Меланхолик (ауырқанды)
Мінез ерекшеліктері: Бұл типтің өкілі өте баяу. Қатты тітіркендіргіштерге жауап бере алмайды, ұзақ және қатты күш түсірсе, олар жұмыс істей алмайды. Олар өте тез шаршайды. Бірақ қалыпты қоршаған ортада, мысалы, үйде ондай балалар өздерін жақсы ұстап, іс-әрекеттерді жақсы орындайды. Эмоциялары баяу туады, бірақ тереңдігімен және күштілігімен ерекшеленеді. Кейде көпке дейін булығып, белсенді сөз айтудан қалады. Өте сезімтал, реніштерін іште сақтап, оларды көп ойлай береді, өзінің қиыншылықтары бар екенін ешкімге көрсетпейді.
Адамдармен қарым-қатынаста тұйық, таныс емес адамдармен сөйлеспейді, жаңа ортада қатты қысылады.
Жағымды жақтары: табандылық, істі аяғына дейін жеткізушілік, қарапайымдылық.
Жағымсыз жақтары: осалдық, қысылу, көңілсіздік, пессимизм.
Сабақта өзін қалай ұстайды: Меланхолик оқушы көпшілік арасында болуды ұнатпайды. Тұйық, ұялшақ және ешкімге көрінгісі келмейді. Біреуден қорқып жүрген сияқты жүреді. Проблемаларды терең сезініп, көп уайымдайды. Сабақ айтып тұрған кезде қызарып кетеді, сабақты біліп тұрса да сасқалақтап жауап бере алмай қалады. Істегісі келмейтін жұмыспен айналысса, тез шаршап кетеді. Достарына көмектесуді ұнатады. Олар өте байқампаз.
Жұмыс жасауға ұсыныстар:
Оқу үлгеріміне қарай жазалауға болмайды. Бұл балаларға үлкен топта оқу өте қиынға соғады. Сондықтан балаға үздік оқуға талап қоймай оның жаңа ортаға сәтті бейімделуін қамтамасыз ету және шамасы жететін қарапайым тапсырмаларды беру қажет.
Баланы өзгелердің алдында ұялтып, ұрсуға мүлдем болмайды. Бұл балаларға ұрсу оны ұрғанмен тең екенін білгеніңіз жөн. Сондықтан баланы үнемі қолдап отыру қажет. Жасай алмаған тапсырмасы үшін де келесі жолы орындайтынына сенім білдіріп отыру қажет. Кішкентай жетістігі үшін де мақтап отыру қажет. Мақтай отырып, баланың сенімділігі мен өзін-өзі бағалауын дамыту қажет. Баламен жай және сеніммен сөйлескеніңіз жөн.
Егер оны дұрыс тәрбиелесе, қызығушылығы, эмоция сезімі, қабылдауы арта түседі. Меланхоликтерге үнемі қолдау мен демалыс қажет. Тапсырма орындау барысында асықтырмаған жөн.
Өзіне-өзі сенімділігін арттыруға, батылдыққа және белсенділікке тәрбиелеу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |