Ежелгі ертетас шелль-ашель және ашель-мустье кезеңдеріне бөлінеді. Шелль-ашель кезеңінің ескерткіштері зерттеулер барысында табылған еңбек құралдарына және ашылған тұрақтарға байланысты белгілі, олардың орналасқан жері жергілікті жердің табиғи ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болып келеді. Осы кезеңнің тас еңбек құралдары Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің ерте төрттік кезеңге жататын ең жоғарғы террасасының қатпарларынан табылған. Шелль-ашель кезеңінің тұрақтары Кіші Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейіндегі Шабақты, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл 1 шатқалдарындағы тізбектеле орналасқан, онша биік емес, үсті тегіс, сатылап аласара түскен (куэсталар) қырқалардың және тау алды жазығына сүйірлене кіріп тұрған, жан-жағы тік, үсті тегіс, биік қырқалардың үстіндегі тас кендері шығып жатқан жерде орналасқан. Шелль-ашельдің тас еңбек құралдары табылатын тұрақтардың келесі түрі тауалды жазығында орналасқан бұлақ (қайнардың) бастауындағы шөгінді қатпарында кездеседі. Мысалы, травертиналар. Сонымен, қатар, осы кезеңнің тұрағы Шу өзенінің биік жарқабағындағы ерте төрттік террасадағы суглинка қатпарының арасынан да кездеседі.
Ашель-мустье кезеңінің ескерткіштерінің орнала-суында шелль-ашель тұрақтарымен сабақтастық бар, оны онша биік емес, үсті тегіс, сатылап аласара түскен қырқалардың үстінде орналасқан Қызылрысбек және тау алды жазығына сүйірлене кіріп тұрған, жанжағы тік, үсті тегіс биік қырқада орналасқан Тоқалы (І-ІІІ) тұрақтарынан көруге болады. Ашель-мустье тұрақтары өзеннің ең биік жағалық террасасынан (Бұрылтай), өзеннің жағалық 3-террасынан (Алғабас), құрғап қалған өзеннің терраса тәрізді алаңынан (Дегерес), биіктігі 200-250м келетін үстірттен (Шабақты), халцедон кені шығып жатқан жерде (Бестөбе) кездеседі.
Арыстанды өзенінің оң жағалық 3-террасасында қалың лесс қатпарынан ашылған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тұрақтың мәдени қабатының қалыңдығы 7 м. Бұл тұрақта адамдар мыңдаған жылдар бойы мекендеген. Ашель-мустье еңбек құралдары Сарысу өзенінің орта ағысындағы Мұзбел, Қызылжар және т.б. жерлерден ашылған. Қызылжар тұрағы шатқалдың 1-террасасында аллювиальды шөгінді қатпарын-да орналасқан. Орталық Қазақстанның ашель-мустье кезеңінің ескерткіштері Батпақ шатқалындағы плиоцен-төменгі плейстоцендік суглинканың үстінен (Батпақ 8,12), Өгізтаудың етегіндегі бұлақтың жанынан ашылған (Өгізтау 1,ІІ). Жердің бетінде жатқан ашық тұрақтар Балқаштың солтүстік, солтүстік-батыс жағасында кездеседі (Семізбұғы және т.б.), көлдің жоғарғы террасасында орналасқан тұрақ Орталық Қазақстанда табылған (Құдайкөл).
Мустье қонысы Ертістің жоғарғы ағысында да кездеседі. Қонай тұрағы Нарым жотасына оңтүстік жағынан қосылып жатқан жіңішке делювальді-проювиальды террасасының қатпарында орналасқан.
Шелль-ашель мен ашель-мустье кезеңдерінің ескерткіштерін іздеу және барлау кезінде, олардың орналасу ерекшеліктерін ескеріп, басшылыққа алу керек.
Соңғы ертетас ескерткіштері. Қазақстан жерінде толық зерттелген соңғы ерте тас ескерткіштері көп емес, зерттелген ескерткіштердің орналасу ерекшеліктеріне қарағанда Орталық Қазақстанның тұрақтары плиоцен-төменгі плейстоцендік суглинканың үстінде (Батпақ 8), көлдің сол жағасындағы төбенің оңтүстік беткейінде (Ангеренсор 2) орналасқаны белгілі.
Шығыс Қазақстаннан ашылған соңғы ертетас тұрақтары өзен сағасындағы шағын әктас үңгірдің аузында (Буқтырма), өзеннің оң жағасында, жер бетінен 0,9-1м тереңдікте (Новоникольский) және өзеннің оң жағасындағы биіктігі 35-40м келетін жағалық террасада (Шүлбі) орналасқан.
Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай тұрағы тау өзенінің сол жағалық биік террасасындағы суглинка қатпарында орналасқан, сонымен қатар, көлдің жағалық 2-террасасында (Соркөл) және өзеннің жағалық 3-террасасында (Ұсықтас) орналасқан тұрақтар кездеседі.
Жаңатас ғасырының ескерткіштері. Қазақстан жерінде 600-ден астам жаңатас ғасырының ескерткіштері белгілі, олар Қаратау сілемдерінен, Арал теңізі маңынан, Батыс, Орталық, Солтүстік Қазақстаннан және Ертіс өзенінің жоғарғы ағысынан ашылып, зерттелген ескерткіштер. Жаңатас ғасырының ескерткіштері орналас-қан жеріне қарай 4 топқа бөліп қарастырылады, олар: бұлақтың басында, өзеннің, көлдің жағасында және үңгірде орналасқан тұрақтар.
Оңтүстік Қазақстанда өзеннің жағалық террасасында (Бүркітті, Қойтас), өзеннің жағасында құм шағылдарында (Жайпақ, Қосмола 4 және 5), бұлақтың басында (Үшбұлақ) және үңгірде (Қараүңгір) орналасқан тұрақтар кездеседі.
Батыс Қазақстанда, негізінде, өзеннің және көлдің жағасында орналасқан тұрақтар таралған, сонымен қатар, бұлақтың басында орналасқан тұрақтар да кездеседі.
Орталық Қазақстанда өзеннің жағасында (Қаратоғай тұрақтар тобы) орналасқан тұрақтар ал Балқаш көлінің солтүстік-шығысында бұлақ басында орналасқан тұрақтар кездеседі. Ертіс өзенінің жоғарғы ағысында өзеннің жағасында орналасқан елді мекендер белгілі (Усть-Нарым, Малокрасноярка және т.б.).
Солтүстік Қазақстанда көлдің жағасында орналасқан тұрақтар (Пеньки 1, Пеньки 2) мен жаңатас кезеңінің жерлеу орындары кездеседі.
Жаңатас ғасырының ескерткіштерін іздеу кезінде Қазақстанның жекелеген тарихи-географиялық аудандарындағы ескерткіштердің орналасу ерекшеліктерін басшылыққа алу керек, сонымен қатар, сол тарихи-географиялық аудандарға іргелес жатқан аймақтағы жаңатас ескерткіш-терінің орналасу ерекшеліктерінде ескерген дұрыс.
Үңгірде орналасқан ескерткіштер. Әртүрлі табиғи құбылыстардың әсерінен пайда болған қалқа, апан мен үңгірлерде адам баласы ерте тас ғасыры кезінен бастап мекендеген. Олар көпшілігінде көп мәдени қабатты болып келеді, оның қалыңдығы бірнеше см-ден ондаған м-ге жетуі мүмкін. Адам баласы негізінде терең үңгірлердің шыға берісіне тұрақтаған, үңгірлердің төңірегінде су көзі болады. Адамдар қалқа, апанның күнгей бетін мекендеген. Кейбір үңгірлердің мәдени қабаты бар болғаны бірнеше см болуы мүмкін немесе тіпті мәдени қабаты болмауы да мүмкін. Барлау барысында кездескен, ашылған үңгірдің кез келген түрін жақсылап көріп шығу керек, себебі кейбір үңгірлерде мәдени қабат жоқ болғанмен оның қабырғаларында, үстінде, табанында қолдан салған суреттер, жазылған жазу, таңба не басқа да белгілер кездесуі мүмкін. Ашылған үңгір, қақпа, апанның жобасы сызылып, суретке түсіріледі.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Қазақстандағы тас ғасыры ескерткіштерін зерттеу жұмыстары.
Тас ғасыры ескерткіштерінің негізгі кезеңдері.
Тас тас ғасырының үңгірлері.
8 тақырып. Қола ғасыры ескерткіштерін іздеу және барлау – 1 сағат.
Дәріс мақсаты. Қазақстанның барлық жерінде кездесеін қола ғасырының археологиялық ескерткіштері олардың қатарында: елді мекендер, әртүрлі жерлеу орындары, кен орындары, суландыру жүйелері, ғұрыптық орындар мен тасқа салынған суреттері жайлы мағлұмат беру.
Негізгі сұрақтар:
Ескерткіштерінің негізгі белгілері мен ерекшеліктері
Ескерткіштерінің таралу аймақтары
Жерлеу орындары мен ғұрыптық кешендері
Қола ғасырының археологиялық ескерткіштері Қазақстанның барлық жерінде кездеседі, олардың қатарында: елді мекендер, әртүрлі жерлеу орындары, кен орындары, суландыру жүйелері, ғұрыптық орындар мен тасқа салынған суреттері бар. Үстіндегі үйіндісі білінер-білінбес не үйіндісі жоқ, сырты қырынан (тігінен) қаланған таспен төртбұрышты, дөңгелек, сопақша етіп қоршалған, ортасында төртбұрышты етіп қазылған жәй шұңқыр не қабырғасы таспен қаланған циста не тас жәшігі бар жерлеу орындарын, топырақтан, тас аралас топырақтан үйілген обаларды жер бедеріне орналасуына қарай бірнеше топқа бөлуге болады, олар: өзеннің жағасында, жағалық 1- не 2-террасада (Алексеевка, Нұрманбет, Дандыбай, Балқылдақ І, ІІ, ІІІ, Атасу, Беғазы, Тегіскен); көлдің жағасында (Ақкөл 1, 2, Айдабол 1, Сары-айдын); бұлақтың басында (Мұқатап, Шыңғыс сай, Қақпатас); жылғаның, шатқалдың жағасында (Кенен, Ботамойнақ); тау бөктерінде, екі тау аралығында (Таутары, Қожабала); ойпатта (Алаайғыр); кен орнында (Шатыркөл, Үңгірлі) орналасқан. Мысалы, қола ғасыры-ның беті ашылып қалған тас жәшіктері Қаратаудағы Ақмылтық өзенінің сол жағасында сақталған.
Кейде қола ғасырының жерлеу орындарының үстінде, төңірегінде кейінгі кезеңдердің (ерте темір ғасыры, ортағасырлар) обалары, тастан, кесектен салынған құрылыстары, тіпті, қазіргі заманның зираттары орналасқан да болып келеді. Орталық Қазақстанның қола ғасырының жерлеу орындары елді мекеннен 0,2-2 км жердегі биікте орналасқан, олардың арасын өзен арнасы не тау алды жоталары бөліп жатқан.
Қола ғасырының елді мекендерін орналасуына қарай келесі топтарға бөліп қарастыруға болады, олар: үлкен не кіші өзеннің жағасында (Атасу, Мыржық, Ақмұстапа, Сарымырза, Ақтоғай, Бұғылы ІІ); бұлақтың басында (Ақмая, Балқылдақ), жағалық негізгі жартастың оңтүстік-батысында (Мыржық, Ақмұстапа), үш жағынан тау қоршаған (Атасу, Ақмая, Дарат), көлдің жағасында (Бурабай), кен орындары жанында (Ақтоғай, Сырлыбай, Қырқұдық), дюнде (Семей) орналасқан елді мекендер. Олардың үстінде әртүрлі кезеңдердің зираттары, құрылыстары сақталған.
Жағалауға жақын орналасқан елді мекендердің үстіне қалың шөп, бұта өсіп кеткендіктен оларды байқау қиын. Жағалаудан қашық жерде орналасқан үй орындары, құдық және әртүрлі шаруашылық шұңқырларын ішіне өскен шөпке қарай байқауға болады. Елді мекендердің үстінде, төңірегінде жел үрлеп ашылып қалған, не түрлі шаруашылық жұмыстары кезінде ашылған, кеміргіштер шығарып тастаған ыдыс сынықтары, сүйек және басқа заттар шашылып жатады.
Қола ғасырының суландыру жүйелері өзен алқаптарында, басын таудан алатын шағын өзендердің тау шатқалдарынан шыға берісінде, шатқалды не тауларды екі жағынан қоршап тұрған аласа шоқылардың аралығында кездеседі. Орталық Қазақстандағы қола ғасырының суландыру жүйелерінің орындары, тоғандары Жақсы Сарысу, Жаман Сарысу, Алтынсу, Шопа, Нұртай өзендері алқабында, Қаракеңгір өзенінің жоғарғы ағысында, Қызылшілік шатқалында сақталған.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Беғазы қонысы Қазақстанның қай аймағынан табылған?
Қола дәуірінің Орталық Қазақстанда табылған археологиялық ескерткіш туралы не білесің?
Кейінгі қола ғасыры қай кезеңді қамтиды?
9 тақырып. Жерлеу орындарын іздеу және барлау – 1 сағат.
Дәріс мақсаты. Әртүрлі тарихи кезеңдердің жерлеу орындарына жерлеу шұңқырлары, қоршаулар, обалар мен кесенелер және т.б. ескерткіштер мен оларды іздеудің өзіндік ерекшеліктері жайлы мағлұматтар беру.
Негізгі сұрақтар:
Жерлеу шұңқырлары мен тас қоршаулар
Обаларды іздеу
Жерлеу орындарын іздеу. Әртүрлі тарихи кезеңдердің жерлеу орындарына жерлеу шұңқырлары, қоршаулар, обалар мен кесенелер және т.б. ескерткіштер жатады, оларды іздеудің өзіндік ерекшеліктері бар.
Жерлеу шұңқырлары мен тас қоршаулар. Әртүрлі тарихи кезеңдерден қалған үстінде үйіндісі жоқ жерлеу шұңқырларын не үстіндегі үйіндісі әртүрлі себептерге байланысты бұзылып, тегістеліп не су шайып кеткен жерлеу орындары жердің бетінен байқалмайды, сондықтан оларды табудың өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, өзеннің аңғарында, су жайылу алқабында орналасқан, сыртында тас қоршауы бар ғұн не түрік жерлеу орындарын табу қиынға соқпайды, ал егер олардың қоршаулары бұзылып кеткен не көміліп қалған болса, оларды өзеннің су шайып кеткен жарқабағынан не өзеннің жағасынан қызылған ор, шұңқырлардың тік кесіндісінен байқауға болады.
Үстінде үйіндісі жоқ жерлеу орындарын әртүрлі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қазылған қазан - шұңқырдың жарқабағынан, су, мұнай, газ құбырларын тасымалдау үшін қазылған траншеялардан кездестіруге болады. Жерлеу шұңқырлары кейде құрылыс алаңдары үшін тегістелген жерден де ашылып қалуы мүмкін. Оларды ұшақпен түсірілген аэросуреттен де байқауға болады, сондай-ақ жер бетіне жақын жатқан жерлеу шұңқырларын көлбеу түскен күн сәулесіне не өсімдік қабатына қарап анықтауға болады. Кейде үстінде үйіндісі жоқ жерлеу шұңқырларын әртүрлі кезеңде өмір сүрген елді мекеннің төңірігендегі үсті тегіс биік жерден кездестіруге болады, оларды жергілікті халықтан сұрастыру арқылы да табуға болады. Барлау жұмыстары кезінде табылған үстінде үйіндісі жоқ жерлеу шұңқырларының жобасын түсіріп, оны жан-жақты суреттеп жазу керек және географиялық координаттарын анықтап, суретке түсіреді.
Обаларды іздеу. Жерлеу орындарының келесі бір түрі обалар. Обалар топырақтан, тастан, тас аралас топырақтан үйілген, олар көлеміне қарай: кіші, орта және үлкен ал үстіндегі үйіндісінің түріне қарай: аласа, биік, үсті жалпақ, жарты шар тәрізді, сопақша болуы мүмкін. Обалар Қазақстанның барлық аудандарында кездеседі, сондықтан да оларды іздеу кезінде, еліміздің әртүрлі тарихи-географиялық аудандарында кездесетін обалардың орналасу ерекшеліктерін және түрін ескеру керек.
Сақ обалары Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның тауаралық, тауалды жазықтарында, Іле, Шу, Талас өзендерінің жағасында кездеседі. Олар тастан, топырақтан, тас аралас топырақтан үйілген, көлемі 3-104 м, биіктігі 0,3-17 м-ге дейін жетеді. Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің сақ обалары қатарында “мұртты” обалар кездеседі. Мысалы, Тасмола 1 қорымындағы 19-обаның аумағы 8 м, биіктігі 0,3 м, оның тастан үйілген ені 1,5 м келетін солтүстік “мұртының” ұзындығы 52 м, ал оңтүстік “мұрты”- 46 м. «Мұртты» обалар Қаратаудың тауаралық және тауалды жазықтарында да кездеседі (54-сурет).
Тастан, тас аралас топырақтан үйілген сақ обалары Шығыс Қазақстанда тауаралық алқапта, жазықта, өзен, көл жағаларында, шатқалдарда кездеседі. Олардың қатарында кіші, орта және үлкен хан обалары бар. Шілікті алқабындағы хан обаларының аумағы 100 м, биіктігі 8-10 м. Берелдің тоң басқан обалары теңіз деңгейінен 1120 м биікте, Бұқтырма өзенінің оң жағалық 3-террасасында орналасқан (55-сурет).
Савроматтардың жерлеу орындары топырақтан үйілген жарты шеңбер тәрізді, сыртында оры бар жеке обалар мен оба қорымдары түрінде кездеседі. Үлкен обалардың аумағы 60 м, биіктігі 4 м-ден асады. Кейбір үлкен савромат обалары, тіпті, ортағасырларға дейін жерлеу орны ретінде пайдаланылып келген.
Үйсін обалары негізінде тауаралық, тау алды жазықтарында, өзеннің жағасында 5-6 обадан тізбектеле, солтүстіктен оңтүстікке қарай орналасқан болып келеді, олардың аумағы 6-20 м, биіктігі 0,5-1,5 м. Сонымен қатар, кейбір обалар қорымындағы обалар үш-үштен топталып ретсіз орналасуы да мүмкін ал кейде жүйесіз тізбектелген обаларда кездеседі.
Қаңлы обалары елді мекендердің төңірегінде орналасады, олар негізінде топырақтан үйілген көлемі шағын обалар. Мысалы, Ақтөбе қалашығы төңірегіндегі обалар.
Ғұндар жерлеу орны ретінде өзен аңғарында не өзеннің жағасынан қазылған, сыртында тас қоршауы бар жерлеу шұңқырларын пайдаланған.
VI-VIII ғғ. кезіндегі түріктердің обалары, тас қоршаулары мен ғұрыптық орындары тау үсті, тауаралық, тауалды жазықтарында, шатқалдарда, өзеннің жағалық террасасында, өзен аңғарларында кездеседі. Тастан, тас аралас топырақтан үйілген аумағы 3-12 м, биіктігі 0,3-15 м келетін обалар жер жағдайына қарай жеке-жеке не шағын топ болып орналасқан. Көлемдері 0,8х0,8 м-ден 5х5 м-ге дейін жететін, жобасында тіктөртбұрышты, төртбұрышты, дөңгелек қоршаулар қырынан көмілген тастардан қаланған. Тіктөртбұрышты, төртбұрышты қоршаулардың қабырға-лары (кейде бұрыштары) әлемнің төрт жағына қарай бағытталған, жеке-жеке не қатарласып орналасқан қоршаулар негізінде солтүстіктен оңтүстікке қарай ал кейде солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізбектелген болып келеді. Қоршаулардың бірнеше түрлері сақталған, олар: жәй қоршаулар; шығыс жағына адам мүсіні қойылған қоршаулар; шығыс жағына сұлбасы адамға ұқсас тас плита, не плитаның шығыс қырына адамның бет пішіні салынған қоршаулар; шығыс жағына тік тұрған плита қойылған және т.б. қоршаулар. Жалпы, жәй тас қоршаулар кең таралған.
Обалар мен қоршаулардың қатарында тастан дөңгелек етіп қаланған, аумағы 4-6,5 м, биіктігі 0,5 м келетін, үсті тегіс алаң түріндегі ғұрыптық орындар кездеседі (56-сурет).
Қимақ обалары тас аралас топырақтан үйілген, сыртындағы тас қоршаулары жобасында төртбұрышты, дөңгелек болып келеді, кейде, үсті толық таспен қаланған обалар да кездеседі.
Топырақтан үйілген көлемі шағын (12 м-ге дейін) оғыз обалары жеке-жеке не шағын топ болып орналасқан, кейде ежелгі жерлеу орындарының үстіне үйілген обалар да кездеседі.
Аумағы 6-25 м, биіктігі 0,5-1,2 м келетін қыпшақ обалары негізінде топырақтан үйілген, оларды сырттай қоршап жатқан ор онша терең болмайды.
Қазақ хандықтары кезінің тастан қаланған, тас аралас топырақтан үйілген көлемі шағын (2-3 м) обалары, сыртында қоршауы бар обалар мен бір не бірнеше тас камераны қоршаған қоршаулары тауаралық, тауалды жазықтарында, шатқалда, шатқалдан шыға берісте, өзеннің жағасында орналасқан елді мекендер мен қалашықтардың төңірегіндегі зираттарда кездеседі. Сондай-ақ, олар жайлаулар мен қыстақтарға салынған уақытша құрылыстардың төңірегіндегі, үсті тегіс биік жерде де кездеседі. Мысалы, Өгізтаудың оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан қазақ хандықтары кезіндегі қалашықтың жанында тастан, тас аралас топырақтан үйілген обалар, бір не бірнеше камералы тас қоршаулар сақталған. Кейбір обалардың, қоршаулардың шығыс, солтүстік-шығыс жағына биіктігі 0,5-1 м келетін тас плиталар (бағандар) қойылған.
Археологиялық барлау кезінде ескеретін бір нәрсе, белгілі бір шағын тарихи-географиялық ауданда әртүрлі тарихи кезеңдердің жерлеу орындары аралас кездесуі мүмкін. Мысалы, қола ғасырының тас қоршаулары, сақ обалары мен түріктердің тас қоршаулары және т.б.
Әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталған жерлеу орындарының бір түрі – жерлеу камералары мен кесенелер, олар қола ғасырынан бастап қазақ хандықтарына дейінгі бірнеше мың жылдықтар аралығында кездесетін ескерткіштер.
Қола ғасырының тастан салынған кесенелері сыртқы көрінісіне, жобасына қарағанда көп камералы тас қоршауға ұқсас, сондықтан оларды тас қоршаулардың қатарынан іздестіру керек. Мысалы, Ақсу аюлы, Беғазы кесенелері (57-сурет).
Үлкен кесектен салынған қола ғасырының кесенелері сыртқы көрінісінде аумағы 40-50 м, биіктігі 0,5-1,8 м, үсті жалпақ обаға ұқсас болып келеді және олар негізінде елді мекендердің төңірегіндегі жерлеу орындары кешенінде кездеседі. Мысалы, Іңкәрдария өзенінің құрғап қалған арнасының жағасындағы Тегіскен жерлеу кешенінен ашылған бір кесене (№5А) жобасында тіктөртбұрыштың ішіне салынған дөңгелек құрылыс (58-сурет).
Ежелгі заманның жерлеу камералары мен кесенелері елді мекендер мен қаланың төңірегіндегі жерлеу кешендерінде кездеседі, олар сыртқы көрінісінде аумағы 20-30 м, биіктігі 4,5-8,4 м келетін құрылыс құландыларына ұқсас. Мысалы, әртүрлі жобадағы жерлеу камералары мен кесенелері Шірікрабат, Баланды қалаларының төңірегіндегі жерлеу кешендерінде сақталған.
Ортағасырлар кезінде Қазақстанда күйдірілген кесектен салынған кесенелер кеңінен таралған, олар ортағасырлық елді мекендер мен қалашықтардың ішінде, зираттарында, керуен жолдарының бойында орналасқан. Мысалы, Қарахан, Айша бибі (59-сурет), Рабия Сұлтан Бегім, Қожа Ахмет Ясауи және т.б. кесенелер.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Әртүрлі тарихи кезеңдердің жерлеу орындарын сипаттаңыз?
Сақ обалары мен қорымдары.
Үйсін, ғұн, қаңлы қоныстары мен молаларының таралу аймақтары мен ерекшеліктері
10 тақырып. Тасқа салынған суреттерді іздеу және олардың көшірмесін алу – 1 сағат.
Дәріс мақсаты. Қола ғасырынан бастап Қазақ хандықтары кезіне дейінгі бірнеше мың жылдықтар аралығында салынған суреттер еліміздің барлық аймағында кездеседі. Оларды орналасқан жеріне қарай бірнеше топтарға бөліп қарастыры отырып, жан-жақты мәлеметтер беру.
Негізгі сұрақтар:
Тасқа салынған суреттерді іздеу
Тасқа салынған суреттердің көшірмесін алудың әдстері
Тасқа салынған суреттер Қазақстанда кең таралған. Қола ғасырынан бастап Қазақ хандықтары кезіне дейінгі бірнеше мың жылдықтар аралығында салынған суреттер еліміздің барлық аймағында кездеседі. Оларды орналасқан жеріне қарай бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады: теңіз деңгейінен 3000-3500м биіктегі қия беткейдегі тастарға, алаңқайдағы мұздақтар жылжытып әкелген тас үйіндісіндегі тастарға не жеке-жеке жатқан үлкен тастарға салынған суреттер; тау шатқалдарындағы тік жартастарға, тау беткейіндегі, тау етегіндегі жартастарға салынған суреттер; тау етегін қуалай аққан бұлақтың, өзеннің аласа жағасындағы жартасқа салынған суреттер; тау аралық жазықтағы қатар-қатар болып жер бетіне шығып жатқан тастарға салынған суреттер; тау етегіндегі аласа қырқалар мен төбелердің арасын бөліп жатқан суағардың, бұлақтың жағасындағы жартастарға салынған суреттер; тау аралық жазықта, өзеннің, бұлақтың, көлшіктердің жағасында жатқан үлкен-кіші тастарға салынған суреттер және т.б. Қазақстаннан ашылған тасқа салынған суреттерге қатысты бір ортақ ерекшелік, көпшілігінде суреттер беті оңтүстікке, оңтүстік-шығысқа, оңтүстік-батысқа қараған тастарға салынған.
Археологиялық барлау барысында тасқа салынған суреттерді жергілікті жердің ерекшелігіне қарай іздестіру керек. Суреттер негізінде беті қою тотыққан, күн жақсы түсетін тастарға салынған. Барлау барысында ашылған тасқа салынған суреті бар жерді асықпай аралап көріп, оның алып жатқан көлемін, орналасу ерекшелігін анықтап алу керек. Егер тасқа салынған суреттердің саны көп, олар кең көлемді алып жатқан болса, оларды орналасқан жеріне қарай жеке-жеке топтраға (бұлақтың, өзеннің жағасы, таудың етегі, таудың беткейі және т.б.) бөліп, әр топтағы сурет салынған тастардың санын анықтап алу керек және әр топтағы суреттерге күн сәулесінің қай мезгілде қалай түсетінін анықтап алу керек. Сосын тасқа салынған суреттер орналасқан жердің топографиялық жобасын сызып, сурет салынған барлық тастардың орнын белгілейді.
Тасқа салынған суреттердің көшірмесін алу үшін оған керекті жабдықтарды даярлап алу керек.
Тасқа салынған суреттердің көшірмесін түсірудің әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген әдістері белгілі, солардың бірі – жазықтық (плоскость) әдісі. Бұл әдіс бойынша тасқа салынған суреттердің көшірмесін алу үшін оның бетіне келесі (арғы) беті көрінетін калька, суретке арналған папирос қағазы, полиэтилен, микалентаны жауып көшірмесін түсіреді.
Калькаға түсіру. Тастағы суреттің бетіне ылғалданған калька қағазын жауып, оның жан-жағын пластилинмен не желіммен тасқа бекітеді де суретті бастырады. Егер тастың беті тегіс болса суретті қаламмен штрихтап не бояуға батырылған жұмсақ тампонмен басып түсіреді. Калькаға түсірілген көшірмеде тасқа салынған суреттің контуры мен көлемі жақсы көрінеді, дегенмен, бұл әдіс арқылы түсіру кезінде тастағы суреттің салыну техникасын, оның барлық кедір-бұдырын толық көрсетуі қиын, әсіресе, суреттің аса ұқыптылықпен орындалған кейбір тұстары калькадан анық көрінбей қалуы мүмкін.
