Дәріс 2. Философияның пәні мен әдісі
Жоспар
1. Философия методология ретінде.
2. Философияның функциялары.
Философия – Дүниеге деген адамның көзқарасын қалыптастырады. Бұл осы пәннің ең негізгі функцияларының бірі.
Әрине, қайсыбір адамның Дүниеге деген көзқарасы бар. Ол – тұрпайы, фантастикалық, діни, мифологиялық т.с.с. болуы мүмкін. Ертедегі гректердің айтқанындай, адам өзінің толық кемеліне, әсіресе, рухани жағынан алғанда, пісіп-жетілуі сатысына 40 жасқа келгенде келеді екен. Оны олар ²акме² деп атаған. Яғни адам өмірде сол жасқа шейін шыңдалып, талай рет маңдайы тасқа соғылып, күнделікті өмірден тәжірибе қорытып, осы қоршаған Дүние, қоғам өмірі, адамдардың бір-бірімен қатынасы жөнінде белгілі бір көзқарасқа келеді.
Философияның әдістері:
1. Диалектика;
2. Метафизика;
3. Догматизм;
4. Эклектика;
5. Софистика;
6. Герменевтика.
Философияда негізінен екі түрлі әдіс қолданады. Бірі - диалектикалық әдіс. Ол дүние үдайы қозғалыста, дамуда деп түсінеді. Екіншісі - метафизикалық (греч. meta, ta phisika деген екі сөзінен шыққан) әдіс. Бұл - біріншіге қарама -қарсы, дүниені өзгермейтін, қозғалмайтын, дамымайтын құбылыс деп түсінетін ұғым.
Философияның қызметтері:
1. Дүниетанымдық;
2. Әдістемелік;
3. Теориялық;
4. Тәрбиелік;
5. Аксиологиялық;
6. Әлеуметтік;
7. Болжамдық.
4. Философия мен нақты ғылымыдар арасында тығыз байланыс бар. Олар бірінсіз бірі өмір сүрмейді. Өйткені философия - жалпы теориялық ілім. Ол объективтік шындықтың жалпы заңдылықтарын зерттеп, теориялық қорытынды жасайды. Әрине, ол үшін нақты ғылымдардың жетістіктерімен ұдайы қаруланып отыру қажет. Нақты ғылымдармен тығыз байланыс жасамайынша философия өмірден қол үзіп, алшақтап, схоластикалық ілімге айналады. Ондай ғылымнан практикалық нәтиже күту қиын. Философияның ғылыми маңызы өзіне керекті нәрді өмірдің өзінен алуында. Ол нәрді тудыратын практика, нақты фактыларға негізделген ғылымдар. Сондай - ақ, нақты ғылымдар үшін жалпы теориялық ғылым - философия қажет. Нақты ғылымдар объективті шындықтың тек бір бөлігін алып зерттейді. Ғылым дамыған сайын оның жоғарыда айтылғандай зерттейтін шеңбері тарылып, мазмұны тереңдей бермек. Сондықтан нақты ғылым өкілдері жалпы теориялық ғылымдардан методологиялық негіз іздейді. Мәселен, ондай негіз ретінде философиялық әдістеме алынады. Философия келешек пайда болатын ғылымдарды өз бойына сақтай білді. Сондықтан да оны ол кезде натурфилософия деп атады дедік. Кейінгі философиядан түрлі ғылымдар бөлініп шыға бастаған соң, философия мен жеке ғылымдар арасында байланыс болуы қажеттілікке айналды. Бір жағынан, ғылымдар түрлі мамандықтарға бөлініп, сараланып жатса, екінші жағынан, ғылымдар бірігіп, интеграцияланып жатыр. Философия тек өз алдына қалыптасқан ғылым ғана емес, ол сонымен қатар басқа ғылымдардың да дамуына қолайлы жағдай. Ғылымдардың даму тарихы мұны ұдайы дәлелдеп келеді. Сол одақта философия жалпы ғылым болғандықтан ол жеке, нақты ғылымдарға методологиялық, жетекшілік рөл атқарды.
Сонымен, философия дегеніміз материя мен сана, таным мен болмыс, адам мен қоғам жайлы адамзат ой - санасының дамуы барысында жинақталған, жүйеленген ғылыми ой - пікірдің теориялық жиынтығы.
Алайда, бүгінгі таңда, қазақ мемлекеті жаңа ғана қалыптасып өзінің күшіне кіріп жатқан уақытта, бүкіл Дүние жүзіндегі халықтар мен мемлекеттерге есігімізді кең ашып жатқан шағымызда, өз келбетімізді сақтап қалуымыз үшін (оны ғылымда идентификация дейді (іdentіfіco – латын сөзі, -теңеймін) біз дүниежүзілік философияны зерттеп, қазақ халқының дүниетанымы онда қандай орын алатынын анықтауымыз керек. Сонымен қатар, бүгінгі адамзаттың рухани дағдарысы неде, қаншалықты биік дәрежеге ғылым мен техника көтерілгенмен қазіргі миллиондаған адамдар өздерін неге бақытсыз сезінеді, біз өзіміздің реформаларымызда қандай елдердің тәжірибелерін үлгі ретінде алуымыз керек және оларды өзіміздің ерекшеліктерге сай етіп пішуіміз керек деген т.с.с. сұрақтарға жауап беруіміз керек. Бұл сұрақтарға жауап жеке адам, я болмаса, бүкіл қоғамның болашақ тағдырына әсерін тигізбей қоймайды. Ал олардың бәріне де терең жауап беру философия арқылы болмақ, өйткені, олардың бәрі де Дүниеге деген көзқараспен байланысты мәселелер.
Бүгінгі таңдағы еліміздегі көп қиындықтар, тіпті қателіктер, біздің өмірді жаңарту жолындағы үстірт еліктеу, қайсыбір ақиқаттың нақтылығын ұмыту, жалпы алғанда, біздің жаңа қалыптасып жатқан саяси және экономикалық элитамыздың философиялық дайындық дәрежесінің тайыздығымен, интеллектуалдық элитаға мән бермеумен көп жағдайда байланысты болып отыр. Әрине, сонымен қатар, көп мәселелердің түп-тамыры біздің соңғы ғасырлардағы бодандығымызға кетеді. Бірақ, оған қаншалықты сілтей береміз?
Дүниеге деген терең философиялық көзқарас, әсіресе, біздің жастарға керек. Өйткені, жастар – елдің болашағы. Философияны терең оқып-білген адамның ғана Дүниеге көздері ашық, қазіргі адамзат өміріндегі болып жатқан шым-шытырық тартыс, қайшылықтардың мәнін аша алады. Олай болса, өз өмірінің мән мағнасын жете түсініп, осы өмірде өзінің шынайы орнын ала алатын болады.
Философияның келесі функциясы – оның методологиялық қызметінде. Әр ғылымның саласында өзінің пәнін зерттеуде белгілі бір іс-әрекеттер, әдістемелер қолданылады (methodos –грек сөзі, -зерттеу жолы). Әртүрлі методтар (әдістемелер) жеке, жалпы, ең жалпылық (философиялық) болып бөлінеді. Методтар жөніндегі жалпы ілімді біз методология дейміз.
Бірде-бір таным, әсіресе, философиялық, қайсыбір саналы адамның іс-әрекеті белгілі бір методтар, әдістемелерсіз, олар арқылы соған сәйкес методологиялық түсініктерсіз болуы мүмкін емес. Жаңа Дәуірдегі философия негізін қалаушылардың бірі Ф.Бэкон адамның дүниетанудағы қолданатын методтарын қараңғыда жолды көрсететін шамшырақпен салыстырған болатын. Орыстың ұлы ғалымы И.П.Павлов “ғылымда қолданатын методтармен көбінесе зерттеудің нәтижелігі тығыз байланысты. Жақсы методтар арқылы өте талантты емес ғалым да көп нәрсені ашуы мүмкін. Ал қолданылатын методтар нашар болса, онда гениалды ғалымның өзі бостан-босқа өзінің күш-қуатын жұмсайды²,- деген болатын (genіus – латын сөзі, -аса қабілетті). Француз ғалымы И.Лаплас ұлы ғылыми жаңалыққа жеткізген жолды сол жаңалықтың өзінен кем емес,- деген пікір айтқан.
Философия болмыс пен ойлаудың ең жалпы формаларын зерттегеннен кейін олардың методологиялық қызметі объективтік шындықтың универсалды модельдерін жасау арқылы, сол тұрғыдан жеке ғылымдардың орнын, зерттеуге керек таным құралдарын – категориялар, заңдар, принциптер, ұғымдарды анықтау арқылы жүреді. Әсіресе, гуманитарлық пәндерді зерттеуде философияның құндылық, өмірдегі мән-мағналық бағытты анықтаудағы қызметін асыра бағалау өте қиын. ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың өте тез дамуына байланысты философияның методологиялық қызметінің мәні де өсуде.
Бір жағынан, жаңа ғылым салалары пайда болып жатса, екінші жағынан әртүрлі ғылым салаларын жақындататын “шекаралық² пәндер дүниеге келіп жатыр. Қазір адамзаттың алдында неше түрлі экологиялық, демографиялық, урбанизациялық, ғарыштық т.с.с. мәселелер тұр. Оларды шешу үшін әртүрлі жеке ғылымдардың басын біріктіріп үлкен күрделі ғылыми бағдарламаларды жасау керек. Ал мұның өзі белгілі философиялық көзқарастың, методологиялық принциптердің негізінде ғана іске аспақ.
Қолданылатын әдебиеттер:
1. Мырзалы С. «Философия», А., 2008,
2. Абдрасилова Г «Философия», 2008, 8-28 бб
3. Джонстон Д. "Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін".Ғылыми ред. Нурышева Г.Ж. – Астана, 2018ж
Достарыңызбен бөлісу: |