§ 63.Қазақстанда индустрияландыру саясаты
Қазақстан өнеркәсібін дамытуда индустрияландыру жылдары батыл қадамдар жасалды. Индустрияландыруды жүзеге асырудың негізгі принциптері мен әдістері бүкіл елімізде бірдей болғанымен, Қазақстанда өте қиын жағдайда жүрді. Ұлттық кадрлар мәселесі баяу шешілді. Сауатсыздар қатарынан кәсіби деңгейі жоғары жұмысшыларды тәрбиелеп шығару өте қиын болды. Мамандыққа оқып-үйрету ресейлік кәсіпорындарда және орыс тілінде жүргізілді. Индустрияландыру бірінші жағынан Кеңес халықтары күшімен жүзеге асса, екінші жағынан орталықтың әкімшіл-әміршіл жүйесі негізінде жүргізілді.
Қазақстанда индустрияландыру ісі 1928-1932 жылдары өтті. Осы жылдары халық шаруашылығын дамытудың бірінші бес жылдығы болды. Соғысқа дейін Қазақстанда Ембі мұнай өндіру орындары, Қарағанды көмір кен орындары, Жезқазған, Балқаш мыс комбинаттары, Шымкент қорғасын зауыты, Алтайдағы түсті металлургия сияқты санаулы ғана ірі кәсіпорындар салынды. Жалпы, Қазақстан Орал мен Сібірдің ірі өнеркәсіп орындарын шикізатпен, пайдалы қазбалармен қамтамасыз етті. Жалпы, өнімнің 84,4 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болды. Елді индустрияландыру үшін ауыр өнеркәсіпті, оның ішінде машина жасау саласын, кен өндірісі орындарын, теміржол жүйесін дамыту керек болды.
КСРО-ның индустрияландыру жоспарына Қазақстан да енгізілді. Қазақстанды индустрияландыру ісі болашақ өнеркәсіп үшін қажетті өлкенің табиғат байлықтарын зерттеуден басталды. КСРО Ғылым Академиясы 1920 жылдардың соңы - 1930 жылдардың басында көрнекті ғалымдардың қатысуымен зерттеу экспедициясын бүкіл өлкеде жүргізді. Индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатында қазақ жерінің табиғат байлықтарын зерттеу басталды. Академик Н.С.Курнаков бастаған геологтар Орталық Қазақстанның минерал-шикізат байлықтарын зерттеді. Ол «Қазақ АКСР-і Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы» деген тұжырым жасады. Ал, академик И.М.Губкин Орал-Ембі ауданында мол мұнай қоры бар екенін дәлелдеді. «Бұл кен орны - мұнайға аса бай облыстардың бірі» деп қорытындылады. Сондай-ақ, инженер-геолог Қ.И.Сәтбаев Жезқазған мыс кен орнының мол байлығын анықтап. Өңірдің болашағы зор екенін дәлелдеп берді.
Қазақстанда мұнайдың жаңа кен орындары ашылды. Пайдалы қазбалардың мол қоры Қазақстанда ауыр индустрияны дамытуға негіз болды. Әсіресе көмір, мұнай, қара және түсті металдар өндірілді. Бұл салалар ұзақ уақыт бойына республиканың өндірістік қуатын айқындады. Қазақстанның индустриалдық дамуының ерекшелігі өнеркәсіптің жаңадан құрылуында. Ақша қаражатын бөлуде күрделі қаржының басым бөлігі 83,2% ауыр өнеркәсіпке салынды, оның ішінде түсті металға барлық күрделі қаржының 44,5%, мұнайға - 20%, көмірге - 15,3%, химия өндірісіне - 4,8%, электр энергетикасына -8,5 % жұмсалды.
Ең алдымен байланыс пен транспорт мәселесін шешу керек болды, себебі алғашқы салынған өнеркәсіп кәсіпорындары шикізат көзі табылған жерлерден жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан еді. Сондықтан жаңа теміржол тарту өте қажетті іс болатын. Ұзындығы 1500 шақырымға созылған Түркістан-Сібір теміржолы құрылысының тарихи маңызы зор. Оның құрылысына 200 млн. сом қаржы жұмсалды. Бұл ірі магистраль белгіленген мерзімнен 17 ай бұрын іске қосылды. Түркістан-Сібір теміржол магистралының құрылысы 1927 жылы салынды. Түрксіб құрылысында бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын 100 мың адам еңбек етті. 10 мың қазақ жұмысшылары теміржолшы, құрылысшы, техник, жол ісінің шебері мамандықтарын меңгерді. 1930 жылдан бастап Түркісіб бір жағынан Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аудандары мен Сібірді, екінші жағынан елдің еуропалық бөлігі мен Орта Азияны жалғастырды. Түркісібке байланысты алғашқы салынған ірі өнеркәсіп кәсіпорны - Қосқұдық орман өнеркәсіп шаруашылығының кәсіпорны.
Қазақстанда индустрияландыру жылдарында көбінесе өндіруші өнеркәсіптер салынғанымен, дайын өнім шығармады. Шикізатты негізінен Ресей мен Украина өнеркәсіптеріне тасыды. Индустрияландырудың ерекшеліктеріне тоқталсақ, өлкедегі индустрияландыру жоғарыдан жүзеге асырылып, шикізат көздері екпінді қарқынмен игерілді. Мұнай Ембіде өндіріліп, өңдейтін орталық Орскіде салынды. Білікті жұмысшы мамандар, инженер-техник қызметкерлер сырттан, негізінен Ресей мен Украинадан, Әзірбайжаннан әкелінді. Қалаландыру үрдісі күшейіп, қалалар мен қала үлгісіндегі мекендер, қала халқы көбейді. Дегенмен жергілікті қала тұрғындарының өсуі, баяу дамыды.
1930 жылдың аяғында қала халқының үлесі 29,8% құраған. Республикадағы жұмысшы табы құрамындағы қазақтардың үлес салмағы 1928 жылы 19,8%; 1935 жылы 43%-ға өсті. 1939 жылы республикадағы қала халқының саны 375000-ға дейін жетті.
Индустрияландыру жылдарында жеңіл өнеркәсіпті дамытуда елеулі қадамдар жасалды. Ескі кәсіпорындарды қайта құрумен қатар жаңалары да салынды. Олар Оралда, Ақтөбеде, Семейде, Петропавлда тұрғызылды. Оңтүстік Қазақстан өңірінде Алматыда, Шымкентте, Жамбылда, Қызылордада жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысы басталды. Алматыда аяқ киім және тігін фабрикасы, Шымкент пен Түркістанда мақта зауыты іске қосылды. Петропавлда, Оралда, Алматыда, Қостанайда, Шымкентте, Ақтөбеде, Павлодарда жаңа техникамен жабдықталған азық-түлік өнеркәсібінің кәсіпорындары қайта салынды. Жамбыл, Мерке, Талдықорған қант зауыттары өз шикізаттарын пайдаланатын болды.
Индустрияландыру саясатындағы кемшіліктер:
- Машина жасау, металлургия, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары болмады;
- Энергетика базасы, құрылыс материалдары өнеркәсібі артта қалды;
- Тау-кен шикізатын дайындаушы база ретінде қала берді;
- Республикадан сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір, фосфорит тегін ағылып жатты.
Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.
Достарыңызбен бөлісу: |