Гүлжан мен Берік
Табын Қапанұлының екінші қызы Гүлжан. Оның табиғаты, болмыс бітімі Күләйсаға қарағанда басқашалау. Күлайсада қайсарлық, жігер басым болса, Гүлжанда нәзіктік, сезімталдык басым. Мүмкін бұл Гүлжанның анасы Оңайға тән болып, құшағында өскендіктен шығар. Өскеннен кейін де ол алысқа ұзамай ата мен анасының қасында, бір қалада тұрып қалды.
Бір шындық, бұл от басының балалары мектепті өте жақсыға оқитын, алғырлығымен көзге түсіп, болашағынан үміт күттіретін. Гүлжан әке ақылын тыңдап және өзінің жүрек қалауымен дәрігер болуды мақсат етті. Мектепті бітіріп, орта білім куәлігін алысымен Алматыға аттанды. Құжаттарын Асфандияров атындағы Мемлекеттік Медицина институтына тапсырды. Бұл оқу орны денсаулық саласындағы абыройы биік, дара оқу орны болатын. Сондықтан да оған түсу қиынның қиыны еді.
Қанша жерден білімім мықты дегенмен жас емес пе толқыныс, жүрексіну болды. Өйткені жер жерден келген балалардың басым көбі өте жақсы мен жақсыға бітіргендер екен. Негізі бұл оқу орнын дәрігерлікті шын жақсы көретін фанаттар мен білімі мықты жастар болмаса түсу де, сосын оқу да қиын. Сабаққа бір күн барып, үш күн демалуды көтермейді. Себебі, сен болашақта адам жанын сақтайтын, емдейтін қасиетті мамандық дәрігер боласың. Адам жаны қандай нәзік болса тәні одан да күрделі. Жан мен тәннің сырын ұғып, мәнін білемін деуге, алты жыл оқып, екі жыл ординатурада жүруге кез келген жасыңыз шыдамайды. Сондықтан да ғой шет еліңізде бұл мамандық иелері ең жоғары жалақы алатыны.
Гүлжан оқуға түсуден қиналған жоқ, қажетті баллын алып оқуға түсті. Атасы мен әжесінен, әке мен анасынан, тай құлындай тебісіп бірге өскен бауырларынан бір күнде жыраққа кету алғашқы кезде Гүлжанға қиынға түсті. Байланыс бөліміне барып, телефон- мен жиі сөйлесуді шығарды. Жазғы каникулдан Алматыда оқитын Есенжан мен Күлайса келді ауылдан. Сағынышын басып, сабаққа назарын аудырды. Алғашқы кездерде ол таңның атысы, күннің батысына дейін кітаптан бас алмады, түннің бір уағына дейін ла- тын тіліндегі дәрілер атын жаттап, санасына сіңірді. Келе-келе оған практикалық сабақтар қосылды, қала емханаларында кезекшілік етті, тәжірибе жинақтады.
Не керек, осындай студенттік кезеңнің қызығы мен қиындығын қатар ала жүріп, оқуды да бітірді, диплом да алды. Ақтау қаласына келіп 1981-2002 жылдар аралығында перзентхана үйінде дәрігер болып қызмет атқарды. Дүниеге келген әрбір бала Гүлжан үшін бір бақыт болды. Жарық дүниенің қожасы, ертеңгі адамзат ғұмырының жалғасы, сәбидің тіршілікке келу сәтіне Гүлжан жауапкершлікпен қарады. Ақырында ол жауапкершілік оған «Бірінші дәрежелі дәрігер» деген атақ әкелді.
Бір сәтте өзі де сәбилі болды. Атын Асқар қойды. Атасы Табынның көзі Асқарға түсті: «Мен тұңғышым Есенжанды туысымен атасы мен әжесінің бауырына салып едім, мына Асқарды маған беріңдер, қартайған шағымда маған арқа сүйейтін асқар тауым болсын» деді. Көп сөйлемейтін, сөйлесе нық айтатын әке сөзіне ешкім қарсы тұра алған жоқ, сәби Асқар атасы Табын мен әжесі Оңайдың баласы болып шыға келді, өз атына жазғызып та алды. Ол кездегі ата мен әженің қуанышын, бакыттылығын айтып жеткізем деу әурешілік. Жас иісті аңсап қалған олар Асқарды асты үстіне түсіп, бетінен қақпай өсірді.
Бірде Табын аға бізге: «Гүлжан қызыма ризамын, айтқанымды тыңдап дәрігер болды, жас ұлғайған сайын бір үйге бір дәрігер керек екен...» деп, шыны мен қалжыңын араластырып әңгіме айтқан-ды. Ал, сол Гүлжан әкесі туралы былай дейді:
- «Біздін отбасының туы - әкеміз. Өйткені өмір боііы әкеміз бізге өмірде адал, таза, ешкімге қиянат жасамау керектігін үйретті. Ол сөзбен емес, іс-әрекетімен тәрбиеледі. Әкем басшы қызметтерде болды. Қолында билік бар. Бірақ, оны жеке басына, от басына пайдаланбады. Сауда орындарына телефон соғып, менің балаларыма, әйеліме мынау керек еді деп ешқашан сұраған емес. Бізді «дефицит» заттармен еркелеткен емес. Дүкенде не бар соны кидік, соны іштік. Анамыз да әкемді жақсы түсінді, ананың әйелі бриллиант тағып, шуба киіп жатыр деген, орысша айтқанда капризі болған жоқ.
Әкеміз жұмыстан өте кеш келетін, соган қарамастан үйге кірісімен - ақ телефонға жармасатын. Сондағы сұрайтыны: мұнайдың қысымы қандай, жоспарды орындаймыз ба, май қатып қалған жоқ па? Қашанда да біздің үйде екі телефон болатын, біреуі облыспен байланысып тұрса, екіншісі мұнай кәсіпшіліктерімен байланысқан. Әкем үйге кірісімен біздер, ешқайсымыз телефонға жоламаймыз. Тәртіп солай. Анамыз айтып түсіндіріп қойған.
Арқасына мінгізіп, «дефицит» заттарға орап өсірмесе де біз әкемізге ризамыз. Балалары: Есенжан, Күләйса, Сабыржан және маған жоғары білім алуымызға бар мүмкіндікті жасады. Тіптен, Сабыржан Мәскеудің Губкин атындағы Мұнай институтын бітірді. Мұны айтып отырған себебім, Кеңес Үкіметі тұсында біз сияқты от басында сегіз-тоғыз адамы барларға өмір сүру оңай болған жоқ. Оның үстіне әкемде басқалар сияқты «көлденең табыс» деген түсінік те, әрекетте болған емес. Балаларьін бір жасқа жеткізген сон енесінің, әжеміздің бауырына салып, анамыз жұмысқа шығып кететін.
Бүгінгі адамдарға қораш көрінуі мүмкін, әкеммен анам айлық жалақыларын әжемнің қолына әкеп салатын. Әжеміз біздің от басының «Бас бухагелтері» болатын. Кіріс пен шығысты да өзі есептеп, кімге не керек, үйге не қажет дегеннің бәрін өзі жүргізетін.
Бір кезде философ Сократ айтқан екен: «Мен балаларыма алтыннан да қымбат байлық сыйладым, ол білім мен ғылым» деп. Біздің де ата, анамыз ең қымбат тұратын білім, білім байлығын сыйлады. Сол үшін де ризамыз, әрі өмір бойы қарыздармыз.
Бұл күнде бәріміз де өстік, өндік. Есенжан, Сабыржан, Күлайса үшеуі де мұнайшы. Біздің от басының да қатысы бар деп ойлаймын, жолдасым Берік 1994 жылдан бері «Қа- ражамбасмұнай» бірлестігінде өндіру мен өткізу бөлімінде қызмет істейді. ..».
Гүлжанның өмірден таңдаған жары атыраулық Берік деген азамат болды. Үлкендердің батасын алып, отау құрды. Беріктің әкесі мен анасы екеуі де ұстаз еді. Қаншама жасты тәрбиелеп, сол өңірге жақсы аттарыменен танылған жандар. Әжесі Ақзила: «бұл немеремнің атын өзім қоямын... жаратушы нұрын аямай шашып тұрсын!» деп, ырым етіп өмірге жаңа келген сәби атын Нүркелді қойыпты. Осы орайда Беріктің өзі былай дейді:
— «Әкем мен анам Атырау облысы Құрманғазы ауданында тұрды. Екеуі де өмір боііы аудан орталығындағы мектепте мұғалім болған адамдар. Мен үйленетіндігімді екеуіне хабарладым. Қандай бір ата-ана болса да әуелгі сұрағы келіндерінің шыққан жері қандай ел, жер екенін сұрудан басталатыны табиғи нәрсе ғой. Сол сұрақты олар маған да қойды. Мен айттым: «Гүлжанның ата-анасы қазір Ақтауда тұрады, бірак түпкі тамыры атыраулықтар, фамилиясы Оржановтар» дедім. Сол-ақ екен әкем елең ете қалды да: «Гуръевтегі байланыс баскармасында істейтін, Оржанов Сәлімгерейдің туыстары емес пе?» деп сұрады». Мен «ия» дедім. Сол-ақ екен әкемнің жүзіне жылылық ұялап, анам мейірлене қалды. Сөйтсем, әкем мен анам бұл әулетті бұрыннан біледі екен. Жаңағы өзі айтып отырған Сәлімгерей аға әкемнін шәкірті көрінеді.
Бірде шәкірті Сәлімгерей аға ұстазының үйіне телефон желісі әлі тартылмағанын естыді. Содан аз уақыт ішінде оларға телефон орнатып береді. Әкемнің алдынан қаншама оқушы білім алмады дейсіз, қайсысы қайрылып, көмек көрсетіп жатыр дейсіз. «Көргені бар бала ғой» деп, Сәлімгерей ағаның жақсылығын айтып отыратын. Ақырында біздің үйге телефонның тез орнауының арқасында Гүлжанға үйленудің ақ батасын әкемнен мен де тез алдым...»
Шекелеріне үкілеп таққан Берік пен Гүлжанның Эльмира деген қызы бар. Ол бір отаудың жас келіні, жолдасының есімі Мұрат.
Эльмира «Ақтөбемұнайгаз» бірлестігі кадр бөлімінің маманы. Бұлар да Оржановтар әулетінің, алып бәйтеректің бір бұтағы. Адам ұрпағымен көрікті, өмірі мәнді. Олай болса Оржановтар әулетіне көрік беріп тұрған жас отау бұл да.
Сабыржан мен Гүлнар
Балаларының кенжесі Сабыржан Атыраудағы «Доссор» мұнайшылар мекенінде 1959 жылдың қарашасында дүниеге келді. «Ақ әже» атанып кеткен Зияда бұл немересін шырылдап дүниеге келген сәтінен бастап бауырына басты. Ал, емшектен шыққан соң біржола әжесінің қасында жататын болды. Бір үйдегі бір адамның, жалғыз Табынның табысы не болсын, соган көмек болсын деген оймен баласы бір жасқа толған күні Оңай жұмысқа шығып кетті. «Балаларды менен артық қарайтын енем Зияда» деп, бүгінде ризашылық көңілмен еске алады Оңай апа.
Ата мен әже бауырында, әке мен ана қамқорлығында Сабыржан да басқа бауырлары іспетті ай санап, жыл санап өсе берді. Атасы мен әжесі жетектеп мектеп табалдырығын аттады. Мектептен қол ұстасып атасы екеуі қайтатын. Ата мен немеренің жарасымдылығына талай ел көз тастап, қызығатын. Бір күні осы көрініс белгілі журналист Мұқтасын Сухамбердиев назарына ілігіп суретке түсіріп алыпты. Ата немересін жетектеп келеді. Немересі атасына ұмтыла қарайды. Ата мен немере! Адамзат атулының атын жер бетінен өшіртпей келе жатқан осы байланыс, осы махаббат!
Журналист ағамыз кешікпей облыстық газетке бастырады суретті. Сол-ақ екен облыстың ірілі-ұсақты бар басылымы біртіндеп, реті келгенде дегендей, басып шығыпты. Әдемі жарасымдылықтан тұратын, талайлар жүрегіне нұр құйған сол суретті біз де осы кітапқа салып отырмыз.
Күн артынан күн, ай артынан ай ағып жатқан зымыран уақыт емес пе? Сол уақытпен жарыса Сабыржан да мектепті бітірді. Өзі айтқандай мамандық таңдап бас қатыру болған жоқ онда, «мұнайшы болу біздің қанымызға сіңген» деп, ойланбастан Мәскеудің атақты оқу орны Губкин атындағы Мұнай институтына келді. Мектепті жақсы бітірген ол қиналмастан-ақ оқуға түсіп, студент атанды.
Қараңызшы, әке жолын қуған деген осы болар, тура отыз жыл өткенде әкесі Табын отырған аудиторияға келіп, сол ұстаздардан: Гусеин Заде, Челкашов, Филатов сынды мұнай білгірлері, ғылым докторлары мен профессорлардан дәріс алды. Сабыржанның артықшылығы әкесі секілді сабақ оқуда қиналған жоқ, өйткені ол орыс тілін біліп, орысша мектепті тәмамдап келген.
Сабыржаннның есейіп қалғандығы ғой, мұндағы сабақтардың күрделілігін көріп: «бір ауыз орысша білмеген әкем мына сабақтарды қалай «жақсыға» оқыған?» деп, талай толганған-ды. Сосын әкесінің жігеріне, қайсарлылығына таң қалып, іштей бас иетін. Оның бойындағы «өзім атқарамын, өзім тындырамын!» дейтін өзімшілдік мінезді мүмкін әкесінің осындай қайсарлылығы тәрбиелеп тастаған шығар, кім білсін?
Студенттік жылдар мәнді өтті. Білім алумен қоса нағыз достар тапты. Жан досы Кан Алексеймен бірге бір группада оқыса, Марабаев Ермек, Сәлімгерев Мәлік қатарлас бөлімде оқыды. Бір жатакханада тұрды, бірге қыдырды. Қысқы, жазғы демалыстарда Ақтауға бірге келіп, бірге кайтқан кездері де болды. Не керек, жастық шақтың тәтті сәтін олар бірге өткізді. Бүгінде ол күндерден олар айтатын естеліктер көп. Мүмкін олар достығының мықты болып тұрғаны, сол күндердің мәнді өтуінен шығар, кім білсін.! Әйтеуір, олардың кай-қайсысынан да: «жан достармыз!» дегенді айны-қатесіз естисіз.
Жылдар жылжып институтты бітіретін кез де келді. Сабыржанның есінде әкесінің дипломдық жұмысын қорғаған күн-24-ші маусым жатталып қалған. Деканатқа арнайы барып, осыдан отыз жыл бұрын, дәл осы күні әкесі Табын Қапанұлының дипломдық жұмысты өте жақсыға қорғап шыққанын мақтанышпен айтып, түсіндіріп, өзінің де сол күні қорғағысы келетінін айтты. Жақсы ырымға, ілгері ниетке кім қарсы болсын, «24-ші маусымда Сабыржан Табынұлы диплом қорғайды» деп жазып қойды. Айтқандай-ақ, ойындағысы орындалып ол дипломдык жұмысты «беске» қорғап шықты.
Содан, Сабыржан мұнай саласының маманы атанып, небір атақты, білімді доктор-профессорлардан білім жинап елге оралды. Келісімен әкесі Табын Қапанұлы жұмыс ізде, жұмыска шық деп бір екі мәрте айта берген соң анасы, Ақ әже Зияда:
—Балам не болды, Сабыржансыз да Маңғыстаудың мұнайы қазылып жатты ғой, баланы мазалай бердің ғой өзі. Демалсын біраз, сосын шығады да. Өзі қатарлары құрбылары жүр ғой әне..,- деп, реніш білдірді.
- Апа, он бес күн демалыс бір адамға аз емес. Көмір қазып, тау қопарып келген жоқ, жұмыс іздесін, жұмысқа шықсын!-деді, кесіп-пішіп.
- Балам-ау, жұмыс іздеп не? Бар жұмыс қолыңда тұрған жоқ па, біреуіне, тәуірлеуіне орналастыр. Екінің бірі Мәскеуді бітіріп келіп жатпаған шығар,- деп, тағы да болмады анасы Зияда. Анасының бұл сөзіне жауап қайтармаған күйде Табын жұмысына шығып кетті.
Қайтсін, кішкентайынан бауырында өскен балапаны болған соң жаны ашып барады. Бұның бәрін есітіп тұрған Сабыржан:
- Ақ әжем менің, мені қорғаштағаныңа рахмет! Бірақ, әуре болма әже, папамды білесің ғой, айтқанын істетпей қоймайды. Өзім де ойлап жүргенмін жұмыс іздеу керек деп. Апа, саспа, Маңғыстаудың мұнайы әзір таусылмайды, мұнай таусылмаса жұмыс та табылады. Папама ренжіме, турашыл етіп туған өзің ғой,- деп, сөзінің аяғын қалжыңға бұрып, ақ эәжесін келіп құшақтады. Еңгезердей болып ер жетіп кеткен немересінің құшағында «құлыным, құлыным!» деп, басын иіп майдайынан иіскеп қояды.
Кім білсін, «Оржанов» деген фамилия көмектесті ме, әлде өзі қажет болды ма Сабыржан жұмыс табудан қиналған жоқ, «Маңғыстаумұнайбұрғылау» басқармасына бұрғышының көмекшісі деген алғашқы «қызметке» орналасты. Әкем білдей бастық, бұдан жоғарылау жұмыс сұрап көрсем қайтеді деп бірер күн ойланып жүрді де, бұның нәтижесіз екенін, әкесінің ешкімнің алдына барып баласы үшін қызмет сұрамайтынын білді де қоя қойды.
Жұмысқа түсетін күн де келді. Қырсық болғанда ұйықтап қалыпты, жұмысшылардың автобусынан қалып қойды. Мұны білген Табын Қапанұлы түнерген бойда:
-Сабыр, жұмысты жақсы бастап жатырсың. Бірінші күннен кешіктің, ақыры не болар екен. Мен сені күнде таси алмаймын жұмысыңа... тез жинал, жұмысқа кешігетін болдым,-деді. Сабыржанда үн жоқ. Жұмыс киімдерін алған бойда машинаға келіп отырды. Бірлестік қаладан көп қашықта болатын. Жол айрығына келгенде,- Бұдан әрі өзің жетесің, менің жолым басқа жаққа қарай кетеді -деді, Табын баласына. Осы кезде күні бойы үнсіз отырған жүргізуші жұлып алғандай:
-Табын Қапанович, әлі де болса шамалы жақындатайық та, әлі он екі шақырым жаяу жүруі керек, не болды сонша,-деді, шамалы ашуланыңқырап.
-Жоқ, апармаймыз, өзі жетсін, ұыйқтап қал деген мен емес... -Қойыңыз, Табын Қапанович, жас қой әлі, Сабыр ақымақ жігіт емес қой, бір жолға жеткізіп тастайык...-деді, жүргізуші тағы да. Үнінде жалыныш бар.Бұл жолыТабын үндемеді. Үндемегені келіскені деп, жүргізуші машина басын «Маңғыстаумұнайбұрғылау» бірлестігіне қарай бүрды. Үшеуі де үнсіз. Әркім өз ойымен әлек. Сабыржан іштей: «енді қалмаспын жұмыстан» деп түйілді.
Бәрібір бірлестікке жеткізбеді. Екі шақырым қалғанда машинаны тоқтатты да:
-Бұдан әрі мен апармаймын. Үкіметтің машинасымен баласын жұмысқа тасып жүр Оржанов деп ертең-ақ біреу арыз жазады. Ұйықтап қалған өзің, азабын да өзің көр,- деді де түсіріп кетті. Әлі алда екі шақырым жол жатыр. Амал қанша, күн ыстық, аспан айналып жерге түскендей. Арқалаған жұмыс киімдері бар, бой-бой боп терлеген Сабыржан сағат оннан аса жеті-ау жұмысқа.
Бөлімге келсе бастық жоқ, оның орынбасары Виктор Вожжов, орыс жігіті отыр екен. Оған да Сабыржанның кешігіп келгені ұнаған жоқ. Ол іштей: «Бастықтың балалары осылай жүреді, көрсетермін мен саған жұмысқа кешіккенді, шыдай тұр!» деп, бұртна Сабыржанға қарап:
- Иә, бала , жұмысқа келдім де, бізде жұмыс таңғы сағат сегізден басталады, - деді. Не дер екен дегендей Сабыржанға бедірейіп қарайды.
- Кешіріңіз, ұйықтап қалыппын,-деді, шынын айтып.
- Ол сылтау емес, күрделілеу бір нәрсені ойлап таппадың ба, бала? - деді, тура алдында қылмыскер тұрғандай шүйлігіп.
- Мен өтірік айта алмаймын, шыным сол, ұйықтап қалыппын. Енді кайталанбайды, бір жолға кешіріңіз,- деді, Сабыржан бұл жолы қатқылдау үнмен. Орыс Сабыржанға одырая бір қарады да:
- Жарайды, бір жолға... жұмысыңа кіріс,-деді, шамалы сынып.
Міне, осы сәт, осы оқиға Сабыржанға үлкен сабақ болды. Бұдан кейін жұмысқа да, небір кездесу мен жүздесулерге де еш кешіккен емес.
«Ер шекіспей-бекіспейді» дегендей, әлгі бастықтың орынбасары орыс жігітімен кейіннен, өзінен көп жас үлкен болса да жақсы жолдас болып кетті. Қазір ол Мәскеуде, үлкен қызметте. Сабыржан ол қалаға іс сапармен барған сайын кездесіп, қауышып тұрады. Сол жылдардың талай-талай қызықтарын еске алып, екеуі де бір жасап қалады. Дәл қазір Мәскеулік болғанмен, туып-өскен жері Қазақстан болған соң, ол да аңқылдаған аңғал ортаны, кең пейілді қазақ дастарханын, достарын сағынады. Оны өзі осылай деп айтады да. «Сабыр, бірінші күннен жұмысқа кешігіп келгеніңді көргенде менің қатты ашуым келген, бастықтардың балаларының бәрі осы, еркетотай өңшең, көрсетемін әлі сендерге...» деп, тісімді қайрап қойғанмын. Бірақ, сен ерке емес, нағыз мықты маман болдың. Сондықтан мен саған ештеңе көрсете алмадым, әттең. Әкең Табын Қапановичтен де асып түстің ғой» деп, шынын айтып, қарқылдай күлгені бар бір жолы. Мынадай ашық әңгімеден кейін олардың жолдастықтары достыққа ұласып кетті.
Сабыржан бұрғышының көмекшісі болып аз ғана уақыт жұмыс істеді де, аға технолог болды. Бұл жүмыстардың бәрі Сабыржанға таныс, таныс болған соң оны атқаруда қиналған жоқ. Жазғы каникулға келгенде әкесі Сабыржанды мұнай кәсіпшілігіне қара жұмысқа салып қоятын. «Үйрен, әрі ақша тап... Мәскеуде оқу оңай емес». Қарсылық білдіруге от басында үйренген тәртіп пен тәрбие жібермейтін. Соның пайдасын енді көріп жатыр. Білетін жұмысы, келісімен кірісіп кетті. Әлгі орыс досының «көрсететінін көрсете алмай» қалғаны да сондықтан.
Кешікпей аға технолгтан аудандық инженерлік-техникалық қызмет көрсету Басқармасы бастығының орынбасары болды, сосын МУРБ-та аға инженер, одан кейін «Ақтаугазда» бастықтың орынбасары болып қызмет атқарды. Қай жерде қызмет атақармасын Сабыржан Табынұлының артынан жаман сөз ерген емес. Ол қашанда ордалы от басында, ата мен әжеден алғыс алып өсіп-өнгендігін көрсете білді, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат етті.
Сонау, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары біздің қоғамымызға жаңа қатынас-нарық экономикасы (біздің базарлы экономика дегіміз келіп тұрады) келген кезде Сабыржандар нағыз орда бұзар отызға келіп каған кездері болатын. Жас келсе іске. Жаңа қоғамдық қатынастар бұл жастарды: Марабаев Ермек, Салімгереев Мәлік, Балжанов Асқар, Ыбырашев Кенжебек, Кан Алексей... және Оржанов Сабыржандар бұрынғыдан да жұмысқа жаңып кетті. Жаңа идеялар көтерді, бастамалар бастады, жас болса да мұнай саласындағы ірі-ірі лауазымды қызметтерде сыналды, Қазақстан экономикасын көтеруге бір кісідей ат салысты.
Сабыржанның негізінде, әкесіне тартқан мінездерінің көп екенін оны білетін адамдардың бәрі дерлік айтты. Олар: жұмысына мықты, досына адал, жолдас болуға болады деді. Мысалы біздің есімізде Марабаев Ермектің: «Сабырда (достары осылай атайды) адам танитын қабілет бар, ол таңдаған достардың ұятқа қалдырғаны жоқ. Және онымен кез -келген «разведкаға» шығуға болады, сені жарты жолда ешқашан қалдырмайды. Менімше бұл адамдыктың ең биігі деп білемін...» дегені жатталып қалыпты.
Жәй айтыла салған сөз болса сол сәтте-ақ ұмытылып қалған болар еді, жоқ, біз ұмытпадық. Себебі, Ермек бұл ойын шын жүрегінен шығарып, шындықты айтты. Біз оған сендік.
Соңғы жылдарды Сабыржан Табынұлы үлкен бір жобаға басшылық жасап отыр. Ол- «Түпқараған» және «Аташ» жобалары. Мұны «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниямен бірлесе отырып, жобаға онымен тең мөлшерде Ресейдің «Лукойл» компаниясы қатысады. Осы жоба негізінде «Түпқараған» ТОО ұйымдасты, оның Бас директоры болып Оржанов Табынұлы Сабыржан тағайындалды.
Жоба бойынша 2004 жылы 2Д сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу шаралары басталды. Ал, 2005 жылы «Түпқараған» құрылымында алғашқы барлау ұңғымасын қою жоспарланып, іске асырып келеді. Бұл жоба Хавальн және Орталық жобалары Каспий теңізінің Ресей мен Қазақстанға тиесілі ұлттық секторлары туралы Үкіметаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылуда.
Негізінде, «Лукойл»-Қазақстан Республикасында мұнай мен газ жобаларын жүзеге асыруға 1995 жылдан бері қатынасып келе жатқан ашық акционерлік қоғам. Компания өзінің 100% -дік еншілес кәсіпорны «Лукойловерсизхолдинг» ЛТД арқылы ірі-ірі жұмыстар атқаруда. Олардың ішіндегі ең маңыздылары геологиялық барлауға және кенорындарды игеруге қатысты жобалар жасайды, әрі іске асырады.
Қазіргі уақытта «Лукойл» Қазақстан Республикасының мұнай мен газ секторындағы ең белсенді шетелдік компания. Ол Каспий теңізінің қайраңын, игерумен байланысты төрт геологиялық барлау жобаларына қатысушы, олар- «Хвалын», «Орталық», «Түпқараған», «Аташ» жобалары. Сонымен қатар ол мұнай өндіру жөніндегі аса ірі үш жобаның-«Теңіз», «Қарашығанақ», «Құмкөл» жобаларының акционері; компания Каспий құбыржелілік консорциумның (КҚК) акционері, мұнай өнімдерін өзіне қарасты бөлшектеп сату торабы арқылы өткізумен айналысады.
Міне, Сабыржан Табынұлы «Лукойл» мен Қазақстан Республикасының мұнай мен газ саласындағы ірі жоба- «Түпқарған» ТОО-ың Бас директоры. Сырт қарағанға бәрі оңай, жұмыс еш кедергісіз жүріп жатқан секілді көрінеді. Тереңірек барып талдау жасасаң: мұнайды іздеу, барлау, ол қазған жерден шыға қойса жақсы, шықпаса, табылмаса бар еңбек, шығын далаға, желмен кеткенмен бірдей болады. Ол жүйкені жұқартып, төзімді тауысып, шашты ағартады. Мұнайдың заты жақсы болғанмен, машақаты көп. Оны білген ғана түсінеді, білмеген білмеген күйінде қалады. Ал, Оржановтар әулеті осы машақатты біле түрып, мұнай өндірісіне келді, әлі де келе беретін түрлері бар. Өйткені мұнай кәсіпшілігі Оржановтардың ата кәсібі!
Өмір өрнегі жұмыстан, қызмет істеуден ғана тұра ма екен? Өнда өмір бір жақты болып, мәнсіз, сұрықсыз болып кетер еді. Жар сүйіп, от басын құрып, үрпақ өсіру деген бар емес пе, тағы да адам еншісіне тиген. Мүмкін, өмірдің бар мәні осында шығар, қалғаны осыған қосымша болар. Олай болса Сабыржан өзінің от басы жайлы былайша баяндайды:
- «Оқу бітіріп келген соң 1982 жылы Гүлнарға «ғашық» болдым, неге күлесіз, ғашық болмасам үйленбес едім ғой. (Мен ашық әңгімеңізге риза болып тұрмын деп ақталдым. Шынымды айтсам Сабыржанның шынын айтып тұрғанына таң қалдым. Бар еркек қызға ғашық болады, үйленеді, сосын өмір бойы онысын, ғашық болғанын жасырумен өтеді. Неге? Білмеймін. Мен білетін Сабыржан жалғыз еркек, Гүлнара ғашық болғанын жасырмай тұрған. «Молодец!» деп қоямын іштей.) Екеуміз бас қосып, отау құрдық. Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Гүлнардың папасы да атақты мұнайшы. Аты Маңғыстау өңіріне белгілі Дауытов Жарылқасын деген ел азаматы. Ол «Маңғыстаумұнайбарлау» тресінде аға геолог, «Өзен» бұрғылау жұмыстары басқармасында геология бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Қазақстан мұнайын молайтамын деп, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған нагыз профессионал мұнайшы. Өкініштісі сол ол кісі өмірден ерте өтіп кетті...
Содан, бірер жылда қыздарым: Әсел мен Айгерім келді дүниеге. «Ақ әжем» Зияда кейде бізге, бір нәрсеге ренжіп қалғанда: «шырақтарым, ата-ананың қадірін өздерің балалы болғанда білесіңдер!» деп қалатын. Мәнін ол кезде түсінген жоқпын. Қазір ойласам мағынасы терең екен. Шынында да ата мен әжемнің, әкем мен анамның қадірін өзіміз сәбилі болғанда сезіп қалдық. Сәбилі болу бақыт екен, өміріңді өзгертіп жібереді. Өмірдің мәнін басқадан іздеп, бас қатырып жүрсек ол от басында, балаларда екен ғой. Қыздарым ақылды, алғыр, мектепте жақсы оқыды. Қайдан, кім айтқанын білмеймін, үлкен қызым Әсел чех тілін өз бетімен үйреніп алыпты. Мектеп бітірісімен: «Папа, мен Прага университетінің экономика факультетіне оқуға түскім келеді, оларға хат жазып едім жауап келді...» деді.ұзақ жер деп анасы Гүлнар біраз қиналды, мен бірден келістім. Өзінің таудай талабына қуандым. Не керек ойлаған оқуына түсіп кетті.
Табиғат заңдылығы, сонда жүріп алматылық Нұрланмен танысып, үйленеміз деп «ультиматум» қойды. Не істейсіз, тағы да табиғат заңына бағынасыз, оны бұзуға хақым жоқ, рұқсатымызды бердік. Ата-аналары күда түсіп, ата салттың жол-жоралғысын жа- сады. Оның соңын ұлан асыр тойға ұластырдық. Ағайын-туған, әсіресе, достарым көп көмек берді.
Қазір Әсел үйде балалы болып отыр. Ал, Нұрлан болса нақ мұнайшы болмаса да осы кәсіпке бір табан жақын мекемеде кызмет істейді. Ол «КазПетромаш» бірлестігінде экономист. Өте талапты, алғыр жас. Бұл бірлестік мұнай кәсіпшіліктері үшін құрал-саймандар шығарады. Соған қарағанда Нұрланның да, егер қаласа, кажет деп тапса «мен де мұнайшымын!» деп, айтуына әбден болады, оған хақылы. Өйткені мұнайға қажеттінің бәрі-бәрі Нұрланның есеп-қисабынсыз қыбыр ете алмайды.
Екінші қызым Айгерім биыл 10 сыныпта оқиды. Ойында мұнайшы болу бар ма жоқ па оны біз білмейміз әзірге. Мүмкін, ол мұнайшы мамандығын таңдап та қойған шығар. Кім білсін, біраз жыл өткен кезде Айгерім Сабыржанқызы Оржанова Қазақстан мұнайының ең бір үздік майталман маманы» деп, мақтанып отыратын шығармыз. Енді оған уақыт қана төреші...».
Біз Гүлнарға әбден таптаурын болған, бірақ, барша әйел басынан өтетін «өтпелі» кезең, туған отанды тастап, басқа, бөтен от басына келудің қиындығы мен қызығы қандай деп сұрақ қойдым. Ол:
- Бұл от басы маған бөтен емес еді, әсіресе, атам Табын Қапанұлын бұрыннан білдім. Жаңа, Сабыржан менің әкем туралы айтты ғой, екеуінің қызметі де мұнай саласында болған соң әкелеріміз жұмыс бабымен араласып-құраласып тұрды. Атамды әкем: «білімді инженер, таза адам» деп айтып отыратын.
Қызық болды, ол кезде мен оныншы класта оқитынмын. Орыс әдебиетінен бізге «Қазақстаным менің- Отаным менің» деген тақырыпка шығарма жазуға тапсырма берді. Қайдан келгенін білмеймін мен өз әкем мен Табын Қапанұлы Оржанов туралы жазуды ұйғардым. Біраз мәліметті папамнан сұрап алдым. Екеуі де қазақтан шыққан алғашқы инженерлер. Мал баққан қазақтың бүгінгі ұрпағы өскен, өзгерген: бір инженер, бірі құрылысшы, бірі архитектор, металлург, дәрігер... дей келіп, негізгі бөлімде олар туралы жаздым. Шығармам мұғалімге қатты ұнады. Ақырында мені аудандық байқауға қатыстырып, бірінші орынды жеңіп алдым.
Осы дәстүрді жалғастырып үлкен өызым Әсел де атасы туралы шығарма жазыпты. Оны біз білмейміз. Оқып қарасам: «Менің атамның (Табын Қапанұлы) басы компьютер, ол математиканың небір күрделі есптері мен амалдарын одан тез шығара алады... Ол қарапайым, мейірбан, әділ адам» деп жазыпты. Біз ойланып қалдық. Атасы туралы берген «анықтамасы» анық, дәл. Сөйтсек, бала от басындағы бар нәрсені бйқап, бағдарлап өседі екен ғой. Балаларымыз атамызға ұқсап өссе біз бақытты болар едік.
Атамның бойында өмірге деген бір құштарлық бар. Жақында бір тойға бардық. Той ортасында бір топ жас қазіргі заманның «брик» биін биледі. Орнына тұрып олардың биін басынан аяғына дейін тамашалап, біткен кезде қол соғып, тіптен ақша де берді. Ол биді кез келген билей алмайды, ол толған қимыл мен әрекет, күш қой, Соны сексенге келген адам түсініп тұр. Басқа қарттар «бұл не пәле» деп, далаға шығып кетті.
Және атамыз компьютерді тез үйреніп алды, қазір жан-жаққа хат жазып, хат алысып отырады. «Әттең мен қызмет істеген кезде болмағанын қарашы, жер шарымен араласып отырар едім онда...» дейді, шыны мен қалжыңын қатар айтып.
Қызметтес қыздар күледі маған: «Сенің атаңмен баслалдаққа бірге көтеріліп едік, ол кісі озып, біз қалып қойдық» дел. «Жаны саудың, тәні сау» дейді ғой, соның растығына атам мен анамыз арөылы көз жеткіземін. Екеуі де тың, өздерін өздері күтіп отыр...
«Қазмұнайгаз» бірлестігіне қарайтын мұнай өндіру бөлімінде инженер болып қызмет істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды, мұнайдың мәселесі сол бәріміздің де айналдыратыны- мыз. Қысқасы, мұнайшылар от басынан, мұнайшылар әулетіне келін болып түстім».
«Балаларым да мұнайшы!» Бұл сөзді айтып отырған, осы кітаптың діңгегі, мұнайшы Оржановтар әулетінің үшінші ұрпағы- Оржанов Қапанұлы Табын. Айтысында мақтаныш, аздап желпініс те бар. Мақтанбағанда қалай? Балалары өмірден өз орнын дұрыс тауып, оның ішінде ата мен әке жолын қуып, әулет кәсібін жалғастырып жатса неге мақтанбасқа, неге марқаймаска? Желпіністің де жөні бар, «ә, әйтеуір нанын тауып жеп жүр ғой...» дейтін емес, балалары елі мен жұртына тұтқа болып, ел экономикасын көтеруге елеулі үлес қосып, өз несібелерін елден ілгері тауып жеп жүрсе неге мақтанбасқа.
Алайда, Табын аға мен Оңай апа балаларын орынды-орынсыз сөз арасында қыстыра қойып, мақтамайды, сезіммен сездіріп, ишарамен жеткізеді. Біз балалары туралы сұрақты қоя бастасақ болды «өзінен сұраңызшы, өздері айтсыншы...» деп, жауапты алып қаша берді. Олардың мұнысын біз қазақтың «тіл, көз» дегеннен сақтанған түрлері-ау деп түсіндік те артық мазаламадық. Қайсібір ата мен анаға да, ең әуелі баласының аман болғаны керек. Содан кейін барып өз несібесін өзі теріп жеп жүрсе соған көңілі тоқ. Алда-жылда талабына нұр жауып, бақтары асып бара жатса үйде отырып «тақымын қысып» абырой тілейтін шын тілекшілер.
Табын аға мен Оңай апаның балаларының алды ердің жасы елуден асып, соңы қамал алар қырықтың қырқасында жүрген азамат. Олардың бүгінгі шыққан биіктері, қол жеткізген табыстары, халқына тигізген пайдасы аз емес. Алайда, олардың бұл жеткен жетістікпен тоқталмасы да анық.
« Өмір-өзен!». Өз ағысымен алға аға береді.
Ілесу-ілеспеу сенің шаруаң...
Достарыңызбен бөлісу: |