I тарау. Ежелгі қазақстан § Қазақстан тас дәуірінде


§ 66.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан



бет74/94
Дата11.10.2023
өлшемі4,07 Mb.
#184723
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   94
Байланысты:
Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар жиынтығы (5 - 11 сынып)

§ 66.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан

Отызыншы жылдардағы әлемдік дағдарыс көптеген мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және халықаралық қатынастарын шиеленістірді. Бұл жағдай әлемдік билікке талпынған күштердің пайда болуына жол ашты. Осындай күштердің ішіндегі ең қауіптісі - Германияда орнаған фашистік тәртіп еді. Батыс мемлекеттері тарапынан ұйымдасқан қарсылықтың болмауы фашистік агрессияның күшеюіне жол ашты. 1937 жылы фашистік мемлекеттер - Германия мен Италияның милитаристік Жапониямен әскери-саяси одақ құруы екінші дүниежүзілік соғыстың негізі болды.


Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаға шабуылымен басталды. Франция мен Англия Германияға қарсы соғыс ашқанын хабарласа, КСРО осы жылы Германиямен 10 жылдық бейбіт келісімге қол қойды. Бұл құжат тек 1989 жылы алғаш жарияланды. Құпия келісімге сай 1939 жылы Германия мен КСРО Еуропадағы билік жүргізу аймақтарын бөліп, жаулап алу шараларын бір мезгілде бастайды.
Осының нәтижесінде Германия Польшаны басып алғаннан кейін, Кеңестер Одағына Польшаның 12 млн. халқы орналасқан 200 мың шаршы км. жері өтті. Кейінірек бұл аумақ Украина, Белоруссияға қосылды. 1940 жылы Германия Францияны басып алғаннан кейін Литва, Латвия, Эстониядағы мемлекеттік билікті Кеңестер Одағы иеленіп, Литва, Латвия, Эстония Кеңестік Социалистік Республикалары құрылды. Қызыл Армия Прибалтикаға кіргеннен кейін Кеңестер үкіметі Румынияға бұрын Ресей империясының құрамында болған Бессарабия аумағын қайтару туралы ультиматум жіберді. Нәтижесінде буковина мен Бессарабияның жарты бөлігі Украина КСР-іне, Бессарабияның қалған бөлігі Молдавия КСР-не берілді. Англия мен Франция Германияға соғыс жариялағанымен батыс майданда белсенді іс-қимыл танытпады.
Бұл жағдайды Германия өз мүддесіне пайдаланып, 1940 жылы Дания, Норвегия, Нидерланды, Люксембург мемлекеттерін еш қарсылықсыз жаулап алды. Бельгияны жеңгеннен кейін негізгі күштер талқандалды. Нәтижесінде Франция Германиямен бейбіт келісімге қол қойса, Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Сонымен Батыс еуропадағы әскери іс-қимылды аяқтаған фашистік Германия бастапқы міндеттерінен бас тартып, Кеңестер Одағын басып алуға дайындықты бастайды. Басып алған мемлекеттердің экономикалық, әскери ресурстарын өз мүддесіне пайдаланып, әбден күшейген фашистік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғысты аз уақытта жеңіспен аяқтауына күмәнсіз сенді. Ал Сталин және оның төңірегіндегілер 1939 жылғы келісімге сеніп, Германия тарапынан соғыс қаупін күтпеді.
КСРО-ға қарсы соғыс жоспары «Барбаросса» деген атпен белгілі. Фашистік Германияның Кеңестер Одағын жаулап алу жоспарында Қазақстанға үлкен мән берілген. Осы мақсатпен Атлантикадан сібірге дейін біртұтас Герман этнотерриториялық кеңістігін құру көзделді. Бұл аумақты славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жою көзделді. Сонымен қатар фашистік Германияға қызмет ететін Қарағанды, Новосибирск, Кузнецк индустриалды облыстарын құру жоспарланды.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс жарияламастан жасалған келісімді бұзып, КСРО аумағына басып кірді. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінің 70%-ын - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен 2 есе, танктен 3 есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан - 1,3 есе басым болды.
Соғыс жылдары Қазақстан Қызыл әскердің ең озық бөлімшелері мен құрамалары жасақталған қуатты әскери лагерьге айналды. Соғыс жылдарында республика аумағында 12 атқыштар дивизиясы және 4 атты әскерлер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы құрылып майданға аттанды. Сонымен қатар әртүрлі әскер тобының 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталды. Бұл 238-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші атқыштар дивизиясы еді. Оның ішінде республикадан бөлінген қаржы мен халықтың жинаған қаражаты есебінен құрылған қазақтың ұлттық үш атты әскер дивизиясы және атқыштар бригадасы болды.
Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал - күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы). Соғыс жылдары майдандағы армия қатарына 1 096 164 қазақстандық шақырылды. Аранйы құрылыстар бөліміне және еңбек майданына 670 мың адам жіберілді. Демек, майдан мен қорғаныс өнеркәсібіне әрбір үшінші қазақстандық шақырылған. Сонымен қатар Қазақстанға эвакуацияланған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 1,5 млн. адам келді.
1941-1942 жылдары республикаға 220 зауыт, фабрика мен цехтар көшірілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарын эвакуациялау 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басында үздіксіз жүзеге асты. Азық-түлік өнеркәсібі саласынан 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласынан 53 зауыт, фабрикалар көшірілді. Олардың ішінде Мәскеу облысынан Подольский механикалық зауыты, Ивантьев тоқыма, Реутов және Краснополянск жіп иіру фабрикалары, Калинин облысындағы Осташково қаласынан былғары зауыты, Киев аяқ-киім фабрикасы, Володар атындағы «Большевичка Украины» тігін фабрикасы бар. Бұл кәсіпорындар негізінен Алматыда, Оралда, Петропавлда, Шымкентте, Семейде, Қарағандыда, Ақтөбеде орналасты.
1941-1945 жылдары Қазақстанда эвакуацияланғандарын қоса есептегенде, 460 кәсіпорын жұмыс істеді. Республика 1942 жылы қорғасынның одақ бойынша өндірілетін мөлшерінің 85 пайызын, көмірдің 1/8, молибденнің 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл кендерінің 9%-ын берді. Қарағанды шахтерлары соғыс жылдары 34 млн. тонна көмір өндірді, мұнай өндіру 39%-ға өсті. Жеңіске республиканың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де айтарлықтай үлес қосты.
Соғыс жылдары мұнай өндіру 3 есеге көбейді. «Қазақстан мұнай» ұжымы тәулігіне 12 сағат жұмыс істеді. «Ақтөбе мұнай» ұжымы Жақсымай мұнай шығару объектісін жұмысқа қосса, Гурьев облысының мұнай құбырларында мұнай өндірісін арттыруды қолға алды. Ұжымдар арасында социалистік жарыстар кеңінен қанат жайып, жарысқа қатысқан 9340 мұнайшының 5800-і жұмыс нормасын 101-200%, 218-сі - 200-300%, 23 мұнайшы 300% асыра орындады. Ембі-Құлсары мұнай өндірісін басқарған мұнайшы инженер Сапы Өтебаев 1941 жылы 29 ұңғыны жұмысқа қосып, тәуліктік өнімді осы жылы соғысқа дейінгі көрсеткіштен екі есеге көбейтті. Соғыстың тек алғашқы жылы жаңа 4 мұнай өңдеу орындары жұмысқа қосылды. Сондай-ақ, соғыс жылдары еңбекшілер Отанға 356,4 мың пұт астық, 241,2 мың тонна картоп, 734 мың тонна шикізат тапсырды. Қазақстанның малшылары Қызыл Әскерге 110 мың жылқы, ал жаудан босатылған аудандарға 17,5 мың ірі қара, 350 мың қой, 22 мың жылқы берді.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майданда кеңес әскерлері қатарында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты.
Ұлы Отан соғысы тарихында Ленинградтың ерлік эпопеясының орны ерекше. Ленинградты қорғауға және блокаданы бұзуға Қазақстанда жасақталған 310-шы атқыштар дивизиясы, кейін 314-ші дивизия қатысты. Ленинград үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры С.Баймағамбетов жау дзотының аузын кеудесімен басып, ерлік жасады. Халық ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өрендерім» атты жалынды өлеңін шығарды, бұл өлең үлкен плакаттарға басылып, қаланың көшелеріне ілінді.
Гитлершіл басқыншыларға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін 500 қазақстандық-жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Осындай жоғары атақ Днепр үшін шайқаста ең жас қазақ жауынгері 18 жасар Ж.Елеуісовке, қазақтың даңқты қыздары М.Мәметова мен Ә.Молдағұловаға берілді. Ұшқыш-штурмандар Т.Бегилдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов, сондай-ақ ұшқыш-истребитель С.Д.Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал Рейхстагта Р.Қошқарбаев жеңіс туын тікті. Соғыстан кейін Батыр жұлдызы көрнекті әскер басшысы Б.Момышұлына берілді. 1941-1945 жылдары майдан шебінде соғысқа қазақтың 100-ге жуық ақын-жазушылары қатысты. Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов сынды қаһарман партизандар жау тылында аянбай шайқасты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 97 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, 96638 қазақ жауынгерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті.
Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылыми институттар көшірілді. Олардың ішінде КСРО Ғылым академиясының Физиология, УКСР Ғылым академиясының Физика-механика, Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің институттары бар. Осы кезде Қазақстанда И.П.Бернадский, В.А.Обручев, И.И.Мещанинов, А.И.Бах, А.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д.Греков тәрізді академиктер жұмыс істеді.
Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Киевтен және еліміздің тағы басқа қалаларынан 100 жазушы мен 23 көркемөнер ұжымдары эвакуацияланды. Оның құрамында Ю.А.Завадский, К.А.Мордвинов, Г.С.Уланова, В.П.Марецкая, Г.Рошаль және тағы басқа көрнекті сазгерлер, әртістер, кино қайраткерлері, суретшілер, музыканттар болды. Қазақ және орыс өнер қайраткерлерінің шығармашылық қарым-қатынастары қазақ халқының кәсіби көркем шығармашылығын дамыту процесін тездете түсті.
Сондай-ақ 1943-1945 жылдар аралығында республиканың 4 облысы мен 145 ауданына 507 мың қарашайлықтар, балкарлар, шешендер, ингуштар, қалмақтар, 110 мың месхеттік түріктер мен күрдтер, 180 мың Қырым татарлары жер аударылды. Әкімшіл-әміршіл жүйе бұл халықтарды азаматтық құқықтарынан айырып, жойып жібере жаздады. Бұл фактілер Кеңестер мемлекетінде сөз жүзінде халықтар достығы, теңдігі туралы көп айтылғанымен, іс жүзінде ұлттық саясаттың бұрмалағандығын көрсетеді.
1945 жылы 9 мамырда Кеңес қызыл армиясы Германияның астанасы Берлинге жеңіс туын тікті. Олардың ішінде Рейхстаг үстіне бірінші шыққан Рахымжан Қошқарбаев болды. Ұлы Отан соғысы 1945 жылы аяқталып, Германия өзінің жеңілгендігін мойындағанмен Екінші дүниежүзілік соғыс әлі толық аяқталған жоқ еді. Германияның одақтасы Жапонияға қарсы соғыс 1945 жылдың қыркүйегіне дейін созылып, Екінші дүниежүзілік соғыс, 2 қыркүйекте Жапонияның тізе бүгуімен аяқталды.
Ұлы Отан соғысы халықтардың достығын ұштады. Жеңіс КСРО-ның болашағына төнген отарлық қауіптен құтқарды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамындағы халықтар үшін басына түскен сын кезең болды. Осы сыннан халқымыз мүдірмей өтіп, әлем алдында беделі асқақтап, биік шыңдардан көріне білді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   94




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет