Фольклор м.Әуезов – фольклортанушы



бет65/76
Дата17.12.2023
өлшемі0,62 Mb.
#197431
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   76
Байланысты:
Фольклор м.Әуезов – фольклортанушы-emirsaba.org

77. Айтыс және оның түрлері
Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы.
Айтыс — синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. Батыр және лиро-эпос жырларына да әсерін тигізіп, өзі де арнасы кең мол салаға айналған.
Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек.
Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық.
Айтыс - әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Көшпелі елдің қызық-қуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын театры іспеттес болған. Жұрт көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналады.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше түрі бар:
1. Бәдік айтысы.
2. Жар-жар.
3. Жануар мен адамның айтысы.
4. Өлі мен тірінің айтысы
5. Жұмбақ айтысы.
6. Салт айтысы: ә) қыз бен жігіт айтысы; ) ақындар айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар.
1)Бәдік айтысы – айтыстың ең көне түрі. Ерте заманда адамдар мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлап, сол дерттен құтылу жолын іздеген. Ескі наным-сенімге байланысты дерттен құтылудың жолы – үшкіру, шақыру деп есептеген. Түрлі аурумен ауырған малды «бәдік» арқылы үркіту үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізген, өлең сөзбен малға келген індетті көшіруге әрекеттенген. Келе-келе айтыстың бұл түрі жастардың әзіл-қалжың ойын айтысына, сауық кешіне айналды.
2)Айтыстың көнеден келе жатқан тағы бір түрі – жар-жар ұзату тойы үстінде екі мақсатпен: 1) ұзатылып бара жатқан қыздың мұң-зары түрінде; 2) ұзатылатын қызды жұбату сарынында айтылған. Жар-жар айтысының негізгі көркемдік тәсілі – пихологиялық параллелизм – екі құбылыстың ұқсас жақтарын параллель етіп қою.
3)Қазақ халқының өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен төрт түлік мал ерекше орын алған. Төрт түліктің адам өміріндегі маңызы халық ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының бір түрі жануарлар мен адамның айтысында көрсетілген
4)Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі – жұмбақ айтысы. Бәдік, жар-жар, жануарлар мен адамның айтысына қарағанда жұмбақ айтысы адамның сана-сезімінің, таным-түсінігінің даму, өсу, табиғаттың әр түрлі құбылыстарын танып-білу кезінде туған. Жұмбақ айтысына «Сапарғали мен Нұржан», «Әсет пен Ырысжан», «Қожахмет пен Әубәкір» айтыстары жатады.
5)Айтыс жанрының ең көлемді де көркем түрі – салт айтысы. Салт айтысы ХІХ ғасырда кең түрде дамыған. Осы кезеңде өмір сүрген Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Біржан, Сара сияқты айтыс өкілдері сөз таластырып, айтысқа түскен. Салт айтысы екіге бөлінеді: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2) ақындар айтысы
а)Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтыс қыз бен жігіттің арасындағы әзіл-қалжыңға құрылған. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады.

ә)Салт айтысының ерекше түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысының маңызын академик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған. Ақындар айтысына «Сүйінбай мен Тезектің», «Құлмамбет пен Түбектің», «Шөже мен Балтаның», «Шөже мен Кемпірбайдың», «Шөже мен Орынбайдың», «Жанақ пен Шөженің», «Біржан мен Сараның» айтыстары жатады.Ақындар әр уақытта халыққа арқа сүйеген, себебі айтыс ақындары халықтың сөзін сөйлеген, елдің мұң-мүддесін жоқтаған. Елге, халыққа арқа сүйеген ақындар өз ойын ашық айта білген, сол кезеңдегі үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттерін батыл әшкерелеген.


Ақындар айтысында "жаттама өлеңдер аз болады" .Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді.
Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі "ойында өрелік жоқ" дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес.
Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ "сиыршылау" деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды. Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына қарағанда, айтыстың ерекшелігі – оған көптеген әйел ақындар қатынасқан. Қазақ ақындар айтысында талантымен танылып, бүкіл елге аты жайылған әйгілі ақындар аз емес. Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан мен Тәбия сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер. Осындай аяулы өнер иелерін халық қатты ардақтаған.
Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда "Халық театрының анық, дәл ұрығы бар",яғни,айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды.Тарихта аты мәлім қазақ ақындарының көпшілігі осы айтыс өлеңдерінде тәрбиеленіп өсті. Айтыс – ақындық тәрбие мектебі. Сөз сайысы үстінде оның ақындық өнері шыңдала береді. Ақындар шаршы топ алдында сарапқа, сынға түскендіктен, сөзінің мазмұны мен көркемдік жақтарына зер салады. Айтыс жырларындағы үздік образ, шешен сөздер осы айтыс үстінде туған.
Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой-жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Айтыс ақындарының ұғымында өлең белгілі бір кісіге қонатын өнер саналған. Кемпірбай, Базар, Бұдабай, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді ақындар өлеңнің “киесі бар, иесі бар” деп білген. Мысалы, Бұдабай, Бақтыбай, Жанақ ақындар түсінде бір ақсақалды әулиенің “өлең аласың ба, көген аласың ба?” деген таңдатуынан соң, өздерінің өлеңді қалағандарын айтады. Бұл табиғатынан осы өнер түріне бейім жаратылған ақындардың ой-қиялының жемісі болуы да ғажап емес.
Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді қазір Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр.
Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Бетпе-бет келген екі ақын да сол орайда жеңудің сан алуан жолдарын, амал-тәсілдерін қарастырады. Ә дегеннен амандасу, ел жағдайын сұраудың өзінде айтыс боларлық түйін, сын тағарлық мәселелер іздестіріледі. Қарсыластардың қай-қайсысы да негізгі уәж, аталы ойларын бірден жайып салмай, аңысын аңдап, құрылған тор, айлалы қақпанға түсіруді көздейді. Оның алдын орап, матап, шырмап, қисынды да уәжді сөзбен тоспақ болады. Машығы мол, айла-тәсілі көп, аталы сөзді орнымен қолдана білген ақын ғана мәрелі жеңіске жетеді. Суырып салма өлеңге ысылған, ағыл-тегіл жыр иесі айтыста сөз таппағаннан жеңілмейді, аталы сөзден, жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан тосылады. Мұны қанша өкінішті болса да жұрт алдында ашық мойындауға, кейінгі жырлау кезінде жасырмай айтуға мәжбүр болған. Бұл шыншылдық ойды “Аталы сөзге арсыз жауап қайырады” деген мәтелімен айтыстың әділ қазысы болған халық өзі түйіндеп отырған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет