Мінсіз ыдыс
Бір күні Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға былай деді:
«Қазір ылдилап құмырашының үйіне бар! Сол жерде саған халыққа айтатын хабарымды жеткіземін». Мен құмырашының үйіне барғанда, ол аяғымен ұршығын айналдырып жұмыс істеп отыр екен. Саз балшықтан жасап отырған бір ыдысының пішіні дұрыс шықпай қалғанда, шебер оны бұзып, қайтадан илеп, өз ойындағыдай етіп басқа бір ыдысты жасап шығарады. Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, мына құмырашының өзінің ыдыстарына істегенін Мен сендерге істей алмаймын ба?» Жаратқан Ие мынаны айтады: «Балшық шебердің қолында болғандай, сендер де Менің қолымдасыңдар, уа, Исраил халқы» (Еремия 18:2-6).
Құмырашының өз құралымен қалай жұмыс істегенін көрдіңіз бе? Шебердің қолдары саз балшықты еппен иіп, оған ыдыстың пішінін біртіндеп береді. Егер жасалған ыдыс шеберге ұнамай қалса – бәлкім, пішіні дұрыс болмай қалған болар немесе ыдыстың қабырғасында ауа көпіршігі қалып қойған шығар – ол балшықты илеп, бәрін қайтадан бастайды. Оның мақсаты – ең жақсыға қол жеткізу: әдемі әрі пайдалы нәрсе жасау. Құдай да біздің өмірімізде осылайша әрекет етеді. Ол бізді Өзі ойлағандай етіп қалыптастырғысы келеді. Тек осылай болғанда ғана біз Құдайға даңқ әкелеміз және Құдай Патшалығын көбірек тиімді жариялайтын боламыз.
Сіз кім болғыңыз келеді? Өз ойыңыз бойынша жасалған, шамалы шығармашылық қабілетке, білімге, күшке, даналыққа негізделген, шектеулі қолданыстағы және өткінші құндылыққа ие ыдыс болғыңыз келе ме? Немесе Құдай қалағандай, Оның мәңгі даналығы мен сүйіспеншілігі бойынша орындалған, шектеусіз қабілетті және мәңгі шексіз бағалы ыдыс боласыз ба?
Құдайдың түпкі ой-жоспарын таңдайтын болсақ, біз оның артында тұрған азаппен қиындықтарға дайын болып, тіпті күйреу, қайғы мен жылап-сықтаудың жолымен жүруге тура келсе де, Оған бізді тазартып, Өз қалауымен жаңартуға жол беруіміз керек.
Азап-бейнеттің соңы жарылқауға айналуы мүмкін. Бірақ бұл жарылқау Құдайға өзімізді күйретуге (сындыруға) рұқсат бергенде ғана іске асады.
Достарыңызбен бөлісу: |