4. Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең - тарихымыздың тәлімі көп,
ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған
халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз
салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген.
Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық
тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен
шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі
негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.
5. Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті-
дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына
тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған
кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз
орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ
ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап
салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен
ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен
басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.
Достарыңызбен бөлісу: