Қазақстанда Сабақты зерттеу үрдісі 2012 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің білім беру Факультетімен бірлесіп әзірлеген Деңгейлік бағдарлама аясында белгілі болды. Сол уақыттан бері бұл үрдіс Қазақстанның біраз мектептерінде қолданыста болғанымен, жалпы білім беретін мектептердің басым көпшілігі үшін әлі де болса жаңалық болып отыр. Себебі, мектептерде бүгінгі күнге 70 пайызға жуық мұғалімдер деңгейлік бағдарлама бойынша білімін жетілдірмегендіктен, Сабақты зерттеу үрдісінен бейхабар.
Жоғарыда әр мемлекетте Сабақты зерттеу үрдісінің әр түрлі нұсқасы қолданылатыны айтылды. Бұл үрдіс біз үшін жаңалық болып отырғандықтан, алдымен мұғалімдер Сабақты зерттеудің жоғарыда көрсетілген нұсқаларының бірін жан-жақты үйреніп, тәжірибелеріне енгізу арқылы алғашқы нәтижелерін көргеннен кейін ғана басқа нұсқаларымен жұмыс жасауға болады деп ойлаймын. Және барлық мектептер әзірге бір нұсқамен жұмыс жасаса, желілік қоғамдастық арқылы пікір алмасуға, туындаған кедергілерді шешуде тәжірибелерімен бөлісуге ыңғайлы болар деп түйдім. Сондықтан бүгінгі күнге Қазақстан мектептерінің мұғалімдеріне бірыңғай осы үрдіс бойынша жан-жақты білім қалыптастырып, тәжірибеде пайдалану үшін Сабақты зерттеу үрдісінің нақты қадамдары көрсетілген Пит Дадлидің (2011ж) «Сабақты зерттеу: нұсқаулық» (ары қарай – Нұсқаулық) нұсқаулығы үлкен көмек болатынын айтуға болады. Осы нұсқаулық бойынша Сабақты зерттеу үрдісімен айналысу арқылы мұғалімдердің өз тәжірибелері жақсаруымен қатар, бақылау дағдылары да дамиды деп ойлаймын.
Әдістемелік нұсқаулықта Сабақты зерттеудің Пит Дадли ұсынған қадамдары негізінде бірнеше Сабақты зерттеу топтарымен жұмыс жасау барысындағы тәжірибеме сүйене отырып, үрдісті пайдаланушыларға нақты нұсқаулық бергім келеді.
Алдымен, Сабақты зерттеу үрдісіне қатысқан мұғалімдерге осы үрдістің берер пайдасына тоқталайын (бұл қорытындылар Сабақты зерттеу үрдісі бойынша жұмыс жасаған мұғалімдердің рефлексияларынан алынды):
әріптестермен бірлесіп жұмыс жасау арқылы, мұғалімдердің арасында ынтымақтастық орнайды, бұндай қарым-қатынас жұмыстың сапалы жүргізілуінің кепілі;
сабақты жоспарлау кезеңдерінде мұғалімдер үздіксіз ізденісте болады, бұл олардың кәсіби дамуына мүмкіндік береді;
бірлесіп жоспарлау - мұғалімнің жоспарлау біліктілігін арттыруға көмектеседі;
өздерінің жинаған ақпараттарымен, бақылау нәтижелерімен бөлісіп, тәжірибе жинақтайды, кәсіби қоржындарын молайтады;
үрдіске қатысу барысында өздерінің оқыту дағдыларын дамытады, бұл өз кезегінде оқушылардың сапалы білім алуына әкеледі;
мұғалімнің бақылау дағдыларының дамуы нәтижесінде сапалы зерттеу жүргізу құзіреттіліктері артады;
бақылау, салыстыру, ой қорытындылау арқылы мұғалімдер сын тұрғысынан ойлаудың жоғары деңгейіне жетеді.
Сондықтан, мұғалімдердің осындай ой қорытындыларының, тәжірибе барысын бақылау нәтижелерінің негізінде Сабақты зерттеу үрдісін жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері оқытудың сапасын жақсарту мақсатында пайдаланғандары өте орынды екенін айтқым келеді.