Ішті қарау Ең алдымен құрсақ қуысы аймағын қарау керек. Эпигастральды,мезогастральды және гипогастральды аймақты анықтайды. Эпигастральды аймақты қарағанда оң жақ қабырға асты аймақты, эпигастральды аймақтың өзін және сол қабырға астын қарайды.
Мезогастральды аймақты оң және сол жақ фланкқа және кіндік аймағына бөледі.
Гипогастральды аймақты оң және сол жақ мықын аймағына және қасаға үсті аймағына бөледі.
Науқасты қарау тұрған,отырған, жатқан қалыптарында жүргізіледі. Іштің формасын және оның биіктігін анықтайды. Дені сау адамдарда конститутциясына байланысты іштің формасы әр түрлі болады.Қалыпты жағдайда іші шығыңқы екі жақта симметриялық, кіндігі кіріңкі, қабырға доғалары сәл байқалады.
Іштің кіріп кетуі, құрсақ бетінің тонусының жоғарылауы мен науқас шамадан тыс салмақ жоғалтуында болады.
Іштің көлемінің үлкеюі 4 түрлі себептермен байланысты болуы мүмкін:
1) семіздік кезіндегі тері асты май клетчаткасының шамадан тыс дамуы
2) іштің үлкеюі (керілуі) –метеоризм
3) құрсақ қуысында сұйықтықтың жиналуы (асцит)
4) жүктілік
Іштің үлкейген себебін анықтау үшін қарау әдісін пальпация мен перкуссиямен толықтыру керек. Семіздік кезінде құрсақ қабырғасы қалыңдаған, кіндігі кіріңкі болады. Құрсақ қуысы ісіктің (анасарка) салдарынан қалыңдағанда, консистенциясы қамыр (тесто) тәрізді болады және саусақпен басқанда орнында шұңқыр қалады.
Асцит кезінде, семіздік пен метеоризмде болмайтын кіндіктің алға қарай шығып тұруы болады. Сонымен қатар асцит кезінде науқастың қалпын өзгертуіне байланысты іштің формасы өзгереді. Науқас тұрып тұрғанда сұйықтық жиналуына байланысты іші төмен түсіп тұрады, ал жатқанда “құрбақа іші тәрізді” екі бүйірі шығып тұрады.
Ең тиімді әдіс перкуссия болып табылады. Перкуссия жасағанда сұйықтық көп мөлшерде жиналғанда науқастың кез келген қалпында құрсақ қуысының барлық аймағында тынық дыбыс естіледі. Сұйықтық аз жиналғанда науқас арқасымен жатқанда құрсақ қуысының жоғары бөлігінде (кіндік үсті аймақта)- тимпанды дыбыс, ал артқы латералды аймақта-тынық дыбыс естіледі. Науқас қалпын өзгерткенде тынық және тимпанды дыбыс аймақтары өзгереді. Науқастың вертикалды қалпында іштің жоғарғы аймағында тимпанды дыбыс, төменгі – аймағында тынық дыбыс анықталады. Метеоризмде іште бүкіл аймағында тимпандық дыбыс, семіздікте тынық – тимпанды дыбыс естіледі.
Құрсақ қуысындағы бос сұйықтық сонымен қатар флюктуация әдісіменде анықталады. Бұл кезде дәрігер сол қолын құрсақ қабырғасының бүйір беткейіне қойып, қарама-қарсы жағынан оң қол саусақтарымен жеңіл соққылағанда, сұйықтық сол қолға келіп ұрылады.
Дегенмен флюктуация жалған болуы да мүмкін. Шынайы флюктуацияны жалған флюктуациядан ажырату үшін дәрігер алақан қырын алдыңғы құрсақ қабырғасын кіндік деңгейіне қояды. Сол жағдайда құрсақ қабырғасының өзгерісі, яғни жалған флюктуация болмайды.
Спланхноптозда (ішкі ағзалардың төмен түсуінде) науқастың вертикалды қалпында іші қапшықты еске түсіреді, асциттен айырмашылығы перкуссия кезінде іштің шығыңқы аймағында тимпанды дыбыс естіледі (ал асцитте – тынық дыбыс).
Грыжа құрсақ қабырғасының кез келген жерлерінде орналасуы мүмкін: ақ сызық, кіндік грыжасы, шап аймағында да болуы мүмкін. Көбінесе науқастың вертикалды қалпында, күшенгенде жақсы анықталады.
Бауыр циррозында кіндік айналасында-тамыр шоғыры – “Медуза басы” байқалады ( caput medusae).
Іштің терісінде стриилер болуы мүмкін. Стрии : striae distense –терінің жыртылуы семіздікте, ал жүкті әйелдерде striae gravidarum байқалуы мүмкін.
Сонымен қатар құрсақ қуысының демалуға қатысатындығын да анықтау қажет. Әсіресе ер адамдарда әйел адамдарға қарағанда құрсақ қабырғасы дем алуға қатысады.
Отадан кейінгі тыртықтың болуы науқастың басынан өткізген отасы жайлы мәлімет береді.
Тері жамылғысында пигментация аймағының болуы жылудың ұзақ әсер етуіне байланысты болады.