Формирование человеческого капитала в условиях обучения в течение всей жизни



Дата10.02.2020
өлшемі40,18 Kb.
#57609
Байланысты:
Адами капитал

ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛУ ТҰРҒЫСЫНАН АДАМИ КАПИТАЛДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

ФОРМИРОВАНИЕ ЧЕЛОВЕЧЕСКОГО КАПИТАЛА В УСЛОВИЯХ ОБУЧЕНИЯ В ТЕЧЕНИЕ ВСЕЙ ЖИЗНИ

FORMATION OF HUMAN CAPITAL IN THE CONDITIONS OF LIFELONG EDUCATION

Б.Б. Байкасов.

Тәрбие теориясы және әдістемесі орталығының ғылыми қызметкері
Аңдатпа. Мақалада қазақ халқының даму парадигмасының кезеңдері көрсетіліп, оның өзгеру себептері талқыланады. Жаһандану мен қоғамдық сананың трансформациясы тұрғысынан заманауи Қазақстан бейнесін бейнелейді.

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы изменения парадигмы развития казахского народа, отражаются причины ей изменения, отображается образ современного Казахстана в контексте глобализации и трансформации общественного сознания.

Abstract. The article discusses the issues of changing the development paradigm of the Kazakh people, reflects the reasons for its change, displays the image of modern Kazakhstan in the context of globalization and the transformation of public consciousness.

Кілт сөздер:Парадигма, индустрия, реформа, цифрлы Қазақстан, интернет, Жолдау, Төртінші өнеркәсіптік революция, «Смарт-сити».

Ключевые слова: Парадигма, индустрия, реформа, цифровой Казахстан, интернет, Послания, четвертая промышленная революция, «Смарт-сити».

Key words: Paradigm, industry, reform, digital Kazakhstan, Internet, Messages, fourth industrial revolution, «Smart City».
Адам баласының табиғаты қызық қой. Қоғамда жылт еткен жаңалық болса қабылдай алмай «заман не боп барады?», «заман өзгерді», «мына заманның түрі жаман» деп уайым кешіп, ал жаңалықты жетік меңгерген жастарды «заманына қарай адамы», «қазіргінің баласы», «қазіргі заман жастары» деп жатады. Ғылымда мұны парадигма дейміз. Елбасымыз бағдарламалық мақаласында – «төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» –деп көрсетті [1].

Қазақ халқы - мемлекет құраушы халық. Әр дәуірдің парадигмасы халқымыздың ақыл-ойы эталоны саналатын озық ойлы ағартушы демократтардың авторлық идеяларынан айқын көрінеді. Қазақ даласында шариғат заңы үстемдік құрған феодализммен қатар кен өндіру ісі дами бастаған капиталистік қоғамда жаңалықтың бәрін «құдайдың кереметі» деп танылған. Әсіресе, елін прогресске шақырған зиялылардың авторлық шығармасынан осы идея айқын көрінеді. Мәселен, алғашқы ұстаз Ы. Алтынсарин «Бір құдайға сиынып, кел балалар, оқылық!», ұлы ақын Абай Құнанбаев «Алланың өзі де рас, сөзі де рас,...», ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Жаратқан малды Құдай не керекке»-дейді.

Жоспарлы экономикаға негізделген кеңестік қоғамда парадигмалар келбеті мүлде басқа арнаға ауысты. Атеизм етек жайды. Қызыл террор патриоттардың бәрін құртып, қоғамды құлдық санаға тәрбиеледі. Халықтың санасында «социалистік жарыс», «үкімет, партия» деген «құдіретті» ұғым қалыптасты. Осылайша ой еркіндігі жойылып, кеңестік ережелер шеңберінде шектеулі сана қалыптасты. Халық санасында «Үкімет өлтірмейді» деген үміт берік орнықты. Бұл идеология Кеңестік әдебиет өкілдерінің шығармаларында кеңінен насихатталды. Мәселен, аға буынның: «Біздің ту - Совет туы, берік қолда. Партия қайда болса. Партия қайда болса- жеңіс сонда!» деп шырқауы кеңестік дәуір үні болатын.

Осындай догмалық идеология салдарын нарықтық экономикаға көшкен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрдік. Тарихта «тоқырау жылдары» аталған осы жылдары жекешелендіру жүргізіліп, экономика дағдарысқа түскенде де адамдар «Үкімет өлтірмейді» деген үміттің жетегінде ұзақ уақыт жүргені ақиқат. «Жекеменшік» деген ұғымды жаппай қабылдай алмады.



Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары орын алған дағдарыс жағдайынан сара сана, сарабдал саясат иесі Н.Ә.Назарбаев шығара білді. Ол әрдайым ауылдың әл-ауқатын көтермейінше, Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын айтып жүрді.  Ауыл өмірін жақсартуға батыл қадамдар жасады. Сондықтан, 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылы» деп жариялады. Ауыл жылында 2004-2010 жылдарға арналған ауылды дамытудың бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. 2017 жылы «Туған жер» бағдарламасын, 2018 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жариялады. Бағдарламалар мен жобалар ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға септігін тигізеді. Әсіресе, өңірлердегі мәдениет пен еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуге негіз болды.

Қазақстан-жас мемлекет. Жас көшетті қалай баптасаңыз солай өседі. Сингапурдың әкесі атанған әйгілі реформатор Ли Куан Ю журналистің -Үнді елін Сингапурдың дәрежесіне жеткізе аласыз ба?-деген сауалына былай депті:



Жоқ, себебі үндістер өзіндік бағыт бағдарын, салт дәстүрін берік ұстанып – ежелден келе жатқан халық. Ал ескілікке әбден үйреніп, жаңашылдықтан жасқанатын қауымға эканомикалық болсын, әлеуметтік болсын әйтеуір кез келген реформаны іске асыру аса қиын. Негізі әлемге танымал Гандимен Нерудің бірқатар мүмкіндіктері болған, бірақ қанша жерден тырысқанымен халықтың қанына сінген таптық жүйені түбегейлі құртуға олардың шамалары келмеді. Ал Сингапур болса енді–енді аяққа тұрған, жас бала сынды мемлекет еді. Сондықтанда маған анағұрлым оңайырақ болды [2].

Бүгінде ауыл адамдарының парадигмасы өзгерген. Инфроструктурасы дамыған ауыл адамдары қолға мал ұстағанды қаламайды. Себебі үйдегі азын-аулақ төрт түліктен алған өнім, тәулік бойы теккен тердің есесін қайтармайды. Бозала таңда тұрып сиыр сауып өріске айдау, төлдеріне күтім жасау, өрістен күтіп алу, сүт тартып, май шайқау, жаз бойы жем-шөп дайындау. Осының бәрі физикалық және қаржылық шығынды қажет етеді. Дайын ет-сүт өнімін ауыл дүкенінен арзан бағамен сатып алу әлдеқайда тиімді екенін түсінді. «Тұрмыс сананы билейді» деген осы. Қазiргi уақытта ауылдарға қалаға тән тiршiлiк пен тұрмысты қалыптастырмай, халықты ауылдық жерлерде ұстап қалудың ешбiр қисыны қалмады. Бүгінгі республикамызда алыс-жақын шетелдерге үлгі болатын ауылдар көптеп кездеседі.

Қоғамда реформалардан басқа, технологиялық төңкеріс, жаһандану жағдайы да парадигманың қалыптасуына әсер етеді.

Жаһандану деп әлем елдерінің көптеген сала бойынша жақындаса түсуін айтамыз. Әлемдік сауда айналымы, еңбек мигранттары, білім, мәдениет ықпалдасуы, интернет желісіндегі толассыз ақпараттар осының бәрі жаһандану нышаны болып табылады. Бүгінде әрбір ұлттың жаһандану әлеміне жұтылып кетпей ұлттық құндылықтарымен танылуды мақсат етеді. Мәселен, көркем жазулы күміс кесесі қолынан түспеген алтыннан киім киіп, аң қуған «Алтын адам» арқылы мәдениетіміздің биіктігін дәлелдейміз. Ерекше дарынымен елдігімізді танытқан тұлғаларымызда жетерлік. Бүгінгі бабамыз шөлін басқан ұлттық сусынымыз қымыздың кептірілген ұнтағын әлем елдеріне экспортқа шығарып отырмыз. Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенов елімізді жаһанданудың айдынына алып шығуда.

Жаһанданудың жаман жағынан сақ болғанда абзал. Себебі интернет арқылы жат мәдениет жастарды желіктіруде. Биік ғимаратта селфи суретке түсу, шатырдан шатырға секіру, жол үстінде көліктен түсіп билеу, сондай-ақ, ұлттық құндылықты, технология жетістіктерін мойындамай хиджап, пәрәнжі, қысқа балақты шалбар, қауға сақал қою сияқты әдеттердің абырой бермесі анық.

Кертартпа ескіліктен арылып, санасын жаңғыртпаған ел ешқашан экономикасы дамыған озық елдердің көшіне ілесе алмайды.

Қоғамда саналы азаматты қалыптастыру үлкен бетбұрыстың бастауы болып табылады. Саналы азаматтар қауымдастығы қалыптасқан елде реформалар жедел жүзеге асады. Ал реформалар адам парадигмасын ауыстыруға негіз болады.

Мақсатқа жету үшін алдымен адами капиталды дамыту шарт.Еліміздегі санасы ашық әрбір азамат ел игілігіне үлес қосатын патриот болуы керек.Саналы азамат дегеніміз-төртінші индустриялық революция жетістіктерін және бірнеше тілді жетік меңгерген білімді, білікті маман.

Сананың ашықтығы дегеніміз-жаңа технологияның өмірімізге алып келген өзгерістерін қабылдауға дайын болу деген сөз.

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Барлық жаңа жетістіктер цифрлық және ақпараттық технологияларға байланысты болып келеді.Технологиялық төңкеріс күнделікті өмірімізге мынадай жаңалықтар енгізіп жатыр.

Автономды көлік құралдары. Ең басты жаңалық болып саналатын жүргізушісіз көлік құралдары қазір басқа да жекелеген көлік түрлерінен бастап дрондарда, ауа және су кемелерінде де тәжірибелік қолданысқа еніп жатыр.

Дрондар шалғайдағы электр желілерін тексеру немесе әскери қауіпті аймақтарға медициналық жабдықтарды жеткізу сияқты қызметтерді орындай алады. Еліміздегі пошта қызметі дрондарды тимді пайдалануда. Тауарды 500 шақырым жерге дрон арқылы жеткізу жолға қойылған. Сол сияқты, ол ауыл шаруашылығында деректерді талдаумен астарластыра пайдалану, жер суару мен тыңайтқыш сіңіруді әлдеқайда тиімді қамтамасыз ете алады.



3D- басып шығару. 3D басып шығарудың артықшылығы ол шикізат түріндегі материалдан басталады және цифрлық шаблонның негізінде нысанның үшөлшемді пішінін жасап шығарады.

Бұл технология ауқымды салалардан бастап (жел қондырғыларынан) ең кішкентай (медициналық имплантанттар) қосымшаларға дейін кең қолданысқа енеді.Қазіргі уақытта бұл әдіс-автомобильдік,аэроғарыштық және медициналық салаларда ғана қолданылуда.



Жаңа материалдар. Қазіргі уақытта осыдан бірнеше жыл бұрын көзімізге елестете алмайтын қасиеттері бар жаңа материалдар нарыққа толассыз келуде. Мәселен,жаңа материалдан жасалған матаға оранып алсаңыз, сіз қоршаған ортаға көрінбейсіз.

Цифрлық технология.Еліміздің үшінші жаңғыру жолындағы басым бағыты цифрлық жүйеге көшіру. Оның тиімділігі зор. Қоғамда жемқорлықтың жолы кесіліп айқындылық пен тазалық салтанат құрды. Цифрлық технология өндірістің барлық салаларында, өнеркәсіп пен инфрақұрылымнан бастап, денсаулық сақтауға дейін трансформациялық қызмет көрсететін болады.

Озық робототехника.Бүгінде роботтарды пайдалану жер өңдеуден

бастап сырқат адамды бағып-қағуға дейінгі барлық салалар мен міндеттерді түгелге жуық қамтиды [3].



Қытайда алғаш рет жаңалықтар жүргізетін робот жасалды. Оның түр әлпеті, мінез-құлқы адамды айнытпай салады. Жасанды интеллект арқасында ол «тірі» әріптестерінен үлгі алып, дами алады. Робот дикторлар жаңалықты бірнеше тілде жүргізетін болады. Және тәулігіне 24 сағат жұмыс істей алады [4]. Таяу болашақта көптеген мамандықтарды осындай роботтар атқаратын болады.

Бұл жалғыз дипломмен жан бағып жүрген жандарға қауіпті. Олардың мамандықтары дикторлар сияқты қажетсіз болып қалуы әбден мүмкін ғой. Қазақстанда барлық адам үшін жұмыс табылады. Барлық жерде бос жұмыс орындары болғандықтан, ешбір адам жұмыссыз жүрмеуі тиіс. Басты мәселе адамдардың белгілі бір кәсібі жоқтығында болып отыр–деген Елбасымыз тығырықтан шығудың жалғыз жолы кәсіби білім беретін оқу орындарына барып, маманға айналуы тиіс екенін атап өтті [5].

Бүгінде адамдар формальды емес білім алу негізінде жаңа еңбек қоғамында сұранысқа ие мамандықты оқуда. Заманауи мамандыққа ұмтылған жастарға зор мүмкіндік бар. Мәселен, 2015 жылы Елордада «ШАГ» Компьютерлік академиясының қазақстандық филиалы ашылды. Онда әлемнің ақпараттану және компьютер саласында кәсіптік IT-білім алуға болады. Жастар желілік технологиялар және жүйелік әкімшілік, бағдарламалық қамтуды әзірлеу және компьютерлік графика мен дизайн сынды үш бағыт бойынша білім алады. Осындай курстарда білім алған жаңа мамандық иелері оқуды аяқтау туралы куәлік пен сертификат алып шығады. Құжат жас ерекшеліктерін ескермейді. Адамдарда жасына қарамай жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, шет тілін үйренемін деген ынтасы болса болды. Олардың еңбек нарығында бәсі жоғары болары ақиқат.

Бұл үрдіс бүгінгі қоғамда «өмір бойы білім алу» парадигмасын қалыптастырды. Қорыта айтқанда, «өмір бойы білім алу» парадигмасын қалыптастырушы факторларға мыналар жатады:



  1. Қоғамда реформаларды жүзеге асыру.

  2. Технологиялық төңкеріс.

  3. Жаһандану жағдайы.

Осы үш фактор ықпалымен даму жолына түскен Қазақстанда адами капиталды дамыту мәселесі өзекті болып отыр.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының «Саналы азамат» базалық бағыты еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде өмір бойы білім алуға дайын, бәсекеге қабілетті, прагматик, шығармашыл тұлғасын қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала. 12 сәуір, 2017. http://online.zakon.kz/

  2. Ли Куан Ю. https://kaz.365info.kz/li-kuan-yudyn-ne-degenin-bilesiz-be

  3. Клаус Швабек. Төртінші индустриялық революция. «Эксмо» 2016 ж.

  4. Қытайда робот бірінші рет жаңалықтар жүргізді. https://sn.kz/kk/sn-akparat-agyny

  5. «Азаматтық қоғам және мемлекет. Диалог. Серіктестік. Сенім» Азаматтық форумында Елбасы баяндамасы 29 қараша, 2018 жыл. Астана қ.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет