А.Байтұрсынов және зар заман әдебиеті Өткен ғасырдағы көрнекті әдебиет зерттеушілерінің көпшілігі ХІХ ғасырда қазақ даласында қалыптасқан ірі әдеби ағым – «Зар заман» әдебиетін зерттеуге қызығушылық танытқаны мәлім. Мәселен, Сәкен Сейфуллин 1932 жылы қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі тарихын «Билер дәуірі» және «Орыс патшасына бағынған дәуір» деп екі дәуірге бөліп қарастырса, Сәбит Мұқанов Шортанбай дәуірін «Зар заман әдебиеті» деп атады. Бұл кезеңге қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесіне қатысты зерттеулер жүргізген Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев сияқты белгілі ғалымдарымыз да айрықша мән береді. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов «Зар заман» әдебиетін сипатына қарай «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынды.Ал қазақ халқының ұлы қаламгері Мұхтар Әуезов 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығының «Зар заман» атты бөлімінде бұл кезең жайында арнайы зерттеуін жариялады.
Бұл кезең әдебиетін зерттеуге алғашқылардың бірі болып қалам тартқан ұлт көсемдерінің бірі, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Оның «Зар заман» әдебиетіне қатысын екі түрлі бағытта қарастырамыз. Бірінші, «Зар заман» әдебиетіндегі азаттық идеясының Алаш идеясымен, оның ішінде А.Байтұрсынұлы шығармаларындағы ұлттық рухпен өзара байланыстылығы, екінші,«Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі «Зар заман» әдебиеті өкілдерінің шығармаларының көрініс табуы тұрғысынан айтуға болады.
. «Зар заман» әдебиетін зерттеуші ғалым Бауыржан Омарұлы ХХ ғасыр басындағы ұлттық оянуға бетбұрысты: «Міне, зар заман поэзиясындағы сарындардың, дәстүрлі тұжырымдардың біртіндеп жоғала бастайтын тұсы да осы. Алдымен «заман азды, жер тозды» мотивін ағартушылық идеялар, әрекетшілдік қадамдар ығыстырды. Өлең-жыр ақырзамандық сарыннан арылды. Мағжанның «өткен – аяулы» деп жырлағанындай, кешегі күнді көксеу сарыны халықтың көшпенді өмірін, азат дәуренін сағынудан гөрі, адам баласы үшін артта қалған тіршіліктің қадірлі болатынын айту әуеніне қарай ойысты. Жаңа дүниенің құбылыстарына тосырқай қарау, күдіктене-күмәндана жырлау үрдісі жойылып, тосын жаңалықты дәріптеп, мұны қазақ үшін керек нәрсе деп бағалау дәстүрі қалыптаса бастады», –деп жазады. Ұлы мақсатқа жету үшін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары да өзінің алдындағы қазақ халқына ойы азық, сөзі темірқазық болған ұлт данышпандарының ұлы қайнарынан сусындады.
«Әдебиет танытқыш» еңбегінде «Зар заман» әдебиеті өкілдерінің шығармалары талдануына келсек, профессор-ғалым Бауыржан Омарұлы: «А.Байтұрсынов сөз өнерінің әр түрін талдап-таразылау барысында зар заман үлгілерін мысал ретінде пайдаланды. Ғалым көркейте айқындауды – Мұрат, насихат өлеңді Әбубәкір, діндар әдебиет термесін Шортанбай шығармаларынан алынған үзінді жыр тармақтарымен дәйектеп көрсетеді», – деп жазады. Қазақ өлеңін жанрлық жағынан алғаш жіктеп көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының зар заман ақындары жырларының табиғаты бірнеше жанрға сәйкес келгендіктен мысал ретінде алған. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлының өлең жолдарын «Тіл көрнектілігі» тарауының «Көріктеу» тараушасында көркейте айқындауға, Шортанбай Қанайұлының шығармаларын «Діндар дәуір» тарауындағы «Насихат» тараушасында, «Терме» тараушасында, Әбубәкір Кердерінің өлеңдерін «Әсірелеу» тарауындағы «Қайталақтау» тараушасында, «Діндар дәуір» тарауындағы «Насихат» тараушасында, «Даттау» тараушасында, «Терме» тараушасында пайдаланған. «Зар заман» ақындарының жырлары көбінесе Ахаң жазған «Діндар дәуір» әдебиетіне сәйкес келеді. Себебі, олардың барлығы діни біліммен сауатын ашқан, Ислам дінінен мол хабары бар ақындар болғанын шығармаларынан анық байқауға болады. Елге діни насихат айту, жаманшылықтан сақтандыру, жаны күйзеліске түскенде Құдайдан жәрдем тілеу, Жаратқанға жалбарыну олардың жырларына тән болып келеді. «Әдебиет танытқыштағы»: «Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінажат деп ат қойған. Әуелгіде мінажат деп ғұламалардың құдайға айтқан зары, арызы, налысы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де мінажат деп аталатын болған», – деген сипаттаманың «Зар заман» жырларындағы сарындарға да қатысы бары анық.
Ахмет Байтұрсынұлы анықтама беретін налыс толғауы, терме, мінажат өлеңдердің «Зар заман» жырларының жанрлық сипатына сәйкес келеді.
Жинақтай айтқанда, зерттеу еңбектерінде шығармаларын пайдаланғанын және жырларыдағы идеялық сабақтастықты ескере отырып, Ахмет Байтұрсынұлы «Зар заман» ақындарының шығармашылығымен жақсы таныс болған, олардын рухани үлгі алған деген қорытынды жасауға толық негіз бар. [6]