Байланысты: И. А. Зимняя педагогикалық психология екінші, толықтырылған, түз-emirsaba.org
Адамның іс-әрекет субъекті ретінде дамуы Тұлға ретінде дамып, бала әрекет субъекті ретінде де қалыптасады. Бұл жағдайда бастапқы ереже болып «баланың психикалық дамуын саналы түрде басқару ең алдымен, …жетекші әрекетті басқару жолымен жүзеге асырылады» [111, 306 б.], жетекші әрекет санатында мектепке жейінгі жаста ең бірінші кезекте ойын, ал кіші мектеп жасында – оқу әрекеті саналады. Бұл жерде бала әрекетінің өзі және оның өзі субъект ретінде өзгеріске ұшырай ма, дами ма деген сұрақ туады. Д.Б. Элькониннің, А.Н. Леонтьевтің зерттеулері көрсеткендей, баланың әрекеті оның даму барысында ақыл-ойы және тұлғалық даму бағытымен қатар, үшінші бағытын ұсынып, сапалық тұрғыдан да өзгереді. Д.Б. Эльконин баланың ерте балалық шағында заттық әрекетінің өзгеруін сатылап қарастыра келе дамудың тек қана әлеуметтік жағдаятының өзгеруін атап қана қоймай, заттық әрекеттің өзінің өзгеруін атап өтеді. Ойында, оқуда баланың әрекеті өзіндік сана-сезім, мақсатты бағыттанушылық тұрғысынан және мотивтер мен мақсаттардың арасында еркін қарым-қатынастардың орнатылуы, әрекеттің операционалды жақтарын күрделендіру жағынан жетіктіріледі [238, 50 б.]. Даму процесінде балада, ең алдымен, мотив (әрекеттің не үшін орындалатыны) және мақсаттың (әрекет нәтижесінде не нәрсеге қол жетуі тиіс) арасындағы қатынастарды еркін орната алу икемділігі қалыптасады. Бала өз әрекеттерін жоспарлап, ұйымдастырып, бағыныштырып, әрекет операцияларының орнын басып, алмастырып үйренеді. Мысалы, үлкендер сияқты таяқты ат қылып міну ойынында ойын әрекеті орнын басу әрекетін орындау жолымен жүзеге асырылады. Бұл әрекет ұқсастық орнатуды ұйғарады. Ол белгілі бір мақсатпен жүргізіледі, мұнда «ат үстінде» тәсілі жеке дара шығып тұр. Одан күрделі заттық әрекеттерде операциялардың сатылап орындалуы дараланады, әрекеттің жалпыланған тәсілі жаттықтырылады. Рөлдік ойындарда, әрекеттің ережелерін ұстана отырып, бала белгілі бір рөлді қабылдап оны ойнап шығады. Балада мақсатты, әрекетті бейнелеу қабілеттілігінің қалыптасуының негізінде, яғни заттық рефлексия негізінде өзін-өзі бақылау және өзін-өзі реттеу дағдылары қалыптасады. Басқа сөзбен айтқанда, әрекет субъекті ретінде баланың даму процесінде мақсатты бағыттану (нысананы көздеу), еркіндік, өзін-өзі реттеушілік, әртүрлі өмір жағдайларында әртүрлі міндеттерді шешу үшін әрекет тәсілдері мен әдістерін қатаң ажырату қалыптасады. Баланың даму процесін сипаттаушы негізгі қағидалардың талдауы, біріншіден, қарастырылған барлық сызықтар (бағыттар) өзара шартты, өзара байланысты екенін көрсетеді. Бұл - олардың тек қана бірге жүзеге асырылуы, сөздің толық мағынасында, адамның психикалық, тұлғалық дамуы деп аталатын прогрессивті өзгерісті құра алады дегенді білдіреді. Екіншіден, бұл дамудың белгілі бір әлеуметтік жағдаятында және де ең алдымен, оқыту және тәрбиелеу жағдаятында әлеуметтік ортаның, бірлестіктің, ықпал етуінен болатыны ерекше атап өтіледі. Бұл прогрессивті педагогикалық психологияның барлық ережелері дамыта және тәрбие беруші оқытудың барлық оқу пәндерінің құралдары арқылы жүзеге асырылуының маңыздылығына екпін түсіруімен байланысты. Үшіншіден, адамның дамуы оқыту және тәрбие беру процесінде басқа адамдармен өзара әрекеттесу барысында жүретіні аталып өтеді. Бұл да педагогикалық психологияның негізгі ережелерінің бірі.
С.Л. Рубинштейн «бала дамымайды, тәрбиеленбейді және оқытылмайды, ол тәрбиелене және оқи отыра дамиды» деген. Бұл дегеніміз: «тәрбие беру және оқыту бала дамуы процесінің дәл өзіне кіреді, ол тек оның үстіне қондырылмайды…» және ары қарай «… баланың тұлғалық психикалық қасиеттері, оның қабілеттілігі, мінезінің ерекшеліктері және т.б. баланың жеке әрекеті барысында тек байқалмайды, сонымен бірге ол қалыптасады…» [193, 192 б.]. Осыдан барып оқушының оқуын оның оқу әрекеті ретінде арнайы ұйымдастырылуы қажеттілігінің психологиялық тезисі шығады, ол оқулықтың келесі тарауларында қарастырылады.