Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері
кімдер еді?
2.Қазақ сөз маржанын жинаушы
Ш.Уәлиханов қандай пікір айтты?
3.Қазақ жырауларының сан ғасырлық
шығармашылығын неше кезеңге бөлеміз?
Дәріс 2 Жыраулар мұрасы және қазақ халқының елдік тарихы Дәрістің мақсаты:Қазақ халқының 15-18 ші ғасырлар шегіндегі тарихи-
әлеуметтік жағдайын таныстыру.
Тірек сөздер: Ақтабан шұбырынды,алқакөл ,сұлама,жоңғар басқыншылығы.
Дәрістің жоспары:1.Жыраулар мұрасы мен кейінгі ХVIII-ХIХ ғасырлардағы
көркемсөз өкілдерінің шығармашылықтарының
өзгешеліктеріне тоқталу.
2.Хандық үшін күрестің шиеленісуі.
3.Тарихи зерттеулердің айтуы бойынша
халықтың сауат ашуы қандай жағдайда
болды?
4.Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер
кітабы» жайында айту.
5. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының
әдебиетте бейнеленуі
6. «Қаратаудың басынан көш келеді» дейтін сөздермен
басталатын «Елім -ай»әніне қатысты әңгіме.
Халықтың ғасырларды көктей жүріп өткен жолы, сөз жоқ, оның тек қай атырапты мекендеп, қандай елдермен айқасып, кімді қол астында ұстағандығынан, болмаса кімге бодан болғандығынан мәлімет беретін жылнамашы мен тарихшының жазбаларымен шектелмейді. Сәулет өнері, ауыз әдебиеті, саз өнері секілді, негізінен, елдің естиярлығын, халықтың жады мен зердесін таразылайтын рухани қазыналарында да ел тарихының ізі сайрап жататыны хақ. Және бұлардың берер мағлұматтары, шынына келгенде, сырттан келген жиһанкез тарихшының сөзінен гөрі шынайы болуы әбден мүмкін. Ал, бұл тұрғыдан келгенде осы ортада өмір сүрген, оның қуанышы мен күйінішіне ең алдымен өкінетін де, күйінетін де, жыраулар мен ақындар шығармасында сөз болар оқиғалар мен тарихи мағлұматтардың қадір-қасиеті тіптен ерекше. Бәлкім, халқының мерейі үстем тұсын бұл адамдар көтеріп айтатын шығар, бақыты қайтқан кезеңін еңсесі түсе отырып баяндайтын болар, бірақ соған қарамастан осы мұралар өзіне айрықша назар аударуды керек етеді. Өйткені, әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы әрі белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге, әрі сол әдебиеттегі тарихилық мәселелерінің жүріп өткен жолын бағдарлауға қызмет көрсетіп қана қоймай, сол халықтың ұлт ретінде қалыптасу, ержетіп, есею кезеңдеріне де куәлік етеді.
XX ғасырдың аса көрнекті ақыл-ой иесі, белгілі мемлекет басшысы Джавахарлал Неру өзінің «Взгляд на всемирную историю» атты еңбегінде: «Самые великие и гордые короли и императоры лишь краткий миг выступают на сцене мира. А цивилизации живут долго»,–дегеніндей, шындығында да небір есімімен елді тітіренткен атақты билеушілердің дүниеге келіп-кетіп жататын адам ретіндегі өмірінің кысқа, ал өркениет пен мәдениеттің ұлы ескерткіштерінің оларға қарағанда әлдеқайда ғұмырлы болатыны даусыз. Сондай өмірлі мұралардың қатарына адам ақыл-ойының кейінгіге қалдырар елеулі ескерткіші – жыраулар мен ақындардың толғау жырлары да жатады дер едік. Өйткені, осы мұра арқылы қысқа өмірлі, бірақ тірлігінде елеулі істерге мұрындық болған тарихи жандардың атқарған қызметі ел санасында жаңғырығып, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, солар көшін бастаған елдің тарихы өзінің орнын басқандарға – олардың қандай қауымның жалғасы екендігін танытып, белгілі географиялық аймақты қоныс еткендігіне, кімдермен қандай қатынаста тірлік кешкендіктеріне куәлік беруде. Ал, иландыру күшінің ересендігінде шек жоқ. Өйткені, ол сөздерге сүлесоқтық, енжарлық жат. Өйткені, ол халқына пана, жеріне қожа бола білген, соны өзгелерден де күтетін мәрт мінез, көшелі ақылға ие сардар ақынның лебізі. Олай болса, осы лебізден ел тарихын, халықтың өткенін табу – сол жұрттың ұрпағы үшін ғана емес, оның рухани мұрасына енжар қарай алмайтындардың бәрін де ділгер ететін мәселе болса керек-ті.
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі дәуірін қарастыратын осы саланың білімдар ғылымдары Сыпыра жырау мен Асан қайғыны өздерінің жыраулық дәстүрінің басында тұрған өкілдері ретінде ертеден-ақ ескеріп келе жатқандықтары мәлім. Бірақ, өмір сүрген дәуірі жағынан бұл кісілердің қайсысын бірінші деп білеміз, бұл жағы әзірге басы ашылмаған мәселе.
Қазақтың аңыз-әпсаналарында халқымыздың ақылгөй абызы ретінде суреттелетін Асан қайғы, негізінен, қазақ ұлысының атақты билеушілерінің бірі Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген–жасы жеткен қария болып сипатталады. Шығармаларында да солай. Ал, Сыпыра жыраудың Тоқтамыс ханның Едіге бимен араздасып, төңірегіндегілермен кеңескен тұста негізгі тоқтамды пікір айтатын ақылман қарт ретінде былайша жыр толғайтыны белгілі.
Жырау айтқан болжамдардың бәрі тарихта айна қатесіз келеді. Едіге барғаннан кейін Темір әмірші Алтын Орда билеушісі Тоқтамысқа қарсы қалың қол шығарады. Тоқтамыс әскері жеңіледі. Елдің билігі Едігеге көшеді. Тоқтамыстың қызын Едіге тоқалдыққа алады. Бірақ, Тоқтамыс қызының аты Қанікей де, Тінікей де емес, Жанике болатын.
Алтын Орда билеушісі мен Едіге бидің араздасқан уақыты – Тоқтамыстың 1393жылы Ягайлаға Дон бойынан хатқа түсіртіп жібер–ген пәрмен-жарлығында 1391 жыл деп көрсетілген.
Темір әміршімен Тоқтамыс қолының айқасқан мезгілін – осы мәселеге қатынасты қалам тартқан Ш. Уәлиханов, Қ. Сәтбаев,
М. Тынышбаев, С. Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Р. Бердібаев секілді қазақ ғалымдары әр алуан жазба деректерге, тарихи еңбектерге сүйеніп1391,1395 жылдардағы қанды жорықтармен байланыстырады.Демек, Сыпыра жырау куә болып отырған оқиғаның тарихта болғаны рас. Атақты «Ер Едіге» атты тарихи жырда ұзақ-сонар толғау айтатын абыз жырау осы туындының дүниеге келуіне қандай үлес қосты, ол өз алдына мәселе. Бірақ, әйтеуір, қалай болғанда да ол сол кездегі тақ иесі Тоқтамысты да, оның ұлысын да, қасында жүрген достары мен дұшпандарын да қапысыз білетін адам. Ал, оның қасында жүргендер кімдер еді? Олар–Қарақыпшақ Қобыланды, Арғын Қарақожа батырлар.[16,367-368б]Қобыландының кім екендігін тарихшылар да, әдебиетшілер де аз жазған жоқ. Бірақ, Қарақожа атты батыр біздің эпос зерттеушілеріміздің де, тарихшыларымыздың да назары көп түспеген тарихи қаһармандардың қатарына жатады. Әрине, оған бола оны эпос авторының, қиялының, арқасында дүниеге келген кейіпкер деуге болмайды. Өйткені, атақты тарихшымыз Қадырғали Қосымұлы Жалайридың: «Едіге... Темір бектің әскерін бастап келіп Тоқтамыс ханды қашырды. Темір бек күшінен (сипатынан) Тоқтамыс хан Солтүстік тарапқа қашты... Қарауылға Ятым батырды, одан кейін Тобал батырды, одан кейін Арғын Қарақожаны қойды. Өздері бірнеше нөкерлерімен (дем алуға) жатып еді. Едіге – Кучук ұлы Нураддин әскер қолбасшысы еді. Ол қарауылды, әуелі Ятым батырды, содан соң бәрін қапысын тауып өлтірді. Хан нөкерлерімен бейқам еді, олардағы опат болды» – дейтін, Тоқтамыс ханның тағынан айрылғаннан кейінгі тағдырынан хабардар ететін тұсында аты мен тегі айқын айтылатын адам осы кісі. Демек, бұл мәліметке қарағанда, ол Тоқтамыстың жанында ақырғы демі таусылғанша, яки 1406 жылға дейін, бірге болған сенімді серігі. Және оның билеушісіне беріле қызмет еткен көптің бірі ғана емес екеніне Шереф-ад-дин Иезди Қарақожаның 1405 жылдың қаңтар айында Темір әміршіге Тоқтамыс атынан елші болып келгендігі арқылы куәлік береді. Осыған қарағанда ол өз қандастарының топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені екені күмәнсіз.
Әрине,«Ер Едіге» жырында сипатталатын Қобыланды мен Қарақожа шыққан Қыпшақ пен Арғын руларының бүгінгі қазақ ұлтының негізін құраған қабырғалы қауым екені белгілі. Бұл ретте Сыпыра жырауды қазақ жырауы, жыр кейіпкерлерін қазақ азаматтарының арғы аталары деуге болады. Бірақ, қазіргі қазақ ұлтын құрайтын рулардың жекелеген аталары өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар сияқты өзімізбен туыстас өзге халықтардың да құрамында кездесетіндігі рас. Сондықтан тек осы жырда ғана емес, жалпы сол дәуірлердің әдеби мұраларында ұлыстың аты атала ма, тегінде соған да назар аудару керек сияқты. Өйткені, 1022 жылы орыс князі Мстислав Владимировичпен соғысқан, 1223 жылы монғолдар шапқыншылығы кезінде де «косог» атанып жүрген жеке жұрттыңкелесі ғасырда жер бетінен мүлдем тегіс сызылып кетуі мүмкін емес қой. Ондай жағдайда оның арада жарты ғасыр өткенде Жәнібек пен Керейді өзіне хан көтеріп, табан астынан іргелі елдікке ие бола қалуының өзі күмәнді болған болар еді.
XVIII ғасырдың қазақ ұлыстары үшін жан жадыратар қуанышты оқиғалармен басталмағаны мәлім. Әйтсе де, халықтың елдік тарихында бұл ғасырдың алар орны айрықша. Өйткені, қазақ қауымы бұл дәуірде аты шулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қайғылы оқиғаны басынан өткерді. Осы зілзаланы қазақтың басына түсірген, сол замандағы Орталық Азиядағы айбарлы мемлекет – жоңғарлармен ширек ғасырдан астам уақыт бойы табан тіресе күресе отырып, оның тарих аренасынан біржола шығып қалған тұсының куәгері болды. Осы халықпен қандас Еділ қалмақтары ата қоныстарына қайтқан тұста олармен айқасып бақты.
Ал, осы оқиғалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты жайлареді. Өйткені, қазақ ұлыстарының жоңғарларға қарсы азаттық үшін күресі – атышулы «Ақтабан шұбырынды» сынды қасіретті оқиғаның жалғасы, кек қайтару шайқастары болып қана қалған жоқ. Бұл күрес жолында қазақ халқы өзге бір әлеуетті ел тарапынан өзіне сүйенер тірек, дос табуды мақсат тұтты. Ресей, Қытай секілді іргелі елдермен араға елшілерін, хабаршыларын жүргізді. Және соның ақыры ізсіз кеткен жоқ. Қазақ жұрты Ресей елінің боданы болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы кезіндегі халқымыз тартқан ауыртпалықтың салмағы исі қазақтың бәрі білетін аты шулы «Елім-ай» әнінде керемет суреттеледі. Бірақ, он бір буынды қара өлеңмен айтылған бұл туындының авторы ұзақ уақыт бойы халық боп есептеліп келеді. Әрине, қазір халықтікі болып есептеліп жүрген талай туындының әу бастағы иесі жеке адам екенінде дау жоқ қой. Бірақ, Бұқар жыраулармен тұстас адамның көкірегін жарып шыққан осы шығарманың авторы жайлы халықтың жақ ашпай келуінде нендей сыр бар?
Біздіңше, мұның мәнісі мынада: халық өзінің табиғатында намысқой. Ол бірлі-жарымды адамның емес, күллі халықтың сүйегіне түскен таңбаны, ел болып «етегін жапқаннан» кейін, авторын айта отырып, жаңғырта жырлауға қашан да құштар болмаған. Сондықтан кешегі бір жан даусы шыға қиналған тұста өзінің мұңы мен қайғысын қапысыз тап басқан әуен мен сөзді айтса да, оның авторын айтпайды. Өйткені, мұндай автор кейінгі күндерде өмір сүріп, елміз, халықпыз деп, соның абыройлы, рухтылығын қалай еткенде де жоғары ұстаймыз деп жүргендер үшін кешірілмес күнә иесі секілді болып қабылданады.Ал, жалпы осындай елдің басынан кешкен үлкен трагедиялы хәлді жырлауға сараңдық тек бір қазақ жұртына ғана емес, барша халықтарға тән қасиет. Бұл тұрғыда авторлы туындыларды іздеп табудың қиындығы былай тұрсын, халық атымен айтылатын жай өлең-жырлардың өзі сирек кездеседі. Мәселен, 1771 жылы Еділден Алтайға қоныс аударған кезінде азып-тозып, талай рет қазақ қолының талауына түскен торғауыттарда бір ғана (онда да азапты оқиғаның себебі, жай-күйі айтылмай-ды) халық жырынан өзге сол кезеңнің оқиғасынан хабар беретін әдеби мұра сақталмаған. Сондай-ақ, орыс халқының ел ретінде жусай жеңілген, дүрбелеңге түскен кезін жырлайтын бір ғана Ксенияның жоқтауыболмаса бұл халықтың да тарихи жырларында ондай сұрапыл кезең суреті көп көріне бермеген сияқты. Ал, оның есесіне елдің мерейі өскен, жауын мұқатқан сәттерін жырлайтын туындылар әлдеқайда көптігімен, өміршеңдігімен назар аудармақ. Мысалы, 1771 жылғы оқиға туралы бір ғана қысқа жырдан өзге фольклорлық мұрасы сақталмаған қалмақ жұртында содан бір ғасырдан астам бұрын өткен жайды, яки 1652 жылдың қысында қазақ пен қырғыз жұртының билеушісі Салқам Жәңгірді Цецен ханның он жеті жасар ұлы Галдаманың айқас үстінде қалай өлтіргендігін жырлайтын көркем жыр бар. Сол сияқты қазақтарда да қалмақ жұртының күйрей жеңілген тұстарын көтере көрсететін фольклорлық мұраларды былай қойғанда, авторлы туындылардың өзі бірқыдыру.