Шаруашылығы мен мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығына өтудің басты алғышарттарының бірі бақташылар мен жер өңдеушілердің арасындағы еңбек бөлінісі. Қарақытайлар шаруашылықтың екі саласымен де айналысты. Талас, Шу өзендері алабында мал және егін шаруашылығымен шұғылданып, аң, балық аулаған. Қолөнер кәсібімен айналысқан. Қарақытайлар уақыт өте келе Орталық Азиядағы саяси оқиғаларға байланысты жергілікті түркі тілдес халықтарға сіңісіп кеткен. Негізгі ұстанған діні – буддизм.
§ 17.Найман мен керей ұлыстары
Наймандар-ежелгі түрік тайпаларының бірі. Наймандар Ертіс өзенімен Орталық Монғолия арасындағы жерлерді мекендеген. Монғол тілінде найман сөзі «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Наймандар керей, меркіт, қырғыздармен көрші болған. ХІ ғасырдың бас кезінде наймандар христиан дінін қабылдады. Мұның өзі наймандардың ертефеодалдық кезеңде басқа мемлекеттермен және халықтармен этно-мәдени байланыста болғанын дәлелдейді. Қидандар мемлекеті құрылғаннан кейін наймандар оның құрамына кірген, бірақ Елюй Даши өлімінен кейін тәуелсіздік алып, өздерінің билеушісі етіп Инанч-Білге Буху ханды тағайындады. Наймандар ХІІ ғасырдың ортасына қарай өзінің мемлекетін құрды.
Найман мемлекеті батысында керейлерден бастап, Батыс Монғолия мен Шығыс Қазақстан аумағын мекендеді. ХІІ ғасырдың соңында ХІІІ ғасырдың басында найман хандығы екіге бөлінді, оны Инанчтың екі ұлы: Даян хан мен Бұйрық хан басқарды. 1204 жылы монғолдар Даян ханды, 1206 жылы Бұйрық ханды талқандады. Кейін елді Даянның ұлы Күшлік хан басқарды. Күшіліктің қуаты тез күшейді. Ал, наймандардың Қазақстанның жеріне қоныстануы ХІІ ғасырдың соңында болатын. Найман конфедерациясына сегіз тайпа кірді. 1208 жылы Монғолиядан ығыстырылған наймандар Жетісуға ауып келді. Ал, ХІІІ ғасырдың басында наймандар қарақытайларды Жетісу өңірінен ығыстырды. 1218 жылы монғолдар наймандарды талқандап, қашып кеткен Күшлікті Бадахшанда өлтірді. Шығыс Түркістан мен Жетісу монғолдардың қол астына өтті.
Қазақ халқын құраған түрік тілдес ірі тайпалардың бірі – керейлер. Тарихта керейлер жайлы алғашқы жазба деректер Х ғасырдан бастап белгілі. Жалпы керейлердің шығу тегі туралы ғалымдар әр түрлі пікір ұстанады. Біреулері монғол типтес десе, енді біреулері ежелгі түрік тайпасы дейді.
Керейлер туралы алғашқы мәліметтер олардың христиан дінін қабылдануына орай ХІ ғасырдың төртінші ширегінде кездеседі. Керейлер Солтүстік Монғолиядағы Орхон, Селенга және Керулен өзендерінің жағасын мекен еткен. Керейлердің батысында найман, ал солтүстігінде меркіттердің тайпалық бірлестігі болды. Керейлер орта ғасырда ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Астанасы Орхон өзенінің жағасындағы Қатын-балық қаласы болған. Керейлердің билеушісі Тұғырылхан Шыңғыс ханның әкесі Есукей батырдың досы болған. Шыңғысханның әскерінен жеңілген керейлер Шығыс Қазақстан, Алтай өңіріне өтеді. Кейіннен Алтын Орда мен Ақ Орданың құрамындағы тайпалардың бірі болады. Керейлерде салық жинаушыларды «шерби» деп атады. Керейлер Ашамайлы және Абақ керей деп екі тармаққа бөлінді. Керейлердің этнонимі Қара теңіз жағалауындағы далалық жер атауларында кездеседі. Керейлердің екінші бір бөлігі Солтүстік Қазақстанда қалып, Орта жүз қазақтарына (қара-керей, абақ-керей) атауымен енді, сөйтіп бұрынғы «кереит» деген этноним атауындағы «т» жалғауы алынып қалды. Бұл кезде Орта Азия, Жетісу және Қашқария жерінде өзіндік жаңа этникалық түрге айналып, жаңарған әлеуметтік, экономикалық құрылымдар, рухани мәдениет қалыптасты.
Соның нәтижесінде феодалдық мемлекет құрылып, түрік тайпалары отырықшылыққа көше бастады, қалалар салынды. Өкінішке қарай монғол шапқыншылығы осындай жүйелі дамудың табиғи процесін бұзып кетті. Жалпы, алғашында керейлер мен монғолдар тату қатынаста болады. Кейін біртіндеп күшейе бастаған Темучин керейлер жерін басып алуды көздейді. 1203 жылы Темучин керейлерге шабуыл жасап бағындырады. Керейлердің басым бөлігі батыс аймақтарға қоныс аударады.
Керей орта жүздің бас тайпаларының бірі. Қазіргі кезде керейлер Қазақстаннан басқа ТМД, Қытай, Монғолия, Түркия сияқты мемлекеттерде өмір сүруде.
Достарыңызбен бөлісу: |