығармалар жаза бастайды. Абайдай өлең сөздің құдіретіне айналған тағылымы мол ұстаздан дер кезінде үлгі-өнеге көрген Әріп осы кезден бастап өмір бойы қолынан қаламын тастамай шығармашылықпен айналысады, артына мол, талантты дүниелер қалдырды.

Әріптің басқа ақын-шәкірттерге қарағанда өмірі де өзгешелеу болды. Ол Шәкәрім, Ақылбай, Көкбай, Мағауия сияқты үнемі Абай қасында бола алған жоқ. М. Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» (1934) деген мақаласында Әріптен басқа осы төртеуін атауы да сондықтан шығар.

Ақын шығармашылығындағы М. Әуезов назар аударған ғылым, еңбек, әйел халі және елге жуандық жасаушы содырлар туралы өлеңдеріне біраз тоқталмақпыз. Әріптің осы тақырыптағы шығармаларының дені оның ақындық шеберлігі толысып кемеліне келген кезі 1890 жылдары жазылған болатын. Бұл оның өлеңдерінің идеялық мазмұны тереңдей түскен, ұстаз ақынның әдебиеттегі реалистік дәстүріне жақын келген тұсы еді. Әріптің «Еңбек туралы» деген көлемді өлеңі айтар ойы, идеясы жағынан ұстазы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Сегі аяқ» өлеңдерімен мазмұндас. Абайдың бұл өлеңдеріндегі елге қойған бір кінәсі «жақсы мен жаманды айырмадың» болып келсе, Әріпте:

Адалды – адал, арамды – арам демей,

Қара Жаһил надансың, қасқыр түсті.

Шындығында қазақты құртып келген бір кесел – жақсы мен жаманды, арам мен адалды айыра алмайтын надандық екені белгілі. Әріптің осы өлеңіндегі:

Күн ұзын ел қыдырып, сумен қағып,

Өтірік пен өсекке судай ағып,

Екі табақ ет жесең еліресің,

Жерден алтын тапқандай масаттанып.

Терлеп еңбек істерлік біреуің жоқ,

Бар әдетің бос жүрген пәле бағып, – деген шумақ Абайдың«Сабырсыз, арсыз еріншек»өлеңіндегі аңдығаны тек өсек пен өтірік, іздегені пәле, шаруаға қырсыз, даңғой, мақтан құмар адамдарды сынайтын шумақтарын еске түсіреді.

Әріп те ұстазы Абай сияқты еңбек етпей, елді алдап, ұрлық-өтірік, қулық-сұмдықпен күн көрушілерді батыл әшкерелейді. «Еңбек туралы» өлеңінен соң Әріп өз заманындағы әйел халін суреттейтін «Қалың мал туралы» өлеңін жазады. Әйел теңдігі ежелден халықтың көкейкесті арманы еді. Бұл мәселе халық поэзиясында да, XIX ғасырдағы Абай бастаған жазба әдебиетке де көрсетілген әлеуметтік тақырыптардың бірі болатын. Әріптің бұл өлеңі де Абайдың осы тақырыптағы «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңімен сарындас. Абай өз өлеңін жас қызды кәрі шалға беру тәрізді ел ішіндегі сорақылыққа қарсылық ретінде жазғаны белгілі.

М. Әуезов Әріпті Абайға жақындастыра түсетін оның елге зәбір көрсетуші озбырлар жайлы сыншыл, сатиралық өлеңдері деп атап көрсеткен болатын. Ақын «Қабанбайға», «Найман Серікбай қажыға», «Қалыбек биге айтқаны», «Байтоқаның қызына», «Тәуірбек болысқа», «Қапылдың тірлігі» және т.б. өлеңдерінде замандастарының жағымсыз қылықтарын үнемі әшкерелеп отырған, қаймықпай батыл сөйлеп, өзінің оларға деген көзқарасын үнемі ашық білдірген. Әріптің бұл өлеңдеріндегі мысқыл, әжуа Абайдың осы тақырыпта жазылған «Мәз болады болысың», «Болыс болдым мінекей», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңдеріндегі уытты сатирамен ұштасып отырады. Әріп сатирасының бір өзгешелігі олар көлемі жағынан шағын, алғашқы шумақтар кекесін мен келемеж түрінде келеді де, олар соңғы шумақта өткір сатираға айналып, түйінді ой ашық айтылады. Әріп ақынның мұнан да басқа көркемдік, реалистік сипаты жөнінен ұстазы Абаймен үндесетін шығармалары мол. Жоғарыда сөз болған өлеңдер Абай шығармаларымен көбіне мазмұн жағынан ғана үйлесіп келсе, «Нәпсіге», «Дүние туралы», «Албырып өскен жігіттік» деген өлеңдері ұлы ақынның «Әсемпаз болма әрнеге», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» және т.б. өлеңдерін көркемдік қадір – қасиеті, сөз қолданысы, сыртқы, ішкі ұйқас, буын, бунақ, тармақ, дыбыс әуезділігі жөнінен де еске түсіреді.

Абай өлген соң, арттағы жас қауым ендігі жерде Әріп ақынды ұстаз тұтқан сияқты. 1924 жылы Әріп қайтыс болғанда, оның шәкірттері көптеген жоқтау өлеңдерін шығарып, ақын есімін құрметтеп еске алады. Әріптен тікелей дәріс алған Шұғыбан Қауметов:

Абайдың ізін басқан данышпаным,

Аянбай надандықпен алысқаным.

Орыс, қытай, араптың тілін біліп,

Ғылымның шыңына өрлей ғарыштадың, – деп жоқтаса, сол кезде жиырма жастан жаңа асқан жас ақын Шәкір Әбенов оны:

Ғылымнан он екі пән хабардар боп,

Кеудеңе түсіп еді күн дидары, – деп сипаттайды.

Абай дәстүрін жалғастыру ісі оның өз айналасынан осылай басталғанымен еш уақытта бұнымен толастамайды. Академик З. Ахметов айтқандай, ол «… одан кейінгі кезеңдермен, қазіргі әдеби процеспен ұласып жатыр». Біз бұл зерттеуде Абайға бірден-бір жақын тұрған, тікелей мирасқор болған ақын-шәкірттер – Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Әріп шығармашылығы жайында М. Әуезов зерттеулері тұрғысынан ғана сөз қозғадық.

М. Әуезов: «Әріп жазған өлеңдердің көп мазмұны – ғылым туралы, еңбек туралы, әсіресе елді зорлаушы жуан-содырлар туралы жазылған сыншыл, сатиралық шығармалардан құралады. Осындай мұралардың бәрінде де Әріп Абайға аса жақын келіп, ақынның реалистік дәстүріне үнемі иық сүйеп отыратындығын сездіреді» , – деген.

«Зияда-Шаһмұрат» дастанының Әріп Тәңірбергенұлының төл туындысы, яғни, Жақып Бижігітұлы Әріп псевдонимі екендігін төмендегі деректер дәлелдей алады. Тұрағұл Абайұлы «Әкем Абай туралы» деген естелігінде: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңді Шәкәрім қажының жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлейік, кәрі ит жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап, «шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып» деген өлеңі болған. Көкбай молданың «Әзірет Әлі айдаһар алысыпты» деген өлеңі болған, Әріп деген Сыбан, өлең жазғыш жігіт «Зияда» деген өлең жазған, қызды мақтамақшы болып суреттегенде көзі гауһар, иегі алтын деп осы сықылды асыл тастарды түсіне қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, құбыла көрсетпекші болып жазып еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды, Біржанның Арғын емес, Керей екенін білмепті». Бір жағы Абайдың сынымен ұштасып, екінші жағы «Біржан-Сара айтысын біртұтас көркем дүние етіп жазуына Әріптің осы «Зияда-Шаһмұрат» дастанының бірден-бір себепкер болғандығын кезінде М. Әуезов, Т. Қасенұлы, Б. Кенжебаев, Қ. Мұхамедханұлы, Ө. Есназаров сынды ғалымдар тоқталғанын алғашқы тарауда сөз қылған болатынбыз. Әріптің шығыстық сарында тағы қандай қисса-дастандар жазғандығын осы «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының аяғындағы:

Үш қисса жіберіп ем мұнан бұрын,

«Қожа Ғафан», «Таһир» мен «Нұрғазарұн»

Абзықай, қата болса, ғайып етпе

Ғашықтың масниф еттім өлең-жырын,– деген жолдардан 1890 жылға дейін Әріптің Қазан қаласына ғашықтық тақырыпта үш қисса жібергені анықталады.

Ә. Тәңірбергенұлы – қазақ әдебиеті бетінде ешкімге ұқсамайтын оқшау, өзіне ғана тән өрнек қалдырған күрделі тұлға. Ең алдымен, Әріп – Абай поэзиясының қайнарынан қанып ішкен, тағылымын бойына дарыта білген талантты шәкірт. Оның нағыз биіктен, ақындық асудан көрінуіне Абайдың әсері шексіз. Ақындық сүрлеуі шығыстық үлгіде басталған Әріпті жетелеп әкеп шынайы өмірдің өзегінен аттатқан да – Абай, әлеумет әлемімен бетпе-бет ұшырастырып, қоғамның қожыр қойыртпағын көзіне шұқып көрсетіп берген де – Абай. Сөйтіп, алаңсыз асқақ сезімге берілген сараусыз ақынды баптап, заманының заңғарынан қарар нағыз демократ, сыншыл ақын болып қалыптасуына бірден-бір себепкер болған да – Абай! З. Қабдоловтың: «Алдымен, Абай – ақын. Бұл аз, ақындардың ақыны!» – деген қағидасының бір ұшығы осында жатқан жоқ па?



Пайдаланылған әдебиетер:

  1. Ердембеков Б.А. Әріп ақын. Алматы. 2001. – 192 бет.



  2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.»

  3. Қазақстан энциклопедия 1-том


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет