Әдеби шығармалардың жанрлық-көркемдік сипаттары. Әдебиет және қазақ қауымының әлеуметтік тұрмыс тіршілігі.
ХІХ ғасырдағы әдеби, мәдени өмірдің үш ерекше құбылысы байқалады. Оның бірінішісі, қоғам тарихындағы саяи-әлеуметтік жағдаяттар мен мемлекеттік құрылыстағы жаңалықтар болса, екіншісі қазақ кітаптарының алғаш рет зерттелу дәрежесі жоғарылап, баспа бетінде жарық көре бастауы, әдеби шығармаларды насихаттаудың, таратудың жаңа сапалық сатыға көтерілуі еді. Мысалы, Ш. Елеукенов, Ж.Шалғынбаевалардың Қазақ кітабының тарихы еңбегінде көрсетілгендей «Құран Кәрім» сынды өзге де діни әдебиеттен кейінгі оған етене жақын кітап «Сейфілмәлік», 1807 жылы Қазан шаһарында, Қазан гимназиясының баспаханасынан жарық көрді. Үшіншіден, ең негізгісі, қазақ әдебиеті біртіндеп, жаңа әдебиет арнасына түсе бастады. Бұл кезеңдегі мәдениет те өзінің болмыс-бітімі жағынан осыған дейінгі түркі, қазақ көркемдік танымы дүниесінің заңды жалғасы еді, әрі оның өзекті ерекшеліктерін сақтап қалған-ды. ХІХ ғасырдағы мәдениет «өзінің түр сипаты, мазмұны мен тақырыбы жағынан алуан түрлі болды. Мұнда ежелгі мифологиялық аңыздаулар мен кейінгі заманда пайда болған фольклорлық шығармалар, орта ғасырларда күллі Шығыста дәстүрге айналған қолжазба кітаптар мен тарихи шежірелік туындылар, халықтық музыка мен ойындар, сондай-ақ ұлттық қазақ әдебиеті мен шешендік өнер, - бәрі қатар, араласа, сабақтаса ғұмыр кешіп жатты.» - дейді өзінің «Жаназық» атты еңбегінде С.Қасқабасов. [2.19 бет]
Достарыңызбен бөлісу: |