Сангвиник (жеңілқанды)
Мінез ерекшеліктері: Бұл тип өкілі – еті тірі, қабілетті, қозғалғыш. Мінезі ашық-жарқын, көңілді және әзілқой, өмір сүйгіш, жеңіл мінезді, сөзшең, ренжісе қайтуы тез, сәтсіздігін жеңіл өткізеді. Сөзі жылдам, сөйлегенде ым-ишара (мимика) жағы басым келеді. Басшылыққа, жетекшілікке құштар жандар болады.
Адамдармен қарым-қатынаста көпшіл, басқа адамдармен тез тіл табысады. Қысылып-қымтырылмайды, кісіге қайырымды.
Жағымды жақтары: белсенділік, шапшаңдық, бейімделгіштік, қабілеттілік, ұйымдастырушылық.
Жағымсыз жақтары: жеңілтектік, бейбастық, шашыраңқылық, жауапкершіліксіз.
Сабақта өзін қалай ұстайды: Егер оқу материалы қызықты және жас ерекшелініне сай болса, онда оқушы жаңа берілген материалды тез қабылдайды, жеңіл есте сақтайды. Ал егер материал қызықсыз және оны оқу үшін көп уақыт қажет болса, онда оқушы оны ұзақ уақытқа есте сақтай алмайды. Сабақ үстінде тынышсыз, жиі алаңдайды, сабақта достарымен көп сөйлеседі. Сыныпта өтіп жатқан барлық жағдайларға мән беріп отырады. Достарының арасында ылғи да сыйлы және оларға көптеген қызық әңгімелер айтады. Сангвиниктер жаңа ортаға тез бейімделеді. Егер берілген жұмыс немесе тапсырма жеңіл болса, оқушы оны тез орындайды, ал жұмыс қиын, қытымыр, ұзақ болса, жұмысқа суып, қызығушылығы басылып қалады. Егер математика сабағында есеп беріле сала сол оқушы жауабын айтса, және бұл жауабы қате болса, ол ары қарай шығарып, дұрыс шешуін іздемейді, келесі жұмысқа көшеді.
Жұмыс жасауға ұсыныстар:
Олардың сөзіне көп сене беруге болмайды. Өйткені бұл балалар тапсырманы жасамау үшін түрлі сылтаулар айтуға бейім болып келеді. Бұндай жағдайда бала өтірікші, алаяқ болып өсуі мүмкін. Сондықтан балаға тапсырманы қалағаныңыздай уақытында аяғына дейін ұқыпты орындатуға мән беру қажет.
Шамадан тыс мақтауға болмайды. Әрекетіне сай дұрыс мадақтау қажет. Және тапсырманы әлі де жақсы орындауда дамыту аймағын ұсыныспен бағыттап отырғаныңыз абзал.
Сангвиниктерді оқу үрдісінде бақылаған жақсы, яғни оқу үстінде олар қасиеттерін айқын көрсетеді. Жақсы жұмыс жасауы үшін оның алдына үздіксіз жаңа да қызықты тапсырмалар қойып отыру қажет.
Сангвиниктерді жұмысты сабырмен асықпай істеуге, тұрақтылыққа тәрбиелеу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |