Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет10/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,27 Mb.
#63
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Қожанияз, Қатынқала – 19 ғасырдағы бекініс қорғаны. Қожанияз Қызылорда қаласынан 150 км жердегі ортағасырлық Жент қаласының солтүстік-батысында, Майлыөзек жағасында болған. Оны 1961 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов) зерттеген. Кейбір деректер бойынша, 1830 жылы Аққыр тауы маңындағы және Жаңадария мен Қуаңдария өзені бойындағы елді басқару үшін салынған. Оны Хиуа бегі Қожанияз басқарып тұрғандықтан бекініс те соның атымен аталса керек.

Қосарық – қыстау. Жаңадария өзенінің жағасында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде

Құлжан – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 27 км жерде, Дариялық жазығының батыс бөлігінде. Кісі не ру атынан қойылған атау.

Құмбұлақ – құдық. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. «Құмды жердегі суы мол құдық» мәніндегі атау.

Қызылқұдық – құдық. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. Тереңдігі – 3 м, шығымы – 300 л/с.

Қызылой – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Топырағы қызыл түсті, ойпаң жер» мәніндегі атау.

Қылқылдақ – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Қышбөгет – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 75 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. Бұрынғы атауы – Жаңадариялық ауылы. «Қыштан жасалған бөгет» мәнінде қалыптасқан атау.

Лақылдақ – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Лақ ете қалған, лақ етіп аққан» (құдық) мәніндегі атау.

Майбұлақ – бұлақ. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. «Суы малға майдай жағатын салқын, таза бұлақ» деген мағынамен қатар, сол бұлақтың өзіндік ерекшелік қасиетіне орай «қасиетті, киелі бұлақ» деген мән-мағынаға да ие болуы мүмкін.

Мақпалкөл – ауыл, округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Іргесі 20 ғасырдың 30-жылдары қаланған. Алғашында «Қыша», «Тоз» артельдері болып ұйымдасқан. 1938 жылы «Еңбекші» және «Бозарық» серіктестіктері бірігіп, «Мақпалкөл» ұжымшарын құрды. 1963 жылы «Жаңаталап» және «Ленин» ұжымшарлары негізінде «Жаңаталап» кеңшары құрылды.

Маманкөл – көл. Жалағаш ауылының батысында, Сырдария өзенінің бойында. «Маманның көлі» мәніндегі атау болуы мүмкін.



Манақай – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Басында қалқасы бар құдық» мәніндегі атау.

Мәдениет – канал. Жалағаш ауылының оңтүстігінде, Сырдарияның сол аңғарында орналасқан. Қызылжарма ауылы тұсынан солға бөлінетін канал 1961 жылы салынған. Су өткізгіштігі – секундына 44 м, ұзындығы – 87,2 км, бойындағы гидротехникалық құрылыстардың жалпы саны – 44. Канал суы Мәдениет ауылының 27872 га егістігін, бау-бақшасын және шабындық жерлерін суғарады және суландырады. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Мәдениет – ауыл, ауылдық округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 40 км жерде орналасқан. Іргесі 1929 жылы «Кедей бірлігі» артелі ретінде қаланды. 1950жылы «Қызыл жұлдыз», «Жамбыл», «Қызыл диқан» және «Бірлік» ұжымдары бірігіп, Жамбыл атындағы ұжымшар болып құрылды. 1963 жылы Қазақстанның 20 жылдығы атындағы ұжымшарымен бірігіп, «Мәдениет» кеңшары болып ұйымдасты.

Мортық – қыстау. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Мырзабай ахун – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан. Ауыл 1966 жылға дейін Қазақстанның 20 жылдығы атындағы ауыл деп аталған. 1956-96 жылдары күріш өсіретін «Мәдениет» кеңшарының орталығы болып келді. Кісі есімінен қойылған атау.

Мырзақазған – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Мырза деген кісі қазған құдық» мәніндегі атау.

Омарғали – канал. Жаңадария өзенінің алабында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Саракеткен – қыстау. Дариялық жазығының батыс бөлігінде, Жалағаш ауданында. Кісі есімінен қойылған атау.

Сарыкөл – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Сары және көл сөздерінен жасалған. «Кең немесе суы мөлдір, таза емес, реңі сары үлкен көл» мағынасындағы атау.

Сарылыасар – төбе. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 123 м. «Сарылы төбе» мәніндегі атау.



Сәрке батыр – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. Бұрынғы атауы – Ақсу ауылы. Ауыл 1950-60 жылдары Сталин атындағы ұжымшар аталып, 1979 жылдан Ақсу кеңшары болып келді. Кісі есімінен қойылған атау

Сәркеқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Сәтбай кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. Жаңадария өзені бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115-120 км жерде орналасқан. Кесене Жент қаласының ескі орнына таяу жерде 1887 жылы салынған. Ежелгі Жаңақаланың күйдірілген кірпішін Ақмешіттің ұстасы қырғыз Мәмбетбет пен Құба Сарғасқа Аман қалаған. Үйтамда Сәтбайдың барлық балаларының суреті, қазақ ауылының көші, тұрмыс-салты бейнеленген көріністер (кілем, өрмек тоқу, ши өру, киіз басу, аң аулау, қыз ұзату, құдаларды күту, бүркіттің қасқырға түсуі, күйме, аттың үстіндегі жігіт, т.б.) ою-өрнектермен безендірілген. Сәтбай кесенесінің биіктігі – 5,7 м, ауданы – 8,2 х 8,0 м. Сәтбай кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауына алынған.

Созақбай – бейіт. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.

Созықтабан – төбе. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 км жерде. Абс. биіктігі – 235 м. «Табаны, етегі созылып жатқан төбе» мәніндегі атау.

Сорқұдық – құдық. Арысқұм құмының батысында. «Тұзды, батпақты жердегі құдық» мәніндегі атау.

Табаққалған – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Тұран ойпатында. Белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған атау.

Тайлақкеткен – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Ру не кісі атынан қойылған атау.

Таң – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 34 км жерде, Сырдария өзенінің сол аңғарында. «Атқан таң, нұр шапақты таң» мәнінде кеңес дәуірінде қойылған атау.

Тасшоқы – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 50 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. «Тасты шоқы, тасы көп шоқы» мәніндегі атау.

Татен – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Тектұрмас – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 146 м. Кісі есімінен қойылған атау.

Теңізбай – қоныс. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Ру не кісі есімінен қойылған атау.

Тобыр – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 9 км жерде. Ру атынан қойылған атау болуы мүмкін.

Тоғайқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Тоғай ішіндегі құдық» мәніндегі атау.

Тоқта – төбе. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 140 м. Тоқтай, Тоқтас, Тоқтар деген ру не кісі аттарының бұрмаланған тұлғасы болуы мүмкін.

Төрешқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Төрештің құдығы» мәніндегі атау.

Тұрсынбек – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Түбекбұлақ – құдық. Дариялық жазығының батыс бөлігінде. «Түбектегі суы мол құдық» мәніндегі атау.

Түйекеткен – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында. Көлге түйенің батып кету оқиғасына орай қалыптасқан атау.

Тыштықбай – құдық. Арысқұм құмының батысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Шалғынбай – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Шаменов – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 18 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағасында. Бұрынғы атауы – Айнакөл ауылы. Кісі есімінен қойылған атау.

Шәкімқазған – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Құдықты Шәкім деген кісі қазғандығын аңғартатын атау.

Шәуек құмы – төбе. Мақпалкөл ауылының Жаңадария бетінде 10-15 шақырымдай жерде орналасқан. Шәуек деген Қарақалпақтың адамы болған. Ол осы жерге келіп ел тұрғындарына бидай ектіреді. Бидайы жоғарыда аталған құмның биіктігімен бірдей болады. Сондықтан ауыл тұрғындары бұл жерді Шәуек құмы деп атаған. Осы ауылдың барлық жерін су басып кеткенде ауыл халқы осы Шәуек құмының төбесіне орналасқан екен.

Шергелтай – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 100 км жерде, Қуаңдария өзенінің сол аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Шымқорған – Жамандария өзені бойындағы қорған. Жалағаш ауданы жеріне жақын. 1818-1814 жылдары салынған. Дуалының биіктігі – 8 м. Бекіністің төрт бұрышында мұнаралар орнатылған, айналасы екі қатар ормен және сумен қоршалған. Бекіністің оқ-дәрі, қару-жарақ сақтайтын ұңғыма орны сақталынған.


СЫРДАРИЯ АУДАНЫ БОЙЫНША
Облыстың орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы – 4067949 га. Ауданда 39 897 тұрғын тұрады. Оның 39374-і қазақ, 263-і орыс, 71-і кәріс, 92-сі шешен, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Аудан халқының басым бөлігін (98,2%) осы өңірдің байырғы тұрғындары – қазақтар құрайды. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге шаққанда 0,9 адамнан келеді. Аудан аумағындағы елді мекендер 1 кенттік, 14 ауылдық округтерге біріктірілген. Әкімшілік орталығы – Тереңөзек кенті.

Сырдария ауданы 1938 жылы құрылған. Оның аумағында 1936-40 жылдары аралығында жалпы саны 25 ұжымшар болған. 1967 жылы Сырдария, Тереңөзек аудандары негізінде жаңа Сырдария ауданы бөлініп шықты. 1997 жылы облыс аумағында әкімшілік аумақтарды оңтайландыру саясатына байланысты Сырдария және Тереңөзек аудандары негізінде қазіргі Сырдария ауданы құрылды.

Аудан аумағы толығымен Тұран ойпатында жатыр. Сондықтан оның жер бедері, негізінен жазық келген. Тек ауданның солтүстігі мен оңтүстік бөліктерінде бірнеше шағын қырат, аласа таулар мен құмды төбелер кездеседі. Солтүстігінде Арысқұм құмды алқабы, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан құмды-саздақты келген Дариялықтақыр жазығы бар. Бұлар ауданның солтүстік бөлігін (Сырдарияның оң жағалаулық аңғарын) алып жатыр. Шартты түрде алынған Сырдария ауданының оңтүстік бөлігі Сырдарияның сол жағалық аңғарын қамтиды. Бұл өңірде Сырдарияның Жайылмасы, Заңғартөбе тауы, одан әрі құмды-төбелі Қызылқұм құмды алқабына ұласып кетеді. Құм төбелер мен төбелі-белесті келген аудан өңірінде мал жайылымына қолайлы көптеген қоныстар (Іңкәрдария, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) қыстаулар мен құдықтар (Көшеген, Тасқұдық, Табаққабыл, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) орналасқан. Ауданның жер қойнауынан құрылысқа қажетті материалдардың (құм, саз, қиыршықтас, т.б.) қоры барланған. Олардың кейбіреуі өндіріледі. Мұнай мен газ-кен орындарына барлау жүргізілуде. Сырдария ауданының климаты тым континенттік. Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары (Шіркейлі, Қараөзек, т.б.) ағып өтеді. Ауданның солтүстігінде Арыс, Телікөл көлдері жатыр. Олардан басқа осы өңірде көптеген сор (Арыс, Тораңғылтүбек, Қараойсор, т.б.) кездеседі.

Сырдария ауданы аумағымен Орынбор – Ташкент темір жолының 40 шақырым бөлігі өтеді. Автомобиль жолдарымен Қызылорда – Жосалы, Тасбөгет – Жосалы трассасы кесіп өтеді. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 338 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 90 шақырым.

Сырдария ауданында қазақтың белгілі классик ақыны А. Тоқмағамбетов туып-өсті.

Аудан жерінде тарихи-археологиялық ескерткіштердің саны – 40, оның ішінде археологиялық ескерткіштер – 20, тарихи – 5, сәулетті – 14, монументті – 1 ескерткіш бар. Олардың ішінде тарих пен сырға толы ХІІ ғасырдың ескерткіштері саналатын «Сырлытам», «Мүлкалан әулие мазары», т.б. тарихи-сәулет ескерткіштері бар.



Ағынбай – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстік-шығысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Айдарлы – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 115 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1932 жылы осы өңірдегі Әудек, Құмшығанақ, Сарықұм, 1934 жылы Ақарық, Мақпалкөл жерлерінің тұрғындары бірігіп, алғашқы мойынсерік (ТОЗ) құрды. Ол 1935 жылы ірілендіріліп «Айдарлы» ұжымшары болды. 1958 жылы ұжымшар «Бірінші Мамыр» ұжымшарына, 1963 жылдан «Амангелді» кеңшарына біріктірілді.

Айзада – қыстау. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.

Айнакөл – жер атауы. Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының шекарасында орналасқан. Шеңгелді, жыңғылды айналасында құрғап қалған көл-сайлардың орны бар. 1868 жылы осы жердегі ауылда болыстық құрылып, ол «Айнакөл болысы» аталған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін (1920) құрылған болыстық та осылай аталған. 1930-50 жылдары осы жерде «Айнакөл» ұжымшары болды.

Айман – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.

Ақарық – канал. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Арық маңының топырағы ағарып, сортаңданып кетуіне байланысты қойылған атау.



Ақжарма - ауыл, округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-батысқа қарай 18 км жерде, Ақжарма каналы жағалауында, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 жылы ұсақ артельдерді ұйымдастыру кезінде шағын «Қаратөбе», «Көптің көлі», «Қарабөгет», «Жаңаөріс», «Шандайкөл», «Тукөл» ұжымшарлары негізінде құрылған. 1950 жылы ұжымшарлар біріктіріліп, 1957 жылы Абай атындағы ұжымшар, 1963 жылы Ленин, ал 1967 жылдан Ильич атындағы кеңшардың орталығы болды. 1995 жылы Ақжарма болып өзгертілді.

Ақтоған – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. «Үлкен тоған» мағынасындағы атау.

Ақтөбе – төбе. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 38 км жерде, Қызылқұмның солтүстік етегінде. Абс. биіктігі – 141 м. Ақ және төбе сөздерінің бірігуінен жасалған. Жота, төбелердегі ақ тас, кварцтардың түсіне қарай қойылған атау.

Ақтүбек – ауыл. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде. Ақ және түбек сөздерінен жасалған атау. Түбектің үлкендігіне, аумағының кеңдігіне, түсіне байланысты қойылған атау.

Аманкелді – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған. Бұрынғы кеңшар негізінде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Аңламас – жер атауы. Жаңадария каналының жағасында, Іңкәрдария қой кеңшарының аумағында орналасқан. Осы өңірде өмір сүрген Аңламас әулиенің есімімен аталған. Аңламас туралы халық ақыны Қ. Баймағанбетов тарихи дастан шығарған.



Аралқұм – құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.

Арбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Артық ата, Артық төбе – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Сырдарияның сол жағалауында, Ақкөл деген жерде орналасқан. Алғаш 1900 жылы Н.В.Рудаев, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Соңғы рет 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы толық зерттеді. Қала орнының батыс және оңтүстік-батыс қабырғалары ұзынша келген төртбұрышты төбе. Үш бөліктен: цитатель, шахристан және рабадтан тұрады. Қалашықтың үстіңгі қабатынан табылған қыш ыдыстардың сынықтары Қаңлы-Хорезм дәуірінен бастап, Әмір Темір билік құрған кезең мүліктеріне сай келеді. Зерттеушілер арасында Артық ата көне Артук қаланың орны болуы керек деген пікір бар.

Арыс – тұзды көл (сор). Бетпақдала шөлінің батысында орналасқан. Көл табанын қалыңдығы 15 см-ден 50 см-ге дейін тұз қабаты басып жатыр, ауданы – 124,5 шаршы км, ұзындығы – 21,1 км, ені – 9,5 км. Атау ар және ыс деген екі компоненттен жасалған. Оның бірінші сыңары иран және орал-алтай тілдерінде ар – «өзен» мағынасын білдірсе, екінші компоненті де сол көне тілдерде ыс<ус<ос – «өзен. Сонда Арыс мағынасы: «өзен-өзен» болады. Екінші бір пікір бойынша, атау көлдің арысқа ұқсас, созылып жатуына байланысты дейді.

Арысқазған – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында.

Арысқұм – Тұран ойпатының солтүстігіндегі құмды алқап. Сырдария ауданының солтүстігінде, Бетпақдала шөлінің оңтүстік-батысындағы Арыс көлінің қазаншұңқырында жайласқан. Теңіз деңгейінен ең биік жері – 170 м, ұзындығы – 95 км, ауданы – 2,26 мың шаршы км. Жер бедерінде ұзындығы 5-6 км болатын қырқалы құмды төбелер қалыптасқан. Арыс және құм сөздерінен бірігіп жасалған. Құмның арыс сияқты созылып жатуымен байланысты қалыптасқан атау.

Арыснұра – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде. «Үлкен аңғар, сай» мәніндегі атау.

Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 км жерде, Айдарлы ауылының маңында, Асанас өзенінің құрғақ арнасы бойында орналасқан. Асанас қаласының аумағы – 60 х 800 м, дөңгелек төбе, мұнаралар бар, дуалмен қоршалған. Осы қаланың қасында Асанас ата мазары салынған. Мұнда Асанас-1, Асанас-2 деп те аталатын тұрақтар бар. Қала орны жазба деректерде монғол шапқыншылығынан бастап (1220 ж) белгілі.

Асқар Тоқмағанбетов ауылы - Сырдария ауданындағы ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Аудан орт. – Тереңөзек кентінен батысқа қарай 8 км жерде, Сырдарияның оң жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы «Ақтүйе» ұжымшары болып құрылды. 1949 жылы 18-партсъезд атындағы ұжымшардың орталығы болды. 1950 жылы «Майлықұм», «Бидайкөл», «Қызылорақ» ұжымшарлары бірікті. 1960 жылы ұжымшар орталығы Қопакөлге көшірілді. 1962 жылы ұжымшар кеңшар болып өзгерді. Ауыл 1992 жылдан осы ауылдан шыққан белгілі қазақ ақыны, жазушысы А.Тоқмағанбетовтің есімімен аталады.

Ахмет – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Әйтек – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 км жерде. Ру атынан қойылған атау.

Баршынкент (Қызқала, Қышқала) – ортағасырлық қала орны. Сырдария өзенінің төменгі ағысы маңында, Қызылорда қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 25 км-дей жерде орналасқан. Қала орнына өткен ғасырда П.И.Лерх, В.А.Каллаур, 1946 жылы С.П.Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Академик Ә.Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Баршынкент Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызды стратегиялық бекініс және мәдени-сауда орталығы болған. Баршынкентте теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Осының бәрі оның Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді. Қаланың аты 15-ғасырдан бастап жазба деректерде кездеспейді. Оның күйреуіне не себеп болғаны әлі зерттелмеген.

Бейбіт – құдық. Дариялық жазығының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Белқұдық – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде. Бел және құдық сөздерінен жасалған. «Кезең астындағы асудың ар жағындағы құдық» немесе «орта тұстағы құдық» мәніндегі атау.

Бесарық – ауыл, өзімен аттас ауылдың округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 56 км жерде, Жаңадария каналының жағалауында, шөлді белдемде орналасқан. Іргесі 1948 жылы ескі «Тораңғылсай» арнасы бойында қаланды. Ауыл 1993 жылға дейін Жамбыл атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болып келді.

Дариятам – құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.

Докилан – құдық. Бетпақдаланың солтүстік-батысында.

Еспе – сор. Арысқұм құмының солтүстігінде. Жағалауы құмдауыт келген борпылдақ, бостау, жазда құрғап қалатын жер болғандықтан қойылған атау болса керек.

Жайлыбай – жайлау. Арысқұм құмының солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жайсан – қыстау. Арысқұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жамансу – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде.

Жаңаталап – қыстау. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Жартықұм – ауыл орны. Тереңөзек кентінен оңтүстікке қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Жасқайрат – канал. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария алабында.

Желді – артезиандық құдық. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде.

Жетікөл – ауыл, Аманкелді ауылдық округі құрамында болған. 2004 жылы Жетікөл елді мекені Аманкелді ауылдық округінен бөлініп, өз бетінше ауылдық округ болып қайта құрылды. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 78 км жерде орналасқан. Іргесі 1957 жылы қаракөл қойын өсіретін Аманкелді атындағы кеңшар бөлімшесінің орталығы ретінде қаланған.

Жетікөлжарма – канал. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Жидебай – көл. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Исақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Исаның құдығы мәніндегі атау».

Келдібай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария ауданында. Кісі есімінен қойылған атау.

Кенжебай – құдық. Арысқұм құмының солтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Керкелмес – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 38 км жерде.

Кетеқазған – құдық. Арысқұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кете есімді кісінің қазған құдығы болғандықтан қойылған атау.

Көкиірім – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында.

Көксеңгір – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 171 м. Көк және сеңгір сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Иран тіліндегі сангяр – «биік тау». Сонда атаудың мағынасы: «көк, көкшіл биік тау» дегенді білдіреді.

Көксеңгір – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Көшеген – құдық. Арысқұм құмының солтүстік-батыс бөлігінде. Тереңдігі – 4 м, шығымы – 250 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Көшен – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Күмісқорған – қоқандықтар қорғаны. Қоқандықтар мен Хиуалықтар шекарасында 1818 жылы салынған. Күмісқорған қалдығы Сырдария (Тереңөзек) ауданының Ақжарма мен Шаған ауылының шекарасында «Шіркейлі» каналының жағасында сақталған.

Қорғанның Күмісқорған аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелерде сақталған. Соның бірі – зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының қазақ ауылдарына астыртын көмектесуіне байланысты сол қыздың есімімен аталған деседі.



Кілемжайған – ұсақ көлдер аты, ежелгі қоныс орны. Аудандағы Қараөзек ауылына жақын жерде, Қызылжарма (11-темір жол айырмасы) ауылының солтүстік-шығысында орналасқан. Романовтар патшалығының 300 жылдығында Перовский шаңырағын патша әулеті қонаққа қоңыраулы күймемен саяхаттап келе жатып, осы Кілемжайған жеріне тоқтаған. Жергілікті болыс, билер көл жағасына 300 кілем жайып, 3-4 қатар ақ үй тігіп, патша әулетін қонақ еткен. Сол жер кейін Кілемжайған аталған.

Қабылкөл – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 16 км жерде. «Қабылдың көлі» деген мағынадағы атау.

Қазансынған – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Құдық басында болған белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған атау.

Қазымбеткөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында. «Қазымбеттің көлі» мәніндегі атау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет