§ 31.Қазақ батырлары
Қаракерей Қабанбай батыр 1691-1769 жылдары өмір сүрген. Қабанбай жастайынан жоңғарлардың жауыздығын көзімен көрген еді. Қабанбайдың шын есімі-Ерасыл. Ол 1691 жылы Алакөл өңірінде дүниеге келіп, 1769 жылы Есіл мен Нұра өзендері маңында дүниеден озған. Найман тайпасы Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан. Ерасылды жеңгелері «Нар бала» атаса, жездесі қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «қабан» деп атап кетеді. Ержете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен Қабанбай есімі айбынды қалпында сақталып қалады. Елдің айтуына қарағанда, Қабанбай батыр 103 ұрысқа қатысып «Дарабоз», «Хан батыр» атанған. Оның батырлық-ерлік хикаяларын баяндайтын «Ер Қабанбай» атты дастаны сақталған. Қабанбайдың алғашқы ірі соғысы – 1718 жылғы Аягөз шайқасы. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1729 (1730) жылы Аңырақай шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысты. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады. 1751 жылы Қабанбай батыр екі түмен қазақ әскерімен Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билік басына келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалды. 1752-1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартты. Оның өмірі мен үлгі боларлық ерлік істері, азаттық күресі Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, тағы басқа халық ақындардың жырларына арқау болған.
Бөгенбай батыр 1690-1775 жылдары өмір сүрген. Ол 1690 жылы Бөген өзенінің жағасында дүниеге келген. Шыққан тегі – Орта жүздің арғын тайпасының қанжығалы руы. Әкесі – Ақша батыр. Ұлы атасы Әлдеубек Еңсегей бойлы Есім ханның атақты батырларының бірі болған. Әлдеубек батырдың баласы Ақша батыр Тәуке ханның 80 мыңдай қолын бастаған сардар болған. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бөгенбай батырдың өмірі көбінесе жоңғар басқыншыларына қарсы күреске арналды. Ол бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Бөгенбай 1728 жылы 28 жасында 30 мың қолға қолбасшы болып, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған казак-орыстарды талқандаған. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Абылай таққа отырғаннан кейін Бөгенбай батыр мемлекеттік, дипломатиялық іске кеңінен араласты. Бөгенбай батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған. Бұрында бұл жер «Бөгенбай сөресі» деп аталған, ал қазір «Шахта» деп аталады. Оның денесін ежелгі екінші Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеген.
Райымбек батыр 1730-1829 жылдары өмір сүрген. Райымбек Түкеұлы Ұлы жүздің Албан тайпасы, Алжан руының Сырымбет деген атасынан тарайды. Райымбектің атасы Хангелді атақты батыр, ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында көптеген әрекеттер жасаған қайраткер болған. Ал шешесі жалайыр елінің батыры Барақтың қызы-Керімбүбі еді. Райымбек батыр жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Райымбек батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы Сатай, Бөлек, Қызылбөрік, Қойгелді, Қонақкелді, Қыстық, Малай, Есен, Байсейіт тағы басқа батырлар иық тіресіп күрескен. Ол 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды. Райымбек батырдың кесенесі Алматы қаласында Райымбек даңғылының бойында тұрғызылған.
Достарыңызбен бөлісу: |