Тұсаукесер тойы
Тұсаукесер– сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Тұсаукесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды. Бұрындары баланың тұсауын лып еткізіп өткір сапымен кескен. Баланың келешегінде қарама-қарсы -қайшылану болмасын деп, мүмкіндігінше қайшымен кеспеген екен. Тұсауды кесетін сапы не пышақ өз иесіне қайтарылады да, кесілген ала жіпті сол топтағы жаңа нәрестелі болғандарға немесе бала көтере алмай жүрген жұптарға ырым қылып таратып береді. Осы кезде шашу шашылып, тұсау кесу жыры айтылады.
Тұсау кесу жыры
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асылардан аса бер.
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе.
Тұсау кесуден соң берілетін бата
Тұсауың кесілді – құлама,
Тізеңді жаралап, жылама.
Қанеки өзіңді сына да!
Секірсең, құздардан сүрінбе,
Шың-құзға шыққанша бүгілме,
Болаттай қабырғаң қатайсын,
От ұшқын ойнасын түріңде.
Ұзақ боп иншалла, өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Атқамінер жыры
Бала 4-5 жасқа толғанша әкесі оған тай – құнан арнап, ер тоқым, қамшы, жүген даярлап қояды. Ондағы мақсаты желден жүйрік ат пен достаса білу, мал түлігін құрметтеу, өсіп пысып жетілуге жәрдем береді деп баулыған. Атқамінер тойы көбіне жаз айларында болады. Ел жиналғаннан кейін баланы өзіне арнаған тай немесе құнанына мінгізіп, қуаныш қылады. Тойда айтылатын тілектер, берілетін бата жыр түрінде болады:
Ақ тілеік, ақ тілек,
Атқа тоқым сал, тілек.
Жасыңнан малды баға біл,
Атқа жақсы шаба біл.
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл.
Тең құрбыңның алды бол,
Мінеки, атқа міндің –
Ашылды жол.
Атқамінер тойы баланың ержеткені, өскені, азамат болғандығының белгісі болып саналған. Бұл той балаға да үлкен жауапкершілік артып, сана- сезімнің оянуына, тез есеюіне әсер еткен.
Тұрмыс-салт өлеңінің бірі-тойбастар.
Тойбастар өлеңінде:
Құнан қойын шайлатып сойдырған үй,
Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй,
Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз,
Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! –
деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек айтылады.
Тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі-жар-жар. Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады.
Жігіттер немесе қыз алушы жақ:
Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау,
Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау,
Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,-
десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау,-
деп жауап береді.
Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т. б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірім-ділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді.
Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстыру мақсатында айтыла-тын тұрмыс-салт жырының бір түрі-беташар.
Келін, келін келіп тұр,
Иіліп сәлем беріп тұр,-
деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады.
Беташардың екінші бөлімі «Айт келін» деп басталып, жаңа түскен келінге тәрбие берумақсаты көзделеді. Онда отбасы мүшелерін сыйлау, құрметтеу, еңбекке бейімділік, үй шаруасына икемділік, т. б. тәлім-тәрбие, өнеге айтылады.
Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын өте ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырының бір түрі – сыңсу. Ұзатылып бара жатқан қыз:
Ата-анам еді-дәулетім,
Мен жұртыма жау ма едім.
Жатжұрттық болып кеткен соң,
Кетер-ау бастан сәулетім,-деп, ел-жұрт, ағайын-туыс, құрбы-құрдасқа көңіл шерін толғайды.
"Өмірдің тойы, көңілдің тойы – үйлену"
Достарыңызбен бөлісу: |