Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»



бет4/11
Дата23.10.2016
өлшемі4,68 Mb.
#57
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
* * *

Көзді ашып жұмғанша төрт жыл өте шықты деуге де болады. Таңертең ерте тұрып, лекцияга асығып, одан кейін оқу залы, Ленин атындағы кітапханаға бару, семинар-сессия деп жүргенде, одан қала берді жерлестермен кездесу, туған күн кештері... осындай қызықтар, «өмір-өзен» иірімінде күндер жылжып, айлар өтіп жатты.

Жастар армандайды, қарттар еске алады. Жастық шақ, оның ішінде студеттік кезеңді еске ала бастағаны сол еді Табын аға мүлдем өзгеріп сала берді. Жүзіне нұр ойнап, айналасына шуақ шашып, дауысы да ширап, тура сол кезге қайыра оралғандай түрге бөленді.

- «Мен Мәскеуде өткен студенттік кезімді өмірімнің ец бір мәнді, құнды, қызықты күндерім деп есептеймін. Тағдырыма ризамын, мемлекетке де ризамын, сондай оқу орнына бізді жолдамамен жіберіп, оқытқан. Әйтпесе, ондай ірі оқу орнына өз бетімізбен барып оқу ол кезде мүмкін емес болатын. Бар өміргме жетерлік білім жинадым, жатпай-тұрмай орысша үйрендім, академик пен профессорлардан сабақ алдым, үлкен ортаны көрдім, мықты мектептен өттім. Қысқасы, өсу жылдарым болды.

Бір ғана біздің Мұнай факулътетінде тоқсаннан астам студенттер оқыса оның жартысы менен ересек, соғыстан оралған солдаттар еді. Жас болса да олар өмірдін ащысын аямай-ақ татып келгендер. Жолдастыққа, достыққа өте берік, жас шақтарынан шыңдалған азаматтар. Өмірге деген көзкарастары да биік, түсініктері де мол. Өмір мен өлім ортасынан оралғандықтан ба тіршілікте кездесетін ұсақ-түйек проблемаларға соншалықты мән беріп, шүйлікпейтін. Асқақ жүретін, таза ойлайтын, ұятты жігіттер болды көбі. Олардың бейнесі менің жадымда бүгінгідей сайрап тұр. Біразы бақилық та болып кетті, жандары жәнатта болғай.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дейді қазақ. Талай ашқұрсақ болып жүрдік, бірақ оған жабығып, шаршаған емеспіз. Студент деген де жол азығын жол-жөнекей іздейтін қасқыр секілді ғой, қалтамызда көк тиынымыз болмаса да аш жатпаймыз, біреуден біреу ауысып, жерлестерге барып, қыздардың бөлмесін жағалап, не керек әйтеуір, қарынды тойдырып жатамыз. Қызық, мұндай «жорықтар» студент деген атқа ылайықты көріне береді екен.

Менің бөлмеме екінші семестрден кейін Айтжанов Нариман деген жігіт келіп орналасты. Ол да Атыраульщ екен. Жата-жастанып бір-бірімізді таныдық. Нариман менен біраз үлкен болды, ақылып айтып, жанашырлық жасап жүрді. Өсек, өтірік дегенмен шаруасы жоқ, айтам дегенін бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын бетті, әрі жаны нәзік те жігіт еді. Жаны ән салғанды, отырыстарда көңілді отырғанды қалайтын. Нариман болған жерден көңілсіздік «қашып» кететін. Өзі де әдемі болатын, киген киімі сол сұлулығын толықтырып, көптің назарын өзіне аударып, кейде өткен-кеткен бұрылып қарайтын. Қырындаған қыздар да көп болып, таңдай алмай көпке дейін сұр бойдақ болып жүріп қалды. Кейіннен барып Бақытқа үйленіп, бақытты от басына айналды. Өмір бойы аралас-құраласта өттік. Жары Бақыт қазір бала-шағасымен Алматыда тұрады. Шынымды айтсам, досымды сағынып жүрмін.

Бізден жоғары курста оқитын: Шақабаев Сәкен, Бақыбай, агайынды Сәлім, Асабай Хисметовтер, Кемелов Аққуан, Өтесінов Рахмет, Телишев Жұмахан, Сағынғалиев Бөлекбай, Орынбасаров Құбаш болатын. Бір институтта бірге оқып, бір жылда бітіріп шыққан жолдастарым: Атшыбаев Әбу, Ғабдуллин Хамит, Өзбеққалиев Халел, Айтжанов Нариман, Даярдиев Қоблан, Шаманов Нұрбек. Айтуға аузым да бармайды, олардың бұл дүниеде жоң екені есіме түссе жүрегім сыздайды. «Қатарың болмаса тойға барма» деген қазақтың сөзінің мәнін енді түсініп жүрмін, амал қанша, сөйтсек, өмір соңы өлім екен гой.

Солардың көзіндей болып Асылханов Сәлімжан мен Мырзағалиев Қамысбай бар ортамызда. Досым Мырзағалиев Қамысбай сексеннен асып кетсе де тұғырынан түспей, еңбектің көрігін қыздырып жатыр, үйде отырып-ақ. Мұнай туралы, оның тарихы туралы талай кітапты жазып тастады, онысы сұранысқа ие болып, дүркін-дүркін шығарып жатыр. Өз басым әлі де оған творчестволық шабыт тілеймін. Қайбір жылы: «Табын мен сен туралы кітап жазайыншы...» деп, аз уақытта бір кітапша шығарып тастады. Онысына мың алғыс.

Біздің ішімізден суырылып шығып, Шакабаев Сәкен Қазақстанның Геология министрі болды. Ал, Өтесінов Рахмет мұнайшылықтан партиялық қызметке ауысты, сосын, «Өзенмұнай» Басқармасының бастығы қызметін атқарды. Жаңа қызметке жаңа жаңалықтар әкеліп, мұнай өнімін мол ала бастады бұл басқарма.

Қайғы дегенді күтпегендіктен қашанда да ол біз үшін табан астынан болады. Алған біліммен бойдағы күш қуатты көрсетіп, еңбектің қайнаған ортасында жүргенде Рахмет жол апатына түсіп қалды. Қатар жүрген, тай құлындай тебіскен бір уақыттың төлдері емсепіз бе, оның бұл халі бәрімізді де ойландырды, болашағы қалай болар екен деп қалдық. Өзіне өзі сенімділігі зор адам қандай жағдайда да, қандай қиындық үстінде де өзін өзі жоғалтпайды екен. Ол креслода отырып-ақ, творчествомен айналысты. Табысты айналысты. Қазір біз Рахмет қаламынан туған кітаптармен мақтанамьіз.

Ағайынды Хисметовтер, Кемалов Аққуан, Сағынғалиев Бөлекбай, Орынбасаров Құбаш институтты бітірісімен мұнай өндірісіне араласып, оның дамуына үлес қосқан азаматтар. Бұл аты аталған азаматтардың бәрі де мұнай өндірісіне дер кезінде, өндіріске осындай қылшылдаған, құлшынған қазақ жастары керек болып тұрған шақта араласты. Олар соны түсінді де, еңбектің озаттары болды. Қай, қандай қызметте болмасын Мәскеуден білім алғандықтарын көрсетіп, дәлелдеп жүрді.

Біз, Нариман екеуміз басқа институтта оқитын қазақ жастарымен де арласып тұрдық. Олардың арасынан өзімізбен пікрлес, ойы ортақ жастарды тауып, тіптен кейбірімен жақын жолдас, дос болып кеттік. Атап айтар болсам ол Есентаев Қожанияз бен Тұяқбаев Нығмет. Екеуі де Мәскеудің Геологиялық барлау институтында оқыды. Орысша оқыған, өте сауатты жігіттер. Ғылыммен айналысты, докторлық диссертация қорғап, мұнай барлау мәселесіндегі кейбір проблемалар түйінін шешуге талпынды. Қожанияз бен Нарыманның сауатын байқаған сол кездегі басшылар партия жұмысына тартты.

Төртеуміз: Нариман, Қожанияз, Нығмет және мен Мәскеуді төрт жылда армансыз араладық, қолымыз босай қалса бір-бірімізді іздеп тауып аламыз да қыдырамыз. Біз бармаған кино, театр, музей, паріктер аз болар-ау.

Мәскеудің Түрлі-түсті металлдар институтында оқитын Майраги, Қайша, Таксирамен танысып, жиі араласып тұрдық. Студент атаулымен бірге мереке, туған күн тойлары қатар жүрмей ме, бізде де сондай қызықтар көп болатын, сонда осы қыздармен араласып, бірге жүрдік. Үшінші курста Мәскеуде оқитын бес жүзден астам студенттердің басын қосатын «қазақ ұйымын» құрдық. Бастаманы бірлесе отырып концерт беруден бастадық. Жұбанова Ғазиза ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті, ал, көркемдік жетекшіміз Тілендиев Нұрғиса домбыра оркестріне Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін шебер қойды. Уақыт өте екеуі де Қазақстан өнерінің нағыз майталмандары атанды. Концерттен кейін біз, қазақстандық студенттер бұрынғыдан да ұйымшыл бола түстік.

Не керек, Мәскеуде өткен студенттік шақ мәңгіге менің жадымда. Орыс тілін білмей қиналдым. да, талай ауылдан қаражат келгенше ашқұрсақ болып жүрдік те, туған жерді сағынып, кетіп қалғымыз келген шақ та болған-ды. Соның бәрін жеңіп, үлкен мектептен өттік, небір мұнайдыц білгірлері, доктор, профессор -оқытушылардан дәріс алдық. Сол дәрісіміз, үлкен ортадан жинаған біліміміз өмір бойы азвқ болды бізге...»

Адам өмірінің әдемі бір белесі студенттік шақ екенін институт қабырғасында болған адамның бәрі біледі, өйткені «дәмін» татқан. Бар мен жоқтың, аш пен тоқтың ортасында жүрсе де еш мойымайтын, қайта дүниедегі ең бақытты солар- студенттер! Сол күндерді бірге өткізген, ағалық қамқорлығын, достық пейілін аямаған, бір бөлмеде бірге тұрған Нариман есімді азамат Табын жүрегінде мәңгі сақталған. Біз оны әңгіме үстінде аңғардық, сездік. Өкінішке орай, Нариман аға өмірден ерте өтіп кетіпті. Бала-шағасының басы, от басының берекесі, жары Бақтығыз апай бар. Ол кісімен біз ойламаған жерден, майталман мұнайшы Сафи Өтебаевтың жүз жылдық торқалы тойында кездесіп қалдық. Орайын келтіріп Бақтығыз апайдан сөз суыртпақтадық. Апай әңгімені бірден ағыта алмай, анда санда бізге қарап-қарап қойып, сәлден соң сөз бастады. Тосылатын жөні бар, жастық шақ суреттері сонау-сонау ұзақта, сана мен жад қалтарысында қалып коймады ма, оралтып, ойға түсіргенше... Жаңа ғана, стол басында айналасына жарқырап әңгімесін айтып отырған апайдың жүзіне мұң ұялай қалды. Сезіп отырмыз, амалсызбыз. «Сырла аяқтың сыры кетсе де сыны кетпепті». Ақ құба жүзі, үлкен, жәудіреп тұрған көзі, қыр мұрыны қанша жерден әжім өз өрнегін салса да, кезінде Бақтығыз апайдың әдемі болғанын паш етіп тұр.

-«Ой, айналайын-ай, жастық шақ... Нариман... дейсің бе? Ол туралы айту маған жеңіл, әрі ауыр. Жеңіл болатыны Нариманды менен артық кім білсін... бірақ, дүниеден ертелеу өтіп, көшкен жұртта қалып қойғандай күй кешетінім бар кейде... құдайға шүкір, балалары бар ғой, сол ар аман болсын...

Нариман мен Табын жақсы дос болды. Студент кездеріндегі қызықтарын айтып тауса алмай отыратын. Табынның ецбеққорлығын, досқа адалдығын көп мадақтайтын. Соның ішінен мына бір оқиғалары менің де есімде қалыпты. Мәскеуде баратын, көретін жер көп қой. Бәріне бара беруге қалталары көтермейді, сосын арзандау, тегін түсетін жерді іздейді студенттер. Қытай Республикасы мен Кеңес Одагының тату-тәтті болып тұрған кезі, соның белгісі ретінде парк, музей, стадионға қытайларды тегін кіргізеді екен.Содан бір күні Нариман:

-«Табын сен бүгін «қытай» боласың, -дейді. Түкке түсінбеген Табын:

- Мен неге «қытай» болуым керек, болмаймын !-дейді.

— Білесің бе, Орталық музейде италяндық суретші Пикассоның көрмесі өтіп жатыр, соны көруіміз керек, әйтпесе, жақында жабылады. Ақша жоқ, ал, біз «қытай» болсақ бізді тегін кіргізеді...,-деді, Нариман.

- Онда, қазірден бастап мен «қытаймын», Қытай Халық Демократиялық республикасынан келген, Мұнай институтының үшінші курс студентімін! Осы саған жете ме, қанағаттандыра ма?-деді, Табын күліп, қолын пионерлерше шекесіне апарып, екі аяқты өкшесін бір- біріне ұрып, сарт дегізіп.

- Әбден қанағаттандырады! Бірақ, сен жалғыз емессің, мен, Қожанияз, Сағидолла деген «қытайлар» бар, бәріміз бір делегациямыз ғой, баяғы...

- Түсіндім, түсіндім. Онда не тұрыс, жүріңдер «қытайлар», кеттік музейге,- деді Табын.

Сосын, бәрі Табынның шашын сулады, сосын майлады, әйтеуір, қашан көрсең де шаштары қап-қара болып, жылтырап жүретін қытайлардан аудырмай тастады. Бәрі мәз. Табынға қарайды да біресе қарқылдап, біресе шиқылдап күледі-ай келіп.

Не керек, «қытай делегациясы»Орталық музейге келді. Алда Табын, артында қалған үшеуі. Билет жыртып тұрған әйелдің қасына кел бергенде Табын иіліп «Нихау!» деп еді, әйел жалбалақтап: «здравствуйте, проходите, проходите» деді де қалды.

Ішке кірер-кірместен, әйелдің алдынан өтісімен ішектері қатып күлді-ай келіп. Өйткені басқалары Табынның қытайша «сәлеметсіз бе?» деп айтатынын білмеген, ол әдейі айтпады. Жақында бесінші группада оқитын қытай студентімен лекцияда бірге отырып қалған, сонда өытайша «сәламатсыз ба?» дегеннің қалай айтылатынын сұрай салған-ды. Қытайларға ұқсайтын, жоқ, қытайлар Табынға ұқсайтын! түр-әлпетке «Нихау!» сөзі қосылып, нағыз қытай болып шыға келді...

Содан, олар әлемді таң қалдырып келе жатқан суретші Пикассоныц шығармаларын түп нұсқада көріп, өздерінің тегін кіргендеріне, «қытай» болғандарына мәз болып жатақханаға оралды».

Miнe, осы бір оқиғаны достарымен кездескен кезде естеріне алып, күліп, рахаттанып қалатын.

Мәскеу күндерінен, Қазақстанның отыз жылдығына орай қазақ жастарының ұйымдастырған концерті жайында да жиі еске алатын. Оны ұйымдастырушы Нариман болып, қостаушылары: Лиманов Есенғали, Тұяқбаев Нығмет, Әуелбеков Еркін, Оржанов Табын, Нұржанов Сағидолла, Дайырдыев Қобылан, Есентаев Қожанияз болады. Және: Жұбанова Ғазиза, Байқадамова Сәуле, Тілендиев Нұрғиса көркемдік жағын басқарыпты. Осы бір оқиғаның олар өмірінде елеулі, қызықты, маңызды болғанын әңгімелерінен байқайтынмын...

Бір кездері «Байилонаста» тұрдық. Нариман жиналысқа Доссорға жиі барады, мен де қалмаймын. Өйткені Табын мен Оңай сол жерде тұрады. Олар біздер қашан келеек те ақ, пейілдерімен қарсы алады, араласқанды жақсы көреміз. Соған үііренген біздер келе береміз. Үйде ата мен әже бар, ол кісілер де ақжарқын адамдар болды. Осындай араласудың арқасында Табын мен Онайдың бүкіл туысымен таныстық, араластық.

Дүниеге Табынның тұңғыштары Есенжан келді. Зияда әже мен ата оны бауырларына басты. Есенжан ерке болатын, соған қарамастан сабақты жақсы оқыды. Бір күні мұгалім жақсы оқыған балаларға, мамаларыңның суретін әкеліңдер, құрмет тақтасына ілеміз дейді. Ертеңіне Есенжан анасының емес, әжесінің суретін әкеп түр дейді. Ол ата мен әже бауырында ерке, ақылды ерке болып өсті.

Нариман 1962 жылы Қазақстан Компартияся Орталық комитетіне Ауыр өндіріс бөліміне жұмысқа шақырылды. Біз Алматыға көштік. Жер шалғай, бір-бірінен ұзап кетсе де достықтарын үзген жоқ. Ол командировка алып, Атырау мен Маңғыстауға жиі баратын.

Нариманның бір арманы әкесі мен шешесіне ас беру еді, өзі іске асыра алмағанмен артында қалған балалары мен немерелері: Роза, Гуля, Халкен, немерелері Алмагүл мен Ермек болып, өзім бас болып әруақтарға құран оқыттық. Нәриманның әруағы әр кез менімен бірге жүреді, оны сеземін өзім. Түсіме де жиі кіреді, сөйлесіп жүремін. Жалғыз қалған мені ойлап, әруағы желеп- жебеп жүрген шығар деп қоямын, жарықтытың...»

Содан, Табын академик И.М.Губкин атындағы Мұнай институтының дипломын алып ауылға келді. Қапан мен Зияда бір малын алып ұрып, әруақтарға құран оқытып, әдеттегідей арты тойға ұласып, ауыл-аймақпен қуанышын бөлісті.

Ал, Ембіде жас мамандарды күтіп отырған мұнай кәсіпшілктері көп еді. Табын еңбек жолын «Қаратон» мұнай кәсіпшілігінен, оператор болудан бастады. Ол кезде «Қаратон» мұнайы көп шығындар арқылы өндіріліп, жаңа бір жаңалықтарды, жаңа бір серпілісті қажет етіп тұрған. Бүгінгі күннің негізі-кешегі күнде дейтін болсақ, «Қаратонның» тарихы тереңде еді...

Әуелі, 1934-ші жылдары «Қаратон-Көшкімбет» мұнай кен орнының негізінде, 1949 жылы қазіргі «Қаратон» кәсіпшілігі ұйымдасты. Атырау қаласынан 150 шақырым жердегі «Қаратон» мұнай кәсіпшілігін Жылыой ауданындағы мұнайшылар орталығы деп атаса да болады. Бұл кәсіпшілікте 1950-1955 жылдары мұнайшылардың жағдайы күрт көтеріліп, тұрмыстары түзеле бастады. Жаңадан барақ үйлер салынды, мектеп, аурухана ашылды.

«Қаратон» кәсіпшілігінің мұнайы сапасы жағынан таза болғанмен өндіру шығыны жоғары еді. Осыны жойып, шығынды азайту үшін кәсіпшілік мамандары түрлі әдістер мен тәсілдерді іздеп, өндіріске қосып жатқан үстіне жас маман болып Табын да келді. Әуелгіде ол оператор болып орналасты, жұмысты тиянақты істеуінің арқасында көзге түсіп мастер болды, тіптен одан кейін учаске бастығының орынбасарлығына тағайындалды.

Осы кезде кәсіпшілікте ұңғыма оқпаны түбіндегі тұз қатпарларын қопарғыш заттармен жару, мұнайдан суды айырып цементтеп тастау, қойнау қабаттарын су күшімен жару... тағыда басқа тәсілдер арқылы мұнай ысырабын ең төменгі көрсеткішке жеткізді. Бұл сондағы басшыдан бастап, геолог, геофизиктер мен инженерлер, қатардағы Табын секілді жас мамандардың ерен еңбегінің арқасы еді. «Қаратонға» қарайтын, жаңадан ашылған Батыстағы «Тереңөзек», «Тәжіғали» кенорындары жоғарыдагы тәсілдермен жұмыс істеп, мұнайды көп өндіре бастады. Осының бәрі, жас маман Табынның мұнай өндірісіне деген қызығушылығын арттырды.

Күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп жатты. «Бір күн бір күнге ұқсап бара ма қалай?» Табын ойланып қалды.

Бірде, 1949 жылы Мәскеуден қысқы сессиясын бітіріп, демалысқа ауылға келген-ді. Күнде есік алдынан орта бойлы, көзі ботадай, әдеміше келген қыз өтеді. Акыры бір күні Табын анасы Зиядадан:

- Мама, осы қызды күнде көремін, қайда тұрады, кімнің қызы, -деді.

- Қоймашы Бисеннің қызы, өзі үріп ауызға салғандай әдемі, тәрбиелі бала. Аналары бір-екі жылдықта қайтыс болып, Бисекең шеттей бала-шағамен қалды. Обал болды. Қызының аты Оңай. Үйлері мына іргеде жатқан төбенің арғы бетінде, көршіміз. Күнде жұмысқа біздің есік алдымен өтеді. Әкесінің қол астында есепші болып жұмыс істейді - деп, анасы бір нәрсені сезгендей Оңай туралы мәліметті түгел берді.

-Мама, мен онда Оңаймен оп-оңай қалай танысар екенмін?- деді, қуақыланып.

- Е, балам оны мен қайдан білейін. Білетінім көргені бар, тәртіпті қыз. Анасы жақсы адам еді. Олардың мұнда көшіп келгеніне де көп болған жоқ, бұрын Гурьевте тұрған екен, жұмыс бабымен келген ғой, Бисекең кәсіпшіліктегі қойма меңгерушісі... Оңайды киноға шақыр..,-деді, анасы. Оңаймен танысқанын хош көріп.

Бір күні Табын есік алдында күтіп тұрып, Оңайды жұмысына дейін шығарып салды. Өзі айтқандай-ақ Оңаймен осылай оп-оңай-ақ таныса салды. Бірер мәрте киноға да барып үлгерді. Каникул бітіп, Мәскеуге де қайтты.

Оңай мен Табын хат жазысып тұрды. Олардың таныстығы үлкен сезім-махаббатқа ұласты. Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң Табын бір шешімге келіп, Оңайға сөз салды. Мәскеуден оқу бітіріп келген инженер, өзі қараторының әдемісі, қысқасы, Табын қандай қызға да тең еді. Бірақ Табынның таңдауы Оңай қызға түсті. Есті қыз Оңай қарсылық білдірмей, келісімін берген-ді.

Үлкендер құдалықтарын жасап, (1953 жылы) сол кездің талабына сай, жағдайға қарай азын -аулақ ағайынды шақырып, беташардың соңын тойға ұластырған.

Өткенді еске алу деген де бір адам үшін ерекше сезім. Қандай күндер өтсе де, қандай оқиғалар болса да бәріне де күле қарайсың. Бүгінгі Табын ата төрт баланың анасы мен талай немеренің әжесі Оңаймен танысқанын, жүрегінің түкпіріне асылдай сақтап келе жатқан сырын жымия отырып, жылы жүзбен ақтарды:

- «Қырық тоғызыншы жылы қысқы демалысқа келгенде таныстым. Көп кешікпей Мәскеуге кетіп қалдым. Бірақ хат жазысып, хабарласып тұрдық. Оку бітіріп келген соң әкем мен шешем жиі болмаса да анда-санда үй болып, отау құру керектігін айтып қойып жүрді. Ақыры, 1953 жылы үй болуды шештім. Қазіргідей көп дүние қайда, соғыстың жағадан біткен кезі, елдің жағдайы әлі көтеріле қоймаған кез. Өз жағдайымызға, өз тұрмысымызға лайықты той-томалағымызды жасадық. Ол кездің адамдарында қанағатшылдық, бар еді ғой. Дүниеге таласып, ақшаға жармасып, қазіргідей бір-бірімен қызылкөз болып жатқан ешкімді көрмейсіз ол кезде. «Барымен- базар».

Үйленгеннен кейін мені қызметке «Байшонасқа» жіберді. Екі бөлмелі барақ үйде тұрдық. Көмір жағамыз, су тасып әкелеміз. Бар дүниеміз темір кроватымыз, бір сандығымызз ғана. Соған қанағатпыз. Дүниеміз болмаса да бақыттымыз. Баламыз Есенжан туылған бұл кезде. Оңай мұнай кәсіпшілігіне есепші болып кірген.

Осы жерде Құлайса дүниеге келді, Гүлжан мен Сабыржан Доссорда туылды. Мен өмір бойы жұмысбасты болып балалардың тәрбиесіне жөнді қарай алған жоқпын. Баларға тәрбие беріп, сабағын қадағалап, ауырып калса емдетіп... дегендердіц бәрі Оңайдың мойынында болды, оған әкем мен анам көмектесті. Мектепті балаларымыз жақсыға бітірді. Оны аналарының арқасы деп білемін, сол үшін алғысымды айтамын, амандығын тілеймін. Мектеп бітірген соң кейбіреулердей ақшасын буып, қолынан жетектеп бір баланы бір жаққа оқуға апарған емеспін. Мамандықты өздері таңдады, жоғарғы оқу ор- ныны өз қабілеттерімен түсті.

Менің бағыма Онай барынша қарапайм болды. Үйімізде үлкен кісілеріміз болған соң және өзіміздің де достарымыз көп, әйтеуір, қонақсыз болмайтынбыз. Солардың бәрін қабақ шытпай қарсы алатын. Бастықта болдым, сонда өзін жоғары санамайды, қанша қажет болып тұрса да машина сұрамайды, балаларын ертіп баратын жағына автобуспен жүре береді. Ондағысы маған зияным тимесін деген жанашырлығы. Бір жылдары денсаулығым нашарлап, ауырып қалдым. Балаша күтті десем де болады. Уақыты келгенде «Табын, денсаулығыңды ойла»-деп, жұмыстан жұлып алып, курортқа кететінбіз. Жасы зейнеткерлікке жеткенше бір мамандықты атқарды-есепші деген. Өз ісіне тиянақты, пысық болды, соның арқасында абыройлы жүрді.

Қолдағы немере балам Асқар әлі үйленген жоқ, сондықтан бір үйдің шаруасы сексенге келіп қалған Оңай мойнында. Қолқабысымды аямаймын, магазинге бару, тамақ әкелу менің шаруам. Міне, жастық шағымда кездескен Оңай қыз-жақсы жар, ақылшым, көмекшім, сырласым бола білді...»

* * *

Олар «Байшонаста» 1958 жылға дейін тұрды. 1955 жылы Табынның қызметі жоғарылап техникалық бөлімнің бастығы болды. Бұл қызметте үш жыл отырды. Әрине, үш жыл деген сондайлық көп уақыт емес, бірақ үйрену үшін, білу үшін аз да емес екен. Табын соны түсінді. Теория мен практиканың арасындағы жер мен көктей болатын айырманың сырын ұқты, сол айырманы жоюға ұмтылды, мұнай өнімін арттырудың бар жолдарын іздеп, өндіріске жаңа тәсіл мен амалдар іздеді.

Негізі, «Байшонас» 1933-ші жылдан бері игеріліп келе жатқан кен орны болғандықтан көп жаңартуларды қажет етіп тұрған-ды. Жас маман Табынды арнайы жолдамамен жіберілуінің бар сыры осында. Кен орны Атырау қаласынан 85 км. жерде орналасқан. Ол «Доссор» мен «Мақаттан» кейінгі үшінші мұнай кәсіпшілігі болып есептелінеді. Кәсіпшіліктің іргесі 1931 жылы қаланып, Ембінің алғашқы мұнай өндіретін кен орындарының бірі болды. Өндірілетін мұнайдың сапасы да жақсы, бастысы парафин мен тұз аз еді. Мамандар шығынды азайтып, мұнайды мол өндірудің жолдарын үнемі іздеп, түрлі әдіс пен тәсілдерін қолданып келді. Соның арқасында, әсіресе, 1938 бен 1945 жылдар аралығында кәсіпшілік жан-жақты және жедел дамыды.

Жоғары вольтті «Байшонас»-«Ескене» электр желісі тартылып, және осы екі ортаға тар табанды темір жол салынды.

Соғыс жылдары мұнай өнімінің 20% бір ғана «Байшонас» беріп отырды. Алғашқы мұнай 1931 жылы алынған. Мүнай қорын молайтуды көздеген геолог, геофизиктер гравийметриялық сейсмикалық зерттеулерді кеңінен жүргізген. Мұнай юра мен бор қабаттардан шығады, шөгінділер орташа түйірлі саздақ құмды, жер қыртысынан орын алған, бұлар негізінен 25-570 метр тереңдік аралығында шөккен.

Қаншама жылдар үздіксіз істеп тұрған кен орнының жабдық-жасаулары тозып-ақ тұрған. Соның салдары болар кейінгі кезде май өндіру жоспары түсіп кеткен. Мұндай кемшілікті көріп отырып, жайбарақат отыруға болмайды. Табын Қапанұлы оған төзбейді. Жеделдетіп жөндеуді қолға алды.

Бітіргендері мынау болды: тез қимылдайтын жекеленген аткеншек іспетті ырғалғыштарды қолданудың арқасында бірнеше горизонттарды бірден игеруге болатын болды. Сосын, ұңғымаларды, оларға таяу кеңістіктерді, қышқылдармен өңдеп, тазартып, май ағатын жолдарды кеңейтті. Қойнаудағы қабаттарды сумен жару, қопарғыш заттармен жару әдістері кеңінен қолданылды.

Міне, осы жылдар инженер ретінде Табынның өсу кезеңі болды. Мәскеу білімі практикада қажеттілікке айналып, мұнай шығаратын кәсіпшіліктер жаңа тәсіл мен әдісті талап етті. Бұны түсінген Табын күндіз-түні миына маза бермей, мұнай өндірудің жеңіл, шығын аз жұмсалатын жолдарын іздеді. Тапты да. Оны мұнай кәсіпшліктері: «Қарсақ», «Тентек», «Ескенеге» енгізді.

Айталық, «Қарсақ» Атырау қаласынан 130 шақырым жерде орналасқан мұнай кен орны. Ол 1951 жылы ашылды. Жергілікті тектоникалық тұрғыдан алғанда кен орны үш қанатты түз күмбезді құрылымнан тұрады. Түз үстіндегі құрылымды құрайтын бор шөгінділер бар, соның қуысында анықталған тоғыз мұнайлы қор бар. Олар әр түрлі терендікте жатыр. Құрамында парафин 0,17-2, 19%, күкірт 0, 17-2, 19% бар. Мұнайдан майды бөліп алу үшін Табындар цементтеу әдісін қолданды. Оны орысша айтатын болсақ былай болып шығады: - крепление призабойной зоны скважин песчаноцементной смесью на месторождении. Мұны біз талдап жатпаймыз, себебі талдай алмаймыз, ал, түсінетін адамға, әсіресе, мұнайшыларға осы күйінде түсінікті.

Ал, «Тентексор» кен орнының Атыраудан Солтүстік-Шығыста, 130 шақырым жерде орналаскан. Бұл кен орнын «Отан соғысының перзенті» деп айтуға болады. Майданға күн сайын, сағат сайын «мұнай керек!» деп, жар салып жатқанда барлаушы-геологтардың жанпидалық еңбегімен табылған кен орны.

Ол 1941 жылы ашылып, ал, алғашқы өнімді 1945 жылдан берді. Кенорны кос қанаты тұз күмбезді құрылымнан орын алған. Үш мұнайлы горизонт апт, неком жэне ортаңғы юра таужыныстарынан орын алған. Бұл кеннің мұнайы парафинді, күкірті аз болып табылды. Ондағы мұнай елуінші жылдардың аяғына дейін ескі жабдықтармен алынды. Қаншама жылдар үздіксіз жұмыс істегендіктен бәрінің де тозығы жетіп, ауыстыруды қажет етіп тұрды. Табындар соны жеделдетіп қолға алды.

«Ескене» кен орны Табын алдына аз мәселе тосқан жоқ. Тозған жабдық, мұнай өндірудің ескі тәсілдері... жылдан жылға өнімнің азаюына соқтырып жатқан. Аты аталған кен орындары Табын Қапанұлының техникалық, ннженерлік білімін практикада шыңдап, мықтады, теңдесі жоқ тәжірибе жинақтатты.

Жоғарыда айттық, «Байшонаста» Табындар 1958 жылға дейін тұрды деп. Енді ол «Ембімұнай» бірлестігінің бұйрығымен 1958 жылдың апрелінде «Доссор» (НПУ) ұлгайтылған мұнай кәсіпшілігіне Бас инженер болып барды.

Келген бетте бар кәсіпшіліктің бары мен жоғын, кем-кетігін анықтады. Мұнайшылармен пікірлесті, кемшіліктен шығар жолды сұрады. Әсіресе, мұндағы «Тасқұдық» мұнай өндіретін кәсіпшіліктің жағдайы нашар, мұнай өнімі мүлдем түсіп кеткен екен. Бірден Табын сол кәсіпшілікті қолға алды. Ұңғыдан шығып жатқан көп мөлшердегі суды тоқтату үшін мұнай мен цемент қоспасын айдады. Бұл тәсіл шынында да өз жемісін берді. Осыдан кейін-ақ, мұнай өнімі артып, тәулігіне он бір тоннаға дейін беретін болды. Бұл көрсеткішті ол кәсіпорын талай жылдар ұстап тұрды да.

«Доссор» мұнай кәсіпшілігі туралы әңгіме әріден айтылуға тиіс. Өйткені ол Қазақстан мұнайының атасы, түп қазығы. Оржановтар үшін де бұл төңірек қадірлі, қастерлі. Әсіресе, «Ракуша» аталып кеткен жер Оржан, оның әкесі Қалкен, атасы Тәжі, бабасы Айтпайлардың (Есенжанның жетінші атасы) кіндік каны тамған, ата қоныс, мекені. «Доссордың» да атауы бұрын баскаша болған болар деп біз ойлаймыз, мүмкін ағылшындармен ілесе келген ату болар, кім білсін? Бірақ, «сор» сөзі қазақтікі екенінде дау жоқ-ау. Біздің бір байқағанымыз, мұнайы бар жер тұзданып, copғa айналып, сосын, сап-сары саз болады екен. Қарап отырсаңыз Қазақстанның біраз жері осылай болып келеді. Яғни, бізде әлі мұнай баршылық деген сөз, ғалымдар да солай дейді.

Нақты ол атаудың қайдан, калай шыққанын білмейтінімізді мойындаймыз. «Біледі» деген энциклопедия «Доссор» жайында былай жазады:

...Доссор Каспий маңы ойысының Оңтүстік-Шығыс ернеуі маңындағы ежелгі мұнай кен орыны. Атырау қаласының Солтүстік-Шығысында, 90-100 шақырым жерде орналасқан. Ембідегі Қазақстанның бірінші мұнай кәсіпшілігі.

Мұнайлы «Доссордан» 1911 жылы 29 сәуірде № 3 ұңғыманың 226 метр тереңдігінен биіктігі 25 метрге жеткен қара май қуатты күшпен атылды. Бұл бұрқақ ұңғыма оқпаны қабырғасының жапырыла құлауы нәтижесінде құммен тығындалып барып тоқтады. Бұрғылау ісінде қарапайым қол және соққылы-галицийлік бұрғылаудан бастап айналмалы, жылдамдатылған роторлық турбиналықбұрғылау тәсілдерін басынан өткерді. Мұнай өндірудің бұрқақтық, қолмен тартатын желонкалық тәсілінен бастап қазіргі технологиялық әдістерге дейін игерілді.

Кен орны үш қанатты тұз үсті таужыныстары жиынтығының қимасында ортаңғы юраның шөгінділер үстінде жатыр.

«Доссорды» игерудің алғашқы сатысында мұнай жерден қазылған ұраларда сақталды. Сосын оны бөшкелерге құйып, түйелерге артып, немесе арбамен Ракушке тасыды. Кейінірек металдан жасалған мұнай қоймалары дайындалды, ал, одан да кейінірек Ресейде алғаш рет Доссордан Ракушке дейін ұзындығы 60 шақырым алты дюймдік мұнай құбыры тартылды. Доссор мұнайын өңдеу мақстында 1913-1914 жылдары Ракуш кентінде екі мұнай айдау зауыты, ірі-ірі қорқоймалар, айлақ, сорап станциясы салынды. 1911-1917 жылдары Доссорда мұнай атып тұрған 11 ұңғы болды. Бұлардың ішінен ең куатты бұрқақ тәулігіне 525 тонна мұнай берді. Доссор 1911 жылдан тәулігіне 18мың тонна мұнай берген жалғыз ғана ұңғыма болды.

(Энциклопедия кітабы И.М.Губкиннің «Большая Эмба» баяндамасынан алыпты.)

¥лы Отан соғысы басталысымен Майкоп пен Грозный мұнай кәсіпшіліктері жұмысын тоқтатқан болатын. Бар күш Қазақстанға түсті. Мұны түсінген Республика басшылары 1942 жылы желтоқсан айында «Доссор» мұнай кәсіпшілігінде партия-шаруашылық жиналысын өткізді. Мұнай кәсіпшіліктері жұмыс уақытын он екі сағатқа ұзартып, бір адам үш адамның жұмысын атқарды. Кәсіпшіліктерден майдан бригадалары құрылды. Мұнайды жеделдете алу, қосымша құдықтар қазу, мұнайы азайған кендерде горизонттарды торпедалау, бірнеше горизонттарды бірге игеру, өнім өндіретін жер асты алаңдарын арынды суға толтыру әдісі толық енгізілді, су айдау әдісі жасалып, жер қабатындағы қысымды арттыратын және сақтайтын қондырғы қолданыла бастады. Осындай-осындай бқрын жоспарланбаған, уақыт талабынан туған шаралар тез, әрі жедел атқарылды.

Барлаушылар жаңадан үш кен орнын ашты, кешікпей олар да мұнай бере бастады.

Гурьев қаласынан мұнай өңдеу зауыты салынды.

Ембідегі «Доссор», «Мақат» кен орындарында өнім өндіретін жер асты алаңдарын арынды суға толтыру әдісі өндіріске толық енгізіліп, жүзеге асырылды. Кеннің басты учаскелері төрт бөліктен тұратын кең аумақты алып жатқан тұзды төбелермен байланыс- ты. Жалпы кеннің мұнай шығатын негізгі алаңы (аумағы 24- 192га.) құрылымдық жағынан алғанда иілген жарты тағаға ұқсас дөңес болып келеді, ал, мұнай қоры алаңның юра кезеңіндегі шөгінділерінде жиналған. Мұнай шығатын жыныстар қабатының қалыңдығы 10-20м. Кен қойнауының қабаттары құмдақ пен сазбалшық араласқан ұсақ түйірлі құм түйіршіктерінің жұқа қыртысынан тұрады. Мұнайлы қабат 50-300 метр тереңдікте жатыр. «Доссор» мұнайы өте сапалы, парафині жоқтың қасы.

Ел арасында «Доссор» майы туралы аңыздай айтылатын әңгіме көп, соның бірі мынадай: соғыс жылдарында «Доссор» майын ешқандай ажырату, құрамын айру тәсілінсіз-ақ танктерге құя берген екен деседі. Жан қысылып, жауды жеңу үшін не істелінбеді, құйсақ құйған да шығармыз. Тазалығы жөнінен Одақта тең келетін кен орны жоқ деп ғалымдар мен сарапшылар айтады.

Тағы да сол соғыс жылдарында, мұнай майданға да, тылға да ауадай қажет болып тұрғанда «Доссор» мен «Мақатта», кейінірек Ембінің өзге де кәсіпшіліктерінде мұнай қойнауларын аумақтық сумен тотықтыру арқылы май өнімділігін арттырды. Және мұнайшылар екі және одан да көп горизонттарды бірге игеру әдісі арқылы да «Доссор», «Мақат», «Байшонас», «Қосшағыл», «Тентексор», «Оңтүстік Қошқардан» мол өнім алудың көзін тапты. Бұл жұмыстардың бәрі ерекше бір құлшыныспен, тіптен жанқиярлықпен атқарылды. Ол кезде әр адамда тек: «Жеңіс үшін!» деген ғана мақсат пен мұрат қана болды.

Көптеген жаңа кен орындарының ашылуы, мұнайдың бұрынғыдан бес, алты есе өндірілуі мұнайшылар алдына көптеген проблемаларды тудырды. Оны шешуге бір ғана «Ембімұнай» бірлестігінің шамасы да, мүмкіндігі де келмеді. Бұл тек Үкімет араласқанда ғана шешілетін нәрселер еді. Ақырында КСРО Үкіметі «Қазақстанмұнайқұрылыс», «Қазақстанмұнайбарлау», «Ақтөбемұнайбарлау» деген арнаулы трестер құрды. Мұнай өндірісінің жұмыстарын салалап, бөліп, міндеттерін айқындап берді.

Бұның бәрін ежіктеп неге айтып отырмыз? Сыры біреу-өткенді білу. Рас, Табындар оқу бітіріп, оралып келгенге дейін талай табысты жылдар өтіп, мұнай өндірісінің негізі қаланып, небір майталман мамандар еңбек еткенді. Өткенді ұмытпау үшін айту керек, айту үшін білу керек. Әйтпесе, кейінгі кезде бізде жаман бір әдет қалыптасты, «ол-өткеннің бәрі өтірік, кеткеннің бәрі керек емес» деген. Бүгінгі шыққан биігіміздің астында, аталар мен әкелер ісі тұрғанын айта бергіміз келмейді. Неге? Түсініксіз. Қате екенін білеміз, бірақ үндемейміз. Ұлы Эйнштейн айтқан екен: «Мен жаңалықтарымды өзіме дейінгі ғалымдар иығына шығып тұрып көрдім»-деп. Ол дұрысын айтып тұр. Өзіне дейінгі ғалымдар жетістігі болмаса ол адамзат өміріне күрт өзгеріс әкелген, атағын айдан бір-ақ шығарған «салыстырмалы теориясына» қол жеткізе алмаған болар еді. Дұрысты мойындау да ұлылық-ау.

Әрине, Қазақстан мқнайы бүгінгі шыққан биігіне бір күнде келе салған жоқ. Адам тағдыры сияқты оның да өз тағдыры, сәтті мен сәтсіз қадамдары бар. Мәскеу институтында Оржанов Табындар жалпы мұнайдың, оның ішінде Қазақстан мұнайының құрылым, құрамдарын, өңдеу мен өндіру тәсілдерін, сәтті мен сәтсіз жәйттерді оқып, тоқыған. Біледі. Ендігі мақсат сол білімді пайдалана отырып мұнай тарихының «дөңгелегін» алға жылжыту.

Оржанов Табын «Доссорға» 1958 жылы Бас инженер болып келгенде кәсіпшіліктің жабдықтарының тозып, жөндеуді қажет етіп тұрған тұсы екен. Ол заңды да еді. Сонау 1911 жылдан бері қара майды жеті қат жер астынан үздіксіз, күні-түні шығарып жатқан құрал-сайманның жаны сірі емес шығар! Сөйтті де, ұңғылардағы ескі тіркемелі ырғалғыштарды, мұнай сақтайтын ескі ағаш бөшкелерді, мұнай өлшейтін топтық қондырғыларды жаңа техникамен ауыстырып, түбі, жақтауы тұнып қалған ұңғылардың өңещін тазалады.

Әсіресе, мұнай ұңғымалары механикаландырылған жолмен игеріліп, тереңнен мұнай алып шығатын ырғалғыш станоктар мұнай өндіруде маңызды рөл атқаратынын мұнайшылар біледі. Олардың көбісі тозған. Және газдардың, сұйықтардың, қатты денелердің ылғалдылығын өлшейтін аспап бар, олар да істен шығудың аз-ақ алдында.

Кейбір ұңғымаларға жөндеу-түзету, ұңғыманың екінші оқпанын жасақтау, қармау және жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізу аса қажет. Ол үшін әуелі жөндеу жұмысына пайдаланылған бағананың майысқан жерлерін жөндеп, сынған, жарылған орындарын түзетіп, зақымданған бөлігін ауыстырып, ұңғыма ернеуін нығыздап, цемент тығындарын бұрғылау керек. Ақаулары күрделі болған жағдайда ұңғыманың екінші оқпаны бұрғыланады. Ақауы бар жерден ойық жасалады, еңкіш бағытталып бұрғыланған екінші оқпанға бағананы түсіріп бекітеді. Қармау жұмыстарына құлап түскен сораптық- компрессорлық құбырлардың бағанасын, сорап штангаларын, құралдарды тартып шығару және оқпанды тазарту шаралары жатады. ¥ңғымаға қойнау сулары құйылғанда жөндеу, окшаулау жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыдан, төменнен құйылатын суларды цемент ерітіндісін айдап бітеу арқылы тоқтатады.

Қысқасы, бұның бәріне құрал-сайман керек. Оның біразын зауыттардан алды, ал, қалғанын кәсіпшіліктің механикалық шеберханасында жасады. Шеберхана бастығы Дұтбаев Ермектің сол кездегі тапқырлығына, ұтқыр-шеберлігіне инженер Оржанов дән риза болды. «Зауыттан қашан құрал-сайман келер екен?» деп отыра бермей, жоқтан бар жасап өндіріс ісін тоқтатпауды ойлаған әріптес ісіне қалай риза болмасқа. Жұмыс тоқтай қалса барынша тез жөндеп, тез жан бітіріп, іске қосатын. Қолы шебер, жұмысқа барынша адал адам.

Көп кәсіпшіліктегі ағаш бөшкелерді темірден жасап, өзгертті. Скважиналардың майын бір жерден өлшейтін 7-8 топтық қондырғылар тұрғызылды. Соның арқасында тәулік ішіндегі өндірілген мұнай мөлшерін дәл, әрі тез анықтау мүмкіндігі туды.

Тіркемелі ырғақтарды (качалкаларды) жаңа СКН-2 қондырғыларға ауыстыру арқылы олардың тоқтап, тұрып қалуы күрт азайды. Операторлардың да жұмысы едәуір жеңілдеді. Осындай күрделі жұмыстарды атқаратын Стамбековтің бригадасы айрықша еңбек етті. Айналасында мұндай адамдардың еңбек етуі Табынның инженерлік ойларын іс жүзіне асыруға көп көмектесті. Қазақ: «Ескі үйді жамағанның есі кетеді» дегеннін рас екенін осы жерде көзі жетті. Табындардың «есі кетпесе» де біраз шаршағандары, жүйке жұқартқандары шындық еді.

Бірде мұнай ақпай тоқтап қалды. Бұл мұнай бітті деген сөз емес, оның да адамға көрсететін құйтырқы мінезі болады. Ол сол. Содан Бас геолог Қарамурзиев Құлқаш, Бас инженер Оржанов Табын жедел іске кірісті. Конус тәрізді созылып жатқан 2-а орташа юра қабатын зерттеп, акырында су айдау тәсілін қолдану керектігін шешті. Шешім дұрыс болып шығып мұнай қайта атқылады.

Табын инженер болып жүрген жылдары «Доссордан» май аз шығатын болып қалды. Бұл да табиғи нәрсе еді. Өте терең қабаттарда жатқан мұнайды алу әдісі элі әлсіз болатын. Оларға жер асты сораптарды (насостар) пайдаланатын,оның өзі де тозығы жеткен матадай бір күні бір жері кетсе екінші күні баска жері бұзылып, жұмысты тоқтата беретін. Амал қанша, бәрін жаңа сайманмен ауыстыра беруге қаражат жетпейді, сол сораптарды жөндеп-жасқап қайта іске қосатын. Бұл тәсілді Табындар «Қаратон», «Тереңөзек», «Құлсары» мұнай кәсіпшілігінде пайдаланды. Соның арқасында айтты-айтпады өндірісте біраз ақша үнемделді.

Қорыта айтқанда, осындай жан-жақты, түрлі-түрлі жүргізілген жұмыстар мен шаралар арқасында мемлекет жоспарын тапжылтпай орындап отырды. Ол кездің басты талабы да осы болатын. Сенің іскерлігің, кәсіби шеберлігіңді анықтайтын да осы «жоспар!» деген құдірет. Ол орындалмады дегенше осы уақытқа дейін жиған-терген абыройдан айрылдым дей беріңіз.

Ембінің ең байырғы және ең ірі мұнай кәсіпшілігінің бірі «Құлсары» болатын.Атырау қаласына Оңтүстік-Шығысына қарай 160 шақырымда қоныс тепкен. Бұл кәсіпшілік соғыс жылдарында мұнайды көп беріп, майдан мұқтажын шешуге елеулі үлес қосты. Бірақ, кейіннен, елуінші жылдар соңында мұнайдың азайғаны байқалды. Ал, бастапқы ғалымдар болжамы бойынша кен қоры аса мол болатын. Бас геологтар мен Бас инженерлер бұл жөнінде ойланып, ізденіп, кен орнын жандандыруды мәселе етіп көтерді. Олар

- Танымаса танысады, ол да қазақтың жері, өзіміздің адайлар тұрады онда, Табын секілді бара жатқан жас мамандар көп... Tiптен, Одақ бойынша, жан-жақтан жиналып жатыр мұнайшылар...,- деді, Әбуғали ақырында әкесінің өзіне көнбесін түсініп тұрса да.

- Өзің айтып отырсың...қырық рудан жиналған жерге жалғыз жіберіп, біз мұнда қалай отырамыз? Ана немерелерімді, Есенжанымды қалай көрмеймін...Бала, сен әңгімені көбейтпе! Осымен доғар. Күнде келіп бір әңгімені айта бересің, надаелы,-деді, бұрғышы боп жүргенде қасындағы орыстардан үйреген бір сөзін қосып. Сосын, орнынан шалқақ тұрып, қора жаққа кетіп қалды.

Бұл Әбуғалидың ертең көшкелі отырған әкесінің алдынан тағы бір өтпек болып, ертемен келген соңғы әрекеті еді. Өткенде нағашысы Ниязға да айтқызған, оган да көнбеген. Біржола: «бітті, шал енді көнбейді!» деді іштей, Әбуғали. Барған жерінде сөзі «жерде» қалмауға, үнемі құрмет көріп үйреніп қалған Әбуғали әкейіне сөзін өткізе алмай, көңілі құлап орнынан тұрды... Бұл кезде Әбуғали Қапанұлы Атырауда тұратын, сонда қызмет істейтін.

Бүгінгідей көп дүние қайда? Ертеңіне, көк мәшинеге азын-аулақ көрпе жастығын, қазан-ошағын тиеп, бала-шағаларын алдына алып, Қапан қария «Маңғыстау қайдасың!» деп, тартып кеткен.

«Өмір-өзен!». Өз ағысымен алға аға береді.

Ілесу-ілеспеу өз шаруаң...

* * *



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет