Орта мектепте физика және астрономия пәнін оқыту әдістемесі. § 2.1 Қазақстан білім беру жүйесіндегі өзгерістер. 12 жылдық білім беруге көшу. Қазір біздің мемлекетімізде білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер болып жатыр, білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда, бұл үрдіс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді.
Елімізде Қазақстан Республикасындағы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы (концепциясы) қабылданды. Бұл тұжырымдаманың мақсаты – 12 жылдық мектеп жағдайында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жолдары мен дамыту стратегиясын айқындау. Тұжырымдама мынадай міндеттерді қабылдады:
12 – жылдық мектептегі білім беру мақсатын, міндеттерін, құрылымын, мазмұны мен оқу – тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктерін атап көрсету.
12 – жылдық білім беруге көшудің қаржылық – экономикалық негіздемесін дайындау.
Осы тұжырымдаманың күтілетін нәтижелерін айқындау. Одан әрі Тұжырымдама қандай бөлімдерден тұратыны көрсетілген.
Қазақстандық жалпы білім беретін мектеп соңғы жылдары өзінің келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірленуі және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің еңгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды.
Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар қалып отыр:
Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттың болмауы;
Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы;
Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін - өзі анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.
Сонымен қатар Тұжырымдамада оны іске асыру жолдары көрсетілген. Бұл Тұжырымдаманы әзірлеу жаңа экономикалық және әлеуметтік – мәдени жағдайларда қазақстандық білім беру жүйесінің алдында тұрған білім беру сапасын арттыруға, стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған түбегейлі қайта өзгерістер нәтижесінде туындады. Жаңа ғасырдың балалары жаңа өмірге бейімделген болуы керек, ол үшін жеке тұлғаға мынадай талаптар қойылады: креативтілік (өздігінен шығармашылықпен айналыса алуы), белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, дамыған интеллект, жоғары білім дәрежесі, кәсіптік сауаттылық дейді Ү.Б.Жексембаева 12 – жылдық білімді талқылау туралы диалогта. Қалалық білім басқармасының физика пәні бойынша әдістемелік жетекшісі Қ.Қ.Аханова: «Біздің қаламыздағы үш орта мектепте: 1) аралас мектеп Приречье орта мектебі; 2) №21 орта мектеп; 3) №7 мектеп-лицейінде 12 жылдық білімге өту эксперименті жүріп жатыр. Эксперимент мақсаты – Қазақстан мектебінің жаңа сапаға көшуі, білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту, ХХІ ғасырда жалпы білім беретін орта мектептерде оқушының жеке тұлғасын дамыту үшін жаңа үлгі таңдау. Осы орайда мына шарттар жүзеге асуы тиіс:
1. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, дидактикалық тапсырмалардың біршама жүйеленіп, сапалық деңгейінің артуы;
2. Оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қабылеті қалыптасып, оқу әрекетінің дамуы;
3. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде әр түрлі деңгейдегі әдістемелік іс - әрекеттері, ойын түрлерін жүйелі және шебер қолдана білуі.