Қазақ хандығы тұсында әдеби туындылардың идеялық-мазмұндық сипаты жаңғырып, тақырыптық, көркемдік жағынан да елеулі өзгеріске түсті. Қазақ елінің ырыс-берекесі, ұлттық рух, асылтекті батырлар мен бектерінің парасат пайымдары, жаугершілік күндердің қаһармандығы, эпикалық тыныстылық, сол кезеңдегі өлең, жыр, толғау, дастандарының жаңа өркенді сөзі еді. Бұл заманауи мәселелер қазақ әдебиетінің өзекті басты тақырыптарына айналды. Жеке-дара батыр-бағландардың ерлік істері, батырлық рухы, халық арасындағы мәртебесі дәріптелді, классикалық ауыз әдебиеті үлгілерінен мәлім әдеби көркемдік ұстындар хандық дәуірдің өмір шындықтарынан туындаған тақырыптарға, әуендерге жалғасты. Қазақ әдебиетінің жаңа дәуірінің алғашқы нышандары қазақ ордасының түтінін түзетіп, іргесін бекіткен тұсындағы қауымдық-әлеуметтік шындықтармен шарпыса көрініп, хандықтың күні батқан аласапыран кезеңде басым көрініс танытты. XVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда Жер мен Ел тақырыбы әдеби туындыларда бүтіндей жаңа мазмұнда жырланып, саяси-әлеуметтік нақтылық сипатқа ие болды. Ежелгі әдеби мұралардан мәлім топонимкалық түсініктердің аңыздардан таныс таныс «Жерұйық», «Жиделі-Байсын», «Қазан» қаласы, «Қараспан» секілді қадау-қадау тарихи атаулардың есесіне атажұрт, жер, атамекен ұғымы басым жырланды. Жер мен Ел, содан туындайтын өзге де сан түрлу елдік, азаматтық тақырыптар осы кезеңдегі әдебиеттің басты белгілері. Жаңа әдебиет дегенде де, негізгі сипаттардың бірі әрі бірегейі ретінде алдымен жер мен ел тақырыбы аталса керек. Эпос – адам баласының таным көзі, ол қай халықтың да тарихында басты орын алады. [2.13].
Халық тағдырындағы үлкен белесті кезеңдерге сәйкес туып, халық санасына сол күндердің басты-басты белгілерін, рухын сіңіреді. Тарихи сананың тәжірибесін алға тартады. Ол заңдылық қазақ халқының әдебиетіне де тән. Әдебиеттің ежелгі кезеңдерден жаңа дәуіріне ұласуы көркемдік-эстетикалық құнарынан бастап тақырып, поэтикалық әлеміне дейін көрініс беретін күрделі үрдіс. [2.14 бет]
Қазақ әдебиеті де осы кезеңде тарихи дамудың нақтылы шарттарының ықпалымен өзінің жаңа суреткерлік көркемдік-танымдық белгілерін барынша айқындап алды. Ықылым замандардан бастау алған жыраулық дәстүр, халықтық эстетикалық таным мектебі жаңа сипатты әдеби ағымдарға ұласты. Хандық дәуірде дәуірлеп көтерілген жыраулық, батырлық поэзия орнына ежелгі түркілер тұсынан белгі берген ақындық шығармашылық дәстүр қайта жаңғырып белең алып келе жатқан еді. Қазақ әдебиетінің бесігінен дарыған қасиеттері жаңа сападағы қайта өрлеу дәуірін бастан кешті. Ұлт-азаттық мүддені тарихи сана ұйытқысы деңгейіне көтерген ұлттық әдебиет саяси-әлеуметтік рухын нақ осы дәуірде терең де батыл толғай бастады. Тарихи жырлар ұлттың азаматтық сөзіне, кей тұстарда ұранына айналды. Идеялық-көркемдік жаңғыру әдебиеттің жанрлық, поэтикалық жағынан түрленіп, көпқырлы даумына жол ашты. Көркемдік даму үрдісінде дәстүр мен жаңашылдық секілді сипаттардың бірлігі мен қарама-қайшылықты жаратылысы да осы кезеңде сала-сала тарамдалып, барынша бедерлі көрінген болатын.
Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиеті өзінің даму заңдылықтары мен мазмұндық-көркемдік сипаты жағынан ұлттық әдебиеттің классикалық үлгілерінің негізінде туындап, XVIII-XIX ғасырларда қазақ елі бастан кешкен тарихи ерекшеліктерге қарай өрбіп, қалыптасты. Қазақ әдебиетінің бай да күрделі тарихи өзінің даму сипаты, тарихи дәстүр сабақтастығы жағынан қазақ елінің тағдыр жолымен қатар өріліп, өрбіп отырады.