Пайдаланған әдебиеттер:
1.Хасанов М. Петрова В.Джамбаева Б. Философия. А.,2014ж
2. Нұрышева Г.Ж. Философия Алматы,.2013
3. Бегалинова К.К., Альжанова У.К. Философия I, II том. Алматы, 2010
4. Аташ Б.М. Философия, Алматы, 2014
5. Нұрышева Г.Ж. Өмірдің мәні: философиялық-антропологиялық
талдау. Алматы, 2011.
6. Грядовой Д.И. Философия. М.,2012
7. Лавриненко В.Н. Философия. Учебник для вузов.М.,2012
8.Иманқұл Н. Философия әлемінде: болмысы мен тарихы. А ., 2006
9. Нысанбаев Ә. Әбжанов Т. Қысқаша философия тарихы. А., 2009.
10. Алтай Ж., А. Қасабек А., Философия тарихы. А., 2008.
11. Нысанбаев Ә. Әбжанов Т. Қысқаша филасофия тарихы. А., 2009.
12. Дүниежүзілік философияның онтологиясы. 12 томның 10Т. 2009.
13. Алексеев П.А. Панин А.В. Философия Учебник для вузов. -М., 2006
14. Әл-Фараби. Шығармаларының 10 томдық жинағы. – Алматы, 2005-2008.
15. Мырзалы С.Философия– Алматы, 2008.
№10. Дәріс.
Тақырыбы: Қазақ философиясының даму ерекшелігі
1.Түркі дүниетаным-қазақ философиясының бастауы.(Анахарсис, Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йасауи.т.б.)
2.Қазақ ақын-жыраулар шығармашылығындағы дүниетаным.
3.Ағартушылық кезеңдегі философия ( Абай,Ыбырай, Шоқан, Шәкәрім т.б.)
4.Ұлттық сананың оянуы, ұлттық мемлекет құру идеялары (Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов т.б.)
Түркі тілді халықтардың философиясы. ІХ ғасырдан ХV-ғасырға дейінгі кезең. Оның көрнекті өкілдері бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлғалар-Анахарсис, Қорқыт, әл Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашғари, Қ. Иасауи. Бұл кезеңді түркі тілді халықтардың философиясының “Алтын ғасыры” деуне болады. Аталған ғұламалар тамаша шығармалар мен философиялық еңбектерді дүниеге әкеліп, әлемдік философияның дамуына елеулі үлес қосты.
Қазақ хандығы дәуіріндегі философия, ХV-ХVІІІ ғаысрлар аралығын қамтиды, үш бағытта дамыды: а) жыраулар философиясы; ә) билер фтлософиясы; б) “Зар заман философиясы”.
ХІХ ғасырдағы Ағартушылық философиясы: Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев философиясы – антропоцентристік және экзистенциалистік сипатқа ие.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ философиясы. Негізінен саяси философия болды: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердиев.
Кеңес дәуіріндегі Қазақстандық философия. ХХ-ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап, 90-жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы кеңестік философия секілді коммунистік партияның идеологиялық қызметшісіне айналып, өзінің ұлттық ерекшеліктерінен айрылды. Бірақ негізінен марксистік сипатта болғанымен, осы кезеңде кәсіби философия қалыптасты.
Тәуелсіздік кезеңінің философиясы – соңғы он бес жылда қалыптасты, қазақ халқының философиялық дүниетанымын тереңдеп зерттеумен айналысып, үлкен табыстарға жетті.
Қазақ философиясы өзінің бастауын көне түркі дүниесінен, оның көрнекті өкілдері әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауиден алады.
Қазақ дүниетанымы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Ғылыми әдебиетте көшпелі өркениет туралы ортақ түйін-тұжырым жоқ. Европоцентризм көшпелі мәдениет туралы жағымсыз пікір қалыптастырғаны белгілі.
Шындығында, салмақты сараптау жүргізсек, көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, мәдени-шығармашылық потенциалы өте мықты екендігін және оның қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының қалыптасуына негіз болғанын көреміз.
Қазақ халқының философиялық дүниетанымының басты ктегориясы - өмір. Өмірдің құндылығын және оның мәнін анықтаушы – өмірмен диалектикалық бірлікті құрайтын өлім.
Араласу категориясы қазақ дүниетанымында адам мен қоғамның, адам мен адамның арасындағы қарым-қатынасты білдіреді.
Намыс – қазақ халқының түсінігінде ең жоғарғы адами қасиеттердің бірі, тіпті ең бастысы.
Парыз – адамды өз болмысын адамгершіліктік құндылықтарға сай қалыптастыруға мәжбүрлейтін этикалық категория.
Кісілік – адам болып өмір сүрудің жоғары деңгейі. Қазақтың “кісілік” ұғымы қазіргі “тұлға” (личность) ұғымына сәйкес деп ойлаймыз.
Біз осылайша қазақ дүниетанымының негізгі категорияларына ғана тоқталдық. Көзіміз жеткендей, қазақ халқының көшпелі өмір салтының негізінде қалыптасқан өзіндік философиялық дүниетанымы бар және ол терең мазмұнды, толыққанды категорияларда бейнеленген. Ежелгі заамннан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақатар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып, әр қилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық элементтерінен бастап, қазіргі заманғы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алды. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, адамгершілік мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы, тағы басқа мәселелері болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Олар шынай реализм, бітімнің негізгі жақтары еркін ойлау, деистік және пантеистік көзқарастар, адамгершілік, ізгілік, имандылық, зорлық-зомбылықққа қарсы күресу, құқықтық саяси және философиялық жақтары, мемлекет, қоғам, жеке адам мәні, тағы басқалар еді.
Осы аталған көзқарастар сыңаржаққа, тоқыраушылыққа, қазақ халқының прогрессивті дамуына кедергі болатын басқа да кемістіктерге қарсы бағытталды. Бұл да қазақ философиясының қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшелігі.
Қазақ философиясының ойының тағы бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмі, халқына сүйіспеншілігін, оның бағыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадірінше анық, жан-жақты көрсете білуі дер едік.
Бұл айтқандардан қазақ философиясы басынан-аяқ тік тұрған, бірден қалыптасып жеткен жүйе деген пікір тумаса керек. Біртұтас көзқарас, дүниені жан-жақты танып білу, оның заңдылықтарын, таным процесін, әлеуметтік мәселелерді дұрыс түсіну, ойлау түрлерінің жүйесін анықтау – ол соңғы ғасырлардың үлесіне тиеді. Дегенмен, халықтың жыраулық, ақындық шығармашылығынада қоршап тұрған табиғат пен әлеуметтік орта туралы ойлаудың біршама жиынтығы болды. Негізінен кездейсоқтық, жүйесіздік сипатына қарамастан онда адамдардың бай практикалық өмірін, халық даналығын көрсететін философиялық мән бар еді. Ойлау тәсілі ерекше, шығармашылық жолы мен шығармалардың сақталуы ауыз мәдениетіне сай, оны есінде сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа өзгертпей, жоғалтпай, «ұрламай» жеткізу – бұл философия тарихындағы ғажап құбылыс.
Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың элементтері бар. Халық эпостары, ертегілер, аңыздар, лирикалық-тұрмыстық поэмалар, мақалдар мен мәтелдер – адамдарды табиғи және әлеуметтік құбылыстарды, саяси-экономикалық жағдайларды, ізгілік мақсаттарды өз уақытына сәйкес танып-білуінің куәгерлері. Ауызша халық мәдени ескерткіштерімізді зерттеу халқымыздың танымдық, әлеуметтік-саяси, адамгершілік-тәрбие және дүниеге көзқарас ерекшеліктерін білуге көмектеседі.
Қазақ Философиясы – қоғамдық сананың ұлттық түрі; тұрмыс пен танымның ортақ принциптері, адам мен дүние жүзінің қатынасы туралы ілім, табиғаттың, қоғамның және дүниетанымның жалпы даму заңдары жайындағы ғылым. Қазақ халқының даналық өрісінде дүние мен адам туралы дүниетанымдық көзқарастардың тарихи қалыптасқан даму жүйесін қамтиды. Қазақ тіліндегі даналық түсінігі мәні жағынан философияға жақын. Қазақтың даналық ой-пікірлерінің тарихы екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде Анахарсис, Қорқыт, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Йасауи, Әбу Наср әл-Фараби, Махмұт Қашқари, т.б. данышпандар даналық дәстүрлерін жасады, олар табиғи түрде қазақ этносының дүниетанымдық ойлау мәдениетінің бастау арналарына айналған.
Екінші кезеңде қазақ халқының төл дүниетанымы мен философиясы қалыптасып, дамыды. Қазақ философиясының төл тарихы Асан Қайғы мен Мұхаммед Хайдар Дулаттан басталады. Асан Сәбитұлы – жырау, ойшыл, мемлекет қайраткері. Ол қазақ этносын әрі мемлекетін қалыптастырып, нығайтуда «Жерұйық» ілімін дүниеге әкелді. Бұл – халықтың қауымдасып ұлттық мемлекет құру идеясы болатын. Асан Қайғы өз жыр-толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттілігін насихаттайды. Оның Асан Қайғы атануы – ғұламаның ойшылдығының, парасаттылығының айғағы. Асанның қайғысы тек өз заманына қатысты емес, оны қайғыға салып отырған – болашақ туралы болжамдары, халық қайда бара жатыр, ертеңі қандай болады деген күрделі сұрақтар. Асан Қайғы – түркі жұртының әйгілі ойшылы Қорқыттың дүниетанымын жалғастырушы. Қазақ философиясы бастау алатын екінші ойшыл, қоғам қайраткері–М.Х.Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде түркі дүниесінің рухани тұтастығы және оның дүние жүзі халықтары өркениетімен тығыз байланысы нақтылы мысалдармен баяндалған. Дулат философиялық антропологияның басты мәселесінің бірі күнә ұғымына сол заман ойшылдары еңбектеріне сүйеніп, талдау жасаған.
Асан Қайғыдан басталған жыраулар легі (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б.) қазақ қауымында хандық мемлекет жойылғанша болды. Хандық жойылған соң жыраулар дәстүрі жалғаспай қалды. Қазақ ақын-жырауларының шығармалары көшпелі болмысты, ата-қоныс, адам, қоғам, сол кездегі әлеум. жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік, өмір мәселелеріне байланысты бола тұра, терең мағыналы философиялық ойларға толы. Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушылардың бірі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлының шығармасында философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ деп тұжырымдайды. Ақтамберді Сарыұлы өз жыр-толғауларында елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Оның жырларынан қазақ халқының ой-арманы, мақсат-мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. 18 ғасыр жыраулары ішіндегі аса көрнекті тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлы да дүниедегінің барлығы өзгеріске ұшырап отыратындығын атап көрсетеді. Шығыстық ойлау жүйесі хакімдік діни философияны теріске шығармаған. Мыс, Қожа Ахмет Йасауидің сопылық ілімі ұлттық ойлау мәдениетіне нық еніп, оның қалыптасуының бір рухани негізі болды. Қазақ тіліндегі ақыл, парасат, тәуба, қанағат, шүкіршілік, хал, амал, сыр, шапағат, т.б. көптеген сөздер – сопылық дүниетанымның ұғымдары мен түсініктері. Төрт ғасырға тарта дербес мемлекет құрып, хандық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының заманға сай құндылықтар жүйесі қалыптасты («Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Едіге», «Қамбар батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», т.б. жыр-дастандарындағы ерлік философиясы). Ерлік философиясы Махамбет Өтемісұлы жырларында өз жалғасын тапты.
Шығыс поэзиясының, сопылықтың ықпалы және төл түсініктер негізінде қалыптасқан ғашықтық философиясына қатысты құндылықтар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», т.б. жырларға негізгі өзек болды. Қазақтың дербес мемлекеттілігі жойылғаннан кейін жүз жылға созылған Зар заман дәуірінің ақындары (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, т.б.) халықтың басына түскен отаршылдық нәубетін сары уайымға салыну, торығу сарынымен жырлады. Дулат Бабатайұлы өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, мырзалық пен сараңдық, білім мен надандық мәселелерін талдап, шығармаларына негізгі арқау етті. Дулаттың әлеуметтік философиясы – жер, суды, елдің бірлігін сақтап қалу идеясы, басқа жұртқа күш көрсетпеу философиясы. Зар заман ақындарының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы басты сарын – жер мәселесі, ата қоныс, бас бостандығынан айырылған тұтас елдің мұң-зары. Шортанбай заманақыр таяғанда табиғат та азады десе, Мұрат керісінше, заманның азуын адамнан көреді.
Қазақ философиясы тарихында әйгілі ғалым Ш.Уәлихановтың орны ерекше. Ол «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтқан. Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейді. Ол қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние: күн, ай, жұлдыздар және жер – алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Оның еңбектерінен себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады.
Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі Ы.Алтынсарин бала дүниетанымының философиялық мәселелерімен алғаш шұғылданып, осы бағытта тамаша үлгі жасады. Хикмет сөз, яғни даналық айту дәстүрі Абай Құнанбаев заманына дейін үзілмеген. Абай адам болмысын тануда тың дүниетанымдық ойлар айтты. Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан, демек, махаббат адамға дейін болған, Алланың тек өзіне ғана тән құдіреті деп білген Абай Адам мен Алланың арасындағы қатынасты сүю деп атайды. Өзін махаббатпен жаратқан Алласын адамның сүюі парыз. Абай сүюдің үш түрін айтады, олар: Алланы сүю, оның жаратқан кереметі – адамды сүю және хақ жолы деп әділеттілікті сүю. Осы үш сүюді Абай имани гүл дейді. Хакім Абай «толық адам» немесе кәмелетті адам тұжырымдамасын жасады. Олар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат. Адамды толық ететін – ақыл, жүрек, қайрат. Абай сияқты Шәкерім Құдайбердіұлы да қазақ елін қалай мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкерім Абайдың имани гүл ілімін «Үш анық» кітабында ұят туралы ілімге айналдырды. Осы еңбекте Шәкерім сол кездегі еуропа ағымдардан деректер келтіре отырып, этикалық максимализмге негізделген ар-ұятты дәріптеу ілімін жасады. Ойшылдың тарихи-философиялық еңбектерінің («Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресі», «Үш анық») дүниетанымы мен негізгі әлеуметтік сарыны ағартушылық, адамгершілік идеяларымен сабақтасып жатыр. 19–20 ғасырларда Қазақ философиясындағы ой-толғаныстар мен көтерілген негізгі мәселелер дәстүрлі қазақ ойшылдығына сүйенгенімен, олардың ойлау кеңістігі кеңейіп, Қазақ философиясын еуропа дәстүрмен ұштастырып отырды. Бұл бағыт Абайдан басталып, 20 ғасырдың басындағы басқа да қазақ ойшылдарының шығармаларында жалғасын тауып, кең өріс алды.
20 ғасырдың басында С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б. озық ойлы қоғам қайраткерлері саяси сахнаға шығып, ең алдымен «Зар заман» (М.Әуезов) дәуірі өкілдерінің ой-пікірлерін дамытты. Олар өз шығармаларында отаршылдық бұғаудан құтылу, қазақ халқын өз алдына тәуелсіз ел ету, халықтың санасын ояту, надандықтан арылу мәселелерін көтерді. 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялы қауымының қуғын-сүргінге ұшырауымен Қазақстанның философиялық ой-пікірлер жүйесінің дамуы үзілді. 20 ғасырда қазақ халқының болмысына ерекше әсер еткен тұлға – М.О.Әуезов. Ол қазақ халқының келешегін айқындауда құнды мәдени-философиялық тұжырымдамалар ұсынды. Әуезов «бесігіңді түзе, бесігін түзей алмаған халықтың болашағы жоқ» деген терең ой айтты. Қазақстан үшін 1917 жылдан бастап отаршылдықтың жаңа түрі – кеңестік құндылықтар қалыптаса бастап, коммунизм туралы ілім негізге алынды, маркстік-лениндік философия үстемдік етті. Мұндай жағдайда қазақ халқының даналық ой-пікірлерін зерттеуге мүмкіндік болмады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап құлдық психологияның орнына демократия, өркениеттік құндылықтар орныға бастады. Қазіргі әдебиеттерде қазақ философиясы ұғымымен қатар «қазақстандық философия» деген ұғым қолданысқа енді. Ол Қазақстанда өткен ғасырдың 60-жылдары қалыптаса бастады, келе-келе «Қазақстандағы философиялық мектеп» деген түсінік орнықты, оның жетекшісі академик Ж.М.Әбділдин болды. Қазақстандық философтар неміс философиясын зерттеді, әсіресе, Гегельдің «Логика ғылымы» еңбегі негізінде қалыптасқан диалектика, логика, таным мәселелерімен айналысты, диалектикалық логиканың өзекті мәселелерімен шұғылданып, бұл салада айтарлықтай нәтижелерге жетті. Қазақ философиясы туралы зерттеулер нышаны егемендікке аяқ басқан кеңестік жылдарда аңғарыла бастады, бірақ толық мүмкіндік Қазақстанның тәуелсіздігінен бастап шындыққа айналды. Қазақ философиясының тарихы мен оның мәселелері туралы жүйелі ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, кандидат, доктор диссертациялар қорғалды, арнайы ғылыми кітаптар жазылды. Қазақ философиясын дүниежүзілік фиолософиялар жүйесінде әрі өркениеттік негізде зерттеу егемен елдің қоғамдық санасының жетіліп-толуының басты арнасының біріне айналып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |