3.5 Үшінші аналитикалық топтың катиондары
Үшінші топтың катиондарына екі валентті металл иондары Ba2+, Sr2+, Ca2+ жатады. Бұл катиондар түссіз. Катиондардың галогенидтері, нитраттары, ацетаттары суда жақсы ериді. Гидроксидтері күшті электролиттерге жатады және олардың ерігіштік қатары барийден кальцийге қарай төмендейді.
Барий, стронций және кальций сульфаттары суда нашар ериді, сондықтан топтық реактивіне күкірт қышқылы жатады. Барий сульфатына қарағанда кальций сульфаты анағұрлым ерігіш. Осының салдарынан күкірт қышқылын үшінші топ катиондарының қоспасына қосқан кезде, ерітінді сұйылтылған болса да барий сульфатының тұнбасы бірден түзіледі, біраз уақыт өткен соң стронций сульфатының тұнбасы пайда болады, ал кальций сульфаты тек кальций тұздарының концентрацияланған ерітінділерінен түзіледі және ол тұнбаға толық түспейді.
Кальций тұздары табиғатта кең таралған. Табиғи судың кермектілігі оның құрамында кальций тұздарының болуына байланысты. Кальций адам және жануарлар сүйектерінің негізгі құрылымдық компоненттерінің бірі болып табылады. Ол бұлшық ет ұлпалары мен жүйке жүйесінің қозуын төмендетеді, қанның ұю процесіне қатысады.
Кальций және барий қосылыстары медицина мен фармацияда қолданады. Гипс-кальций сульфаты хирургияда таңғыш және тістің ұнтақтарын әзірлеу үшін қолданады. Кальций хлориді және кальций глюконаты аллергиялық аурулар кезінде қолданылады. Барий сульфаты рентген сәулесін өткізбейтін болғандықтан, асқазан рентгеноскопиясы кезінде пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |