Формирование профессиональных умений и навыков


Кілем тоқуда қолданылатын ою-өрнек әуендерінің жаңашыл жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеудегі алатын орны



бет12/25
Дата14.09.2022
өлшемі0,79 Mb.
#149478
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25
Байланысты:
статьялар

Кілем тоқуда қолданылатын ою-өрнек әуендерінің жаңашыл жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеудегі алатын орны
Бакжанова А. Ж. - оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Қазақ қолөнері сонау ескі заман тарихымен өсіп біте қайнап келе жатқан бай қазына. Яғни, «қазақ» деген ұғым пайда болғаннан бастап ғана емес б.з.д. өмір сүрген «ғұндар мен сақ» тайпасынан келе жатқан рухани дәстүр. Қазақ халқының қолөнері ол көнеден келе жатқан мұра, өнегелі дәстүрі бар өзіндік ерекшелігі мол байырғы өнер. Қазақ ою-өрнектеріне жақын сарынды біз көне сақ, скиф салтының өнерінен көреміз. Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына қатты талап қойып, олардың әрі ұнамды, әрі сәнді болуын қалады. Еңбек үстіндегі шығармашылық ізденудің нәтижесінде тұрмысқа керекті заттардың жаңа алуан түрлері жасалып отырды. Сонымен қатар жиhаздардың ою-өрнектері де талғамға қарай жаңа мәнер, жақсы әшекейлермен безендірілу және жиhаз-мүліктердің жаңа түрлерін шығару талабы да арта түсті. Қазақ салтының дәстүрлі өнерін Ш.Уалиханов, С.Дудин, Қ.Чепелев, С.И.Руденко, Ә.Марғұлан, Т.Бәсенов, С.Қасиманов және т.б. ғалымдар мен өнер зерттеушілер ғылыми еңбектерінде өнертанытқыштық мақсатында қарастырған. Сол дәстүрлерімізді қайта жаңарту, жаңғырту барысында – мемлекетіміздің, халқымыздың көптеген қолөнер түрлерін жинақтап, зерделеудің, оның айналасындағы тәлім-тәрбие, мол тәжірибе негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеу қажеттігі туып отыр.


Жалпы қазақ халқының қолөнер түрлеріне: кілем, алаша, ши, сырмақ, киіз, тұскиіз, текемет, кесте, желбау, жержастық, құрақ, басқұрлар, өру, шашақ бау, қамшы, қоржын, аяққап жатады. Бұл қолөнер түрлерінің әрқайсысының өзіндік ерекше мәні мен мағынасы және талай ғасырлық тарихы бар. Және жасалу жолдарының да, оларға түсетін ою-өрнек әуендерінің де өз алдына ерекшеліктері болады. Қазақ халқының қолөнеріне көп көңіл бөліп, зерттеген ғалым С.Қасимановтың «Қазақ халқының қолөнері» атты кітабында, «ою» деген сөзбен «өрнек» деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де «ою» дейді. Ал, өрнек дегеніміз әртүрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, желімдеп, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан көбінесе ою-өрнек деп қосарланып айтыла береді - деп жазылған. Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді, үй-жиhаздарын жасауды өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанатта құра білген. Бұдан біз халық шығармашылық жұмыстарының қандай түрі болса да халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көріс кәсібімен тығыз байланыста екенін көреміз. Дегенмен де біз бүгінгі таңда осы қолөнер түрлерін дамыту барысында жаңашыл жас ұрпаққа қолөнер түрлерінің әдіс-тәсілдері мен тоқылу жолдарын тереңінен меңгерткен жағдайда – онда еліміз Қазақстанға тигізер пайдасы қандай деген сұрақты тереңінен талқылап өтсек. Біз қазіргі әрбір жаңашыл жас ұрпақтарымызға қолөнер түрлерінің салаларын тереңінен үйретіп, меңгертпесек онда Қазақстанымыздың мәдениетінің өркендеуі төмендеп, алға қарай даму барысына кері әсерін тигізеді.
Сонымен де Қазақстан үш ғасырға жуық Ресей қол астында болғандықтан қолөнеріміздің даму барысы тоқтап, кейбір түрлері ұмыт бола бастаған еді. Әрине оған қазақ халқы кінәлі емес, сол кездегі қоғам себепкер еді. Енді еліміз ел болғалы, жер болғалы, мемлекет болғалы қолөнеріміздің дамуына ешкімде кері әсерін тигізбейді.
Мемлекетіміз қолөнер түрлерінің дамыту жолдарын (кәсіби білім беру) қолға алып жатыр. Ал, оны дамытып ғасырдан-ғасырға рухани дәстүрлерімізді жалғастыратындар кімдер? Әрине жас ұрпақтар! Сол жас ұрпақтарымыз қолөнер түрлерінің қай саласын болмасын тереңінен оқып, үйреніп меңгерсе, онда келешекте қолөнеріміздің даму барысында мәдениетіміздің өркендеуіне үлкен үлесін қоспақ.
Қолөнеріміз дамыған сайын мемлекетімізді өзге мемлекеттермен салыстырғанда өркениетті дамыған елдер деңгейінде боламыз. Қазақстан дамыған елдер қатарынан көрінуі үшін қолөнерімізді дамыту, дәстүрімізді жалғастыру, мәдениетке үлес қосу үшін – ол жас ұрпақтарды осы қолөнер саласында тереңінен меңгертіп тәрбиелеу болып отыр. Сол қолөнер түрлерінің ішінде халықтың тарихын білдіретін қолөнер түрінің бірі – кілем тоқу. Өздеріңізге белгілі қолөнер – сонау ескі заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәдени мұра. Осы кілем тоқуда қолданылатын ою-өрнек әуендерінің жаңашыл жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеудегі алатын орны қандай? – деген сұрақты тереңінен талқылап өтсек. Онда қазақ халқының қолөнерінің арнасы өте кең, түрі саналуан екенін түсінеміз. Қолөнер түрлерінің қай-қайсысына болмасын, яғни қазақ халқын айнала қоршаған бұйым, зат, құбылыстардың да жасалу болмысына ою-өрнек өнері қатысып, оларды әсем де сәнді көрсетіп, мазмұнды да әсерлі етіп отырған. Осылайша оюмен ғана ойы толық, мазмұны анық көрінетін қолөнері қазақ халқының байырғы кәсіпшілігі болғаны белгілі. Олар осы кәсіпшіліктің арқасында өздерінің материалдық, рухани қажеттерін өтеп қана қоймай, дер кезінде балаларға оның қыр-сырын түсіндіріп, жасалу жолдарын көрсетіп отырған. Осыған орай жас ұрпағын өнерге қатысты мәтелге қосып отырған.
Бармақтарың майысып, түрлі ою-ойысып, ұста болар ма екенсің?! - деп, балаларының болашағынан үлкен үміт күткен. Қазақ халқы: ер балаларға – ұсталық, етікшілік, зергерлік, үйшілік т.б. өнерін үйретсе, ал қыздарға: кілем, алаша, ши, кесте, бау, текемет басу, сырмақ сыру, киім тігу т.б түрлерін меңгертуге тырысқан. Соның негізінде балаларын жастайынан еңбек етуге, үнемділікке үйретіп, әсемдікке баулыған. Олардың бойына адамгершіліктің тұғырын қалау мен денесін шынықтыруды; ақыл-ойын өсіруді, өз бетінше өмір сүрумен кәсібилікке даярлауды мақсат еткен. Осы ниетпен олар өз тәжірибелері негізінде ақыл-кеңес беру, үлгі өнеге көрсету, үйрету, көңілге тоқыту, жаттықтыру, иландыру, сендіру, қолдау, мақтап-марапаттау т.б. әдістерін пайдаланған және әдіс-тәсілдерін қолдану барысында да балалардың жас ерекшеліктерін ескерген. Мәселен, тоқыма өнерінде жіп сабақтау, жүн түту, құрақ қию, құрау, кесте тігу, тоқыма тоқу сияқты жеңіл-оңай қимылдарынан бастап киіз басу, кілем тоқу, алаша тоқудың қиын күрделі жолдарына қарай бірізділікпен меңгертіліп отырған. Сондай-ақ ою-өрнек өнерін қыздарға үйрету жағдайында ою-өрнек үлгілерінің пішіні жеңіл, жіпсандары аз, кішірек бұйымға салынатын түрлері көрсетілген. Осылайша ою-өрнек үлгілерінің оңай түрлерін, жеңіл жұмыстарына көздері қанығып, іштей танып қолдары үйреніп өздері жасай алатын икемділікке жеткен шағында олар көп еңбек сіңіруді қажет ететін, топтасып жасайтын, киіз, текемет басу, кілем тоқу өнерлеріне араласа бастайды. Одан әрі қолөнердің жекеше атқарылатын күрделі түрлеріне термелеп, жүздемелеп сан-қилы ою-өрнектерді түсіре алатын халге жетеді. Осылардың бәрін игеріп, жоғарыда айтқан көпшіліктің көмегімен бітетін бұйымдарға басшылық ете алатын, сол бұйымға ою-үлгісін жасап бере алатын жағдайға жеткенде «оюшы», «ісмер», «шебер» бармағынан бал тамған «өнері асқан шебер атанады». Сол себепті, қазақ халқы өнер адамдарын кейінгіге үлгі – өнеге етіп, мұндай жетістікке адам тек ою-өрнек өнерінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететінін санаға сіңіріп отырған. Өйткені, мысал ретінде: киіз басудың, жүн түту, жүн сабау, білектеу, тебу т.с.с., жұмыстарын жас-кәрі, бір-екі көргеннен-ақ атқара алуы мүмкін. Ал оған түсетін ою-үлгісін аса өнерлі адам ғана бастырмалатып шығады.
Сырмақ сыруда да солай, кілем тоқу өнерінде де шалу, ілу, қию, тоқпақтау, тегістеу, үлгіге қарап отырып кілемнің керілген желі жіптерін санап өрнек шығару әдістерін көпшілік атқара алғанымен кілемге салынатын үлгіні «асқан шебер» адам даярлап береді. Қазақ өмірін зерттеген зерттеушілер «қазақтар – бейнебір оюлар мен өрнектер арасында өмір сүретіндей»-деп жазған. Ою-өрнек тарихы мен мәдениетінің ұлттық ерекшелігінен, ертедегі дүние танымынан мол мағлұмат беретін құнды материал. Сол ою-өрнек әуендерін мағынасына қарай мынандай топтарға жіктейді:

  • ай, күн, жұлдыздарға-көк әлеміне байланысты өрнектер;

  • ою-өрнек әуендерінің атаулары: ашық, төртайшық, айбалта, егіз жұп, жұлдыз, кемпірқосақ, күн, арқар т.с.с.;

  • малға, малдың денесіне, ізіне байланысты. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, бөрікөз, түйе мойын, бота көз, омыртқа, өркеш т.с.с.;

  • құрт-құмырсқаларға байланысты. Ою-өрнек әуендерінің атаулары:

  • алақұрт, жылан, көбелек, шыбынқанат, тышқан із, жылан бас, жылан із, өрмекші, ұяшық. т.с.с.;

  • құстарға байланысты өрнектер. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: құстаңдай, құсқанат, қазтабан, қаз мойын, қарға тұяқ, құс тұмсық, қанатты ою, құс құйрық т.б.с.;

  • аңға, аңның денесіне, ізіне байланысты өрнектер. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: мүйіз, бөріқұлақ, табан, қыңыр мүйіз, бөріқұлақ, түлкі бас, түйе мойын, бота көз, ит емшек т.с.с.;

  • жер, су, өсімдік, гүл, жапырақ, бұтақ бейнелі өрнектер. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: арпа бас, қоза, баған өрнек, төртгүл, үшгүл, ирексу т.с.с.;

  • қару-құралдарға байланысты өрнектер. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: балта, айбалта, ирек, жебе т.с.с.;

  • геометриялық фигуралар тектес өрнектер. Ою-өрнек әуендерінің атаулары: шеңбер, сүйір, ирек, төртгүшгүл, балдақ, қармақ, тұмарша, шынжара т.с.с.

Қазақ ою-өрнек көшенін мынандай топтарға бөлуге болады:

  • нәубетаты (өсімдік әлемі);

  • зооморфтық ою-өрнек (Жан-жануарлардың табиғи және фантастикалық бейнелері);

  • космогониялық ою-өрнек әуені (дөңгелек, шимай, шет ою т.б.);

  • тұрмыстық ою-өрнектер әуені (балта, келін бармақ, бауырсақ т.с.с.);

  • тіке сызықты ою-өрнек әуені (төртгүл, ирек, қармақ, төртқұлақ);

  • нышандық ою-өрнек әуені (қанатты ою, солақ, шалма т.с.с.).

Демек, қазақ халқының қолөнер шебері ою-өрнек өнерінде нағыз сынға түседі, яғни қолөнер шеберінің таразысы ою-өрнек өнері. Сондықтан да қазақтардың қолөнер саласын жетік меңгерген, эстетикалық талғамы жоғары, ісмерлігі озған адамды «өнеріне қарай өрнегі» деп сүйсіне бағалауы тегін емес.
Өнер қашан да қамқорлықты, оған асқан жауапкершілікпен, жанашыр-лықпен, қарауды қажет етеді. Әсіресе, осы ою-өрнек өнерін жүйелі оқыту жайы, оған жастай баулып, тәрбиелеу ісі баршамыздың алдымызға байыпты міндеттер тартады. Өнер – өмір бұлағы, ізгілік пен әсемдік шырағы. Өнерді, оның қоғамдық тәрбиелік мәнін жан-жақты түсіну үшін әсемдік, әдемілік заңдарын жақсы түсіне білу керек. Өнер біздің қоғамда адамдарды, оның ішінде әсіресе, жастарды рухани, эстетикалық тәрбиелеуде сенімді күшті құрал болып табылады. Жастарды көркемөнерді сүюге, адамға тән ізгі қасиеттерді қастерлей білуге үйретеді. Осылайша өнерге құштар балалардың отбасында-ақ еңбекке қызығушылығы қалыптаса бастайды. Яғни, олар шыдамдылыққа, төзімділікке, инабаттылыққа, адамгершілікке, үнемділікке, сапалы, әсем, әрі көркем тоқуға бой үйретеді. Кілем тоқу барысында балалардың дене бітімі шымыр, ақыл-ойы мен сана сезімі, фантазиялық және композициялық ойлау қабілеттері жақсы дамиды.
Халық өнерін игеру – балаларды еңбек сүйгіштікке, әсемдікке, өнерлі болуға талаптандырып қана қоймай халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулиды.

Әдебиеттер



  1. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. А., 1969.

  2. Абдуалиева Ш. Халық қолөнері. А.,1992 .70 б.

  3. Мұқанов М.С. Жүннен жасалатын бұйымдар. А.,1993. 56-64б.

  4. Өмірбекова М., С. Төленбаев. Ою-өрнек. 1том. А., 1996. 119б.

  5. Тыныбеков Қ. Мұрагерлер. А., 1990. 3-62б.

  6. Левин Л.М. Ковры и ковровые изделия. М., 1997.

  7. Прикулиева А.Н. Ковровые ткачества туркмен долины средней Амударьи. М.,1966.

  8. Маргулан А.. Казахское народное прикладное искусство. А., 1986. 1,2,3 том.

Түйіндеме


Мақалада халық өнерін игерудегі тәрбиенің түрлері мен маңызы және қазақ халқының тарихын біліп, қолөнерін үйретудегі мәселе қарастырылған.


Резюме


В статье поднимаются вопросы необходимости изучения истории казахского народа, обучения казахскому народному прикладному искусству.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет