§ 64.Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру
Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру мәселесі шаруашылыққа біраз өзгерістер әкелді. Ең алдымен кооперативтік қозғалыс дами түсті. Өндірістік кооперацияның негізгі үш түрі болды:
1.Коммуна - өндірісті қоғамдастыру.
2.Артель - жердің, малдың бір бөлігін, ауылшаруашылық машиналарын, құрал-саймандарды біріктіру.
3.ЖӨС - жер өңдейтін серіктестіктер.
Шаруалар ұжымдастыру түрлерін таңдағанда негізінен ЖӨС-ті қалады. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қарсаңында 1072 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. Бірақ Ф.И.Голощекиннің «Ауылды кеңестендіру» бағыты игі нәтижелерге кері әсер етті.
Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағыты 1925 жылы қабылданды. 1927 жылы желтоқсанда Компартияның XY съезі болды, ол тарихта ұжымдастыру съезі деп аталады. Оның шешіміне сәйкес қысқа мерзімде, 1932 жылдың көктеміне дейін елдің ауыл шаруашылығы енді жеке меншік емес ұжымдық шаруашылыққа - колхозға (ұжымдық шаруашылыққа) бірігуі тиіс болды.
Қазақстандағы ұжымдастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай бітіру жүктелді. Үкімет жергілікті тұрғындардың тұрмыс-салт ерекшеліктерімен есептеспестен ұжымдастыруды күш салу әдістерімен, жедел қарқынмен жүргізді. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру бай-кулактарды тәркілеуден басталды. 1924 жылы Қазақстан өлкелік партия басшылығы көшпелі өмір салтын сақтаған қазақ ауылдарын отырықшыландыру және қазақ ауылдарында Кеңес өкіметі билігінің нығаюына кедергі келтіретін бай және орта тап өкілдерінің көзін жою қажет деп есептеді. Себебі, Кеңес өкіметі жұмысшылар мен шаруалардың өкіметі болғандықтан, мұнда бай, байлық, жеке меншік деген болмауы керек. Барлығы да ортақ, мемлекеттің меншігі болуы тиіс еді. Осы мақсатпен 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «ірі бай шаруашылықтарын және орташа байлардың мал-мүлкін тәркілеп жер аудару» декретін қабылдады.
Осы нәтижесінде байлардың шаруашылығы тәркіленіп, 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал алынды. Малдар, негізінен, колхоздарға берілді. Көптеген орташа шаруалар байлардың қатарына жатқызылды. Барлық жинап-терген мал-мүлкінен айырылғысы келмей бір түнде шетел асып көшіп кеткен қазақтар да болды. Негізгі күнкөрісі мал болған қазақтар, малдарынан айырылып, аштыққа ұшырай бастады. Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. Шаруашылықты ұжымдастыру үнемі өсіп отырды. 1928 жылы 2%, 1930 жылы 3 сәуірде 56,4%, 1931 жылы қазанда 65% ұжымдастырылды. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшыландыру жөнінде міндет қойылды. Сонымен қоса, ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізілді. Ұжымдастыру кезінде ауыл шаруашылық өнімдерін және малдарды күшпен алды. Мысалы, 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80% мемлекетке етке өткізілді. Балқаш ауданының халқына 297 мың малға салық салынды (ауданда 173 мың мал болған). Торғай ауданында 1 млн малдың 98 мыңы қалды. Торғайлықтар «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» ұранын көтерді.
Күштеу әдісі мен жаппай ұжымдастыруға қарсы Сарысу, Ырғыз, Балқаш, Қастек, Қордай, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау ауданының шаруалары көтеріліске шықты. 1931 жылы көктемде Қарқаралы округінің Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарының көтерілісшілері жазалау әрекетінен түгел қырылды.
Ұжымдастыру қарсаңында республикада 40,5 млн мал басы болса, 1933 жылы оның саны 4,5 млн-ға дейін азайған. 1930-1932 жылдары Қазақстан халқының саны 6,2 млн болса, соның 2,1 млн-ы аштықтан қырылды. Республика аумағынан шетке қашу жиіледі. 1 млн 700 мың адам Қазақстаннан тыс аймақтарға көшті. Олар - Түркменстан, Қарақалпақ, Иран, Ауған жеріне, Маңғыстау, Жылқосын, Ойыл, Табын аудандарының халқы. Сондай-ақ, Қытай жеріне - Алматы округінің Балқаш, Шоқпар, Іле, Еңбекшіқазақ, Биен-Ақсу, Сарқант, Жаркент, Бөрібаев аудандарының халқы көшіп кетті. Күшпен жүргізілген ұжымдастыру саясатына қарсы Қазақстанда жалпы саны 372 толқулар мен көтерілістер болды.
1932 жылғы 1 ақпанда Павлодар қаласынан саяси жер аударылғандар КСРО Орталық Атқару Комитеті төралқасына аштық айғақтары туралы былай деп жазған: «...аштықтың ауыр көрінісі етек алуда. Ит, мысық және алуан түрлі өлекселер желініп жатыр. Тірі қалғандардың аштықтан әлсірегені сонша, өліктерді жерлеуге шамасы келмеуде...» десе.
1932 жылғы шілдеде аштық апаты мен себептері туралы Ф.И.Голощекинге «Бесеудің хаты»(Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев) жазылды.
Сондай-ақ, 1933 жылғы наурызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Т.Рысқұлов Қазақстандағы ұжымдастырудың зардаптары, елді жайлаған аштықтың себептері, халықтың тартып отырған қасіреті жайлы И.В.Сталинге ашық хат жазды.
Т.Рысқұловтың хатта көрсетілген деректері бойынша «Қазақ жерінде көршілес өлкелерге көшушілер саны артуда» деп жазылған. Онда орта Волгада - 40 мың, Қырғыз жерінде - 100 мың, Батыс Сібірде - 40 мың, Орта Азияда - 30 мың, Қарақалпақ жерінде - 20 мың қазақ көшіп кеткені айтылады. Көшіп кетушілер Қалмақ, Тәжік жері, Солтүстік өлке, Батыс Қытайға дейін барған. Бұл аш адамдардың тамақ іздеп босуы еді.
1930-1932 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт» ретінде енді. Ұжымдастыру жылдарында бірнеше кемшіліктер жіберілді. Атап айтар болсақ, 1932 жылы 17 қыркүйекте Компартия «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, мал шаруашылығы туралы» қаулы тым кеш қабылданды. Қаулыда аштық, мал шаруашылығының құлдырауы туралы айтылмады. Сәтсіздікке ұшыраған басшылық (Голощекин, Исаев, Құрамысов, Ерназаров, Голюдов т.б.) халық алдында жауапқа тартылмады. Соған қарамастан реттеу жұмыстары жүргізілді.
Күштеп ұжымдастыру мен отырықшылыққа қазақ зиялыларының өкілдері қарсы шықты. Ғалым әлі агроном ретінде Ә.Бөкейханов қазақтарды отырықшылыққа біртіндеп көшіруді ұсынды. С.Сәдуақасов: «Өркениеттің өзі мал шаруашылығымен айналысуды жоққа шығармайды, қайта оның өркендеуіне мүмкіндік туғызады» деп атап көрсетті. Т.Рысқұловтың КСРО БОАК-нің сессиясында сөйлеген сөзінде белгіленген мөлшерге сәйкес қазақтардың жеке меншікте 6-7 ғана мал басын ұстауы олардың жағдайын өте нашарлатады деп ашық айтты.
Тіпті И.Сталиннің өзі «Табыстан бастың айналуы» деген 1930 жылы «Правда» газетінде жарияланған мақаласында ұжымдастыруда өрескел қателіктердің кеткенін мойындайды. Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нәтиже бермеді. Керісінше бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи әртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды. Алайда, ұжымдастыру саясаты қазақ тарихындағы қасіретті оқиғалардың бірі ретінде белгілі болып қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |