2-тарау
Құдай бізге ең жақсыны тілейді
Қайғы мен қиыншылыққа тап болғанда, біз: «Сонда Құдай қайда?», – деп таңданыстан аузымыз ашылып аңтарыламыз.
Бұл сұрақты қоя отырып, былайша болжаймыз: Құдай бізге не болатынын білмей қалды, әйтпесе Ол бұған жол бермес еді; немесе Ол бізді сүюін доғарды. Егер Құдай бізді сүйетін болса, Ол бізді қиындық пен ауыртпалықтан сақтап, қорғар еді ғой.
Алайда мұндай пікірлер қате.
Істің мәнісі мынада: Құдай бәрін біледі және Ол бізді сүйеді.
«Менің қызметшіме көңіл аудар»
Басымызға қиын-қыстау заман туғанда немесе жанымыз құлазыған сәтте, әдетте соған кінәліні іздейміз. Сонда айтатынымыз мына екеуінің біреуі: «Бұл – шайтанның айласы», немесе «Бұл – Құдайдан келген».
Бірақ істің мәнісі мынада: бұл – Құдай жол берген шайтанның айласы.
Әйүптің оқиғасын есіңізге түсіріңіз.
Киелі кітапта Әйүп пайғамбар «кінәратсыз да әділ болып, Құдайды терең қастерлеп, жамандықтан аулақ жүретін» (Әйүп 1:1). Бір күні Құдайдың алдына әзәзіл шайтан да келді, сонда Жаратқан Ие одан сұрады: «Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе?»(Әйүп 1:8). Шайтан: «Әйүп Құдайын бекерге қастерлейді дейсің бе? Оның өзін, үй ішін және бар иелігін айналдыра шарбақпен қоршағандай қорғап жүрген Өзің емессің бе? Оның істегендерін Өзің жарылқап келесің. Содан оның табын-отарлары ел ішінде кеңінен таралуда», – дейді.
Нәтижесінде Құдай Әйүпке тиесілінің бәрін алуға рұқсат береді де, бірақ оның өзіне тиіспеуге бұйырады. Осыны пайдаланған әзәзіл шайтан Әйүптің иелігіндегінің бәрін: оның балалары, қызметшілері және малдарын құртты. Әйүптің сондағы айтқаны: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!» (Әйүп 1:21).
Бұл қайғыға Әйүп Құдайды кінәлаған жоқ. Бірақ әзәзіл шайтан Құдайға тағы да келді, сонда Жаратқан Ие: «Менің қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде ол сияқты кінәратсыз да әділ, Құдайын терең қастерлейтін, жамандықтан аулақ жүретін ешбір жан жоқ. Оны еш себепсіз құрту үшін Мені қанша түрткілесең де, ол өзінің кінәратсыздығын сақтап келеді», – дейді (Әйүп 2:3). Әзәзіл: «Теріні терімен айырбастар» деген. Адам өз басын аман сақтау үшін қолындағының бәрін де сарп етер! – деп қарсылық білдірді. Оның еті мен сүйегіне қолыңды созып тигізе гөрші. Сонда ол Сені қалай мадақтар екен, көрейік», - деп жала жапты» (Әйүп 2:4-5). Сонда Жаратқан Ие шайтанға Әйүптің өзін жаралауға жол беріп, оның өмірін сақтауға бұйрық берді. Сөйтіп әзәзіл шайтан Әйүптің төбесінен аяғына дейін бүкіл денесіне жара қаптатты. Ол қатты азап шеге бастады.
Әйелі Әйүпті Құдайды қарғап өле қалуға көндірмек болды. Достары өз жазғыруларымен оның жарасын тырналады. Ақыр соңында Әйүп Құдайға: «Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес»,– дейді (Әйүп 42:2).
Құдай Әйүптің адам сенгісіз сынаққа ұшырағанын, оның қатты бейнет шеккенін де білді. Бұған Ол Өзіне ғана мәлім оймен жол берді. Бірақ Құдай азап шеккен Әйүпті бір сәтке де жалғыз қалдырған емес. Оған Әйүптің не арқылы өтуге мәжбүр болғаны туралы да белгілі еді. Құдай Өзінің Әйүпті тазалағанын да білді.
Ал бізге келер болсақ, әрдайым күшті қайғыны бастан кешіргенімізде, бір нәрсені есімізде сақтауымыз керек. Құдай біздің өміріміздің басы мен аяғын көріп тұр. |Сондай-ақ Ол бізді осында, жер бетінде барлық кемелділігін сезіне алмайтын жарқын болашаққа белгілеп қойды. Әйүп өзінің достары үшін сиынғанда, Құдайға ешқандай сұрағы жоқ екенін айтты. Онымен қоса, ол Құдайда ғана кез келген нәрсені сұрай алатын құқық бар екенін мойындады. Әйүп толықтай бағынудың жағдайында болды. Сөйтіп, Құдай Әйүптің өмірін тағы да сәттілік пен молшылыққа кенелтті. Құдай Әйүпке бұрынғы болғандардан екі есе көп берді. Әйүпті бауырлары мен қарындастары және оны білетіндердің бәрі жұбатты. Ол тағы көп жыл ғұмыр кешті.
Біздің қиындықтарымыз бен уайымдарымыз қандай болса да, оның ақырын Құдай сәтті етеді. Біздің өміріміздегі торығу уақыты – өмірдің соңы бұл емес, керісінше бізді жаңа, мерейлі бастамаға жетелейтін уақытша кезең болып табылады.
Иә, Құдай біледі. Және Ол бізді сүйеді.
Достарыңызбен бөлісу: |