ІІ тарау
САУАТ АШУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
1 САУАТ АШУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІ3ДЕРІ
Сауат ашу әдістемесі тілдің жазба түрі мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланыстарды бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру - ең алдымен тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық заңдарып жете білуді қажет етеді.
Табиғи жағынан дыбыс қандай да болмасын бір дененің белгілі бір ортада теңселіп, қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта — ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып, пайда болуы мүмкін емес.
Дыбыстың жасалуында: оның ырғағы, күші, созылыңқылығы, әуені ажыратылады,
Дыбыстың ырғағы белгілі бір уақыт мөлшері (әдетте 1 сек.) ішіндегі дірілдің саны; ол неғұрлым көп, жиі болса, ырғақ солғұрлым күшті болады. Ал, керісінше, дірілдің саны аз болса, ырғақ та солғындап, әлсірей береді. Адамның құлағы 1 сек. ішінде 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болатын дыбысты қабылдап, ести алады. Дауыс құбылысы осы ырғаққа, яғни сөйлеу барысында ырғақтың өзгеруіне байланысты болады.
Дыбыс күші дірілдің қарқынынан шығады. Егер дірілдің кеңдік (амплитуда — лат. amplitugo) қарқыны көбейе түссе, дыбыс күші де ұлғайып, күшейе береді. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен қарым-қатынасқа түседі.
Дыбыс әуені дыбыс дірілінің түрлерімен ұштасады. Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады.
Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сөйлеу аппараты (өкпе, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз, мұрын қуысы, тіл, таңдай тіс, ерін т. б.) арқылы шығуынан жасалады.
Дыбыстарды айтуда әсіресе дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады: дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады; ал тілдің бірде көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немеcе ұшының қимылынан әртүрлі дыбыстар жасалады.
Тіл дыбыстары ның артикуляциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі - ерін. Қазақ тілінде 38 дыбыс бар. Олар дауысты, дауыссыз болып екіге бөлінеді. Бұлайша бөлу дыбыстардың буын құрау қызметіне негізделеді. Қазақ тілінде 13 дауысты дыбыс буын құрайды да, 25 дауыссыз буын құрамайды. Дауыстылар: а,ә,о,ө,е,ы,і,ұ,ү,е,э,и,у. Дауыссыздар: б,в,г,ғ,д,ж,з,й,к,қ,л,м,н,ң,п,р,с,т,ф,х,һ,ц,ч,ш,щ. «У» дыбысы дауыстыдан кейін келсе, буын құрай алмай, үнді дыбыс болады. Ендеше ол бірде дауысты, бірде дауыссыз қызметін атқарады. Бұлай топтау балаларға әсіресе олардың акустикалық жақтары мен физиологиялық жақтары баса үйретілуі қажет.
Дауыстылар мен дауыссыздардың жасалуын Бодуэн де Куртенэ: дауыссыз дыбыста қысым – дыбыстау аппаратының бір ғана мүшесіне түссе, дауыстыда дыбыстау аппаратына жайылады жа, жалпылама өтеді – деп, айқындаған болатын.
Мұғалім тілдің артқы таңдайға қарай жылжуы мен бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар, тілдің таңдайдың алдыңғы жағына жуықтауынан жіңішке дауыстылар шығатынымен таныстырды. Әсіресе айтылуы қиындық келтіретін дыбыстар – дауыссыздар. Тіпті кейбір балалар дыбыстарды мектепке келгенде айта да алмайды. Осыған орай, кейбір дауыссызды айтқанда тілдің ұшы күрек тіспен жымдасып, бірден кілт ажырап кететінін, кейбіреулері астыңғы еріннің үстіңгі ерінге немесе тіске тиюінен , енді біреулері тіл ұшының астыңғы тіске жуысуынан, ал тілдің артқы шенінің жұмсақ таңдайға жуықтасуынан, жұтқыншақтың тарылуынан дыбысының пайда болатын байқатып айтқызып балаларды дағдыландырды.
Сауат ашу кезеңінде балалар дыбыстарды айтуға дағдылануымен бірге олардың қалай таңбалатынымен де танысады. Дыбыстардың таңбасын білу, әріптерді үйрену – сауатты болудың алғашқы баспалдағы. Әріптерді білу арқылы жазуды меңгереді.
Мектепте осы сауат ашу ең бір шешуші кезең болып есептеледі. Өйткені қазақ тілін үйрену жоғарыда көрсеткеніміздей, басқа пәндерді де үйрену барысындағы жетістіктер мен кемшіліктердің негізі болып табылады.
Сауат ашу кезінде балалар сөздің дыбыс, буын құрамын меңгереді, сөйлеммен танысады. Буындардан қалайша сөз құрауға болатыннын біледі, жаңа сөздер үйреніп, сөздік қорларын байытады, практикалық түрде қазақ тілінің нормасына сай сөйлем құрастырып, өз ойларын айтып беруге дағдылана бастайды.
Мұғалім бөбектерге айтылатын дыбыстарды қағаз бетіне түсіру үшін және оларды оқу үшін бұл дыбыстардың белгілі бір графикалық таңбалармен белгіленетін айтады.
Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады. Қазақ тілінде орыс графикасы арқылы белгіленетін 42 әріп бар. Олар: а,ә,б,в,г,ғ,д,е,е,ж,з,и,й,к,қ,л,м,н,ң,і,ы,ұ,ү,о,ө,п,р,с,т,у,ф,һ,ц,ч,ш,щ,э,ю,я,ь (жіңішкелік белгі),ъ (жуандық белгі). Қазақ тілінде бір таңба екі дыбысты белгілейтін жағдайлар да бар: е,я,ю,у,ц,ч,щ.
Дыбыс тіркестерінің, сөздердің дұрыс айтылу ережелері орфоэпия( гр. Сөзі orthos – тура, дұрыс, epos – сөйлеу ) деп аталады.
Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралықтарындағы дыбыстар бір-бірімен өзара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеу олардың үндестігін сақтап, нақышына келтіре айту үшін тілдің дыбыстық жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу керек.
Қазақ тіліндегі сөздердін, айтылуы мен жазылуында аса көп айырмашылық жоқ. Дегенмен сөз ішіндегі және сөз аралығындағы дыбыстардың барлығы бірдей айтылуынша жазылмайды. Үндестік заңына сай, қатар келген екі дыбыс бір-біріне ықпал жасап, өзгеріліп естіледі (түңгі-түнгі, Амангелді-Аманкелді, Жампейіс-Жанпейіс, башшы-басшы, баралмай-бара алмай т. б.).
Оқу-жазуға үйретудің алғашқы кезеңдерінде анық, естілетін, созып айтуға келетін және дыбысталуы мен таңбалануы бірдей дыбыстардан құралған сөздер іріктеліп алынады. Балалар сауат ашу кезінде өздері көріп тұрған не жазған әріптерінен буын құрай алады. Олар талдау арқылы сөздің қандай буындардан, дыбыстардан құралып тұрғанын ажыратса, жинақтау арқылы дыбыстардан буын, буындардан сөз құрап үйренеді.
Дара айтуға және басқа дыбыстармен қосып айтуға ең, қолайлы келетін дыбыстар дауыстылар болады, сонан кейін үнді дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар. Ең қиындары — қатаң дауыссыздар. Сондықтан да оқу-жазуға үйреткенде ең алдымен дауыстылар, сонан соң; дауыссыздарды оқытқан орынды болады. Өйткені сауат ашудың ең, алғашқы кезінде балалар бірден екі әріпті біріктіріп оқи алмайды. Алғашқы кезде бала бір-екі әріпті қабылдай алады. Үйрене келе, бірте-бірте жалғас тұрған әріпті де қабылдайды. Бірінші әріптен екінші әріпке көшіп, екі әріпті қосып оқи алатын кезде, созып айтуға болатын дыбыстардың берілгені жөн. Сондай-ақ алғашқы кезде оқуға ұсынылған сөздер буын жағынан да жеңіл (ашық буын) көбінесе жуан дауыстылар мен созып айтылатын дауыссыздардан құралғаны қолайлы.
Балалар жуан буынды оқып үйрене бастаған кезде, жіңішке буындарды оқуға онша қиналмайды.
Сауат ашу кезінде дыбыстар және буын түрлерімен қатар сөздің құрамындағы дыбыстардың аз-көптігінің де әсері болады. Яғни, алғашқы сабақтарда екі-үш дыбысты сөздер үйретілгені дұрыс. Бірақ қазақ тілінде екі-үш дыбысты ашық буыннан құрылған сөздер өте аз. Сондықтан бір-екі сабақтан кейін-ақ бірнеше дыбыстан (өткен әріптердің қайталанып келуі арқылы) құрылған сөздер мен тұйық буын қатар өтіледі. Екі дыбысты ашық және тұйық буыннан үдету амалымен үш немесе төрт дыбысты сөздер құрастырылып үйретіледі (Шо-ра, ша-на, ал, ал-ма, ар-ша, Са-ра т. б.).
Балаларға сөздерді, біріншіден, мағынасы жағынан, екіншіден, қолданылу аясы мен шеңбері жағынан үйретудің олардың ойы мен тілін дамыту үшін маңызы зор.
Сөздің ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылуын бірде метафора арқылы, бірде метонимия арқылы, кейде синекдоха тәсілдері арқылы беріліп отырады. Метафора (гр. — mеtорога ауысу) — белгілерінің ұқсастығына қарай, сөз мағынасының ауысуы. Мысалы, орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті (Абай). Метонимия (гр. mеtоnuymіа атын өзгерту) заттың не құбылыстың атауы екінші затқа не құбылысқа белгіленетіні (өзара іргелес, шектес болуына қарай ауысуы). Мысалы, Жүрегім менің қырық жамау (Абай). Синекдоха (гр.synekdohe) —бірге жобалап түсіну. Мысалы, басың нешеу?
Сөзді үйрену барысында балалар мынадай амалдарға дағдыланулары тиіс:
1) сөздің мағынасын айту;
2) сөзді тағы қандай мағынада қолдануға болатынын айту;
3) осы мағынаны тағы қандай сөздермен білдіруге болатынын айту;
4) сөйлеуде лексикалық құралдарды дұрыс пайдалану;
5) мағына жағынан ұқсас немесе қарама-қарсы сөздерді қолданылуын аңғару.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Оқытудың алғашқы сатысында сөйлеу органдарының қызметі қалай пайдаланылады?
2. Дауыстылар мен дауыссыздарды өздеріңіз айтып үйреніңіздер және оның не үшін керек екенін түсіндіріңіздер.
3. Орфоэпия туралы айтыңдар, өздіктеріңізден мысал келтіріңіздер.
4. Сауат ашу жұмысына қажетті фонетикалық мәліметтерді айтып беріңіз.
5. Сөзді үйрену барысында балалар қандай амалдарға дағдыланады?
Достарыңызбен бөлісу: |