Шапырашты Наурызбай батыр 1706-1781 жылдары өмір сүрген.Құттымбетұлы Наурызбай Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас деген жерде дүниеге келген. Наурызбай батыр – қазақтың даңқты батырларының бірі. Ел арасында оны шапырашты Наурызбай деп те атайды. Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының (Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай) бірі, қолбасшы – түмен басы болған. Наурызбай батырдың өмірі жоңғарларға қарсы соғыспен өткен. Жоңғарлармен соғыста оның Құдайберген; Шолпан, Дүйсен деген үш бауыры бірдей қаза болады. Наурызбайдың 1729 жылы қалмақ батырлары Шамал хан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтірген ерлігі қазақ даласына кең тараған. Наурызбай батыр жоңғарларға қарсы күресте Ұлы жүз жасақтарына басшылық жасайды. Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары жоңғарлармен болған соғыстарда ерлікпен шайқасып, туған елді жаудан азат етуге белсене қатысқан. Оңтүстік өңірді азат етумен қатар, қолға түскен көп қазақты тұтқыннан босатқан. Наурызбай батыр 1781 жылы қайтыс болады. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы тауында Шапырашты Наурызбай батырға ескерткіш орнатылған. Алматының үлкен бір көшесіне аты берілген.
Қарасай батыр 1589-1671 жылдары өмір сүрген. Қарасай Алтынайұлы – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Ол шапырашты тайпасы Есқожа руынан шыққан. И.Э.Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасай батырдың 1635 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қатысқаны айтылады. Сондай-ақ, оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқандығы туралы де дерек бар. Қарасай батыр қазақ жасақтарын басқарып, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты тарихи дастаны бар. Сондай-ақ, Қарасай батырды Жамбыл Жабаевта жырлаған. Қарасай батыр Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай төбесіне қойылған. Қасына досы Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс – Қарасай мен Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға 1999 жылы қос күмбезді кесене тұрғызылды. Алматы облысының бұрынғы Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып өзгертілді.
Сөз ортасында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдар, одан Мырзатай, одан Кенбаба, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.