Полиэтиленге түсіру. ХХ-ғасырдың 70-жылдарынан бастап тасқа салынған суреттердің көшірмесін полиэти-ленге түсіру кеңінен қолданыла бастады. Суретті көшіру әдісі калькаға түсіруге ұқсас, онан айтарлықтай айырмашылық жоқ, және бетіне полиэтилен жабылған тастағы сурет анық көрінеді, сондықтан көшірмені дәл алуға мүмкіндік береді. Полиэтиленге көшіру кезінде де суреттің салыну техникасын көрсету мүмкін емес. Бұл әдістің бір кемшілігі сол, суретті көшіру кезінде абайлап түсіру керек, себебі суретті қатты батырып сызу кезінде полиэтилен жыртылып тастың беті зақымдануы мүмкін. Суреттің көшірмесін түсіру кезінде полиэтиленнің тастың бетіне толық жабыспайтынын және жел тұрған кезде оның қозғалып кетуі мүмкін екенін ескеру керек.
Микалентаға түсіру. Бұл әдіс бойынша көшірмені алу үшін беті жақсылап тазартылған тасқа жабылған микалентаны ылғалданған жұмсақ матамен қатты басып суретке жапсырады. Микалента мен тастың арасында ауа қалмауы керек және микалента суреттің кедер-бұдырына қарай толық жабысуы керек. Тастың бетіндегі суретке жапсырылған микалента толық кепкеннен кейін, оның бетін типографиялық не майлы бояумен түсірілген көшірме толық, жақсы кепкеннен кейін микалентаны тастың бетінен ажыратып алады да, оны қатты заттың, қағаздың бетіне жапсырады. Бұл әдістің артықшылығы сол, тастың бетіндегі суреттің көшірмесі дәл әрі анық түседі және суреттің қандай әдіспен салынғаны да көрініп тұрады. Микалентаға түсірілген көшірмеде тастың бетіндегі сызықтар, жарықтар қолдан сызылған сияқты болып көрінеді. Микалентаға көшірме түсіру кезінде оның тез жыртылып кететінін есте сақтаған жөн. Микалента жыртылып кеткен жағдайда бояу тастың бетіндегі суретке жұғып, оның зақымдануы мүмкін.
Көлемді әдіс бойынша көшірме алу үшін бетіне сурет салынған тастың үстіне тез қататын сұйық қоспа құяды. Құйылған сұйық қоспа тастың бетін толық алып, оның барлық кедір-бұдырын жабуы керек. Осы әдіс бойынша алынған көлемді, теріс көшірмеде тастың бетіне салынған суреттің барлық ерекшеліктері, сызықтары анық көрінеді және суреттің қандай әдіспен салынғаны, тіпті суретшінің әрбір соққысы, сызықтары жақсы көрініп тұрады. Көлемді әдіс бойынша алынған көшірмеге ол салынған тастың түсін беруге болады және көшірме тасымалдауға ыңғайлы, оны кез келген уақытта суретке түсіріп, баспаға пайдалануға болады.
Тасқа салынған суреттердің көшірмесін алу үшін гипс, пластик, смоланы, тіс протезі үшін пайдаланып жүрген бағалы материалдарды да пайдалануға болады. Негізінде бұл әдіс жекелеген суреттердің не көлемі шағын тастардың бетіне салынған суреттердің көшірмесін алуға тиімді. Зерттеушілер осы әдіс бойынша жасалған көшірменің гипске көшірілген нұсқасын да пайдаланып жүр.
Соңғы кезде ғалымдар бұл әдіс бойынша көшірме алуға пайдаланылып жүрген заттардың сурет салынған тасқа және тасқа салынған суретке зиянды екенін анықтап, онан бас тарта бастады.
Тасқа салынған суреттің көшірмесін алудың келесі түрі – көшірмені тор (сетка) арқылы алу әдісі. Тордың үлкен не кіші болуы сурет салынған тастың көлеміне байланысты. Бұл әдіс бойынша тасқа салынған суреттің үстіне шаршы торы қойылады да, әр тордағы суреттердің көшірмесі түсіріледі. Көшірме түсірудің бұл әдісі беті тегіс тасқа салынған суреттердің көшірмесін түсіруге ыңғайлы.
Зерттеушілер тасқа салынған суретті суретке түсірудің екі әдісін қолданып жүр, олар: құжаттық және көркем сурет (60-сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |