Сабақты зерттеуді қандай мақсатпен жүргізу керек?
Кез-келген әрекет жасау үшін адамдар алдымен оны не үшін жасайтындарын, оны неге сүйеніп жасайтындарын түсінуі маңызды. Зерттеумен айналысып жүрген мұғалімдердің ойларын білу үшін, Сабақты зерттеу үрдісі бойынша өткізген бірнеше оқыту семинарларында Сабақты зерттеу үрдісін не үшін жүргізіп жатқандары туралы ой бөлістім. Сондағы байқағаным:
мұғалімдердің біраз бөлігі саналы түрде зерттеудің өз тәжірибелеріне қажет екенін, оқыту сапасын жақсартатынын түсінеді;
ал, басым көпшілігі ерікті түрде емес, тапсырма бойынша зерттеу жасаған;
мектептегі тәжірибе кезеңінде бір циклін өткізгені;
жаңа форматта жұмыс жасау үшін әйтеуір бір нәрсемен айналысу керек деп ойлайтындары;
пән апталықтарында әріптестеріне көрсету үшін пайдаланғаны;
көпшілігі ешқандай нұсқаулыққа сүйенбей, тренерлерден немесе әріптестерінен естіген ақпараттары бойынша зерттеу жасағаны.
Сондықтан, Сабақты зерттеу үрдісіне қатысатын мұғалімдер алдымен зерттеу үрдісі бойынша теориялық біліммен қаруланғаннан кейін, өздерінің оқыту орталарында не үшін Сабақты зерттеуді жүргізетіндерін түсінулері керек: «Менің зерттеулерім (Dudley, 2011b) Сабақты зерттеудің рефлексивті, қайталамалы және бірлескен тәжірибесі күрделі оқу ақпаратын іріктей алатын тәжірибелі ұстазға екінші дәрежелі ақпаратты елеп тастап, тек қажеттісін ғана іріктеп алуға көмектесетіндігін көрсетіп отыр».
2. Сабақты зерттеуді жүргізу.
Нұсқаулықта: «Мектепте жаңа кәсіби оқыту әдісін енгізу ұнайтын бір топ мұғалімді іріктеп алыңыз (үш адам болғаны қолайлы болмақ). Бұл топтың құрамына басшылық өкілі мен бай тәжірибесі бар мұғалім қатысса, Сабақты зерттеу тиімді болады» деп көрсетілген. Дегенмен, бірнеше Сабақты зерттеу топтарының бірнеше циклдік жұмыстарын бақылау барысында жинақтаған тәжірибеме сүйене отырып, бір-бірімен еркін, ынтымақтастықта жұмыс жасай алатын, ең аз дегенде төрт мұғалімнен құруды ұсынамын. Егер зерттеу тобында үш мұғалім болса, олардың бірі сабақты жүргізеді, қалған екеуі екі оқушыны бақылайды, бір мұғалімнің екі оқушыны қатар бақылауы сапалы нәтиже бермейді, сондықтан, үшінші оқушыны бақылау үшін бұл үрдіске қатыспаған басқа мұғалімді шақыруға тура келеді. Үрдістің басынан аяғына дейін қатыспаған мұғалім бізге бақылау нәтижесін сапалы ұсына алмауы мүмкін. Егер сыныпта бақылау процесіне зерттеу тобының мүшесі болып табылмайтын, бірақ оны өткізуге қызығушылық танытқан басқа әріптестерді шақыратын болсақ, бұл мұғалімдер бақылау процесіне қатысу барысында мынадай маңызды ережені сақтаулары керек: өздері көрген әрекеттерді өз пайымдауларын қоспай, ешбір интерпретация жасамай есепке алу, себебі, біз болып жатқан әрекеттерге әруақытта дұрыс баға бере бермейміз. Бұл әрекетті мұғалімдердің бақылау дағдысын дамыту мақсатында жүзеге асыруға болады.
Ал, топта төрт мұғалім болса, зерттеу сабағын бір мұғалім жүргізеді, үш мұғалім А, В, С категориясындағы оқушыларды бақылайды. Осылайша, зерттеу сабағын жүргізу барысында рольдерді бөлісу үш мұғалімге қарағанда тиімді жүзеге асырылады. Зерттеу сабағын бір мұғалім жүргізгеніне қарамастан, сабақтың жүргізілуіне барлық жауапкершілікті зерттеу тобы алады, сабақты және оқытуды кез-келген тұрғыда бағалау бір ғана мұғалімнің емес, бүкіл топтың жетістігі ретінде қарастырылады. Келесі циклдерде топ мүшелерінің рольдері ауысады, яғни, бірінші сабақты жүргізген мұғалім келесі сабақта бақылаушы рөлінде, ал бақылаушы болған мұғалім сабақты жүргізушінің рөлінде болады. Осылайша топ мүшелерінің әрқайсысы Сабақты зерттеу циклдері кезеңдерінде сабақ жоспарының түпнұсқасын жасаушы, сабақты жүргізуші, бақылаушы рөлдерінде бола алады.
Т.Чичибу өзінің «Сабақты зерттеу әдісін мектептерде қолдану» таныстырылымында «Бақылау нәтижелерімен пікір алмасу үшін бақылауды өзіңіз істейтін буындағы әріптестеріңізбен өткізген жөн» деген ұсыныс айтады. Шынында да, бір сыныпта жұмыс жасайтын мұғалімдердің сол сыныптағы оқушылар туралы ақпараттары мол болады: әрбір оқушының мінез-құлқы, қабылдау қабілеттері, білім-білік дағдылары туралы жақсы біледі, сондықтан зерттеу сабағы барысында олардың бойларында болған өзгерістері, өсулері, дамулары туралы ой қорытындылай алады. Ал, сабақтың жоспарын жасауда топ мүшелері өздерінің ой-пікірлерін ұсыну арқылы жоспардың сапасын арттыруға ықпал жасағанымен, негізгі жауапкершік сол циклдағы зерттеу сабағын өткізетін мұғалімде болады.
Бір сыныпта жұмыс жасайтын мұғалімдер гуманитарлық бағыттағы немесе жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша бірлескен топ құрса тиімді болмақ, себебі, кей жағдайларда гуманитарлық пәндерде пайдалануға болатын әдіс-тәсілдер жаратылыстану пәндерінде жақсы нәтиже бермеуі мүмкін.
Ал, егер, бір пәннен сабақ беретін мұғалімдер Сабақты зерттеу тобына біріксе, онда бұл топтың әзірлеген сабақ жоспары анағұрлым сапалы болып шығады, себебі, топтың әрбір мүшесі сол пәннің ерекшеліктерін, сол пән бойынша сабақтың құрылымын жақсы біледі. Бірақ, барлық цикл аяқталғанша сабақты жүргізуші тек сабақты жүргізушінің рөлінде, қалғандары тек бақылаушы рөлінде ғана бола алады.
Тәжірибе барысында келесідей жағдаймен кездестім. Қала мектептерінің бірінде бастауыш 2а, 2ә, 2б, 2в сынып мұғалімдерінен Сабақты зерттеу тобы құрылып, зерттеу нысанына 2ә сыныбы алынған. Қазақ тілі сабағында «Оқушылардың өзара тілдік қарым-қатынасын дамытуға «Қарлы кесек» әдісі қалай көмектесе алады?» сұрағы бойынша зерттеу жұмысын жасауды мақсат еткен екен. Бірінші циклдің зерттеу сабағын сол сыныптың өз мұғалімі жүргізді, қалған мұғалімдер бақылаушы болды. Бақылаушы мұғалімдер 2ә сыныбының оқушыларын толық танымайды. Оқушының мінез-құлқынан, қабылдау қабілеттігінен, сабақ бойынша нені білетіндігі немесе білмейтіндігінен толық хабардар болмаса, мұғалім 45 минут бақылау арқылы оның бойындағы өзгерісті, оқуындағы дамуды қалайша бағамдай алады? Екінші циклдің сабағын бұл сыныпқа сабақ бермейтін 2б сыныбының мұғалімі жүргізді. Ондағы мақсаттары – барлық топ мүшелері сабақты жүргізушінің және бақылаушының рөлінде болып көру. Сабақты бақылау барысында мұғалімнің өзін еркін ұстай алмағаны, сыныптағы оқушыларды толық танымайтыны байқалды. Ал, бақылаушы мұғалімдердің біреуі ғана, яғни 2ә сыныбының мұғалімі сыныбындағы оқушыларды жақсы таниды, қалғандары жоғарыда айтылғандай, оқушылар жайлы толық хабардар емес. Сабақты талдау барысында сабақты жүргізген мұғалім өзінің қатты қысылып, сабақты еркін жүргізе алмағаны туралы ашығынан жарылды. Сондықтан, зерттеу жұмысы мұғалімге таныс, жайлы, еркін жұмыс жасауға мүмкіндік болатындай ортада жүргізілгені абзал, сонда ғана оң нәтиже береді деп ойлаймын.
Сабақты зерттеу тәсілі кем дегенде үш циклден тұратынын естен шығармауымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |