Заки Ахметов зерттеулеріндегі Зар заман әдебиетінің Абай шығармаларына әсері.
Зәки Ахметов –қазақ өлең сөзінің теориясын, нақтырақ айтқанда қазақ халқына тән өлең тілі мен өлең құрылысының ерекшеліктерін сөз өнерінің даму кезеңдерімен, ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби-тарихи үдеріспен, оның ішінде ұлт поэзиясының шыңы Абай Құнанбаев шығармаларымен тығыз байланыста зерттеген ғалым. Оның зерттеулерінде қазақ өлең құрылысының қалыптасуы, дамуы, шыңдалып-жетілуі, байып-толысуы сараланып, поэзиядағы көркем түр, тіл, өлең өрнегі бір-бірінен бөлек қаралмай, өзара сабақтастығы тұтас зерделеніп, шығарманың мазмұнын ашудағы қызметін анықтау тұрғысынан терең талданады. Ғалым халық поэзиясындағы өлең өрнектерін, сөз кестесін саралаумен бірге жазба әдебиеттегі де тың ізденістерді назардан тыс қалдырмайды. Қазақ әдебиеті ХХ ғ асырдың бас кезіне дейін өлең түрінде өркендегенін ескере отырып, жазба әдебиеттегі жаңа көркемдік тәсілдердің, бүгінгі әдебиеттегі ұлттық дәстүрдің алдымен поэзияда пайда болғанын айтады. [7.12 бет]
Зәки Ахметов Абайдың ақындық тұлғасы мен суреткерлік шеберлігін зерттеу кезінде ХҮ- ХҮІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясына, әсіресе ХҮІІІ-ХІХ ғ асырлардағы жүздеген қазақ ақындарының жеке тұлғасына, өзіндік қолтаңбасы мен ақындық стиліне үңіледі. «Бұл –жалпы халықтың шығармашылығы мағынасында ұғынылатын фольклордан мүлде басқаша, өзінің өзгеше сапасы, сипаты, қалпы бар, тарихи өсу-өзгеру кезеңдері бар әдебиет. Оны ауызша поэзияның дәстүрімен жалғасып, тығыз байланыста десек те, әдебиет деп қарауымыз керек, бұл –қазақ әдебиеті тарихында аса бір үлкен, арналы, бірнеше ғасыр созылып келген әдеби процесс. Осы тарихи-әдеби процестің бас жағында тұрған Шалкиіз, Доспамбет сияқты ондаған ақын- жырауларды қойғанда, Бұқар, Тәтіқара, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нармамбет немесе Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Әсет сияқты әнші-ақындар деп аталып жүрген көптеген ақындар – қазақ әдебиетіндегі өз бағыты, тақырыптары, стилі, сөйлеу мәнері бар ірі тұлғалар. Осындай ақындар өлеңді ауызша шығарып, ауызша айтқан деп саналса да, олардың бірталайы хат таныған, оқыған, шығыс, орыс, еуропа әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс болған, жазба әдебиетінің кейбір бейнелік, стилдік ерекшеліктерін өзінше игеріп пайдаланған»- деп атап көрсетеді. [7.13 бет]
З.Ахметовтің Дулат ақынның шығармаларының мазмұндық-жанрлық сипаттары туралы шәкірті, дулаттанушы-ғалым Қ.Раевпен бірлесіп жазған «Жырын тыңда, Дулаттың» атты ғылыми талдау мақаласында ақын толғауларын мазмұнына, жалпы табиғатына, болмысына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырады. Соның ішінде толғаудың Ахмет Байтұрсынұлының классификациясы бойынша белгіленген сегіз түрі де кездесетінін айтады. Ақын шығармаларын Ахаңша жіктей отырып, сап толғау, күліс толғау, марқайыс толғау, сезім толғау, налыс толғау, сұқтаныс толғау, намыс толғау, ойламалдау түрлері бойынша нақты мысалдармен талдайды.
Көңілдің таза күйін шығыстық баяндау сипатында жырлайтын сап толғау үлгісіне «Жас кезеңі» мен «Асқар таудың сәні жоқ» толғауларын жатқызады. Толғаудың бұл үлгісінің ақын шығармашылығында сирек кездесуінің себебін «оның нені айтса да тек баяндап қоймай, өзі сол құбылыстың, әрекеттің ішіне еніп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, ащысы мен тұщысын қатар сезіп» барып тілге тиек ететінінен іздейді. [7.14 бет]
Келесі марқайыс толғау үлгісіндегі өлең қатарына өзі туралы толғанысын жеткізетін «Тегімді менің сұрасаң» деп басталатын туындысын атайды. Дулаттың шығармалары негізінен өзі өмір сүрген ортаның кемшілігін сынау, тығырықтан елді алып шығатын жол іздеу, көңіл түпкірінде қордаланған мұң мен шерді, қасірет-қайғыны ақтару сипатында болғандықтан марқайыс үлгісіндегі өлең жоқтың қасы десе де болады. Жоғарыда аталған толғауының өзі жалаң мақтан мен даңғойлықтан ада, яғни, даңқ пен дақпыртқа бастайтын жолдарды кездестіре алмаймыз. Ақын қай шығармасында болсын елдік мұратты, адамгершілік арналарды өз жүрегінен өткізіп барып тасқындата төгеді. Ғалымның зерттеуінде осы мәселелер жан-жақты сараланып берілген.
Бірінде сынап, бірінде қайрап, бірінде аталық өсиет берер намыс толғау үлгісіндегі өлеңдерінің басы ретінде «Ақтанға» толғауы айтылады. Ақын жасынан жетімдіктің қамытын киген Ақтанды нысанаға ала отырып, жаугершілік заманда тағдыр тәлкегіне ұшыраған мыңдаған жетімектердің қиыншылығын жеңілдеткісі келеді. Жас батырды қиялмен құйрық-жалы таралған, бауырынан жаранған тұлпарға мінгізіп, бес қаруын асынтып ширатып, ширықтырады. Азаптың ащы дәмін татқан баланы қанаттандырып, айбынын аспандатып, алдағы күнге үмітін оятады. Бірақ бұл шығармада өсиет айту, ақыл айту жоқ. Ал нақыл түріндегі, шешендік толғау сипатындағы шығармаларына «Баласына айтқаны», «Сүлейменге», «Кеңесбайға», «Бараққа» секілді бірнеше жырларын жатқызады. Бұл шығармаларында заман жақсылықтары мен кемшіліктерін, адам бойындағы мінез-құлықты салыстыра жырлау, шендестіре толғау көрініс тапқан. Ақын езгіге түсіп, еңірегенде етегі жасқа толған елдің жай-күйіне назар аударып, қайғылына уата отырып, арасында еңсесі түскен елдің жігері мен намысын да қайрап кетуді ұмытпайды. [7.15 бет]
Достарыңызбен бөлісу: |