М.Әуезов тұжырымдары М.Әуезовтің қазақ әдебиеті мен тарихындағы алар орнын оның әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбектерінсіз, атап айтқанда талант қыры жан-жақты ғалымның әдеби сын, теориялық тұжырымдарға толы ғылыми зерттеу еңбектерінсіз толық күйде сипаттап, талдап шығу мүмкін емес. Ол – қазақ әдебиеттану, фольклортану ғылымының негізін салушы ғалымдардың бірі. Әдебиетші ғалымның фольклор, әдебиет тарихы, әдебиеттер байланысы, абайтану мәселелері бойынша жазған еңбектері бір ғана қазақ әдебиеттану ғылымында емес, кешегі кеңес одағы көлемінде де аса жоғары бағаланып отырғаны тарихтан мәлім.
Ғалымның әдебиет тарихы, оның басталуы мен дамуы жайлы айтқан пікірлері мен ойлары өте маңызды. Өкінішке орай қазақтың қоғамдық өмірінің дамуы жағдайларына сүйеніп айтылған бұл ойлар кеңінен өріс ала алмады, керісінше ғалымның ұлтшыл ретінде айыпталуына (1929-1932) байланысты тоқталып қалды. М.Әуезовтің бұл саладағы алғашқы күрделі еңбегі «Әдебиет тарихы» (1927, Қызылорда) пайдаланылудан алынып тасталып, тіпті идеялық жағынан зиянды кітаптардың қатарына қосылды, осылайша халық игілігіне пайдаланудан тыс қалды. Бұл кітап Қазақстан өзінің ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігіне қолы жеткеннен кейін ғана «ұлтшылдық ағым» ақталып, соған қатысты тиым салынған әдебиеттер ішіндегі М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (Алматы,1991) да толық күйінде қайта басылып шықты, сөйтіп рухани байлығымыздың алтын қорын толықтыра түсті.
Зар заман ақындарының шығуын М.Әуезов ХІХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысынан кейінгі кезеңге жатқызады. Бұл кезеңмен Абылай заманының арасындағы тарихи байланыстарға лайық әдебиеттегі Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындарымен Абылай дәуіріндегі ақындардың арасынан сондайлық үзілмейтін жалғастық табады. Ол Абылай дәуіріндегі зар заман ақынын екі топқа бөледі: бірі – келер күннің жұмбағын шешіп беріп, елге өсиет айтатын қария, екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуінің де көпке айтар сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып келеді. Олар – елдің ақылшы кемеңгері, заман сыншысы, елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Қауым тіршілігінде саяси салмағы зор ақындардың аузынан шыққан сөзі де қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр өтімді болған
Зар заман әдебиетіне М.Әуезов ХІХ ғасырда болған ақындардың бәрін де қосады. Махамбетті оның басы санап, аяғын Ы.Алтынсаринге тірейді. Аралықта нағыз зар заман әдебиеті ақындары ретінде мойындалған Шортанбай, Мұрат, екі ғасыр шекарасында өмір кешкен Нарманбет шығармаларына талдау береді. Айтыс ақындарынан осы топқа Шернияз, Досқожа, Күдеріқожа, тарихи жыр айтушылардан Нысанбай мен Ығылманды қоса қарастырады. Махамбеттің көтеріліс жалауын көтеріп, тар заманда елді күреске үгіттеген өлеңдерін талдау тұсында ғалым онда алдан күткен үміт, тілек барын, соған жетем деген екпін, жалын барын атайды.
Кітаптағы Шортанбай, Мұрат, Нарманбет шығармашылығына берілген баға – қазақ әдебиеттану ғылымындағы бұл ақындар жайлы алғашқы пікір. Олардың өлеңдерін Мұхтар Әуезов заман шындығымен салыстыра отырып байсалды талдаған. Шортанбай, Мұрат өлеңдеріндегі заманның бұзылу суреттерімен заман адамының кейпі, Мұрат көбірек жырлаған қазақтың жерінің алынуы, қоныс пен өрістің тарылу идеяларының көрінісі сөз болады. Ақындардың шындықты айта білу ерекшеліктеріне көңіл бөлінеді. Нарманбетті автор зар заманның ақырғы ақыны санайды. «Ол бұрынғы зарлы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, әдебиеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады» дейді. [5]