10-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ МАЗМҰНЫ МЕН ТҮРЛЕРІ 36-бап. Медициналық қызметтің мазмұны Медициналық қызмет жоғары немесе орта кәсіптік медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың кәсіптік қызметін қамтиды. 37-бап. Медициналық қызметтің түрлері Қазақстан Республикасында медициналық қызметтің мынадай түрлері: 1) медициналық көмек; 2) зертханалық диагностика; 3) патологиялық-анатомиялық диагностика; 4) қан мен оның компоненттерін дайындау саласындағы қызмет; 5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет; 6) қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы қызмет; 7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі мен ғылыми қызмет; 8) денсаулық сақтау саласындағы сараптама; 9) осы Кодексте тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері жүзеге асырылады. 11-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК 38-бап. Медициналық көмектің түрлері Медициналық көмектің түрлері мыналар болып табылады: 1) алғашқы көмек; 2) дәрігерге дейінгі медициналық көмек; 3) білікті медициналық көмек; 4) мамандандырылған медициналық көмек; 5) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет; 6) медициналық-әлеуметтік көмек. Ескерту. 38-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
38-1-бап. Алғашқы көмек 1. Шұғыл жағдайлар кезінде оқиға орнында зардап шегушінің өзі (өзіне-өзі көмек көрсету) немесе жақын жердегі басқа адам (өзара көмек) жүргізетін адамның өмірін құтқаруға және асқынулардың алдын алуға арналған жедел базалық іс-шаралар кешені алғашқы көмек болып табылады. 2. Алғашқы көмек көрсету жөніндегі базалық іс-шаралар денсаулық сақтау саласындағы стандарттарда айқындалады. Ескерту. 11-тарау 38-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).