Тәрбие немесе жазалау
Кез-келген тәрбиені кейде жазалау деп қате түсінеміз. Сондықтан тәрбиені қандай мақсатпен қолданатынын түсініп алуымыз керек. Тәрбие мен жазалау – екеуі екі басқа.
Тәрбиені жазалау ретінде сенбеушілерге қатысты ғана қолданады. Бұл – күнәһарды Құдайдың қаһарынан қорғауға қабілетті жалғыз құрбандық Тоқтысынан бас тартқандарға төгілетін Құдай қаһарының белгісі. Киелілік пен кінәратсыздық қасиеттері барлық жағдайда Құдайды күнәмен күресуге мәжбүр етеді. Құдай кез келген ғимараттың қараңғы бұрыштарының бәрін жарқырататын жарық нұрға ұқсас әрекет етеді. Ол күнәға төзе алмайды. Құдайдың құзыры бар жерде күнә болмауға тиіс.
Сенбейтін адам – Иса Мәсіхтің күнә үшін төгілген қанынан бас тартып, Мәсіхтің айқыштағы құрбандығын қабылдамаған жан. Яғни оның күнәсын Құдайдың киелілігінен ажыратып тұратын қорғаныш қабаты жоқ. Сенбейтін адам Құдайдың қаһарының алдында қорғансыз болғандықтан оның халі мүшкіл болып табылады.
Тәрбиелеу мақсатындағы жаза – Құдайдың сенушіні үйрететін көмекші әдісі. Құдай сенушіні Мәсіхтің бейнесіне ұқсап өзгеруге кедергі келтіретін әдеттерін, қағидалары мен нанымдарын көрсетіп, оларды өз өмірінен аластатуға жетелейді. Мұндай жаза Құдайдың бізді қалыптастыратын және рухани жетілген адам болуға көмектесетін үйретуші құралдары болып табылады. Бұл бізге Киелі Рухтың жетелеуімен рухани қызметке дайындалуға көмектесетін Құдайдың әдісі.
Жазалау – Құдайдың қаһарының нәтижесі. Оның ақырғы нәтижесі жойылу және Құдайдан ажырау болады. Мысалы Қорахтың ізбасарлары Құдайға тиесілі құрметті көрсетпегендері үшін жазаланды. Жер қақ айырылып, оларды бүкіл меншіктерімен бірге жұтып қойды. Бұл – Исраилге берілген Құдайдың белгісі болды (қараңыз: Ру санау 16).
Тәрбиелеу мақсатында қолданатын жаза Құдайдың сүйіспеншілігімен байланысты. Ол өзгеріске, өсуге және өркендеуге жетелейді. Мысалы, Құдай алдымен Мәриямның алапеспен ауыруына жол берді, содан кейін оған маңызды сабақ беру үшін сауықтырды – оның Мұсаны сынауы қателік еді (Ру санау 12).
Құдай бізді өте сүйеді. Сондықтан Ол біздің әрқайсымыз Оның бейнесін көрсетіп, жер бетінде Мәсіхтің Денесінің бөлшегі (мүшесі) болатынымызға сенеді. Жаза біз үшін жаңарудың құралы болып табылады. Металды тоттан және қоспалардан тазалағаны тәрізді, Құдай біздің өсуімізге кедергі жасайтын күнә мен кінәратты сілкіп тастайды. Пайғамбарлар Құдайдың сүйіспеншілігі алтын мен күмісті тазарту үрдісіндегі балқытатын от тәрізді әрекет ететінін бірнеше дүркін айтқан (Иш. 48:10; Мал. 3:3; Зәк. 13:9).
Достарыңызбен бөлісу: |